«Ақмешіт» кешені туралы не білеміз?

  • Галерея изображений

Қазақстан Республикасы Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық музейі, «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының қолдауымен жарық көрген «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының ІІ томында Батыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан «Ақмешіт» киелі орны туралы мынандай мәлімет келтірілген:

«Ақмешіт – көне тарихи мекен. Самара – Шымкент күре жолының 312-шақырымы тұсында, Орал қаласынан 83 шақырым қашықта орналасқан. ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы ширегі аралығында бұл жерде үлкен діни орталық мешіт-медресе жұмыс жасаған.

Белгілі қазақ ақыны, ағартушы Әбубәкір (Кердері) Боранқұлұлы (1861-1903) осы өңірде дүниеге келген. Ол Орынбор мен Троицк қаласынан діни білім алып келген соң дәл осы жерде «Ақмешіт» медресесінде ұстаздық етті делінеді. Бұл жерде мұнарасының биіктігі 40 метр үлкен мешіт болған. Ол мешіттің орны қазір де сақталған. Қорымда араб жазулы 33 көне құлыптас сақталған, оның 90 пайызы Кіші жүздің жетіру бірлестігіне кіретін кердері руының адамдарына қойылған. Марқұмдардың арасында 3 адам қажылыққа барған екен. Сондай-ақ мұнда Қазан уәлаятынан (қазіргі РФ-ның Қазан қаласынан) келген татар молдалар да жерленген. Құлпытас мәтіндерінде Құран аяттары, діни мәтіндер, «хадж-әл-харамаин», «молда» т.б. терминдердің жиі кездесуі бұл жерде ислам дінін терең меңгерген жандар көп болған деуге негіз береді.

Ақмешіт көне қорымын ел-жұрт «Әулиелер зираты» деп қастерлеп, зиярат етеді. Бүкіл Батыс Қазақстан өлкесіне әйгілі Дәдем ата – Жұмағазы хазырет жұма намазын оқу үшін осы Ақмешітке келеді екен деген дерек бар».

Елбасының «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткен міндеттерді жүзеге асыру мақсатында жергілікті жерде бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Өткен тарихымыздың таңбасы болып қалған сондай киелі жерлердің бірі – Ақмешіт көне қорымының зерттеуіне өлкетанушылар Қазыбек Қабжанов, Айболат Құрымбаев үлкен үлес қосты. Бұл қорымдағы зираттарды араб мәтіндерін оқып, кириллицаға түсірген Қазыбек Құттымұратұлы болса, Айболат Шамұратұлы «Ақмешіт» қорымының облыстық маңызы бар киелі нысандар қатарына енуіне еңбек сіңірді.

«Ақмешіт» қорымын кәсіби тұрғыда зерттеп жүрген маман – БҚУ доценті, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов. Мұрат Дабылұлы – 1995-2020 жылдары археолог ретінде көптеген қазба жұмысына қатысқан ғалым. Олардың біршамасын айта кетсек, Қарақалпақ-Австралия экспедициясы құрамында ежелгі Хорезм оазисіндегі Қазахлы Ятқан антик заманы қалашығында (USCAP жобасы шеңберінде); қарақалпақ-француз экспедициясы құрамында Қырантау қала ортағасырлық кешенінде (IFEAC жобасы шеңберінде); Алтын Орда кезеңінің ескерткіші – Миздақхан (Мазлұмхан сұлу) қалашығында; Үстірт жазығы мен Маңғыстау (Маңғышлақ) түбегінің тарихи-мәдени мұралары – соңғы тас заманының – Қосқұдық мекен орнында; қола дәуіріне тиісті Үлкенқұдық кешенінде; ерте темір кезеңінің Түбежік, Меретсай, Тоқмақ жерлеу орындарында; ортағасырлық қала мәдениетіне тиісті Қызылқала және Кетікқала қалашықтарында; ортағасырлық жерлеу кешендері – Сисем ата, Қосмола, Қарауылкүмбет ескерткіштерінде; Алтын Орда кезеңінің керуен-сарайлары – Қосқұдық және Көптам; Сұлтан-епе, Шақпақ ата жерасты мешіттерінде; Жайық өзені алқабының тарихи-мәдени мұралары – ерте темір заманы сарматтардың Сегізсай-Лебедевка кешенінде; ортағасырлық Жайық және Жалпақтал қалашықтарында; Сор Айдын мен Жалпақтал жерлеу орындарында; Атырау өңірі ескерткіштері – сарматтардың Миялы кешенінде; ортағасырлық Сарайшық пен Ақтөбе-Лаэти қалашықтарында және т.б. табысты археологиялық зерттеулер жүргізді.

