Қазақтың өнерін әлемге танытқан Димаштай ұл тәрбиелеген ата мен әже

Тұтас қазақ елінің мақтанышына айналып үлгерген дарынды әнші Димаш Құдайбергеннің ата-әжесі Құдайберген Айтбаев пен Миуа Низамутдинова өткен жылы алтын тойларын атап өтті. Олар Ақтөбеде бес жүз отбасы қатысқан «Мерейлі отбасы - 2018» облыстық байқауының бас жүлдесін айқын басымдықпен жеңіп алды. Бұл шаңырақта үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, өзара құрмет дәстүрге айналған.

«Бала қалағаныңдай емес, қарағаныңдай болады» дегендей, аталмыш әулеттің қос бәйтерегі Құдайберген аға мен Миуа апай ұл-қыздарының тәрбиесіне өздері үлгі бола білген жандар. Ақын Бауыржан Бабажанұлының «XX ғасырда Жұбановтар әулеті туған топырақтың даңқын XXI ғасырда Айтбаевтар әулеті жаңғыртты» деген пікірі еріксіз ойға оралады. Өнерімен әлем жұртшылығын тамсандырған Димаштай ұлдың атасы мен әжесін отбасы тәрбиесі хақында әңгімеге тартудың сәті түскен еді.

- Құдайберген аға, Миуа апа, бала тәрбиесінде ата-әженің, жалпы үлкендердің орны бөлек қой. Өз ата-әжелеріңіз есіңізде ме? Сәбилік шақтан қандай естелік айта аласыз?

- Біздің балалық шақ соғыстан кейінгі уақыт қой. Халыққа да, оның ішінде бізге де оңай болған жоқ. Ата-әжеміз ертерек марқұм болған. Тоғыз жаста әке, он алты жаста шешеден қалдық. Аға-жеңгеміздің қамқорлығын көп көрдік. Әке-шешеміздің тұстастарын көрсек сәлем беруге, бір шаруасына көмектесуге ұмтылып тұратынбыз. Ол заманның үлкен кісілері де орнықты, мейірімге бай еді. Бос сөйлемейтін, сөйлесе мақалдатып, құлағыңа құйып тастайтын еді. Қанаттанып, мерейіміз өсіп шығатын. Қазір ойлап отырсам, қиын-қыстау кезеңнен қазақты алып шыққан адамгершілік пен жақсы күндерге деген сенім екен. Жұмысымды шопырлықтан бастадым. Сол кезде кеңшар директоры өте қарапайым адам болды. «Осы адамдай болсам» деп армандадым. Бойыма қарапайымдылықты дарытуға тырыстым. Балаларымды да осылай тәрбиеледім.

- Екі ғасырда екі түрлі қоғамды көрдіңіз. Отбасы мен тәрбие тұрғысынан салыстырғанда, ұнамды, ұнамсыз дегендей тұстарға тоқталып өтсеңіз?

- Кеңес заманында адамдардың өзара сыйластығы, қайырымдылығы мол болды. Соғыстан кейінгі жылдарда бірнеше отбасы бір шаңырақта тұрып, бір-бірінің балаларын бақты. Барды бөліп жеп, тату-тәтті жүретін. Қанағатшылдық бар еді. Отау көтерген жылдары аға-жеңгенің 36 шаршы метр үйінде 11 адам тұрдық. Балабақша болған жоқ. Балалар бір-бірін қамқорлап, кішісі үлкенінен қалған киімдерді киіп өсті. Ал қазір бәрі бірдей деп айта алмаймыз. Бірақ дүниеқоңыздық пен өзімшілдік басым. Жеке бастың мүддесін жоғары қою көп. Он бөлмеде екі-үш бала болса да бауырмалдық аз. Дарақылық пен жалқаулық, бәсеке-бәйге бар. Адами қарым-қатынас, өзара құрмет солардың көлеңкесінде қалып қойғандай әсер етеді.

- Бала мен немере тәрбиесінде ұстанатын басты қағидаңыз қандай? Сіздің шаңырақта қалыптасқан ереже бар ма?

- Отбасының татулығы, бірлігі мен сыйластығы үзілмеуі керек. Бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар. Екі қыз, бір ұл өсірдік. Талапты қатаңдау қойдық.Үлкенге қарсы шықпау, кішіні құрметтеуді үйреттік. Мектептен қалуға болмайды, қоғамдық жұмыстарға қатысуы керек. Бәрі көнді, айтқанымызды екі етпеді. Он шақты немере-жиеннің бәрін де жақсы көреміз. Әрқайсының өз орны бар. Димашты бесігінен жұбайым Миуа бақты. Бес жасынан бастап музыкалық мектепке апарды. Тұңғыш немере болған соң еңбегі де көбірек сіңді. Ол туралы өзі айтсын, - деп күлді Құдайберген аға.

Бір қызығы, отасқанына жарты ғасырдан асқан жұбайлардың әңгімелері де ұқсас. Бірін-бірі толықтырып, бірі екіншісінің сөзін сабырмен тыңдап отырады. Отағасын алдыға салып әдептен аспай тыңдап отырған Миуа апа сөз ауаны Димашқа қарай ойысқан кезде әңгімеге қосылды.

