Марабай Құлжабайұлы: жыршы-жыраулығы, импровизаторлық-ақындық қуаты, жыр мұрасы, көркемдігі және бүгінгі кезеңмен рухани сабақтастығы

  • Галерея изображений

Абат ҚЫДЫРШАЕВ,

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

            Марабай Құлжабайұлы (Құлбайұлы) (1841-1898 ж.ж.) – Қазақ елінің Батыс өңіріндегі дүлдүл жыршы, бірегей жырау, импровизатор ақын. Марабай – қазақ жыраулық мектебінің, яғни өз жанынан жыр жолдарын төгілте төкпелеп айтатын, эпикалық дастандар мен толғауларды асқан шеберлікпен домбыра аспабында аса әуезділікпен орындайтын халық поэзиясының қайталанбас ірі өкілі. Марабай – дәстүрлі қазақ қоғамындағы жыршы-жырау тұлғасындағы халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастыратын қайраткері, өз тұсындағы елге танымал, белгілі де беделді тұлға [1; 2; 3; 4].

            Марабай жырлауындағы байтақ сахара жұрты сүйіп тыңдаған батырлық эпостардың қатарынан «Қобыланды», «Ер Тарғын» жырлары баса аталады. Мәселен, «Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасы — тарихи мән-маңызы мен құрылымы жағынан классикалық эпос табиғатына сай келетін әлемдік фольклорлық мұраның алтын қорына қосылған қазақ батырлар жырының озық үлгісі. Бүгінгі кезеңге жырдың әр дәуірдегі ақын-жыраулар мен жыршылардың ауыздан-ауызға тарату үрдісінде толығып, өңделіп, өзгеріп, жетілген 29 нұсқасы жеткені мәлім. Бұл сапта Марабай, Мергенбай жырау, Біржан Толымбаев, Нұрпейіс Байғанин, Айса Байтабынов, Мұрын жырау (Сеңгірбаев), Көшелек Еламанов, Шапай Қалмағанбетов, Қ. Аманкелдіұлы сынды жыршы тұлғалар толғай жырлаған үздік үлгілер барын білеміз. Аталмыш эпосты алғаш Ыбырай Алтынсариннің Марабай жыраудан жазып алып, 1860 жылы «Тайбурылдың шабысы» үзіндісін «Қырғыз хрестоматиясына» енгізгені - айтулы оқиға. Кейбір үзіктерін шығыстанушы зерттеушілер Василий Васильевич Радлов (1837-1918) пен Г. Н. Потанин жариялағанын білеміз. Түрлі нұсқалары кеңестік тұста және тәуелсіздік кезеңінде сан мәрте басылым көрді. «Қобыланды батыр» эпосы туралы Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Қажым Жұмалиев, Әлкей Марғұлан, А. С. Орлов, В. М. Жирмунский, Мәлік Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Рахманқұл Бердібай, Оразгүл Нұрмағамбетова сынды ғалымдар арнайы зерттеулеріне нысан ете білді. Ал «Ер Тарғын» жырының Марабай нұсқасы — ноғайлы дәуірінің тарихи оқиғаларын суреттейтін туынды. Жыр қазақ халқының арасына кең таралған. «Ер Тарғын» жырын алғаш рет қағаз бетіне түсіріп, баспа жүзінде жариялаған – Қазан университетінің профессоры, ориенталист, түркітанушы ғалым Николай Ильминский. Ғалым бұл нұсқаны табын руының атақты жыршысы Марабай ақыннан жазып алғаны, 1862 жылы Қазан қаласында бастырғаны мәлім. Мұнан кейін жырдың осы нұсқасы өзгеріссіз 1892, 1893, 1909, 1913 жылдары жарық көрген. Бұл басылымдардан кейін, яғни Қазан төңкерісіне дейін де, кейін де «Ер Тарғын» жыры өзге қазақ эпостарымен қатар сан рет қайта басылды. 1939 жылғы басылымнан кейін көптеген қазақ фольклорының туындыларымен қатар «Ер Тарғын» эпосын жариялауға тыйым салынды. Тек өткен ғасырдың 50-жылдарының соңынан бастап «Ер Тарғынға» оралудың сәті түсті. 1957 жылы Қазақ КСР академиясының Тіл және әдебиет институты М. О. Әуезов пен Н. С. Смирнованың жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым академиясының баспасынан «Ер Тарғын» жырын жеке кітап етіп шығарды (Баспаға дайындаған Қ. Жұмалиев т.б.). 1958 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өтетін онкүндігіне байланысты «Ер Тарғын» қазақ және орыс тілінде шыққан «Қазақ эпосы» жинақтарында жарияланды. Бұдан кейін «Ер Тарғын» халық ауыз әдебиеті жинақтарында, хрестоматияларда жиі жарияланып тұрды. Ғалым Н. Ильминский бастырып шығарған Марабай нұсқасы «Ер Тарғын» жайындағы жырлардың негізгі нұсқасы болып есептеледі. Батырлар жырының жинақтарына, хрестоматияларға еніп, көпшіліктің пайдаланып жүргені осы нұсқа [5; 6; 7; 8; 9; 10].

