ХАН МОЛАСЫ МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ

«Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынды. Нысандар «Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері», «Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар»,  «Діни және ғұрыптық орындар», «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар», «Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар» деген санаттарға бөлінген.  Тарихи тұлғаларға арналған тізімде қазақтың бес ханына қатысты орындар бар.  Солардың бірі «Хан моласы» мемориалдық кешені.

     «Хан моласы» - күрделі XVIII ғасырда қазақ халқының тарихында елеулі роль атқарған саясаткер, қол бастаған батыр, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр Мұхаммед Қазы Баһадүр (1693 - 1748) жерленген орын. Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Толыбай ауылынан шығысқа қарай тоқсан шақырым, Қабырға өзенінің Өлкейек өзеніне құяр сағасынан батысқа қарай төрт шақырым жерде орналасқан.

        1693 жылы Түркістан қаласында туған Әбілқайыр жастайынан батылдығымен, тез шешім қабылдайтын әскери дарынымен көзге түскен. Шежіре бойынша таратсақ, Шыңғыс ханның он сегізінші, Әз Жәнібектің бесінші буын ұрпағы (Әз Жәнібек - Өсеке сұлтан - Бөлекей ноян - Ырыс сұлтан - Қажы сұлтан - Абдолла сұлтан - Әбілқайыр хан). 1710 жылы Қарақұм құрылтайында он жеті жастағы  Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және ханы болып сайланды, ал түмен басы болып атақты Кіші жүз батыры Қараұлы Бөкенбай батыр тағайындалды. 1718 жылға дейін Әбілқайыр хан Түркістан, Ташкент, Сайрам қалаларын қорғау жолында шайқасты. 1726 жылы үш жүздің бас қосқан құрылтайында билер мен батырлар бір ауыздан Әбілқайырды қазақ әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады. Төрт жылға созылған азаттық үшін жорық басталды. Жоңғарлар Түркістан, Қаратау, Сарысу бойынан қуылды. 1728 жылы Ұлытауда, Бұланты өзені бойындағы шайқаста қазақ қолы жеңіске жетті. Әбілқайыр хан қазақ қолының соғысу қабілеті мен әскери рухын шыңдауда үлкен жұмыстар атқарды. 1729 (1730) жылы Балқаштың оңтүстік шығысында болған шайқаста қазақ әскері жоңғар қолын талқандады. Содан кейін билікке таласқан хан-сұлтандардың саяси алауыздығы жеңісті жолды аяқсыз қалдырғаны белгілі. Еділ қалмақтары, Жайық казактары, башқұрттар мен түрікмендер де Кіші жүз тайпаларына жан-жақтан шабуылдарын үдеткен қиын кезеңдер еді. Сыртқы қауіп пен ішкі алауыздық күшейген шақта Ресей империясына арқа сүйеуді ойлады. Орыс патшасымен достасу арқылы Ресей империясына қарайтын қалмақ, башқұрт, казактармен  соғысты тоқтату, Ресейдің көмегімен қазақ жерлерін жоңғардан тазарту, үш жүздің басын біріктіруге үміттенді. Бірақ, Ресей империясының отарлық жоспары мүлде басқа еді. Келісім мен уәденің бірде бір тармағын орындамаған орыс патшасынан іргесін аулақ салып, тіпті қарым-қатынасты үзуге ұмтылды. Орынбор губернаторы И.Неплюев Әбілқайырдың «көзін құрту» туралы патшаға бірнеше рет ұсыныс жолдаған. 1748 жылдың шілде айында Ресей елшісі Тевкелев  бүкіл қазақ жұрты Әбілқайырдың билігіне көнуі жөнінде қаулы әкелді. Әбілқайыр ханның бақталастарының бірі Барақ сұлтан ханның беделінің күрт өсуінен қауіптеніп, 500 адамдық жасақпен аттанды. Ен далада қамсыз келе жатқан ханды отызға жуық серіктерімен қоршап алып өлтіріп тынды.

       «Хан моласы» қорымын 1771 жылы капитан Н.Рычков, 1832 жылы А.Левшин, 1835 жылы Д.Эристов, 1898 жылы И.Крафт, 1979 жылдан бастап профессор Серік Әжіғалиев басқарған экспедиция зерттеді. Сондай ақ, 1979 - 1987 жылдар аралығында халық жазушысы Әбіш Кекілбай, Өзбекәлі Жәнібеков, Амантай Сатаев, Серік Әжіғали бастаған ынталы топтар зерттеп, аталған орын ғылыми айналымға енгізілді. 1998 және 2001 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты этнография бөлімінің меңгерушісі С.Әжіғали бастаған ғалымдар тобы «Хан моласы» қорымының топографиялық картасын жасап, 950-ден аса бейіттер мен 40-тан аса құлпытастарды санап, өлшеп, эпиграфикасын зерттеді. Нәтижесінде, қорымның XVII-XVIII ғасырларда жоңғар шапқыншылығына дейін Кіші жүздің алтын-жаппас тайпаларының жерлеу орны ретінде қалыптасып, 1748 жылы Әбілқайыр хан жерленгеннен кейін «Хан моласы» қорымы деген атау алғандығы айқындалды. Қабір басына баласы Нұралы он екі ағаш отырғызған. Содан бір түп ақ тал ғана қалған. Кейін оған найзағай түсіп жанып кеткен. Сол ақ талға «хан жерленген жер» деп зиярат жасауға келгендер мен жолаушылар шүберек байлайтын болған. Бұл жерге келушілер хан жерленген соң екі ғасыр бойы толастамаған. Тек кеңестік билік күшейген соң ғана сиреген.

