Мың бір баланың әкесі

Кенжеғазы Байғазинді ақтөбеліктер жарнамасыз-ақ жақсы біледі. Ол бір кездері республикадағы ең үлкен балалар үйінің директоры болды. Осы жерде ширек ғасыр еңбек етіп, зейнетке шықты. Бүгінде оны мыңдаған бала «Әке» деп атайды, Кенжеғазы Байғазинге «әкеме келдім» деп маңдай тіреп іздеп келетіндердің ізі суыған емес.

Кенжеғазы Байғазин балалар үйіндегі қызметіне ең бір қиын кезде келді. Тоқсаныншы жылдардың ортасында — елдің ішінде жоқшылық белең алып, балалар үйі түгілі, төрт құбыласы түгел отбасылардың да қазаны ортайып, қазынасы кеміген шақта қамкөңіл балаларға қамқор әке болуға тырысты.

37 жыл саналы ғұмырын білім саласына арнаған білікті басшы алғашқы еңбек жолын Алға ауданындағы Тамды орта мектебінде мұғалімдіктен бастады. 1987 жылы Алға қаласындағы №16 кәсіптік-техникалық училищесіне директордың орынбасары, 1995 жылдан бастап облыстық Алға балалар үйіне басшы болып тағайындалды. 2019 жылдың ақпан айының басында қолына балалар үйін жабу туралы шешімді алғанша осы жұмыстың ыстығына күйіп, суығына тоңды. Бүгінде артта қалған жылдар — оның өмірінде ғана емес, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мыңдаған баланың жүрегінде жып-жылы естелік болып қалды.

- Туған жерім — Алға ауданының Тамды ауылы. Осы жерде өсіп-өндім. Кейін педагогикалық институттың тарих факультетін бітіргеннен кейін ауылыма келіп, мектепте жұмыс істедім. Ол кезде балалар үйі Тамдыда болатын. Біздің мектепте балалар үйінің де тәрбиеленушілері оқыды. Шыны керек, олар өте тентек, бұзақы болатын. 1986 жылы балалар үйі Алға қаласына көшірілді, мен осы жылы аудан орталығындағы техникалық училищенің директорының орынбасарлығына ауыстым. Бұл колледжде балалар үйінің тәрбиеленушілері де оқыды, жатақханада жатты. Тентек еді. Ауылдардан келген балаларға әлімжеттік көрсетіп, бұзақылықтар жасайтын. Кейін, 1995 жылы балалар үйіне басшы болып барғанымда осы тәртіпсіздіктердің барлығын болдырмауға көп көңіл бөлдім, - дейді кейіпкеріміз.

- Өзіңіз бір сұхбатыңызда «балалар үйі — қоғамның барометрі» деп айтқан едіңіз. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау жылдары балалар үйіне қалай әсер етті?

- Ол жылдарды еске түсірудің өзі қорқынышты. Ең қиын кездерді дәл 1997-98 жылдары бастан кешірдік. Үнемі жарық өшіп қала беретін еді, тек бізде ғана емес, тұтас ауылда жарық болмайтын. Әрбір жұмыс күнім жарық беретін мекемеге телефон соғудан басталатын еді. Балаларға тамақ пісіріп жатқанда жарық сөніп қалады: «Тамақ пісуге 10 минут уақыт қалды. Жарықты 10 минутқа сөндірмей тұра тұрыңдаршы. Тамақ деген быламық болып кетеді, балаларға шикі тамақты қалай беремін?», — деп шыр-пыр боламын. «Мұны біз емес, Ресейден сөндіріп отыр. Мен өзім емес», — деп қылғынады мекеме басшысы. «Ең болмаса, жарықты сөндіретін уақытты біліп, есептеп отырайық, кесте беріп қойыңдаршы», — деймін. Кейін ауылдан қазан-ошақ жинап, тамақты аулаға пісіретін болдық. Балалар күйе-күйе болып отын тасиды, аспаздар от жағып, тамақ пісіреді. Одан қазанның қара күйесін тазартамыз. Жаңбыр жауып кетсе, отын жанбайды, жинап қойған отынымыз су болып қалады. Мен мұнайшылардан дәнекерлейтін лампа сұрап алып келіп, солярка алып, әйтеуір осы лампаны ошақтың үш жағына қойып, от жағатын едік. Сонымен жасадық тамақты. Бірақ, «паяльниктің» білтесы шақ келмейді. Ол да болмағасын таңертең таңғы, түскі, кешкі асты бірден дайындап қоятын болдық. Өйткені Электр энергиясы таңғы сағат 7-де қосылып, екі-үш сағат қана жанып тұрады. Ол кезде жылу мәселесі де өте қиын еді. Жылу беретін мекеме жылуды қиып тастаймыз деп талай келді, «әке-көкелеп» жүріп талай тоқтаттым, сол үшін облыс әкіміне дейін бардым. 1998 жылы наурыз айының басында біздің мекеменің жылуға төлейтін ақшасы 30 миллион теңгенің шамасына жетті де, жылу беретін мекеме біздегі жылуды айырып тастады. Қыстың қақ ортасы, дала ұлып тұр. Тұтас Алға қаласында жылу жоқ. Үйдегілер газды қосып қойып, ыстық шай ішсе де, бірдеңе қылады ғой. Біздің тас ғимараттың іші үш күннің ішінде қара суықтың тұтқыны болды да қалды. Баратын жер, басатын тауым қалмады. Себебі қарызымызды ешкім төлеп бермейді. Наурыз айы енді басталып жатқан кез еді. Қырсыққанда күн де қабағын ашпай қойды. Осы жылдың наурыз, сәуір айлары ешқашан ұмытылмастай есте қалды. Күн мамыр айында ғана жылынды.