- Қанат пен Светаның бірі жас маман, бірі студент. Оқуы мен жұмысы, іссапарлары көп. Өмір бойы мұғалім болдық. Жұртқа айтқан ақылды өз үйіңде өзіңе де қолданбасаң бәрі бекер. Тұңғышымыз дүниеге келгенде бізге де үлкен аға-жеңгеміздің көп жәрдемі тиген. Келіннен де, немереден де қамқорлықты аямаған жөн, ұрпағыңа жұғысты болады. Тілі шыққан баланың күніне мың сұрағы болады. Оның бәріне ерінбей жауап беру керек. Ондай сабыр мен шыдам, мол тәжірибе ақыл тоқтатқан ата-әжеде бар. Әке-шеше қанша жақсы көрсе де баланы тиып тастауға бейім. Сайрап отырғанымыз қазір ғой, мақтанды деп жүрме. Бірақ сол кезде осындай ой болғаны рас. Димаш музыка колледжінде оқып жүргенде ауыл балаларына асханадан тамақ сатып әперіп жүретін. «Мен ата-анамның жанындамын, олардың қарны ашып қалады ғой» деп жанашырлық танытатын. Ешқашан қолын қаққан емеспіз. «Кең болсаң кем болмайсың» деген, баламыздың адамгершілігі бар деп қуанатын едік.

- Құдайберген аға, домбырамен ән салып, күй тартқаныңызды талай көрдік. Миуа апаның да әншілік өнеріне куәміз. Балаңыз, немереңіз арнайы музыкалық білім алды. Ал өздеріңізді өнер бағытына баулыған қандай жандар еді?

- Менің әкем де, тәрбиелеген ағам да домбыра тартатын. Өнерге деген әуестік сол кісілердің тәрбиесімен келді. Әу демейтін қазақ жоқ қой, мектепте үйірмеге, студент кезімде ұлт-аспаптар оркестріне қатыстым. Араласқан дос-жолдас, әріптестер арасында өнерлі адамдар көп болды. Жақсы өлең мен әуезді ән шаршағанды басады, рухани байлық көңілге қанат бітіреді ғой. Біз әртүрлі ұлт өкілдерімен араласып өстік. Мектеп пен балабақша қазақ-орыс тілінде болды. Үйде қазақ тілі мен ұлттың салт-дәстүрін дәріптеп, құлағына құюдан шаршамадық. Адамзаттың бәрін сыйлау, әртүрлі тіл білу дұрыс. Ал, ана тілдің орны бөлек.

- Қазақтың әдет-ғұрпында сәбилерді сыйлы адамның отырған жеріне аунатып, аузына түкіртіп, арнайы батасын алатын жоралғы бар. Жақсыдан шарапат деген ниет қой. Салт-дәстүрді ұстануыңыз қалай?

- Қазақтың жақсы салт-дәстүрінің ешқайсысын жатсынбаймыз. Бала да, немере де келген қонақты қарсы алып киімін іледі. Үлкендердің қолына су құяды. Дастархан басында мағыналы, салиқалы әңгімелер айтылғанын жақсы көреміз. Астан соң балалар түрегеліп тұрып үлкендердің батасын алады. Кететін қонақтың аяқ киімін алып беріп шығарып салады. Баланы қырқынан шығарудан бастап, бесікке салу, тұсау кесу, бәрін жасап келеміз. Қанат туғанда арнайы бесік жасаттық. Кейінгі балалардың бәрі сол бесікте жатты. Димаш та сол бесікке бөленді. Құдай қаласа, Димаштың балаларын да сол бесікке бөлесек деген ниетіміз бар,- дейді Құдекең.

«Димаш әнді әрдайым беріліп айтады. Сахнадан түскенде жейдесінің терін сығып алуға болады. «Тіл-көзден сақтай гөр» деп ертелі-кеш есімін дұғама қосып отырамын. Сахнаға шығар алдында қалтасына бір шымшым тұз салып, костюміне түйреуіш қадап жіберемін» дейді Миуа апа.

- Отбасы тәрбиесінде үлгі тұтарлық тұлғалардың қандай қасиеттеріне айрықша мән бересіздер?

- Мәдениетті, адамгершілігі жоғары, ақкөңіл, адал, қарапайым мінезді адамдарды нағыз үлгі тұтарлық жандар деп білеміз. Димаш мектепке баратын жылы Алматыға қыдырып барғанбыз. Димашты Қонаев ақсақалдың бейітіне ертіп апарып дұға оқыдым. «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» дегендей, үлгі алатын жақсылар көп қой.

- Сіздер келін-балаңызды, олар ата-анасын ылғи мақтап жүреді. Отбасы берекесінің құпиясы неде?

-Ешқандай құпия жоқ. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» деген. Қандай мәселе болса да сабырмен, отбасы мүшелерімен ақылдасып шешеміз. Отбасы да адам денесі секілді тірі организм. Он екі мүшесі сау болса - бәрі тамаша, бір жері ауырса зардабын бәрі тартады.

- Тағылымды әңгімелеріңіз үшін рахмет! Ұрпақ қызығын көріп аман жүргейсіздер!

Қазақстанның болашағы білімді, батыл, азат ойлы жастардың қолында. Егер жастардың санасына ғасырлардан жеткен тарихи қисса-әпсаналарды құйып отыратын ата-әжесі болса - ондай ұрпақ Отан үшін, ел үшін тау төңкерері шүбәсіз. Өмір базарына бара жатқан жастардың сапарлары сәтті, қанжығалары майлы болғай!

Айшуақ Дәрменұлы,

журналдың Ақтөбедегі тілшісі

Қаралым саны 2065

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463