Енді осы Мұрат Дабылұлының Ақмешіт қорымына жүргізген зерттеу жазбаларына көз жүгіртелік: «2019 жылдың 3 мамыры күні Ж. Сейткалиевтің бастамасымен ескерткіштің стратиграфиясы мен датировкасын нақтылау мақсатында Ақмешіт қорымы кешеніне сапар ұйымдастырылды. Кешен Самара – Шымкент жолының бойында Орал қаласынан 80 шақырым жерде, БҚО Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округінің аумағында орналасқан. Жеке GPS бойынша геопозициялық нүктесі : N-50°40’47’’5; E-051°47’39’’5.

Сапарға информатор Ж. Сейткалиев, кіші ғылыми қызметкер У. Сагидуллин, М. Өтемісов атындағы БҚУ археология, антропология және этнология зертханасы қатысты.

Ақмешіт кешені Шолақаңқаты өзенінің шығысы және солтүстік-шығысында орналасқан некрополь мен құрылыс қалдықтарынан тұрады. Бұл аумақтың жер бедері салыстырмалы түрде алғанда тегіс, солтүстік-шығыс бағытында сәл еңістігі бар, биіктігінің 4 метр шамасында құбылмалылығы бар. Батыс секторында СББ-ОШШ линиясы бойынша 140 метрге созылған, айналадан биік болып тұрған төмпе бар. Некрополь жоғарғы терассаның шағын дөңесінің орталық бөлігінде орналасқан. Некропольдің бүкіл периметрі бойымен ауыр техникамен қазып жал жасаған. Некропольдың солтүстік және солтүстік-шығыс аумағында XIX ғасырдың екінші жартысына тиесілі 30 шақты құлпытас орналасқан. Әктастың тұтас блогынан ойып алған стеллалар ретінде сипаттауға болатын құлыптастар үш бөліктен тұрады: негізі, орта бөлігі және ұшы. Кейбір құлыптастарға өсімдік сипатты өрнектер, араб графикасының өрме жазбалары салынған. Құлпытастардың араб графикалық жазбаларын Қ. Құттымұратұлы оқылған. («16 әулие Кердері...», 2015). Осы аумақтан ақтастан жасалған бірнеше архитектуралық-сәндік деталь табылды, бұлар құрылыстың жебе тәрізді ойығының не төбе фризінің бөліктері болуы мүмкін. Фрагменттердің бірінде қызыл түсті бояудың ізі бар. Зираттың ортасынан алыс емес жерден диірменнің бөлігі табылды. Некропольдің батыс аумағында заманауи зират ескерткіштері шоғырланған.

Төменгі терассада, некропольден оңтүстікке және солтүстік бағытқа қарай Шолақаңқаты өзенінің батыс жағасының бойында елді мекен құрылыстарының қалдықтары орналасқан. Бұл жерде азаматтық сипаттағы елді мекен кешені болғанын қыш ыдыстың сынықтары, Кузнецов фабрикасының фарфор ыдыстарының бөліктері, әйнектер, күйдірілген кірпіш кесектері, мал сүйектерінің қалдықтары және құрылыс қабырғаларының қалдықтары айқындап тұр. Қабырғалардың орны өңделмеген не күйдірілген кірпіш қалдықтарының үйінділерімен бедерленген. Бедері айқын емес, іргетас орындарын санамағанда, көзбен шамамен 100 тұрғын үй не тұрмыстық мақсаттағы құрылыстың қалдықтары анықталды. Қабырғалар сақталмаған, бәлки олардың материалдары совет кезеңінде құрылысқа пайдалану үшін алынған шығар. Құрылыстардың аумағы 2х2метр мен 3х7 аралығында. Кей жерлерде күйген кірпіштің бөлшектері кездеседі. Сірә, орталық құрылыс (оны шартты түрде мешіт деп санайық) солтүстік-шығыс бағытта орналасқан болса керек. Орталық құрылыстың (шартты түрде мешіт) оңтүстік-шығыс бұрышында барлау шурфы бар. Шурфтың іші күйдірілген кірпіштің қалдықтарына толы. Артефактілер анықталған жоқ.