- Сонда балалар қыстың қақ ортасында жылусыз қалайша өмір сүрді?

- Мен сол қыста аштықтан гөрі салқынның әлдеқайда адамға тигізетін зияны көп екенін түсіндім. Суыққа тоңғаннан гөрі аш болған жеңілірек екен... Сол қыста он бала туберкулез ауруына шалдықты. Салқыннан неше түрлі ауралар пайда болды. Балалардың үстіне шиқан жаралар қаптап кетті. Әнші қыздарымыз болды, солар концерт қоятын еді. Үсті-басына қаптап кеткен жараны жасыра алмай, қиналған кездерін көрдім. Қолдары қызарып домбығып ісіп, жазуға икемі келмей қалғандары болды. Оны «холодовой дерматит» дейді. Бәрі де салқыннан болады екен. Ол заманда дәке де жоқ. Төсек жаймаларын жыртып алып, үтіктетемін де, дәрі жағып тастаймын. Осылай жүргенде көп күттірген жаз келді, балалар жақсы болды. Бәрі де ұмытылғандай болды.

- Бірақ жаздан кейін тағы қыс келеді ғой...

- Иә, былтырғы жағдай тағы қайталанбауы үшін облыс әкімінің алдына тағы бардым. Барлығын баяндадым. Балалар күніге 200 теңгенің тамағын ішетін еді: қара суға 5-6-сұрыпты ұн салып, кеспе қылып пісіріп береміз. Басқа ештеңе жоқ. Құнарлы тамақ жемегендіктен, балалардың үсті-басы көгеріп, қаназдық (анемия) ауруына шалдыққандар болды. Оның үстіне қыс келе жатыр, жылу тағы болмайды... Облыс басшылығының алдына осы мәселені төтесінен қойдым: «Балалар үйіне газ өткізейік, себебі жылу беретін орталыққа тәуелді болуға болмайды, себебі балалар үйі жоғарылау жерде орналасқан, тұтас Алға қаласына жылу берілгеннен кейін 10-15 күннен кейін ғана балалар үйі жылиды. Себебі бүкіл қаланың құбырлары қосылғаннан кейін ғана біздің балалар үйіне келетін құбырдың тетігін ашады. Ал бізде балалар ғой, балалар тоңып отырады, әрі күн жылыда тас ғимаратты жылытып алмаса, оны күн салқындап кеткеннен кейін жылыту өте қиын болады. Сондықтан, газ өткізейік, ешкімге тәуелді болмай, өзіміз жағып отырайық. Газ жүргізілсе, тамақ пісіру де оңайырақ болар еді», — деп ұсынысымды айттым. Осыдан кейін осы мақсаттарға бізге қаржы бөлінді, соның арқасында балалар үйінің дербес қазандығын салып, көзіміз ашылды.

- Сіз балалар үйіне келген кезде бұл жерде неше бала болды?

