МАРАЛ ӨСІРУ ОҢАЙ МА?

АҚТӨБЕНІҢ МАРАЛДАРЫ

Осыдан бір-екі жыл бұрын Ақтөбеде ерекше жоба жүзеге асырыла бастады. Дәстүрлі емес ауылшаруашылығы саласына жататын бұл жобаның сәтті жүзеге асып кетеріне күмәнданғандар да болды. Себебі Ақтөбеде, қала берді еліміздің батыс өңірлерінде бұрын-соңды бұғы шаруашылығы деген болмаған еді. Марал бағу, оның мүйізін емдік мақсатта пайдалану тек еліміздің шығысында — Алтай аймағында ғана өркендеген кәсіп секілді болатын. Жергілікті кәсіпкерлер бұл көзқарасты түбірімен жойып, марал шаруашылығы кәсібін біздің өңірде де әп-әдемі дөңгелентуге болатынын дәлелдеді. Бүгінде Мәртөк ауданының Қазан ауылындағы «Зәру» пантоемдеу шипажайы аз уақыттың ішінде ақтөбеліктердің арнайылап ат басын бұратын бекетіне айналды.

 

ЕРЕКШЕ ЖОБА: АҚТӨБЕДЕГІ ПАНТОЕМДЕУ ШИПАЖАЙЫ

 

Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Ертарғын-Бану Тілегеновтердің бизнеспен айналыса бастағанына ширек ғасыр болыпты. Олар осы жылдар арасында бірнеше рет мемлекеттік бағдарламалар арқылы екінші деңгейлі банктерден несие алып, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау сынды тетіктерді пайдаланғанын айтады:

«Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден пайыздық мөлшерлемені субсидиялау негізінде 150 миллион теңге көлемінде қаржы алып, марал шаруашылығын дамытуға кірістік. Өз қаражатымызды да салдық. Кәсібімізді дамыту үшін бізге 700 гектар жер телімі де берілді, жалпы ұзындығы 15 шақырымға жететін аумақты түгел қоршап, маралдың еркін жайылуына жағдай жасадық. Марал өсіру шаруашылығын ашудағы басты мақсатымыз — тұрғындардың денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді қосу, — дейді Бану Тілегенова.

Биыл ерлі-зайыпты кәсіпкерлер қолға алған шаруасын одан әрі кеңейту мақсатында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында 12 миллион теңге несие алған.

— Бұл қаржыға шаруашылыққа қажет техникалар мен жабдықтар сатып алдық. Жалпы, жеңілдетілген несие — мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған үлкен көмек, — дейді кәсіпкер ханым.

Кәсіпкерлер марал бағу бизнесін бастамас бұрын оның қыр-сырын әбден зерттеді. Шығыс Қазақстан облысындағы «Багратион» шаруашылығына арнайы барып, жануарды бағып-баптауды, өсіріп, күтім жасауды үйренді. Содан соң шығыстан 150 бас марал жеткізілді.

— Ақтөбенің климаты марал өсіру үшін қолайлы, маралға сырттан қорек тасудың қажеті жоқ, осы жердің шөбімен қоректенеді, — дейді Б.Тілегенова.

Ақтөбелік бір топ маман «Багратион» шаруашылығына, Алматы қаласындағы пантоемдеу орталығына барып, жануарларды күтіп-баптауға қатысты арнайы оқып келіпті.

 

«ЗӘРУДІҢ» МАРАЛДАРЫ — ДӘРУ

 

Бүгінде Қазан ауылындағы шаруашылық алқабында 160-қа жуық марал емін-еркін жайылып жүр. Шаруашылыққа жақын маңда мүйізбен емдеу шипажайы жұмыс істейді. Мұнда келушілер үшін бар жағдай жасалған: арнайы ем алу, дем алу бөлмелері толық жабдықталған. Ең бастысы, келушілер марал мүйізінен алынған дәріні дертіне дәру ретінде қабылдайды.

Мамандардың айтуынша, жануардың жас мүйізінен жасалатын дәрі жүрек, қан-тамыр жүйесі, бұлшық ет пен тыныс жолдарына аса пайдалы. Марал мүйізінің сорпасы белсіздіктің бірден бір емі деседі.

— Жаңа кесілген жас мүйізден аққан қанды сол сәтте ішу өте пайдалы. Алайда қан тез қатып қалатын болғандықтан, одан арнайы технология бойынша пантогематоген жасалады. Бұл шипажайға келушілерге ұсынылады. Сосын мұнда келушілер бірнеше рет қайнатылған марал мүйізінен дайындалған сорпаға түседі. Панта бұлауын қабылдайды, — дейді кәсіпкер Бану Жұбанғалиқызы.

