Жайық - сарматтар мекені

Жайық өзені бойында сарматтар заманында Дайык атаулы тайпа мекендегендігі жөнінде ғалымдар тарапынан айтылады. Тіпті Жайық өзенінің атауы осы Дайык тайпасы атауының сәл өзгеріске ұшырап сақталғаны дегенде жорамал бар. «Томирис» фильмінде Томирис Дайык тайпасының көсемінің ұлына күйеуге шыққандығы көрсетілген. 2000-2500 жыл бұрын бұл жерлерді мекендеген көшпенділер өздерін сарматтар деп атамағанын ескерсек, бұл тайпалардың атауы аса маңызды. Қазақтар Жайық өзенін әуелден осылай атаған, тек Е. Пугачев бастаған көтерілісті халық жадынан жоюды мақсат еткен Орыс патшайымының беріректегі құйтырқысы ғана «Орал» деп өзгертті. Осыған орай Жайық бойындағы көшпенділерден қалған тарихи мұраны зерттеудің мәні зор. 

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы аумағындағы Жайық қалашығы тұсында Орал — Атырау күрежолының қасында сарматтар кезеңіне жататын үлкен обаға қазба жұмысы жүргізілді. Бұл менің «БҚО тарих және археология орталығы» МКҚК-ға басшылыққа тағайындалған соң ұйымдастырған жұмысымның бірі. Қазба жұмысына жетекшілік еткен – белгілі археолог Яна Амангелдіқызы Лұқпанова. 2019 жылы тамыз айында қазбаны аяқтап, түрлі ғалым-мамандармен сараптамалар жасауға келісімдер бастағанбыз. Мамандардың ой-пікірін қосып, 2020 жылы халыққа жария етуді жоспарладық. Бірақ 2020 жылдың басынан кәсіпорынды жауып, облыстық өлкетану музейіне біріктіруге шешім қабылданды. Одан әрі көктемде індет басталып, тарихты түгендемек түгілі халықтың амандығы мұң болды. Міне, алғаш рет «Dana» журналына қазбадан табылған жәдігерлер мен ашық аспан астындағы музей кешені құрамына енгізу үшін жасатқан эскизді жобасы жарияланып отыр.

2019 жылдың 27 мамырынан Орал қаласы аумағындағы «Ортағасырлық Жайық қаласы» тұсынан бұзылған қорғанға қазба жұмысы жүргізілді. Бұл обаны қазуға бірнеше себеп болды. Осыдан 10-15 жыл бұрын обаның қақ ортасынан диаметрін бойлай бульдозермен жарып өткен және де бірнеше жерден қазып қарағаны байқалады. Яғни мәдени ескерткіш ретінде бұзылған. Болашақта «Жайық қалашығын» ашық аспан астындағы музей ету мемлекеттің жоспарында бар. Қазірдің өзінде қала орнын қарауға қызығушылық білдірушілер көп.

Ортағасырлық қалаға барар жолдың бойында бұзылған обаға көптің назары ауып, «қаланың түбіндегі обаны тонаған кім?» деген ой көпшілікте болары сөзсіз. Не сақталды? Не тоналды? Қазба жұмысын жүргізбей, бұл сұраққа ешкім жауап бермесі анық. Осыған дейін Сегізсай, Қырықоба, Тақсай т.б. кешендерде қазба жұмыстары жүргізіліп келеді. Бірақ қала аумағында қорғанға қазба жұмысы жүргізілуі өте сирек. Орал қаласының тарихын жазғанда дәл осы жерде қала болғанға дейін кімдердің мекен еткенін анықтап, тарихты тереңнен тартып жазса, дұрыс болары анық. Осы жағдайларды ескеріп, «Жайық – 1» атауын беріп, қазба жұмысына кірістік. Алдымен Асан мешітінің имамы Мұратбек Жахатовты арнайы алдырып, марқұмдардың рухына арнап дұға бағыштадық. Обаның диаметрі – 48 метр, биіктігі – 2 метр. Ені метрге жақын үш жал (бровка) солтүстіктен оңтүстікке қарай қалдырып, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің сараманға келген 2-курс студенттерімен жұмысымызды бастадық. Қазба жұмысының жетекшісі — археолог Яна Лұқпанова.