- 1995 жылы 148 бала болды. Кейін көбейе берді, көбейе берді, 2004-2005 жылдары 580 балаға жетті... Республика бойынша балалар үйлеріндегі ең көп балалар саны бізде тіркелді. Не себепті? Себебі басқа облыстарда балалар үйлері бірнешеу. Ал бізде біреу болатын. Екінші себебі, жоғарыда айтқанымдай, балалар үйі — қоғамның айнасы. Елде экономикалық жағдай тұрақсыз болса, жоқшылық, қиыншылық болса, балалар үйінде бала көбейеді. Сол жылдары жұмыссыздық белең алды, оның арты жоқшылыққа, ішкілікке салынуға алып келді. Кейбір ата-аналар ішімдікке салынып кетті... Сол кезде балалар үйіне келетіндердің арасында тұл жетім аз болатын, көбі тірі жетімдер еді... Балалар жан-жақтан келіп жатыр, сыймай жатыр, келгесін, оны далаға тастамайсың, аласың. Екінші жақтан прокуратура, санэпидемстанция, өрт сөндіруші мекеме өкілдері келіп, қысады, ортасында отқа күйіп, мен жүремін. Сол қиындықтардың барлығынан өттік.

- Бала саны қай жылдардан бастап азайды? Оның азаюына не әсер етті?

- Бала саны 2011 жылдан азая бастады. Оған төрт нәрсе әсер етті. Бірінші себеп - сәбилер үйінде «Үміт» тобының ашылуы. Бұрын сәбилер үйіне әкелінетін балалардан ата-аналары біржола бас тартып, тастап кететін. Бас тартқан соң ол балаларға келуге ата-ананың құқы жоқ. Кейін «Үміт» тобы ашылғаннан кейін ата-аналар балаларынан бас тартып, біржола тастап кетпей, уақытша қалдырып кетуге мүмкіндік алды. Кейін жағдайын жасап, үйін алып, аяққа тұрғаннан кейін баласын алып кететін болды. Бұл кезде үкімет баланы бағып береді. Осыдан кейін тастанды сәбилер азая бастады. Екінші себеп - патронаттық тәрбие жолға қойылды. Үкімет неғұрлым баланы отбасы жағдайында тәрбиелеуге бет бұрып, жетімдерді патронаттық тәрбиеге алатын отбасыларға ақша төлейтін болды. Үшінші себеп - балаларды қамқоршылыққа алған отбасыларға да қаржы төлене бастады. Ол да дұрыс, себебі сонау тоқсаныншы жылдардың ортасында жетім қалған балаларды бағуға олардың туыстарының да жағдайы келмейтін, жалақы жоқ, ақша жоқта өз балаларын асырай алмай отырғандар басқаның баласын бағуға шамасы келмеді. Оған қоса 2012 жылдан бастап облыста отбасылық формадағы балалар үйі құрыла бастады. Қазір Темір, Хромтау, Қобда, Мәртөк аудандарында да осындай мекемелер жұмыс істейді. Міне, осы төрт фактор жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың азаюына септігін тигізді. Тағы бір себеп — соңғы он-он бес жылдықта бала сүйе алмайтын отбасылар тым көбейіп кетті, бұл бала асырап алушылардың көбеюіне әсер етті. Біздің балалар үйінің балабақшасында кішкентай балалар көп болатын. Асырап алушылар баланың кішкентайын алғысы келеді ғой, балабақшадағы балалар солай азайды.

- Сол қиын-қыстау кезеңдерде бала асырап алушылар көп болды ма?

- Кейіннен көбейді. Бірақ мен бұл мәселеге де өте жауапты қарауға тырыстым. Себебі мен әр баланың тағдырына алаңдаймын, әр баланы өз баламдай көремін. Сондықтан әрбір баланың дұрыс отбасына баруын қатты қадағалайтын едім. Адамдардың ниеті әртүрлі ғой. «Маған жұмсайтын, ыдыс жуысатын, дүкенге жүгіртетін бала керек» деп келетіндер болды. Мен баланы малай қылуға бермеймін, оған жақсы ата-ана болсаңыздар, болашағына алаңдайтын болсаңыздар ғана рұқсат етемін деуші едім. Шынымен, әр баланың болашағына үлкен алаңдаушылықпен қарадым. Балалар үйінде балалардың босқа сенделмей, үнемі бірдеңемен айналысып жүруін қатты қадағаладым. 10-15 үйірме жұмыс істеді, балалар спортпен айналысты, өнерге жақын болды, қолөнерді үйренді. Әр салада республикалық, халықаралық додаларға қатысып, жүлделі болғандар бар. Біз балалардың өмірден өз орнын табуы үшін ешкімнен кем қылмай өсіруге тырыстық. Біздің ұжымда жұмыс істейтін әрбір қызметкерге балаларға ерекше қамқорлықпен қарауға талап қойдым. Қажет кезде балалардың маңдайынан да сипадым, қажет кезде қатал да болдым. Себебі қатал болмасам, олардың жетістікке жетуілері екіталай еді. Қазір балалар келген кезде рахметін айтады. Шүкір, балалардың дені білім алып, өмірден өз орындарын тауып кетті. Үнемі хабарласып тұрамыз. «Әке», — деп телефон соғып тұрады. Жақында зейнеткерлікке шыққанымды құттықтап, көптеген түлектеріміз отбасымен, өздерінің кішкентай балапандарымен келіп кетті. Мен оларды қашанда әкелік құшағымды ашып қарсы аламын. Мен үшін әр баланың орны бөлек.