            Қазір ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық ғылыми кітапханасы мен М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында жырдың бірнеше нұсқасы сақтаулы. Олардың арасында Ә. Диваев, Қ. Иманов, Нұрқасым Нұрғалиұлы, З. Бекарыстанов, Николай Саркин т.б. нұсқалары сақталған. Олардың әрқайсысына ғылыми сипаттама берілген. Жыр нұсқалары арасында айырмашылық аз. Жырдың сюжеттік нұсқалары қазақтан басқа башқұрт халқының ауыз әдебиетінде сақталған. Осы жырдың сюжеті бойынша атақты композитор Е. Г. Брусиловский «Ер Тарғын» атты опера жазғаны да мәлім. Қазан төңкерісіне дейін «Ер Тарғын» жыры арнайы зерттелген жоқ. Аталған жыр туралы ғылыми пікірлер мен зерттеу еңбектер кеңестік дәуірде ғана туа бастады. Бұл жөнінде алғаш рет зерттеу жазып, пікір айтушы – Мұхтар Әуезов. Мұнан кейін Қажым Жұмалиев, Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев, Мәлік Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Рахманқұл Бердібаев, Шәкір Ыбыраев сынды ғалымдар жыр туралы өз пікірлерін білдіріп, жырдың шығу төркінін, тарихқа қатысын, идеялық мазмұнын, сюжетін, кейіпкерлерін образын, көркемдік ерекшеліктеріне қатысты қырларын сөз ете білді [11; 12; 13; 14; 15; 16; 17].

            «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» жырларының Марабай жыршы нұсқалары – жыр оқиғасының дамуында болсын, адам образдарының жасалуында болсын, айшықты теңеу, эпитет, метафора, әсірелеу, шендестіру секілді көркем тілдің әр алуан құнарының мол болуымен ерекшеленетін туындылар. Демек, Марабай жырлаған «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» жырларының нұсқалары дәстүрлі, эпикалық стильде халықтың бай да көркем тілімен өрілген таңдаулы эпостарының қатарында. Мәселен, бұған дәлел «Ер Тарғын» жырынан алынған төмендегіше үзіктер: «Алладан пәрмен тіледі. Құйысқанын қысқартып, Екі айылын бек тартып, Енді атына мінеді» 6, 11-12-б.б.]; «Шапты батыр тебініп, Жалмауыздай емініп» [6, 12]; «Сен кешегі жауды бұзған қайратыңды сені тынышсыздаған жұртыңа көрсетпедің бе? дегенде, Тарғын айтады: -Нақақтан өз жұртымды жылатуға шариғат қоспайды» деп; «Шашын дәндерменен тараған, Бектер мінген бедеудей, Бауырынан жараған. Бет ажарын қарасаң, Жазғы түскен сағымдай. Бет ажарын байқасаң, Терісінен айырған, Жарма бидай ақ ұндай. Қасы сарыжадай керілген, Кірпігі оқтай тігілген, Бұралып белі бүгілген, Қараған кісі үңілген. Қолаң шашты, қой көзді, Әйелдегі бір сөзді, Ақжүніс атты ару еді» [6, 13]; «Ақжүністей жолдасым, Қыз да болсаң мұңдасым, Қолаң шашты, қой көзді, Әйелде ару сен едің. Аш арыстан жүректі, Палуан жолбарыс білекті, Жігіттің мәрті мен едім. Құдіреті күшті Құдайым, Сындырмағай белімді, Тарылтпағай жерімді» [6, 15]; «Не дей заман білмеймін, Арт жағыма қарасам, Қайнаған қара ол бұлттай, Қайнап біткен болаттай, Тұлғасына қарасам, Сайдан шыққан құла аттай, Қабағы