Ақмешітте атақты ақын-ағартушы Әбубәкір Кердері Боранқұлұлы (1861-1903 жж.) сабақ берді деген мәлімет бар. Ақмешіт құлшылық-зират кешені БҚО аумақтық маңызы бар ескерткіштерінің қатарына енген («Қасиетті Қазақстан», 2018. 250-бет).

Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық төңкеріс үстінде» атты шығармасында аталған мешіт осы Ақмешіт болса керек. «...Жайықтың ішкі бетіндегі атақты мешіттердің бірі Тәржімәндікі. Мұны жұрт Тәржеке мешіті деп кеткен. Мешіт Шалқар көлінің күншығыс бетінде, Аңқаты сағасында жар қабақты биікте тұр. Намазға жиналған халық алдымен сол бейітке барып дұға ететін...» (Есенжанов, 2013. 298-бет). «...көпірлі Аңқаты болысының жетінші ауылы болып аталатын үш жүз үйлі Барқын діни оқудың туын тіккен жер. Бұл елде атақты Таржеке хазіреттің мешіті бар, ол мешіттің жанында екі үлкен медресе бар. Жұрт баласын алдымен осы медресеге береді, жаңаша, орысша оқытуға беретіндер некен саяқ. Мешіт пен медреселерді ұстаушы сол Таржеке әулиенің баласы Хамидолла хазірет пен Ғұбайдолла дейтін ишан, екеуі де Бұхарада оқып, үлкен имамның мүриді болып қайтқан белгілі адамдар, бұлардың медреселерін аттап өтіп, баланы басқа жаққа оқуға жіберу – асуы ауыр, қиын жол. Оның үстіне бұл елде беделді он екі қажы және оннан астам ишандар мен мағзұмдар бар...» (Есенжанов, 2013. 264-бет).

Аумақтың жаңа кезеңінің қазақтармен тікелей байланысты ескерткіштерінің ғылыми мәселелері мен практикалық аспектілері аз зерттелген күйі қалып отыр. Қазақ ескерткіштерін заманауи зерттеу барысында бұл пласт өзара астасқан, біртұтас екі бөліктен тұратынын есте тұту керек. Бірінші топ, негізінен, XV-XVIII ғасырлармен байланысты, ал екінші топ ХІХ ғасырдың басы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы ескерткіштердің басын біріктіруі тиіс. Екінші топтың ескерткіштері мәліметі аз және аз зерттелген ескерткіштерге жатады, тіпті бұлар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қарастырыла да бермейді. Тез жойылып бара жатқан нысандарға жататын қазақ ескерткіштері үшін оларды зерттеу және сақтау бойынша арнайы ереже жасақтау қажет. (С.Е.Ажигали «Қазақ ескерткіштануы» - мәдениет саласындағы маңызды ғылыми-практикалық бағыт ретінде / Еуразия тарихы мен мәдениетіндегі Арал-Каспий аумағы. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл толғанына арналған ІІ Халықаралық конференцияның материалдары. Алматы-Ақтөбе, 2011. 337-339 бет). Осыған орай, Батыс Қазақстанның казақ некрополдарын тұтастай зерттеу үшін жасалған практикалық әдістемелер елді мекендерді зерттеуге қолданыла алады және солай істеу керек те (С.Е.Ажигали, Р.А.Бекназаров «Батыс Қазақстанның архитектуралық некрополдері мен қорымдарын кешінді зерттеу әдістемесіне: алдын ала ескертпелер // Қазақ ескерткішерін тану бойынша 1- және 2-Симпозиум материалдары». Алматы-Атырау, 2012. 24-40 бет).

