Өсетін ел мұғалімін ұлық тұтады

  • Галерея изображений

DANAqaz журналында «Дария кеуде, тау мүсін, қарттарым, аман-саумысың» атты жаңа айдар ашуды ниет қылған кезде Орал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов ағамызға шықтық. Өйткені ел, өңір, қаламыздың дамуына үлес қосқан қарияларға құрмет көрсету, олардың үлгі-өнегелерін насихаттауды мақсат тұтатын, аты сөйлеп тұрған айдардың алғаш мақаласын осы Мынатаубиік Тауфиқұлына арнау туралы ой болды.

Бірақ ардагерлер кеңесінің төрағасы жалпы ой-ниетімізді қызу қолдағанымен, алғаш мақаланың өзінен басталғанын құп көрмей, Қадыров Марат ағаны ұсынды. Біз бұл ұсынысты қуана қабыл алдық, өйткені білім беру ісі – аса маңызды да өзекті сала. Оның үстіне Марат Сақыпұлы – ұзақ жылдық еңбек жолында директор да, білім беру бөлімінің басшысы да, білім саласына кураторлық жасайтын аудан әкімінің орынбасары да болып қызмет еткен, сондықтан бұл саланың қыр-сырын жете білетін білетін азамат. Ресми тілмен сөйлесек, Марат Сақыпұлы Кадыров 04.01.1940 жылы туған, қазақ, білімі жоғары, 1962 жылы А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институтты бітірген, мамандығы — физика және өнеркәсіп негізі пәндерінің мұғалімі. Мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары, «Отан» партиясы-ның аудандық филиалы төрағасының орынбасары, ІІІ шақырылған Сырым аудандық мәслихаты тексеру комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта зейнеткер. «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Қазақ КСР-ы халық ағарту ісінің үздігі. ІІІ шақырылған Сырым аудандық мәслихатының депутаты (мәлімет syrym-maslikhat. gov.kz сайтынан алынды). Жалпы, біз бұл мақала арқылы Марат Сақыпұлының бір емес, бірнеше кітапқа жүк бола алатын еңбек жолын баяндауды емес, көпті көрген еңбек ардагерінің білім және өзге де мәселелер бойынша ой-пікір, толғаныстарын ұсынуды жөн көрдік. 

«Жастардың ең әуелгі тәрбиешісі кім дейсіз? Ұстаз ғой. Ұстаз! Қандай сөз десеңізші!.. Әр бала мектепте оқитын біздің елде ұстаз – ең басты тұлға. Біздің балаларымыздың, хал-қымыздың келешегі ұстаздардың қо-лында, оның аяулы да алтын жүрегін-де. Ұстаз көзіңе түсе сала, оған құрмет көрсетіп, тағзым етсе, болар еді». Александр Фадеевтің «Жас гвардиясындағы» осы үзіндіге өзім зор мән беремін. Мектеп бітіргеніме 70 жылға жақындаса да, ұстаздарымның бет-бейнесі мен есімдері, «Мектеп бітірген соң ұшқан ұяларыңды ұмытпай, келіп тұрыңдар» деген үні жадымда мәңгілікке сақталып қалды.