тастай түйілген, Лашын құстай шүйілген, Жеңсіз берен киінген, Жалғыз қара көрінді.» [6, 15-16]; «Қарсы алдынан қараса, Омырауы даладай. Әлпетіне қараса, Тамнан соққан моладай» [6, 17]; «Аруағыңды байқасам, Қаптаған қардай борайсың. Көк бүркіттей түйіліп, Лашын құстай шүйіліп, Қай сапарға барасың?» [6, 17]; «Оза шауып олжа алған, Толасты жерде жүлде алған, Жасанған жауға қол салған, Ортадан ойып жол салған, Қарт Қожақ деген ер едім» [6, 18]; «Алла тізгін оңдаса, Көк сүңгіні салармын. Балдағы алтын ақ берен, Қызыл қанға малармын. Тәңірі тізгін оңдаса, Не көрмеген бейбақпын, Ер де болсаң алармын» [6, 18]; «Шошынып тізгін жимады. Буырқанды, бұрсанды, Мұздай темір құрсанды. Жау жағадан алған соң, Беренге батыр симады. Бұ сықылды батырды, Қарт Қожақтай еріңіз, Атарына қимады. Әруақты туған ер дағы, Тарғынды Қожақ сыйлады» [6, 19]; «Қой, жас болса да қасындағы Ақжүністей сұлуды қиып, һәм өзінің жанын қиып, маған қарсы тұрды, бұл бек батыр екен, мұның өзін де атпайын, атын да атпайын, тек мұның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын жалғыз доғал оқпенен атып уатайын, соныменен өзімнің оны аяп атпағанымды білдірейін. Сонан бұл ақылды болса, ойлап білер де, қызды маған тастар да жүре берер деп, бір жалғыз доғал оқпенен салып қалғанда, Тарғынның қорамсақтағы жүз алпыс кез оғын шіл пара қылып, уатып кетті» [6, 19]; «Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ! Атыңның басын тарт, Қожақ! Менің немді сұрайсың? Бұқар барсаң, қолаң бар, Қолаңды көр де, шашым көр! Зергер барсаң, қасында, Алтыннан соққан түйме бар, Түймені көр де, басым көр. Молдаға барсаң, қасында, Қиюлы жатқан қалам бар, Қаламды көр де, қасым көр! Емран барсаң, пісте бар, Пістені көр де, мұрным көр! Һәр шаһарға қарасаң, Құрулы тұрған күзгі бар, Күзгіні көр де, көзім көр. Самарқан барсаң, сандал бар, Сандалды көр де, тісім көр! Ұсталарға барсаң қасында, Тартулы жатқан сымдар бар, Сымды көр де, қолым көр! Тоғайға барсаң, тоғайда, Домаланған қоян бар, Қоянды көр де, жоным көр! Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр! Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де, бетім көр! Мен Қырымның ішінде, Ақшаханың қызы едім, Ата менен анамның, Асыранды қазы едім. Қойда бағлан қозы едім, Жылқыда шаңқан боз едім. Қытай менен Қырымнан, Тамам жақсы жиылса, Аузындағы сөзі едім» [6, 20-21 б.б.]; «Еңіреп жүрген ер едім, Қаптаған қара борандай, Өткені ме дүние боқ?!» [6, 25]; «Қарындасы кімнің бар болса, Жамандық жер кез келсе, Көкіректегі жанын аямас. Жаттың жаман болмағы, Жамандық жер кез келсе, Ат саурысын бір берсе, Қайырылуға жарамас» [6, 26]; «Қолаң шашты, қой көзді, Қастауыш қасты Ақжүніс» [6, 28]; «Айналайын, Тарланым, Бектер мінген бедеуге, Сен тұрғанда бармадым! Қырдан қиқу төгілсе, Елге таман үңілсе, Жалғыз-ақ сені қармадым! Қыялай қиқу болғанда, Қараңғы тұман толғанда, Сеніменен еді