Уақытты үнемдеп, жұмысты жеңілдету үшін беткі қабатын 10 см шамадағы қалыңдықпен скрепермен алдық. Әр қабат алынған сайын мұқият қарап, қадағаланды. Орта тұсынан 0,50 метр алынған сәтте қызыл түсті қатты тас тәрізді қалдықтар шыға бастады. Бұл топырақтың қатты қызғанда қызарып, кірпіш тастай қатайып, қалыптасқан бөлшектер. Оба құрылысының ішінен сүйектер шыға бастады. Біздің топшылауымыз бойынша, құрбандыққа шалынған жылқының жамбас, қабырға, төс, жауырын сүйектері.

Екі ай шамасында қазба жұмысын аяқтадық. Қазба барысында жеті ер, бес әйел адамның және екі баланың сүйегі анықталды. Түрлі тұрмыстық, сәндік бұйымдар, қару-жарақ, құрал-саймандармен көмілген екен. Негізгі орталық шұңқыр тоналған болып шықты. Бірақ импорттық кесе, ағаш тарақ, түрлі моншақтар қалған. Өңірімізде осыған дейін қазылған обалардан басты ерекшілігі – тереңдігі шамамен 1 метр, ені 1,5 метр, диаметрі шамамен 35 метр болатын ор бар, оңтүстік бетінде ордан өтетін арнайы өткел қалдырған. Осы ордың өзіне екі адамның жерленгені белгілі болды. Обаның топырағын зерттеу үшін РФ, Пушкин қаласынан топырақтанушы ғалым М. Ельцовты арнайы алдырғанбыз. Ол ең алғаш жерлеу болғанда ағашпен арнайы құрылыс салынған, соның айналасын және төбесін осы ордан алған топырақпен үйген, беткі қабатын ойып алып, үстіне жапқан болуы мүмкін деп жорамалдады.

Қазба барысының әр кезеңі жерден және әуеден фото мен видеоға түсірілді. Әр ашылған шұңқырдың 3d нұсқасы да жасалды. Бұдан әрі табылған адам сүйектері, малдың қаңқалары мен жәдігерлерге зертханалық зерттеулер жасап, жан-жақты талдауымыз қажет.

Жайық қаласы аумағын ашық аспан астындағы музей қылу жоспарда бар екені белгілі. Осы кешеннің бастауы тап осы ерте сармат кезеңіне жататын қорғаннан басталғаны дұрыс деп есептеймін. Ол үшін әзірге арнайы жабын ойластырып, кідіртпей сол қорғанның үстіне жабық музей ғимаратын тұрғызған жөн.

Себеп, біріншіден, дәл осы жерде шамамен 2500 жылдай бұрын өмір сүрген адамдардың мәңгілік мекені әрі қолданған әшекей бұйымдары мен құрал-саймандарының сақталған орны ретінде қасиетті. Екіншіден, бұған дейін де талай қорған қазылды, бірақ ешбірінің орны сақталып, халықтың барып таныса алатын орнына айналған жоқ. Кәсіби мамандар болмаса, жалпы халықтың ерте кезеңдегі жерлеу рәсімінен хабары аз. Келіп танысқан әр адам даламыздағы самсап тұрған қорғандардың астында талай ата-бабамыздың сүйегі жатқанын сезінеді. Үшіншіден, қала маңына жақын болғандықтан, жасақталған музей кешенімен танысуға көпшіліктің мүмкіншілігі болып, болашақта тамыры терең тарихымызбен таныстыратын маңызды туристік орталыққа айналары хақ.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Dana» журналынының ақылдастар алқасының төрағасы

Қаралым саны 567

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463