1978 жылы Германия демократиялық республикасына тәжірибе алмасу мақсатында іссапарға бардық. Әуелі, әрине, түрлі тексеріс, нұсқаулықтардан өттік. Өз бетімізбен ешқайда бармау, ешкіммен қарым-қатынас орнатпау т.с.с ескертулер алдық, шектеу-лермен таныстық. Сөйтіп, Мәскеу – Берлин жүрдек пойызына отырып, неміс елінен бір шықтық. Бір саяси жүйеде – бір социалистік лагерьде орналасқан ел болғанымен, біраз нәрседе, соның ішінде білім ісінде біздегіден айтарлықтай айырмашылық бар болып шықты. Мысалы, неміс мектептерінде бала санын белгілі бір мөлшерден – 400 оқушыдан асыр-майды екен. Біздің делегацияға «өздеріңіз басқаратын мектептерде қанша оқушы оқиды?» деген сұрақ қойылды. Жауап кезегі маған келгенде мақтанышпен: «Біздің мектепте мың жарым бала оқиды» дегенімде неміс әріптестеріміз көздері шарасы-на шыға жаздап, «мәссаған!» деп таң қалды. Сөйтсе, олар әлдебір ғылыми-практикалық әдіс-амалдармен мектепте оқушы саны төрт жүзден асса, бұл мектептегі оқу-тәрбие ісін тиісті дәреже-деңгейде жүргізу мүмкін болмайтынын дәлелдеп, есептеп шығарыпты. «Соншама көп бала оқитын мектепте әр балаға жеткілікті көңіл бөлу мүмкін емес қой, олардың әр-қайсысын жеке тану, жете білу керек қой, бұларың қалай?» деген таңданыс пен реніш аралас эмоцияларын көпке дейін білдіріп жүрді. Өз тарапымнан мен де мың жарым бала оқыса да, сол балалардың әрқайсысының өзін және, әсіресе, әке-шешесін жақсы танимыз, білеміз деп ақталғандай болып жатырмын. Бұл сөзімнің өтірігі жоқ, сол кезде, әсіресе, ауылдық жерде мұғалімдердің оқушылардың үй-іші жайлы хабардарлығы мықты еді. Дегенмен бұл мәселеде ақиқат немістер жағында екенін мойындау керекпіз. Шағын мектеп-терде оқу-тәрбие ісін ұйымдастыру әлдеқайда жеңіл де жемісті екені рас. Оқушы саны мектепте де, сыныпта да аз болған сайын әр оқушыға жеке тұлға ретінде көңіл бөлу мүмкіндігі айтарлықтай жоғары болады. Сондықтан қазіргі білім беру ісінде өте үлкен бір мектеп пен шағын бірнеше мектеп салудың қайсысы тиімдірек екенін білікті мамандар талқыға сал-са, артық болмас еді деп ойлаймын. Тұп-тура экономикалық тұрғыдан ал-ғанда (құрылыс материалдарын үнемдеу, газ, электр, су шығындарын азайту т.с.с) үлкен мектеп салу тиімді де шығар, алайда алыстан ойласақ және бірінші орынға саулық пен бі-лімді қойсақ, шағын мектептердің берері мол болып шығуы мүмкін.

Тағы бір таң қалдырған жайт — неміс мектебінде балалардың тамақтануына қатты көңіл бөлетіні. Мектептің қақ ортасында асхана орналасқан. «Барлық жол Римге апарады» деген әйгілі фразаны сәл өзгертсек, неміс мектебінде барлық жол асханаға апаратын болып шықты. Сүйсінісімізді жасыра алмадық: сапалы, құнарлы азық-түлікті тоя жеу бойға білім қонудың алғышарттарының бірі екені рас қой. Иә, айтпақшы, бұл елдің оқушыларына сүттің жеті түрі ұсынылады екен! 1978 жыл! Сүттің жеті түрі! Бұл біз әлі күнге қол жеткізе алмай жүр-ген фантастика ғой! Бір ғажабы, осындай керемет ассортиментті ас мәзірі бола тұра, тамағын үйіне барып ішіп келетін балалар да бар болып шықты. Бұл, бір жағынан, мектеп оқушылардың мекенжайына жақын, әр квартал сайын дерлік орналасқанынан хабар берсе, екінші жағынан, ортақ қазан қанша жерден керемет болса да, «кең сарайың боз үйіңдегі» дәмге жетпейтінін білдіреді-ау. Балалардай болашағына осыншама инвестиция салған елдің өркениеттің алдыңғы қатарынан ойып орын алуы заңдылық шығар.

Мектебіне таң қалып жатырмыз ғой. Балалар үйімен салыстырғанда мектеп дым болмай қалды. Неміс елінің балалар үйінде тәрбиеленушілер саны жиырма төрттен аспайды екен! Әр баланың мінез-құлқын, табиғатын, қарым-қабілетін ескеру үшін олардың саны осы шектеулі мөлшерден аспауы шарт деп тауыпты! Сондықтан неміс елінің тәрбиешілерінде әр бала таңда қандай көңіл күймен оянғанына дейін көңіл бөлу мүмкіндігі бар.

Израиль елінің бір премьер-министрі кезінде шетелге шыққан саяхатынан соң әр бала еліне оралуға асығып тұруы үшін қажет екі шартты атапты:

1) Сыбайлас жемқорлықты ұлтқа жасалған сатқындықпен теңестіру және жемқордың үрім-бұтағын мемлекеттік қызметке жолатпау;

2) Қоғамда педагог, дәрігер, әскерилерге құрмет сезімін қалыптастыру және олардың жалақысын жоғары қылу.
Қазір Израиль дүниедегі ең қуатты, беделді мемлекеттердің қатарында екенін ескерсек, бұл жетістікте жоғарыда аталған шарттардың жүзеге асқаны рөл атқарып тұрғанына күмәнданбаймын.