дәрменім» [6, 28]; «Қаламдай қасы сүрілген, Оймақтай аузы бүрілген, Ақжүністей арудың, Алғанынан айырып, Сөнгені ме енді шырағы?!» [6, 29]; «От орнындай тұяқтым, Омыртқаң бар отаудай. Жаурыныңа қарасам, Сыпыра шапқан тақтадай. Құйрығыңа болайын, Қынаптан шыққан қанжардай! Жалыңа сенің болайын, Күлтеленген жібектей! Шықшытыңа болайын, Оралып жатқан түбектей! Құлағыңа болайын, Көлге біткен құрақтай! Қабағыңа болайын, Қара албасты қабақтай! Бауыздау жеріңе болайын, Піскен алма сағақтай! Екі көзіңе болайын, Қорқыттан жанған шырақтай! Танауыңа болайын, Тығынын алған шелектей! Бауыздау жеріңе болайын, Сарттың мақтадан соққан келептей! Омырауыңа болайын, Еділден шыққан аңғардай!» [6, 31-32]; «Сауырыңа болайын, Зәнтекті қара көмірдей! Сүбелік жеріңе болайын, Тастан соққан қорғандай! Жанбасыңа болайын, Ұста соққан сандалдай! Тұрпатыңа болайын, Тұлпардан туған жорғадай!» [6, 32]; «Арыстанымның барында, Оқалы байпақ кигенмін, Оқасын жерге төгілтіп»[6, 32]; «Қатып қалған көнім бар, Шілде түспей жібімес. Қатты қалған көңілім бар, Май құйсаң да ерімес» [6, 38]; «Жау келгенін білген соң, Бұл әскерді көрген соң, Сар ала туы салбырап, Сауытының шашағы, Тұс - тұсына саудырап, Қабағына қар жауып, Кірпігіне мұз тоңып, Жаурыны жазық, мойны ұзын, Атарына қолы ұзы , Құланды қақтан қайырған, Егескен ханды елінен, Алтын тақтан айырған. Ертеңнен салса, түске озған, Ылдидан салса, түске озған. Оза-оза зырлаған, Басын тартса болмаған, Көк айыл болып көпірсе, Айшылықты алты аттауға ойлаған. Артынан қиқу таянса, Қара терге боялса, Дамбауыл көрсе қарғыған, Қарғи барып атылған, Атыла барып тік түскен. Аяғының даңымен, Қазандай тасқа жік түскен. Томаға көзді Тарланды, Жауға қарай тебініп, Жалмауыздай емініп, Толып жатқан әскерге, Келді Тарғын желігіп» [6, 39]; «Атаңа нәлет, ит қалмақ, Қорамсаққа қол салды. Суырып алған қу жебе, Көп оғына жол салды. Кезегендей қалады, Созағандай алады. Тарлан аттың басы деп, Алтынды ердің қасы деп, Қақ жүректің тұсы деп, Өлер жерің осы деп, Толғанып тұрған Тарғынды, Толғап атып салады» [6, 41]; «Алаша аттың жасы деп, Қалмақы ердің қасы деп, Қақ жүректің тұсы деп, Өлер жерің осы деп, Толысып келген қалмақты, Толғап Тарғын салады. Зырқырай оғы кетеді, Қалмаққа таман жетеді. Көкірек қысқан көбеден, Қалмады қабыл жебеден, Зырлауменен өтеді, Бұған тоқтар қайрат па, Мұнан да өтіп кетеді. Бір төбеге жетеді, Төбені төңкере тастай кетеді. Атқан оғын көрген соң, Мықтылығын білген соң, Аттанып келген әскердің, Көңіліне қайғы бітеді» [6, 42]; «Алты қырлы ақ мылтық, Ата алмасам, маған серт! Мен атқанда ұсынып, Ұта алмасаң, саған серт! Қозы жауырын қу жебе, Алтыннан ойған алпыс кез, Тартатұғын шақ болды, Жан-жағыма жау толды. Қиғаш салып жауырыным, Тарта алмасам, маған серт! Талайдан бермен жұмсаған, Қан көрмесең сусаған, Қанға тойсаң жусаған, Тауға салсам, тас кеткен, Кеудеге салсам, бас