Көненің көзі-көкмешіт

Қазақстанның кең байтақ жерінде көне заманнан қалған ескерткіш көп. Әттең, солардың бәрін зерттеуге шамамыз келмей жатыр. Көне мұраларымыздың да бізді күтуге шамасы жетпей, көзі мен ізі мәңгіге жойылып кеткені де аз емес...

 

            «Туған жерімнің тарихын зерттеу – перзенттік парызым» деп білетін Құмсай орта мектебінің 2007 жылғы түлегі Әйгерім Құрманғалиқызы Дабылдина Мұғалжар тауының баурайындағы Жем өзенінің бір саласы – Ор бойында орналасқан бір ғасырлық тарихы бар Таманың Көкмешітін мектеп қабырғасында оқып жүргенде зерттеген екен. Көпті көрген ауыл ақсақалдарының айтуынша, бұл мешіт 1900 жылдан бастап салынып, 1904 жылы пайдалануға берілген. Мешітті екі ноғай (татар болуы да мүмкін) шебері салып, ауыл тұрғындары көмек көрсеткен. Мешіттің тасын ауылдан 5-6 шақырым жердегі Қақпатас деген төбеден қаздырып, түйемен тасыған. Тасты қашап, балшығына жылқының қылын, биенің сүтін қосып илеп, мешіттің қабырғасын қалаған. Алғашқы кезде іші көк бояумен сырланған. Қабырғаларының кейбір жерлерінде сол бояу әлі күнге дейін сақталған. Сол себепті бұл киелі жерді «Көкмешіт» деп атаған.

 

            Мешіттің алғашқы ишаны тама руының Есалы тайпасынан шыққан Сейітжан баласы Тобажан деген кісі болған. Ол кісінің бейіті Ор ауылының сыртындағы Қызылжар қорымында. Тобажан ишан дүниеден өткен соң оның орнын баласы Сәлмен басқан. 1932 жылы, яғни сталиндік қуғын-сүргін жылдары Сәлмен ишан «халық жауы» атанып, ату жазасына тартылған. Сәлмен ишаннан қалған қызы Райхан әже Бұрханова да қазір арамызда жоқ. Райхан әженің айтуы бойынша, оның әкесін арбаға салып алып кеткенде ол бес жаста болған екен. Содан әкесін көрмеген.

 

            Мешіттің сыртқы құрылысына тоқталар болсақ, қабырғасы қашалған тастан өріліп, балшықпен қаланған. Балшық құрамына жылқы қылын, бие сүтін қосқандықтан, ол цементтен де мықты, сондықтан да осы күнге дейін сақталған. Мешіттің жалпы ұзындығы – 19 м, ені – 7 м, биіктігі – 6 м. Кезінде мұның сырты балшықпен сыланып, көк түспен боялған. Кейіннен заман ағымына сай иесіз қалған мешіттің сыртқы келбеті жаңбырдың суымен шайылып, желмен үгітіліп, түсі кетіп, тек тастары жалаңаштанып қалған.

 

            Мешіттің ең ұзын қабырғасының орта деңгейінде терезелер орнатылған. Терезелердің жақтауы сопақ тастардан қиюластырып салынған. Бір таңғаларлығы – терезесінің айналасындағы жақтауға қаланған тастардың бір ғасырлық уақыт өтсе де, сол күйінде, еш тіреусіз тұрғаны.

 

            Мешіттің ішкі құрылысы төрт бөлмеден тұрады. Кіреберіс бөлмеде азан мұнарасына көтерілетін баспалдақ орналасқан. Үлкендердің айтуы бойынша, мешіт жұмыс жасаған кезде мұнда азаншы Жөлекен деген кісі болған екен. Оның даусының зорлығы сондай, таңғы азанға шақырғанда дауысы 5-6 шақырым жерге естілген.

 

            Мешіттің екінші бөлмесі сәл үлкенірек. Бұл бөлмеде ишан жамағат қабылдап, олардың сұрағына жауап беретін болған. Ең үлкен бөлмеде намаз оқылған. Ол бөлменің төрінде, құбыла жағында ишанның орыны – михраб орналасқан. Михраб қабырғаның ішіне қарай дөңгеленіп салынған, жан-жағы оюлармен және түрлі түспен боялған. Осы жердің өрнегі әлі күнге дейін сақталған.