Қай қызметте істегенімде де ешкім үстімнен арыз жазып көрген емес. Өз басым көмек сұрап келген кісіні құр қайтармауға тырыстым. Тіптен болмаса, таныс дүкеншіме записка жазып беріп, азық-түлікті қарызға бергізіп жүрдім. Сол қарызға алған-дардың бәрі бірдей бережағын уақытында өтей бермейді. Борышкер әйелдердің саны мен бережағы біразға барып қалғанда Сапура дүкенші менің әйеліме «Осы сенің күйеуіңнің 5-6 келіншегі бар ма, соның атынан келіп тамақ алады да жатады» деп әзіл-шыны аралас әңгіме айтып, жұ-байымның «Менен өзге біреулерің жоқ па осы?» деп сұрағаны да бар...
Ауданымыздың 1984 жылғы мектеп түлектері мықты болды, кәсіпте де тасы өрге домалап жүрді. 1996 жылдың бір күні ішінде Исмагулов Эдик, Орманов Қайрат, Ергарин Арман, Мұқсинов Бейбіт, Берсебаев Қанат, Абдрахманов Аралбай, Жоламанов Жарас бар, оқушыларым-мен кездесіп қалып, «Ел ішінде мұқтаж адамдар көбейіп кетті, қандай көмектерің бар?» деп сұрадым. Олар сөзге келместен келісіп, «машина жіберіңіз» деді. Содан не керек, осы жігіттердің арқасында қолымызға 5 тонна ұн тиіп, ауыл әкімдері арқылы мұқтаж жандарға жарты қаптан бөліп бердік. Кейін осы азаматтарға «Еңбектеріңізді ел білсін, газетке жазайық» десем, олар: «Көре алмаған кісілер жұртқа тегін үлестіріп жатқан бұл не ақша деп арыздап-өсектеп, басымызға бәле болып жүрер, жазбай-ақ қойыңыз. Одан да тағы бір машина жіберіңіз, ақшамен де көмекте-сейік» дейді. Қарап отырсаңыз, біздің қоғамда жақсылық жасаудың өзі қауіп болып тұр ғой. Бұндай қоғамды сауықтыру керек. Осындай көмекті Қожагелдин Оралбек те жасады, қомақты қаражат – қырық мың теңге бергені де бар. Бұл сол кез үшін тым-тәуір сома екенін, менің аудан әкімінің орынбасары ретінде алатын жалақым 8 мың теңге екенінен біліңіз. Ол ақша да жағдайы төмен жандарға таратылды.
90-жылдардың қиыншылығында «Қызыл Жарты Ай» ұйымының да көмегі тиді. Осы ұйымның сол кездегі басшысы Светлана Қаресова берген азық-түлік өнімдері тарыққан біраз жанға тәуір жәрдем болды. Артынан бір машина киім де берді. Біз өз тарапымыздан «Қызыл Жарты Ай» ұйымының жарналарын таратуға септігімізді тигіздік. Бұл ұйымның Светлана Қаресовадан кейінгі басшысы Мария Мукашева да жоғарыда баяндалған-дай көмектерін көрсетіп тұрды.

Жерлестеріміздің ішінде тұрмыс-тіршілігі жұпыны жандарға қолұшын созуда жеке диірмені бар Меңдіғали Ахметов ерекшеленді. «Жейтін дымым қалмады» деп алдыма келген адамдарды осы Меңдіғалиға жолдайтын едім. Ешқандай заң-законмен белгіленбеген бұндай әдіс-амалдарды сол кезеңде көп жасадық. Артынан біртіндеп тыйыла бастадық. Өйткені адамдарды масылға айналды-рып алмаймыз ба деген негізді алаң болды. Жан қинап, тірлік жасағаннан гөрі, алақан жайғанды тәуір көретіндердің қатары көбейе бастауы жақсылық емес еді.
Пайдалы қазбаларға кенде, ауыз судың өзі жетіспей жататын, британ колониясы болған Сингапурды эконо-микасы мен инфрақұрылымы мықты қала-мемлекетке айналдырған Ли Куан Юға құрметпен қараймын. Үшінші сұрыпты елді алдыңғы қатарға шығара алған, «Дені дұрыс үкімет ең әуелі ұлттық мүддені алға қояды» деген ұстанымына адал Ли Куан Ю өзін ұлы көшбасшы ретінде көрсете білді.

Марат Сақыпұлы өзі қызмет еткен Жымпиты өңірін ерекше құрметпен еске ала отырып, Владимир Маяков-скийдің «Грузияда дүниеге келдім, Ресейде қалыптастым» деген сөзін түрлендіріп, «Тайпақта дүниеге кел-дім, Жымпитыда қалыптастым» деп жымиып қойды.