кеткен, Алты аршын ақ болат, Қынаптан алып суырып, Шаба алмасам, маған серт! Қанға тойсаң, саған серт! Айдаһардың тіліндей, Салсам кеткен білінбей, Қарағайға самғатқан, Шұбар туға шұлғаған, Әруаққа көрсетіп, Талай жауға мақтатқан, Төрт қырлаған көк сүңгі, Жау ішінде жалданып, Толғамасам, маған серт! Толғауыма шыдамай, Толықсынсаң, саған серт! Қысқа бақай, тар мықын, Кебеже қарын, кең құрсақ, Құлжа мойын төгерек, Ұмтыла шапқан Тарланым, Алты мыңдай кісі екен, Тіл жіберсең, саған серт! Сен желігіп жүргенде, Таяна шапса маған серт!» [6, 43-44]; «Ай бетінен кіреді, Күн бетінен шығады. Қойға кірді бір бөрі, Бүріктіре қырады. Талай қалмақ құлады, Ер қайратын сынады. Атысқан жауы артық көп, Қай уақытта тынады? Сүйтіп мінген Тарланға, Басты келіп дойырды. Тарлан салды мойынды, Толып жатқан қалмаққа, Тарғын салды ойынды. Талай қалмақ жиылды, Қару қанға тойылды. Бір уақыт болғанда, Салды келіп қамшыны-ай. Сауырынан тер кетті, Көктен құйған тамшыдай. Қысылды-ау, батыр, қысылды, Қысылмай, батыр, не қылсын, Сауытын қанға малшыды. Бір уақыт болғанда, Толғады батыр найзаны, Жалғыз жаумен ойнады, Жауды еркіне қоймады. Көтеріп салған көк сүңгі, Тіріде қанға тоймады. Бір уақыт болғанда, Суырды белден қанжарды. Жауға таман ол барды, Қалмақтың көбі шалбарлы. Шалбарлыны сермеді, Іліндірді сағақтан, Бауыздады тамақтан. Қарсы алдынан қараса, Адам шыдар ер емес, Қар жаудырды қабақтан. Бір уақыт болғанда, Қынабынан суырды, Қиялай тартып қылышты, Жалғыз жаумен ұрысты. Жау қарасын көрген соң, Ұмытылмай кетер ер ме еді? Ет арқасы құрысты. Ердің жаудан қашуы, Шариғатта дұрыс па? Алты күн айғай салғанда, Жетінші күн болғанда, Тарлан сонда дүзеді, Жылмия басып жүрісті. Сегізінші күн болды, Көп қалмақтың басына, Атайтұғын түн болды, Ер жігітке сын болды. Қорамсақтан суырды, Қуалай тартып садақты-ай. Келген қалмақ көп еді, Көп те болса қалмақтан, Алты күн айғай салғанда, Азғантай қалды қадақтай. Тоғызыншы күн болды, Мойынынан алады Атайын деп мылтықты-ай. Неше батыр болса да, Түтінін қосты түтінге. Ынтықты-ай, батыр, ынтықты-ай, Санын садақ үзген көп қалмақ, Сынған санын сүйретіп, Тарғынның күшін көрген соң, Қашты сайға сылтықтай» [6, 45-46]; «Астына мінген Тарланның, Тұрпатына қараса, От орнындай тұяқтан, Оймақтайы қалыпты. Етектейін ернінің, Екі елісі қалыпты. Қиған қамыс құлақтан, Бір тұтамы қалыпты. Жалбыраған жалынан, Жалғыз қарыс қалыпты. Бір құшақтай құйрықтан, Бір уыстай қалыпты. Тұла бойын қараса, Он жеті жерден жаралы, Сонда да Тәңірім алмайды, Ол жараға болмайды, Әлі де ойын салады, Қос тізгінін созады. Артынан қиқу таянса, Ит арқасы қызады. Қос тепкіні салған соң, Қамшыны басып алған соң, Шаршады Тарлан десек те, Жер басқаннан озады» [6,47-48]; «Әруақты туған ерлердің, Аллаға берген уәдесі бар болар. Қызмет жасаған қосшының, Тарлық жері тап келсе, Тілегін бермей кетпен деген-ді» [6, 50], т.б.