- Балалар үйі қашан жабылды?

- 2019 жылдың қаңтар айында жабылды. Сол кезде балалар үйінде қалған 16 баланы облыс орталығындағы «Аяла» балаларды әлеуметтік-психологиялық және медициналық оңалту орталығына орналастырдық. Ол жерде балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ бірқатар түлектеріміз Ақтөбе қаласындағы «Мейірім» әлеуметтік бейімдеу орталығында тұрып жатыр. Бұл жерде балалар 29 жасқа дейін тұра алады. Қазіргі кезде балаларды орталық басшысының қолдауымен жұмысқа орналастырып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» шот ашып, үй алуға жағдай жасалып жатыр.

- Жалпы, балалар үйін жабу дұрыс па?

- Негізі әр баланың отбасында тәрбиеленгені дұрыс. Соның ішінде ата-анасы ішкілікке салынған, жат әдеттерге әуес отбасында емес, дұрыс тәрбие бере алатын ата-ананың қасында өсуі керек. Бала кішкентай кезінде әке-шешесінің қолына қарайды, өскен соң жүріп өткен жолына қарайды. Ішкілікке салынған, балаға қарамайтын ата-аналарды бұрын ата-аналық құқынан айыратын. Қазір айырмайды. Бала солардың қасында өседі.

            Иә, 6-7 жастағы бала ата-анасының қасында еріп жүре берер, ал он жыл өткеннен кейін ол баланың күні не болады? Ол ата-анасынан көргенін істемей ме? Одан қоғам ұта ма? Ұтылады! Сондықтан, мұндай балалардың дұрыс отбасында, жақсы тәрбие беретін ата-аналардың қасында болуы керектігін айтқым келеді. Мүмкін, Швейцарияда, Данияда, Финляндияда жетімдер үйі жоқ шығар. Бірақ бұл біз солардай болуымыз керек деген сөз емес қой. Біздің менталитетіміз мүлде басқа...

- Балалар үйінде ширек ғасыр бойы еңбек етіп, зейнетке шықтыңыз. Қазір қай жерде жүріп жатырсыз?

- Биыл облыстық «Алға» балалар үйі жабылған соң оның ғимараттары жергілікті колледжге, ал жазғы лагерь ғимараты «Бақытты бала» жобасы аясында ашылған «Күншуақ» сауықтыру лагеріне берілді. Осы лагерьдің басшысымын. Жылына он ай жұмыс істейтін лагерьде бір жылда мыңға жуық бала демалады. Лагерь мүмкіндігі шектеулі, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін ашылған.

- Мазмұнды әңгімеңіз үшін көп рахмет. Еңбегіңіз әрқашан нәтижелі болсын!

«DANA qaz» анықтамасы: Кенжеғазы Байғазин 1956 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданында туған. 1973 жылы Тамды орта мектебін бітіріп, әскери борышын өтеген соң Орал педагогикалық институтының тарих факультетінде білім алған. 1981-1987 жылдары Тамды орта мектебінде тарих пәнінің оқытушысы, 1987-1995 жылдары Алға техникалық колледжі директорының орынбасары. 1995-2019 жылдары облыстық Алға балалар үйінің директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта облыстық «Күншуақ» сауықтыру лагерінің директоры.

Ол Ақтөбе облысының құрметті азаматы (2009),«ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», Ыбырай Алтынсарин, «Шапағат», «Астанаға 20 жыл», «Ақтөбе облысы кәсіподақтарына 90 жыл», т.б. медальдармен марапатталған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе облысы

Қаралым саны 1076

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463