Жантасқызы Айзере, Серикова Шынар
№42 «Ақ ниет» гимназиясының 9 сынып оқушылары
Жетекшісі: Тарих пәнінің мұғалімі Сисекешева А.М.
Оқу жылының басында жыл сайын өткізілетін республикалық ғылыми жобалар сайысына қатысу мақсатында тың әрі өзекті тақырып іздей бастадық. Осы тұста қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген әкем Жантас Сафуллиннен кеңес сұрадық. Ол бізге қазіргі таңда терең зерттеуді қажет ететін бірнеше маңызды тақырып ұсынды. Солардың ішінде бізді ерекше толғандырған және назарымызды бірден аудартқан мәселе — кеңестік кезеңдегі еңбекпен түзеу лагерьлерінің тарихы болды.
ХХ ғасырдағы концлагерьлер туралы фильмдер мен деректі материалдар кез келген адамгершілік сезімі бар жанның жүрегін ауыртпай қоймайтыны анық. Олар жан дүниеңді сілкінтіп, адамзат баласының қандай шектен тыс қатігездікке баруы мүмкін екенін ашып көрсетеді. Мұндай қайғылы көріністер тек шет елдерге ғана тән емес екені кейінгі жылдардағы зерттеулер нәтижесінде дәлелдене бастады. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысының аумағында да бір емес, бірнеше еңбекпен түзеу лагерьлері болғаны анықталып отыр. Алайда олардың барлығы ресми түрде «еңбекпен түзеу лагері» деген атаумен бүркемеленіп, шынайы зұлмат сипаты көпшілікке толық ашылмай келді.
Сол лагерлердің бірі — Теректі ауданына қарасты Придорожный ауылында орналасқан Жеке лагерлік пункт №12. Бұл жерде саман кірпіштен тұрғызылған барак бүгінгі күнге дейін сақталып қалған. Оның төбесі жабулы, қабырғалары, бөлмелері, дәлізі, пештері мен есіктері — бәрі де өткеннің үнсіз куәсіндей. Бұл үнсіздік — қаншама азап пен қасіреттің, адам төзгісіз ауыр күндердің, мұң мен үмітсіздіктің көлеңкесін бойына сіңірген тарихи естелік іспетті.
1949 жылғы ресми деректерге сүйенсек, Придорожный ауылындағы лагерьде түрлі баптар бойынша жазасын өтеген тұтқындар саны мынадай болған:
- 58-10-бап бойынша — 55 адам (кеңестік үкіметті құлатуға бағытталған үгіт-насихат жүргізу);
- 1947 жылғы 4 маусымдағы жарлық бойынша — 299 адам;
- 1932 жылғы 7 тамыз қаулысы бойынша — 56 адам (азық-түлік ұрлығы үшін қатал жаза қолданылған);
- 107-баппен — 96 адам;
- 166-баппен — 23 адам;
- 1940 жылғы 26 маусымдағы жарлықпен — 28 адам;
- РСФСР Қылмыстық кодексінің басқа баптары бойынша — 349 тұтқын.
Атап өтетін жайт, 58-10-баппен айыпталғандар кеңестік қылмыстық кодексте «контрреволюциялық үгіт-насихат жүргізгені» үшін жазаланған. Яғни бұл баппен үкіметке қарсы пікір білдірген, сондай мазмұндағы әдебиеттерді таратқан немесе жариялаған азаматтар тұтқындалды. Көп жағдайда мұндай айыптаулар негізсіз болып, жазықсыз адамдар жала құрбанына айналды.
Кеңес өкіметінің «еңбекпен түзеу» деген желеумен жүргізілген қатыгез саясаты адам құқықтарын аяққа таптап, мыңдаған жазықсыз адамның өмірін тозаққа айналдырды. Осындай лагерьлерде бастан өткерілген азап пен қасірет — өткен тарихтан алынар ауыр сабақ. Бұл орындар — жай ғана мұрағаттық дерек немесе ескі ғимарат емес, олар — болашақта әділетті және бейбіт қоғам құру жолында ұмытылмауы тиіс тарихи іргетас.