            Марабай – бойына суырыпсалмалық өнер дарыған импровизатор ақын. Ал импровизация (француз импровизациясы, итальяндық improvvisisione, латынша improvisus - күтпеген, кенеттен) - орындау үрдісінде немесе оның жасалуының нақты үрдісінде туындайтын өнер туындысы. Импровизация көркем шығармашылықтың көптеген түріне тән (поэзия, музыка, би, театр, т.б.). Импровизацияның шығу тегі халық шығармашылығынан бастау алары даусыз. Суырыпсалмалық — белгілі бір тақырыпқа колма-қол өлең шығарушылық өнер. Суырыпсалмалық дәстүрін ұстану халқымызда айтыс өлеңдеріне байланысты туып, өркен жайған. Ақын болып танылу айтыс өнерімен егіз, екеуі қатар дамыған, бірінсіз бірі жоқ. Бұл халқымыздың тұрақты баспасы, мектебі жоқ көшпелі өміріне сәйкес орнығып қалыптасқан. Қалыпты театры болмаған елде суырыпсалмалық айтыс ақындарының бас қосып, шаршы топ алдында сөз бәсекесіне, өлең жарысына түсуі көпшіліктің театр іспеттес көңіл көтерер сауығына, тамашасына айналған. Мұның небір тамаша үлгілері: тапқырлық пен аталы сөздің қисыны мол көркемдіктің ғажайып түрлері осы суырыпсалма өлеңдерде ұшырасады. Импровизаторлық өнердің биік шыңы айтыс қазақтан басқа қарақалпақ, қырғыз елдерінде де сақталған, алайда бұл өнер қазақ халқында ғана өзінің шырқау шегіне жеткен. Бұған дәлел ретінде "Біржан мен Сара" айтысы т.б. Бұларда халықтық этика мен эстетикалық талап-талғамдары да кең көрініс тапқан.

«Қобыланды батыр» жырының Марабай нұсқасы — нағыз импровизаторлық өнер туындысы. Бірер дәлел үзіктері төмендегіше: «Құдайдан бала сұрайды, әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып, шыбын жанын және айтып, етегін шеңгел сыдырып, әулие қоймай қыдырып, шаршап келіп жығылды. Пірлеріне сыйынды» [7, 238]; «Естімшеден бұл сөзді, Естіген соң қыз Құртқа, Қылаң етіп, қылт етіп,Сылаң етіп, сылт етіп, Алтын шашбау қылт етіп, Шекеде шоғы жылт етіп, Саулы іңгендей ыңқылдап, Күшігендей сыңқылдап, Сүмбіледей жылтылдап, Алтын қалпақ, жез телпек,Көтеріп Құртқа сөйледі, Естімше құлға былқылдап» [7, 243]; «Сонда тұрып Қобылекең, Тері бір тамып иектен, Түгі бір шығып білектен. Жаны бір тулап жүректен, Ордалы құлан ұйлықса, Малақай болар үйектен. Қараманның бұл сөзі, Өтті бір келіп сүйектен» [7, 244-245]; «...Тайбурыл атқа мінеді, Үстіне сауыт киеді. Беліне семсер іледі, Алладан медет тіледі» [7, 249]; «Қайта айналып қаз қонар, Ұя салған жеріне. Әркім де ойнап-күледі, Өзі қатар теңімен» [7, 250-251]; «Айналайын Қарлыжан, Тоғай толы түйемді Сарысуға тапсырдым. Желі толған жылқымды, Жасанған жауға тапсырдым. Қора толған қойымды, Аш бөріге тапсырдым. Азу тісі балғадай, Жас бөріге тапсырдым. Тоқсанда әкем Тоқтарбай, Құдіретіме тапсырдым. Алпыстағы шешем Аналық, Фатимаға тапсырдым. Қарындасым Қарлыға, Қарашашқа тапсырдым. Қосақ жарым қыз Құртқа, Палуан қызға тапсырдым. Сендер төртеу, мен жалғыз, Бір Аллаға тапсырдым» [7, 