      2010 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының этнография және антропология бөлімінің меңгерушісі, профессор Серік Әжіғалидың ғылыми жетекшілігімен Әйтеке би ауданы «Хан моласы» қорымын кешенді этноархеологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары онан әрі жалғасын тауып, «Хан моласы» қорымындағы № 5, № 92 нысандарға археологиялық ғылыми-зерттеу, қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, сүйектегі ген мен ұрпақтарының қандарындағы ген 99,355% сәйкес келіп, екі нысаннан алынған бас сүйектерді Будапешттегі Венгр Ұлттық Жаратылыстану музейінің антрополог-ғалымдары Эвингер Шандор, Андраш Биро, Бернерт Жолттар жан-жақты зерттеп, № 92 нысаннан алынған бас сүйектің антропологиялық бейнесін жасап, Әбілқайыр хан деп таныды.

      «Хан моласы» қорымында мыңға жуық бейіттер мен қырықтан аса құлпытастар бар. Әбілқайыр ханның (1693-1748 ж.ж.) тарихи тұлғасын анықтау жөніндегі ұзақ жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде «Хан моласы» қорымынан қазып алынған сүйектер байырғы орнына қайта жерленіп, қорымға 2011 жылы тас-белгі (обелиск) орнатылды. Ұзақ жылдар бойғы зерттеулер нәтижесінде ханның қабірі толық анықталғаннан кейін, бұл жерде Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашу жөнінде шешім қабылданды. Бұл шешім Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен қатар 2015 жылы жүзеге асты. 2015 жылдың 2 қазанында мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен салуға республикалық деңгейде конкурс жарияланып, белгілі сәулетші Бек Ыбыраев ұсынған нұсқа мақұлданды. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Диаметрі — 8,5 метр. Ескерткіштің биіктігі — 25 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және барлық қазақ руларының таңбалары ойып салынған.

 

      1997 жылы Ақтөбе қаласының орталық даңғылына Әбілқайыр хан есімі берілді. 2000 жылы Ақтөбе облыстық әкімдігінің алдында Әбілқайыр хан ескерткіші қойылды. Қоладан құйылған ескерткіш биіктігі гранит тұғырымен қоса алғанда 13 метр. Хан ескерткішінің авторлары - атақты қазақстандық мүсінші Е. Сергебаев және сәулетшілер Б.Егімбаев пен Н.Қожағұлов. Қазір бұл ескерткіш қаланың ең көрікті жерлерінің бірі, әрі Ақтөбенің символы деп есептеледі.

     Әбілқайыр ханның ұрпақтары

Ханның бәйбішесі Бопай ханымнан Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ, Зылиха туған. Қалмақ әйелінен - Шыңғыс, башқұрт әйелінен - Қарағай деген ұлдары болған. Қожахмет пен Шыңғыс, қызы Зылиха жастай қайтыс болған. Қалған бес ұлынан туған 67 ұл немерелері болған. Ұрпақтары еліміздің батыс өңірінде кең таралған. Әбілқайыр әулетінің өзінен 20 адам хан сайланған. Әскери офицерлер, заңгерлер, мұғалімдер, әнші-күйшілер көп шыққан. Мысалы, Жантөре хан (күйші), Дәулеткерей Шығайұлы (күйші), Қамбар Медетов (күйші), генерал-полковник Ғұбайдолла, сал Мұхит Мерәліұлы, заңгер Бақытжан Қаратаев сияқты көптеген тұлғаларды айтуға болады.

                Әбілқайыр туралы пікірлер

 

                Ә.Кекілбай, Қазақстанның халық жазушысы: Әбілқайыр - шынында да, тарихи қайшылыққа толы тұлға. Оның заманында қай халық та өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы дәурендеп кете алмаған.

 

                Павел Рычков, орыс тарихшысы: Кіші жүз ханы ақылы, айласы жағынан өз заманындағы басқа қазақ хан-сұлтандарынан оқ бойы озық тұрды.

 

                Халел Досмұхамедұлы, Алаш қайраткері: Әбілқайыр айбарлы хан болды. Әбілқайырдан бастап хан табы күшейе бастады.

 

                Манаш Қозыбаев, академик: Әбілқайыр ханның тактикасы жеке қаралуы керек. Сөз жоқ, ол - ұлы қолбасшы стратег, Отан соғысын ұйымдастырушы, талантты дипломат. Қазақ халқына ұлы хан болар, ел бастар сол бір сәтте төре әулетінде Әбілқайырдан басқа жан жоқ-ты. Алайда бақ таласы, тақ таласы, жүздік таласы нәтижесінде бұл мақсат іске аспады. Әбілқайыр хан халық бірлігінің, оның болашақ тірлігінің өзіндік жолын іздеді.

 

                Джон Кэстль, ағылшын суретшісі: Әбілқайыр хан - зор тұлғалы, сымбатты, аппақ жүзі қызыл шырайлы, түсі сондай жылы кісі. Сонымен қатар зор денсаулық пен қайрат-күш иесі. Садақ тартуға келгенде, шынымен ақ бүкіл ұлтта оған тең келетін кісі жоқ.

 

                Әбілқайыр хан: Мен халқым үшін қызмет етуге әр уақытта дайынмын, керек болса жеке басымды құрбандыққа шалуға да бармын. Сіздерді елдің еркіндігі мен тыныштығы үшін бірлікке шақырамын.

 

Айшуақ Дәрменұлы,

журналдың Ақтөбе облысы

бойынша меншікті тілшісі

Қаралым саны 4148

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463