            Мешіттің ең кішкене бөлмесі шырақшылар бөлмесі деп аталған. Бұл жерде шырақшылар отырып, әрдайым мешіттің шырағын сөндірмей, әрі мұндағы ауаның бірқалыпты болуын қадағалаған. Ғылым мен техника дамымаған сол кездегі ата-бабаларымыздың шеберлігі таң қалдырады. Біріншіден, бұл жерден от жағылып, мешіттің барлық бөлмесіне жылу баратындай етіп салынған. Намаз оқитын бөлменің жоғары жағына топсалар орнатылған. Олар пештің қызуын ұстап тұру үшін кешке қарай жабылатын болған. Екіншіден, бұл топсаларды азан шақырғанда ашып, дауыстың жаңғырып алысқа жетуіне пайдаланылған.

 

            Мешіттің төбесінде болаттан соғылған айшық тұрған. Кеңес үкіметі кезінде мешіт жабылып, шолақ белсенділердің әмірімен ол айшық алынған. Айшықты алғызған сол кездегі Ор ауылының басқармасы – байтөбет руынан шыққан Боранбай деген кісі екен. Кейін ол кісінің жанұя мүшелері түрлі себептермен қайтыс болыпты, тұқымы мүлде жойылып кеткен. Алланың қаһарынан қорыққан ауыл адамдары айшықты ауыл сыртында орналасқан Қызылжар қорымындағы Тобажан ишанның бейітіне түнделетіп жасырын апарып орнатқан.

            Негізінен, Көкмешіттің киелілігі туралы халық арасында көптеген аңыз-әңгіме тараған. Мешіт жабылғаннан кейін де иесіз тұрған мешіттің шырағы әр жұма сайын жанып тұрады екен.

Кеңес үкіметі кезінде мешіт ғимаратында кеңсе орналасқан. Ауыл басшыларының мұқият жинап кеткен іс-қағазы таңертең жұмысқа келгенде шашылып жатады екен. Осы жағдай бірнеше қайталанған соң олар жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған. Содан кейін бұл мешітті тері-терсек жинайтын орынға айналдырған. Беріректе мешіт бос тұрған. Сол кезде жаз айында іші салқын болғандықтан, сауыншылар шелектеріндегі сүттерін мешітке қойып кетеді екен. Таңертең келіп қараса, сүт бетіндегі қаймақтың қалқып алынғандығын көріп, қайран қалады. Бұл әңгімені сол кезде сауыншы болған Құмсай ауылының тұрғыны Бекболатова Жаңылған апай айтып кеткен. Халық арасында тараған тағы бір аңыз: иесіз тұрған мешіттің ішіне шошқа сойғанда осы мешіттің киесі аққу болып ұшып кеткен деседі.

 

            Мешіт жанындағы медресе жайында да мынадай таңғаларлық оқиға болған. Кеңес үкіметі кезінде медресе жабылып, оның ғимаратына дүкен ашқан. Сол дүкенде сатушы болып жұмыс жасаған Қашкенова Зина апайдың айтуы бойынша, жиналып тұрған дүкеннің заттары таңертең келсе, шашылып жатады екен. Бір түні Зина апайдың үйіне кенеттен қонақтар келіп қалып, ол керекті затын алуға дүкенге келеді, есігін ашып қалса, қарсы алдында қара сақалды, қараторы қария тұр екен. Сол кезде Зина апай қатты қорыққан. Содан кейін түнде дүкенге бармайтын болған.

1991-1992 жылдары совхоз-колхоздардың ыдырауына байланысты көптеген шағын ауыл қараусыз қалды. Солардың бірі – осы Ор ауылы. Сол себепті ауыл тұрғындары Құмсай орталығына немесе қалаға көшіп, ауыл қаңырап бос қалды. Ишан үйінің тасы мен ағашын әркім бұзып алып кетті. Қазір ол үйдің тек орны қалған.

                        Ақтөбе картасында бір ғана нүктемен берілген осынау Ор ауылының қаншама сырды ішіне бүгіп тұрғанын сезінгенде, бұл өлкенің үлкен діни-мәдени орталық болғанын түсінуге болады.

            Бұл күнде мыңдаған қазба, жүздеген сәулет ескерткішін қанша білеміз десек те, әлі білмейтініміз көп. Қазақстан облыстарының ішінде көлемі үлкен болса да, ескерткіштері аз зерттелген аймақ – Ақтөбе өлкесі. Бүгінге дейін жеткен халықтық сәулет өнері туындыларын жан-жақты зерттеу қажет-ақ.

 

            Нұрымжан ҚАСЫМҰЛЫ,

            Башқұрт мемлекеттік

            педагогикалық университетінің

            магистранты

Қаралым саны 1103

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463