Иә, Марат ағамыз осы өңірде талай шәкіртті тәрбиелеп үлкен өмірге жолдама берді. Солардың бірнешеуін атай кетейік:

Әжімұратов Қуаныш – күйші, қобызшы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі;

Соколов Юрий – физика-математика ғылымдарының докторы;

Қасымбаев Мақсот Иманғалиұлы – Санкт Петербург қаласы, физика-математика ғылымының кандидаты, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты;

Нүрешов Бекболат Әміржанұлы – медицина ғылымдарының кандидаты, «Алма Стом» емханасының бас дәрігері;

Суханова Нұрсәуле Уәлиқызы – ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері;

Еламанов Уәли Бисақанұлы – генералмейстер;

Шапекова Нэля Лұқпанқызы – медицина ғылымдарының докторы.

Әрине, бұл азаматтар – Марат Сақыпұлы тәрбиелеген шәкірттердің жүзден, мыңнан бірі ғана. Олар атқарған, атқарып жатқан көп те түрлі сауапты іс-тірлікте ұстаздарының үлесі бары сөзсіз. Мақаламыздың бас кейіпкері әңгіме барысында ақын Тарас Шевченконың «Ұйықтап өтсең өміріңде – ұйқың ешбір қанбаса. Өл-генің не, тірлігің не, артыңда із қалмаса» деген үзіндісін келтірді. Бұл тұрғыда Қадыров Мараттай ұстаздың іздері ел ішінде сайрап жатыр. Марат ағаның алғашқы шәкірттерінің бірі Тілеген Бақтығалиұлы ұстазына ар-наған арнауында мынандай шумақ-тар бар екен:

Кемел шақтасыз, келмейді деуге кешкілік,

Танылдың елге, есімің ерте естіліп.

Бүгінде түгел өңірге мәлім тұлғасың,

Есенсайдан ұшсаң да кеше ес біліп.

Жалғасын тауып тегіңдегі бар ірілік,

Күн райыңмен көрген жерің жоқ құбылып.

Білікті басшы, білімді ұстаз атансаң,

Отырсың бүгін отына соның жылынып.

Табиғаттың болатындай қыс-жазы,

Жас келгенде жасырын емес күш те азы.

Адамдықтың үлгісі болып аман жүр,

Менен кейінгі барша баланың ұстазы.

Ақиқатында, Марат аға тек ұстаздық қызметпен шектеліп қалмаған, замандастарының айтуына қарағанда, ауданда ол араласпаған тірлік аз. Оралбектей арыстың дүниеден озғанын әкесіне естірту сынды аса ауыр міндет өзгеге емес, Қадыров Маратқа жүктелген... Осы ағамыздың мұрағатын ақтарып отырып, ақырғы сапарға аттандыру рәсімін туыстығы жоқ бол-са да, інісіндей көретін Марат Сақыпұлына аманаттаған ҰОС ардагері Жәлел Самарқанұлының хатын көзім шалып қалды. Елге сыйлы болмаса, Марат ағамызға жоғарыдағыдай міндет, өтініштер жасалар ма еді?! Ер азамат үшін халқының қажетіне жараудан артық бақыт жоқ-ау, сірә.

Марат Сақыпұлының жанына жақын Жымпиты өңіріне, әсіресе, жас буын үшін жан аямай қызмет еткені – алғашқы кәсіби автомектеп пен көр-кемөнер мектебін ұйымдастырғаны, қол добы мен үстел теннисі бойынша командалар құрғаны, дарынды балаларды іріктеп, Алматыдағы республикалық физика-математика мектебіне, әскери мектепке, өнер мектебіне жолдағаны; Сара Есқайырқызы, марқұм Гүлсім Оразмағанбетқызындай майталмандармен бірге Жымпитыда тұңғыш музей ашқаны т.с.с көптеген тың да маңызды істің ұйытқысы болғаны жайлы хабардармыз. Өмірде табысты, ағайын-тума, жора-жолдас арасында абыройлы, ел-жұрты мен үй ішінің махаббатына бөленген жігіт ағасының (өте тың көрінетін Марат ағамызға қатысты ақсақал дегенді қолдана алмай қойдым) өмірден көрген-түйгені көп ақылшы ретінде берері мол деп санап, ұзақ та белсенді ғұмыр тіледім.

Нұрлан ҚУАНЫШҰЛЫ

Қаралым саны 1208

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463