Өлкетану ісінің жанашыры жайлы

  • Галерея изображений

 «Рухани Жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы және рухани бағыттағы алты арнайы жоба елімізде, соның ішінде, оның шалғай аудандарына да әл-қадірінше жүзеге асып жатыр. Әсіресе, бұл айтылған алты жобаның «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Заманауи әлемдегі Қазақстан мәдениеті», «Ауыл – ел бесігі» жобалары ауылдықтарға етене жақын болып табылады. Кез келген жобаны жүзеге асырушылар адамдар және әсіресе, ешкім міндеттемей өз жүрек қалауымен кіріскен ақжүрек азаматтар. Бүгінгі мақаламның бас кейіпкері – Шыңғырлау өңірінде жемісті, абыройлы еңбек етіп жатқан азамат Әлібек Жұмаханұлы.

Мұндағы ел-жұрт оны дәстүрлі кәсіп – астық өндіру, мал шаруашылығымен қатар, омарта кәсібін дөңгелентіп жүрген іскер, ірі кәсіпорынды өрге тартқан жас басшы ретінде біледі. Сондай-ақ жерлестері оның қайырымдылық шараларынан да хабардар: балалардың базарлы орнына айналған «Дән» астық қабылдау кәсіпорны аумағындағы балалар алаңында, күрделі жөндеуден өтіп, жаңа бет-бейне иеленген «Дән» мәдениет үйінде депутат Әлібек Жұмаханұлының сөзсіз үлесі бар. Коронавирус індеті кәріне мінген былтырғы шақта аудан ауруханасына өкпені жасанды желдету аппаратын алып бергенін де білеміз, айта берсең, көп. Бірақ мен бүгін Әлібек замандасымды жаңа бір қырынан – өлке тарихының жанашыры ретінде танытқым келеді.

Жақында оның назарына аудан аумағында жүріп жатқан археологиялық қазба жұмыстары ілінді. Бұл жұмыстардың мән-жайына қаныққан соң олардың өлкетану ісіне қосар үлесі мен маңызын тез түсінді. Сөйтіп, археологиялық зерттеу жұмыстарының тоқтаусыз, кідіріссіз жүруіне өз көмегін ұсынды. «Біздің Шыңғырлау – шежіре-тарихқа тұнып тұрған бай өлке. Оны ғылыми тұрғыда зерттеу, дәлелдеу, тарихи оқулыққа айналдыру, сөзсіз, аса қажет жұмыс. Бұл бағыттағы іс-тірлікке қолымнан келгенше атсалысып, қолдауға әзірмін», – дейді кейіпкеріміз.
Археологиялық экспедиция тобының басшысы Яна Лұқпанова жергілікті жұртшылықтың, осындай жекелеген азаматтардың туған жер тарихына бейжай қарамайтындығы қуантатынын айтады:

– Халық қазір күнделікті тіршілігінің қамында. «Жаздың бір күні жылға азық» дейтін уақыт. Сондай қарбалас шақта жергілікті азаматтардың туған өңірінің тарихына құрметі, табылған жәдігерлердің аудан музейінен орын алғанын қалауы, археологиялық жұмыстарға қолдау көрсетуге ықылас танытуы – өте құптарлық жайт, - дейді археолог-ғалым.

Жалпы, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізудің өзіндік талап-міндеттері бар. Табылған тарихи құндылығы жоғары жәдігерлердің барлығы арнайы тексеру-талдаулардан өтіп, арнайы комиссиялардың шешімімен тиісті орындарға беріледі. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері жүргізіліп келе жатқан осындай қазба жұмыстарынан алынған жәдігерлер түгелге дерлік облыстық музей, Алматы музейлері, басқа да музейлерге тартылып кеткен. Өзіміздің музейіміз кереге бекіткелі өз жерімізден шыққан жәдігерлерді кері қайтару үлкен күшке түсіп жүр.

Осы орайда Әлібек Жұмаханұлы биылғы қазба жұмыстары нәтижесінің, яғни экспонаттардың өзімізге берілуін талап етіп, тиісті орындарға аудан халқының, ақсақалдарының атынан өтініш хаттар жолдауды ұсынып отыр.

Естеріңізге сала кетейін, Ұрысай ауылының маңында бұған дейін тоналған (ғылыми тұрғыда «апаттық жағдайда» деп саналатын) қорғанда археологиялық қазба жұмыстары жүрді. Б.з.д. 6-5-ғасырдағы қорған - сармат тайпаларының мұрасы. Бұған дейін тоналған болса да, қазба жұмыстары барысында одан адам мүрделері, сүйек, тас, моншақ, қола дүниелер табылды. Көптеген садақ жебесінің ұшы шықты. Алдағы уақытта табылған жәдігерлер сараптама-дан өтіп, нақты түсіндермелері берілмек.

Археология, өлкетану жұмыстарына зейін қойғанына көп болмаса да, аудандық мәслихат депутаты ретінде Әлібек Жұмахан-ұлының аталған бағыт бойынша қолға алған, тындырған істері баршылық:

1. Археология әлеміне танымал Лебедевка қорымында жергілікті туризмді дамыту мақсатында ашық аспан астындағы музей ашу мәселесін көтеріп жүр. Сонымен қатар сарматтар тайпаларына тиесілі обалар орналасқан Самара–Шымкент тас жолы бойына аң стиліндегі ескерткіш қоюды көтеріп, бүгінде бұл мәселе өз шешімін табуда.

2. "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Шыңғырлау ауданының 1 табиғи нысаны республикалық, 4-еуі облыстық маңызы бар сакралды нысандар картасына енді. Аталған табиғи ескерткіштерді бұқара арасында кең насихаттау мақсатында бұл орындардың маңын абаттандыру, QR-кодқа нысанның маңызы немесе тарихы жазылған арнайы белгілер орнату, ауданның туристік картасын жасату секілді ішкі туризмді дамыту мәселелерін көтеруде.

3. Музейдің ғылыми қорын толықтыру, музейдің экспонаттар қатарын молайту мақсатында бұрын соңды ауданнан экспедиторлардың қатысуымен жиналып кеткен, әртүрлі себептермен басқа музейлерге өтіп кеткен экспонаттарды қайтару мәселесін қола алуда.
Алдағы уақытта іскер азамат, халық қалаулысы Әлібек Жұмаханұлының жоғарыда аталған және өзге де бастамалары шешімін тауып, өлкетану ісіне қосып жатқан көптеген игі ісіне куә боламыз деп сенемін. Әлекеңнің іс-тірлігі өзге де бауырларымызға жұғысты болғай!

Тілеген ҚАЛИЕВ,
Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

Қаралым саны 503

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463