Жоғарыда баяндалғандарға орай, ең әуелі дала археология ізденістері арқылы нысанның түп-тамырын анықтау, аумақтың құлшылық ескерткіштері бойынша мәліметтер базасын жасақтау жұмыстары атқарылуы керек. Ақмешіт құлшылық-зират ескерткішін кешенді түрде зерттеу:

  1. Таржеке хазірет, Хамидолла хазірет, Ғұбайдолла ишан, Әбубәкір Кердері Боранқұлұлы сынды тұлғалардың рухани-ағартушылық қызметін зерттеуге;
  2. Аумақтағы ХІХ ғасырдың басы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы ағартушылық жұмыстың деңгейі мен күй-жайын зерделеуге;.
  3. Мешіт, медресе, тұрғын үй сынды құлшылық және азаматтық ғимараттарды салу кезінде қолданылған архитектуралық амал-әдістер мен материалдарды зерттеуге мүмкіндік береді».

 

Киелі орынды құрметтеу, қолдау жұмыстарынан қоғамдық белсенділер де сырт қалып жүрген жоқ. Осы жерде «Ақмешіт» қоры (құрылтайшысы — Жақсыбай Сейткалиев) жыл сайын ас беріп, шежіре-тарихымыз бен рухани құндылықтарымызға құрмет көрсету шараларын өткізіп келеді. Өңіріміздің тарихшы ғалымдары, өлкетанушылары, ақсақалдары, қоғамдық белсенділері атсалысқан бұл шараллар қоғамды ілгері бастыруды, ұрпақ сабақтастығын нығайтуды,«Рухани жаңғыру» бағдарламасына қолдау көрсетуді мақсат тұтады. Сол шаралардың бірінен алған әсері жайлы тарих ғылымдарының кандидаты Саялбек Махамбетұлы өз фэйсбук парақшасында: «Бүгін Теректі ауданына қарасты Ақмешіт кешенінде берілген асқа қатысып қайттық. Бұл жер кердері руының игі жақсылары мен жайсаңдары жайлаған қасиетті мекен болып табылады. Ақмешіт бір кездері 300-дей түтіні, үлкен мешіті мен медресесі, өзге де инфрақұрылымы бар қала ретінде сән-салтанат құрған. Археолог Мұрат Калменов ағамызбен тарихи кешенді аралау барысында ескі тұрғын үйлердің, мешіттің орнын анық байқадық. Тіпті ақмешіттік бабаларымыз қолдан қызыл кірпіш жасауды анық игерген. Бұл дегенің "қазақтар ен даланы кезуден басқа дым білмеген" деген қасаң қағиданы жоққа шығарады. Көнекөз қариялардың айтуынша, Кеңес үкіметі орнаған тұста большевиктер зәулім мешітті бұзып, оның кірпіштерін мектеп құрылысына пайдаланған екен. Қазіргі таңда Жолдығали, Жақсыбай сияқты ағаларымыздың бастамасымен Ақмешіт кешенін рухани орталыққа айналдыру бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Таяу арада археологиялық экспедиция ұйымдастырылса деген тілегіміз де бар. Шалқар көлінен 12 шақырымдай қашықтықта орналасқан тарихи кешенді туристік нысанға айналдыруға әбден болады деп санаймыз!» деп жазды.

 «Ақмешіт» қорының құрылтайшысы Жақсыбай Сейтқалиев бір сөзінде қор өз жұмысының бір бөлігін осы Шалқар өңірмен байланысы бар тарихи тұлғалардың, соның ішінде Әубәкір Кердері мен Хамза Есенжановтың шығармашылығын насихаттауға бағыттайды, -деді.

 Біз де өз кезегімізде «Ақмешіт» кешені өңіріміздегі тарихи-рухани орталықтардың біріне айналады деп сенеміз.

Қаралым саны 1133

Галерея изображений

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463