«Мөрімді бастым»

Ерсары батыр Бегетайұлы

(1757-1812)

Профессор, белгілі арабтанушы Әшірбек Муминовтың ұсынысымен «DANAqaz» журналы «Мөр» атты жаңа айдар ашқан болатын. Бүгін біздің журналымызға байбақты Шолан батырдың ұрпағы Ерсары батыр Бегетайұлы «мөрін басты».

Ерсары батыр туралы деректер М.П.Вяткиннің «Сырым батыр» еңбегінде кездеседі. Әбілсейіт Мұқтар, Жәнібек Исмурзин сынды тарихшылардың Сырым қозғалысы, өлке тарихы туралы еңбектерінде де Ерсары батыр там-тұм айтылып қалады. Тарихи тұлғаның өмір жолы мен қоғамдық қызметі туралы арнайы еңбек әзірге жоқ.

Ж.Исмурзин «Шолан батыр туралы не білеміз?» атты мақаласында «Шежіре деректері Шолан шөберелері Рысалы мен Ерсарының атақты найзагер, мерген, батыр болғанын хабарлап, Аңқаты өзеніне құятын Ерсары осы кісінің атымен аталған дейді. Жаугершілік заманда осы сайдың жағасында болған бір соғыста Ерсарыға найзаның жарасынан өмірден қоштасуға тура келіп, «мені осы жерге қойыңдар!» деп найзасын шанышқан екен. Қасында болған Елтоқ батыр Ерсарыны:

Қайырлы болсын, Ерсеке-ау,

Найзаның кірген жарасы.

Алланың жазған тағдыры,

Болған іске не шара,

Аман-сау болғай арттағы,

Он екі ата Байұлы

Сұлтансиық баласы – деп жұбатқан».

Бүгінде Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданына қарасты Аңқаты ауылдық округіндегі шағын ауыл да Ерсары деп аталады.

Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне кірген Жұмағазы қазірет – Дәдем ата қорымында Ерсары батыр Бегетайұлының құлпытасы сақталған. Онда: «Байбақты Шолан тайпасы Ерсары Бегетайұлы опат болды 1812 жылы 55 жасында. Бұны қойған баласы Мұқас мырза» деп жазылған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Қаралым саны 1751

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463