252]; «Шырағым Бурыл, шүу!» деді, «Шүу» дегенде гулейді, Табаны жерге тиместен, Тау мен тасты өрледі. Төрт аяқты сермеді, Құлақтың түбі терледі. Тер шыққан соң өрледі, Адырды көзі көрмеді. Көлденең жатқан көк тасты, Тіктеп тиген тұяғы, Саз балшықтай иледі» [7, 261]; «Қобыланды сынды еріңіз, «Айт, жануар, шүу!» дейді, «Шүу» дегенде гулейді. Табаны жерге тимеді, Тау мен тасты өрледі, Құлақтың түбі терледі, Тер шыққан соң өрледі, Адырды көзі көрмеді. Көлденең жатқан көк тасты, Тіктеп тиген тұяғы, Саз балшықтай иледі. Аманбайдың ақ тікен, Аса қарғып жөнелді. Заңғар-заңғар таулардан, Секіріп алып жөнелді. Ол төбе мен бұл төбе, Бауыры шұбар көл төбе, Онан да өтіп жөнелді. Бөктергінің бүкіл сай, Су түспеген терең сай,Сыпсың біткен қарағай, Онан да өтіп жөнелді. Қамыстының қазды көл, Қоғалының қулы көл, Жекендінің жалын көл, Шағалалы шалқар көл, Қызғыштының қызыл көл, Бәрінен өтіп жөнелді» [7, 264]; «Астына мінген Бурылдың, Омырауы есіктей, Ойынды еті бесіктей, Сырты сұлу Бурылдың, Құмдаудан қазған кесіктей. Қос құлағын қайшылап, Тобықтан тері тамшылап, Ақ сауыты жылтылдап, Тобық еті бұлтылдап, Алдыңғыдан артқысын, Сынық сүйем кем басты. Жалғасып ұшқан қоңыр қаз, Тозаңынан адасты» [7, 265]; «Бұлаңдап шапқан Бурылдың, Маңдайында месі бар, Марал ішсе таусылмас. Арындап аузын ашады, Аяғын топтап басады. Бір төбенің тозаңын, Бір төбеге қосады. Кешке таман Тайбурыл, Жын қаққанға ұқсады. Құлан менен бұланды, Киік пенен қоянды, Ұзатпай, алдан тосады. Көл жағалап отырған Көкқұтан мен қарабай Көтеріліп ұшқанша, Белінен кесе басады» [7, 266]; «Қалаға кірді «Аллалап», «Иә Құдай!» деп ат қойды. Ай бетінен кіреді, Айқай-сүрен салады. Күн бетінен кіреді, Күн бойы сүрен салады. Қойға кірді бір бөрі, Бүрліктіре қырады.Талай қалмақ сорлады, Ер қайратын сынады. Атысқан жауы артық көп, Қай уақытта тынады» [7, 267]; «Қазақтың ұлы, залым-ай, Кигенің ала қырмызы-ай. Ат саурысы тасыпты, Көп шабуыл көргендей, Атыңның жалы жатыңқы, Алыс жолдан келгендей. Қабағыңыз қатыңқы, Түн ұйқыңды бөлгендей. Қай шаһарға барасың? Қай орынға қонасың? Бурыл атты жас бала, Кімнің ұлы боласың? Атаң сенің кім деймін? Анаң сенің кім деймін? Батыр Қазан мен деймін, Шын сөзің мен келдеймін, Қалжың сөзге көнбеймін. Ашуыма жолықпай, Бурыл атпен ақ сауыт, Қол тигізбей бер деймін» [7, 272-273]; «Жайықтың бойы қамыс-ты, Бір қызылбас, бір қазақ, Бермейміз деп намысты, Басында тәуір сөйлесіп, Артынан шайтан жабысты. Шайтан емей немене, Ырғай сапты сүңгімен, Ырғай, ырғай салысты. Найза қанға майысты, Қармақ болып қайысты. Итерісіп тұрысты, Ат тізесін бүгісті, Бүгісе-бүгісе тұрысты. Тебінгіден тер қатты, Қақырғанда қан татты, Түкіргенде жын татты. Қанжар қалды қайысып, Семсер қалды майысып. Жетсе керек ажалы, Қан қаттаудан төгілді, Ерлер жаннан түңілді, Аш күзендей бүгілді. Екеуінің ақ сауыт Шығыршықтан сөгілді» [7, 274-275], т.б.

