Түгенделген хан мөрлері

Ішкі (Бөкей) Орда тарихындағы Хан мөрлері бұл күнде тарих сахнасына қайта оралды. Батыс Қазақстан облыстық Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы қорына 2019 жылдың 6 маусымында Бөкей хан мөрінің, Шығай сұлтан мөрінің, 13 тамызында Бөкей ханның сұлтан кезінде қолданған мөрі мен Жәңгір хан мөрінің қайта қалпына келтірген нұсқалары табысталды.

Хан мөрлері басқа билік атрибуттары - хан көтерген ақ киіз, хан тағы, ханның асатаяғы, хан байрағы сияқты түпнұсқасы сақталмаған мұралар қатарына жатады. Мөр - мемлекеттіліктің тарихын айғақтайтын, хандардың жарлығын, қатынас хаттарын айғақтайтын маңызды дәлел. Мөр соғу ісі аса жауапкершілікті, алдын ала ғылыми-шығармашылық әзірлікті талап ететін іс. Хан мөрлерін қайта қалпына келтіру жұмысына автор алдын ала ғылыми зерттеулер жүргізу нәтижесінде келген. Археологиялық қазбалардан табылған мөрлер мен бұған дейінгі қайта соғылған Абылай хан мөрі қайта зерделенген.

Хан мөрлерін қайта қалпына келтіру үшін, мөр тарихы мен оның қолданыс аясына ғылыми зерттеу жүргізілді, архив құжаттары, жазба деректер (Абу-л-Фазл Байхаки, И.Казанцев, т.б.) ғалымдардың ғылыми зерттеулері (И.В.Ерофеева, Н.Әлімбай, Е.Ш.Шаймерденов, Қ.Омарханов, В.Л. Янин, т.б.), фольклорлық деректер, Шыңғыс хан, Сүлеймен пайғамбардың (кейін Су патшасы Сүлеймен атанған) мөрлері туралы аңыздар сарапталды.

Хандардың мұрағаттарда сақталған мөр соққан хаттары, жарлықтары мен қатынас қағаздары хан мөрлерін қайта қалпына келтіру кезінде ескерілетін нақты ғылыми мәлімет болып есептеледі. Мөрлік таңба бар маңызды құжаттар ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты мен ҚР Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалар мұрағатынан қаралды.

Хан, сұлтандар мөрінің бай, тархан, старшындардың мөрлерінен айырмашылығы - күмістен соғылып, бүйірі жалпақ, ұшы жоғары қарай сүйірленіп біткен. Хан, сұлтандар хаттарын «жазғандарымды куәландыру үшін мөрімді бастым» деген сөздермен аяқтап отырған.

«Хат бердім даулы жерге мөр басатын,

Қолында қызыл алтын жүзігі бар», – деген жолдардағы «қызыл алтын» сөзі күміс бетіне апталған, жалатылған алтынды меңзейді.

Бөкей хан 1812 жылға дейін сұлтан кезінде қолданған мөрінің қорғанына шексіздік өрнегін салдырған, ал хандық таққа отырған соң, сұлтандық мөрін жойып, хандық мөрінің қорғанына жапырағын жайған бұтақ бейнесін беретін көгеріс өрнегін алған. Шығай хан қолданған мөрдің қорғанына аспан әлемі денелерінен жұлдыз шекіледі. Жұлдыз әрі ислам дінінің символы іспетті, әрі шарықтау, алға ұмтылу, биіктеу, өсу идеясын білдірген. Жәңгір хан хандық билікке келген соң соқтырған мөрінің жиегіне, яғни қорғанына айнала өсіп келе жатқан немесе бүршік атқан жас шыбықты бейнелеген. Жәңгір хан алғашында жас шыбықтағы бүршік бейнеленген мөрді қолданып, хандығының соңғы жылдарында мөр ортасындағы жазуды толығымен қалдырып, бүршіктен жапырақ жайған өрнекке ауыстырған. Өсімдік өрнектері өркендеу идеясының сипатын береді. Ою өрнектер тарихи дәуірлерде өрнекті салған немесе тапсырыс берген адамның ойын, мақсатын білдірген.

Шығай сұлтан ресми хан титулын алмағанымен, халық оны хан деп санаған. Билік еткен жылдарында қолданған мөрінің қорғанында жұлдыз өрнегі салынған. Хан, сұлтандардың мөрлері бір-бірінен қорғанындағы өрнегі және жазуымен ерекшеленеді.

Қазіргі таңда бізге келіп жеткен деректерді қайта зерделей келе қазақтың хан, сұлтандары мөрлерін жүзік түрінде соқтырғанымен, қолдарына тағып жүрмеген, құжаттарды куәландырған кезде тұғырын саусаққа «айнатеріс» тәсілімен, яғни сүйір келетін басын жоғары қаратып киіп (құсмұрын жүзіктің тағылуынан теріс) немесе тұғырынан қолға ұстап басқан деп пайымдауға болады.

Зергерлік құсмұрын жүзіктен жүзікті мөрдің айырмашылығы оның бауырының дөңес келіп, бетінде жазу сиятын кеңістіктің болуында. Ал, би, болыс, тархан, старшындар мөрлері дөңгелек, дөңес, төртбұрыш, тасты болып келген.

Мөр бояуын көпестерден сатып алған немесе қолдан табиғи жолмен әзірлеген. Табиғи мөр бояуы фольклорлық мәліметтер бойынша бидай, тарыны күйдіріп қуырып, күл, күйе жасау арқылы алынған.

Мөрлі жүзіктер реконструкциясы зергерлік өнерде ертеден келе жатқан, күміс бетіне күміс қондыру (выпиловка), күміс ою, күміс қарайту, күміс бетіне күміс оюын орнату (инкрустация) әдістерімен жасалынды. Мөрлі жүзікті жасауда инновациялық технологиялардың да жетістігі пайдаланылды. Яғни архивтік құжаттағы мөр бейнесі алынып, баспалық тәсілмен дәлме дәл репродукциясы жасалынды. Баспалық репродукция негізіндегі қағаз бейнесі күміс пластинаға жапсырылып, ол арнайы құралмен ойылды.

Мөр қорабы қарағаштан ойылып, антик қалпына келтіру үшін майға қуырылды.

 

Тәттігүл ҚАРТАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, мөрлердің ғылыми атрибуциясын, реконструкциясын жасау ісіне жетекшілік жүргізген этнограф-ғалым,

Естай ДАУБАЕВ,

Хан мөрлерін қайта жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер Академиясының Сәндік қолданбалы өнер кафедрасының доценті, зергер реставратор

Қаралым саны 1643

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463