Деректерге қарасақ, бұғы мүйізінен жасалған дәрі біздің дәуірімізге дейінгі 168 жылы Қытайда пайда болған деседі. Бүгінде бұл шаруашылық Қытайда ғана емес, Жаңа Зеландияда, Кореяда, Ресейде, Аустралияда, Швецияда кең таралған. Республикалық марал шаруашылығы палатасының төрағасы Нұрлан Тоқтаровтың айтуынша, марал шаруашылығы сонау ХIХ ғасырда Алтайдан бастау алған. Сол кезеңдері қытайлық көпестер жергілікті аңшылардан жабайы маралдардың мүйізін сатып алатын болыпты. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, оның емдік қасиеті ертеден белгілі болған: марал мүйізінің қаны мен одан жасалған дәрі-дәрмектер ағзаның иммунитетін күшейтіп, сүйек құрылымын жақсартады екен. Ағза жасушаларынан бастап әсер етіп, адамның зерделі һәм физикалық қуатты болуына әсер етеді, қартаю процесін бәсеңдетеді, сондай-ақ, теріні тазартып, тісті қатайтады, ішкі құрылыстардың жұмысын жақсартады деседі.

Маралдардың мүйізін кесу мамыр-маусым айларында жүзеге асырылады. Себебі осы кезде маралдың мүйізі жұмсақ, әрі қанының емдік қасиеті жоғары болады екен. Мүйізі пісіп жетілген маралдарды бір жерге қамап, мүйізді кескен соң қанын арнайы ыдысқа құйып алады. Оны сол сәтте ішу өте пайдалы.

Екі қабатты шипажай ғимараты елу адамға арналған. Келушілер 5-10 күн ем қабылдаса, жетіп жатыр. Мұнда отыз адам жұмыспен қамтылған.

— Бұл — бірегей жоба. Бұл орайда кәсіпкер өзіне пайда табумен қатар, бірінші кезекте аймақтағы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға айрықша басымдық беріп отыр. Марал өнімімен емделудің тиімділігін әлем елдері біледі. Енді ақтөбеліктерге Корея мен Қытайға барып, ақша шығарып емделудің қажеті жоқ. Барлық емге қажетті процедураны осы жерден қабылдауға болады, — дейді Нұрлан Тоқтаров.

Кәсіпкерлер ендігі жерде панто емдеу шипажайы жанынан мүйізді өңдейтін фармоцех ашылатынын айтады.

 

ІСКЕР ХАНЫМНЫҢ ӨНЕГЕСІ

 

Жоспары мен мақсаты айқын іскер ханымды ақтөбеліктер жақсы біледі. Бүгінгі күні Бану Тілегенова Қазақстан іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының белсенді өкілі, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі. Жұбайы екеуінің аты-жөні қайырымдылық шараларында жиі аталады. Олар кәсіпкерлік әлеміне алғаш қадам жасаған кездерін ерекше жылылықпен еске алады. Сонау тоқсаныншы жылдары бір отбасында бірнеше адам жұмыссыз қалғанда ала дорба арқалап, базар жағалағандар көбейді. Сол алғашқылардың бірі болып, ала дорба асынған арудың бүгінгі жеткен жетістігі көпке үлгі.

— Күйеуім зауытта жұмыс істейтін еді. Тоқсаныншы жылдардың басында зауыттар жабылып, жұбайым жұмыссыз қалды. Менің медбике ретіндегі тапқан-таянғаным ештеңеден ауыспайды. Екі баланы бағу керек. Таршылық қыспаққа алған кездері амалсыз ала дорбаны иыққа іліп, базарға шықтық. Алматыға, Ресейге барып, зат тасып, базарға апарып сатып, ақша қылдық. Саудадан шайлыққа жетпейтін айлыққа қарағанда едәуір қомақты қаржы таба бастаған кезде жұмыстан кетіп, біржола кәсіпке бет бұрдым. Біраз қор жинап, дәріхана, шағын дүкен, шаштараз аштық. Кейін шаштаразды сатып, 2001 жылы алғашқы кафемізді аштық. Одан соң тойхана, мейрамханадар ашуға қол жеткіздік. Бүгінде ақтөбеліктер біздің «Ұлпан», «Зере» майрамханаларын жақсы біледі, — дейді ол.

Бану Тілегенова қолға алған мейрамханалардың атауын қараңызшы — «Ұлпан», «Зере». Қазақ тарихында өзіндік орны бар аналардың есімі ғой. Іскер ханымды сол дана әйелдердің ізін жалғаған қазақтың қайсар қызы деп бағалауға әбден болады. Тәуекелшіл ханымның сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезіңінде қабылдаған батыл шешімдері — бүгінгі жетістіктерінің кепілі екені айқын. Себебі өмір — біз қабылдаған шешімдерден тұрады емес пе?..

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе облысы

Қаралым саны 2195

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463