Қысқасы, бұл жоғарғы айтылған марабайтану іліміне қатысты түйін-тұжырымдар – кең көлемді сөз ретінің қысқа нұсқасы. Ал марабайтану түйін-тұжырымдарының тереңірек тарқатылуы алда деп білеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

       1.«Барымыз да, бағымыз да – Тәуелсіздік». Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбаты // «Egemen Qazaqstan» газеті, №62, 2 сәуір 2019. -1-2-б.б.

  1. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Тәуелсіздік бәрінен қымбат // «Egemen Qazaqstan», №2, 5 қаңтар 2021 ж., -1-3-б.б.
  2. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы // «Егемен Қазақстан» газеті, №70, 12 сәуір 2017. -1-2-б.б.
  3. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы // «Егемен Қазақстан» газеті, №223, 21 қараша 2018 ж. -1-2-б.б.
  4. Қазақтың батырлық жырлары антологиясы. 3 томдық. Жинаққа 50 батырлық жыры енген. Алматы, 2011.
  5. Бабалар сөзі: Жүз томдық. Батырлар жыры, Т.44. –Астана: «Фолиант», 2007. -496 б.
  6. Дала фольклорының антологиясы: Он томдық. Құрастырушылар – Қ.Б.Алпысбаева, т.б. –Алматы: Brand book, 2019. -556 б.;
  7. Абай. Энциклопедия. Бас редакторы – Р.Н.Нұрғалиев. – Алматы, «Атамұра» баспасы, 1995. -720 б.
  8. Мағауин М. Қобыз сарыны. ХV-XVIII ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыралары. Монография. – Алматы: Атамұра, 2006. -264 б.
  9. Ер Тарғын. –Қазан: Қазан университетінің баспасы, 1862.
  10. Радлов В. Ер Тарғын // Образцы народной литературы тюркских племен... 3-том. СПб, 1870. - С.119-166; Саркин Н. Ер Тарғын. – Оренбург, 1904; Ер Тарғын // Батырлар / Бастырып шығарушы – Ә.Диваев. –Ташкент, 1922; Ер Тарғын. – Москва, 1923; Ер Тарғын // Батырлар жыры. – Қызылорда, 1933; Ер Тарғын // Батырлар. – Алматы, 1939.
  11. Ер Тарғын // Батырлар жыры. 1-том /Баспаға дайындағандар: М.Ғұмарова, Б.Уахатов. – Алматы, 1963; Ер Тарғын // Ақсауыт. 1-том / Құрастырған – О.Нұрмағанбетова. –Алматы, 1977. -269-309-б.б.; Ер Тарғын // Батырлар жыры. 3-том / Баспаға әзірлеп, түсініктерін жазған – М.Ғұмарова. – Алматы, 1987. -17-143-б.б.; Ер Тарғын // Ел қазынасы – ескі сөз / Құрастырып түсініктерін жазғандар: С.Қасқабасов, К.Матыжанов. – Алматы, 1993.
  12. Әуезов М. Әдебиет тарихы. – Ташкент, 1927.
  13. Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті. Оқулық. – Алматы, 1949; Жұмалиев Қ. Эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Алматы, 1958; Орлов А.О. Казахский героический эпос. – Москва, 1945; Ғабдуллин М., Сыдықов Т. Қазақ халқының батырлық жыры. –Алматы, 1972; Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы, 1991; Бердібаев Р. Эпос – ел қазынасы. – Алматы, 1995. Ыбырай Ш. Эпос әлемі. – Алматы, 1993.
  14. Искакова Ж.М. О.Нұрмағамбетова – фольклортанушы. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. Алматы, 2010. -113 б.
  15. Ердембеков Б. Абайдың әдеби ортасы. Монография. Өскемен, ШҚМУ баспасы, 2012.
  16. Мұқамбетқалиева Р.Қ. Жыр сүлейі – Марабай // «Ғалым-ұстаз Серікқали Шарабасов және қазақ филологиясы мәселелері» атты облыстық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары.–Орал: «Ағартушы» мемлекеттік тілді оқыту орталығы, 2007. -60-61-б.б.
Қаралым саны 1335

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463