Сондай талапкер жастың бірі – Жамбыл Хабиболлаев. Елге келіп жүргенінде онымен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.
– Жамбыл, әңгімені туған жер, өскен ортадан бастасаңыз.
– Туған жерім – Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан-ның астанасы Нөкіс қаласы. Ата-бабаларымыз осы жақтан, қуғын-сүргін жылдары ұрпағының қамы үшін тыныш жер іздеп шекара асқан екен. 2003 жылы елге «оралман» боп оралдық. Зеленов ауданындағы Переметный ауылына көшіп келіп, мектепті сол жерден бітірдім. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың машина жасау факультетіне грант негізінде оқуға түстім.
– Шетелде білім алу туралы ой қашан келді?
- Сол университеттің соңғы курсында жүргенде ағылшын тілін үйренуге аңсарым ауды. Ата-анам спутниктік телеқабылдағыш алып берді. Сөйтіп, теледидардан шетелдің ағылшын тіліндегі арналарын көре бастадым. Кішкене қағаз қиындыларына 10 сөзден жазып алып жаттап жүрдім. Басында көп сөзін түсінбегендіктен, бір сағаттан кейін басым ауыра бастайтын. Кейін бағдарлама, жаңалықтарды компьютерге жазып алып, қайта-қайта кері айналдырып, сөздерін зер сала түртіп алатын болдым. Өзіме таныс сөздер кездескенде, аз-мұз түсінгеніме мәз болатын едім. Сөйтіп жүріп алты ай дегенде кәдімгідей ұғынатын халге жеттім. Біртіндеп сөздіктен күніне жүз сөзге дейін жаттайтын болдым. Ол кезде Оралда украиндық «Северодонецкий ОРГХИМ» компаниясында технология инженері болып жұмыс жасап жүрдім. 2010 жылы «Болашаққа» сынақ тапсырып, келесі жылы мұхит астым. – Сонда тілді өздігіңізден үйренген болдыңыз ғой?
– Ең бастысы – ынта. Жалпы, тіл үйренем деп репетитор жалдап, әке-шешесінің ақшасын оңды-солды шашатындарды түсінбеймін. Қазір барлық технология мен оқу құралы мектеп пен университет кітапханасында сықасып тұр, әр үйде интернет бар – осыларды тиімді пайдалану қажет. – Америка қалай қарсы алды?
– Алдымен, Чикаго қаласында тілдік курстан өттік. Сынақ тапсыртып, қаншалықты деңгейде тілді меңгергеніңе қарай курс белгілейді. Бізге дейін қаншама қазақ баласы оқып жатыр, қазақтарды біледі. Жатырқай қойған жоқ. Мен оқыған оқу орнында елу шақты қазақ болды.
– Ол жақтың білім беру жүйесінің озық ерекшелігі неде?
– Оқу орнының сайтында әр студентке бөлім ашылады. Оған тек өзіңе ғана белгілі құпия сөзбен интернет арқылы кез келген компьютерден кіруге мүмкіндік бар. Ол жерде бағдарлама, сабақ кестесі, барлық пәннен тапсырма көрсетіледі. Әр тапсырманың орындалу уақыты – дәл сағаты белгіленеді. Сол уақытқа дейін орындап үлгермесең, автоматты түрде нөл балл түседі, оны кейін өзгерте алмайсың. Тапсырмаңды оқытушылар сол сайттағы студенттің жеке бөлімінде тексеріп, ескертулерін де сол жерде қалдырады. Кітапханалары өте бай, сала-салаға бөлініп тасталған. Сосын барлық мәліметті ғаламторға орналастырып, оның мүмкіндігін өте жоғары деңгейде пайдаланады.
Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетіндегі (University of Illinois at Urbana-Champaign) тілдік курстарым аяқталды. Енді Пенсильвания штатындағы Питтсбург қаласында магистратурамды жалғастырмақпын. Менің қаузап жүргенім мұнай саласы ғой. Жер астындағы мұнайды табу – үлкен ғылым. Бірнеше шақырым тереңдікте, әр жерде бөлек-бөлек боп жатқан мұнайды табу, жер бетіне сору өте күрделі технологияларды қажет етеді. Оны дәл есептеу қызықты да қиын жұмыс. Жалпы «болашақтықтарға» мықты мүмкіндік берілген – олар миллиондардың арманы болған әлемнің ең таңдаулы оқу орындарында білім алуға қол жеткізуде. Ол жерлердің білімі қай елге де пайдалы. Сосын ол жерде біздің елдің жастары тек білім ғана алып қоймайды. Олардың айналасында көптеген елдің білімді жастары жүр. Олармен жақынырақ араласа келе тәжірибе алмасып, тіл үйреніп, дүниетаным көкжиектері кеңейе түседі. Ел үміт артып, шетелге жіберіп отырған білімді жастарымыздың сол оқу орындарында жүріп, өзге елдің алдыңғы қатарлы жастарымен нығайған достықтары ертең мемлекетаралық тиімді келіссөздерге ұласатынына сенімдімін.
– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Ата-анамыз – қарапайым адамдар. Олардан тараған бес ұлдың кенжесімін. Мен де шаңырақ көтердім. Ұлым бар. Ешқайсысы да шетелде оқуыма қарсы болған жоқ. Әрине, жырақта жүру оңай емес, әсіресе, ұлым дүниеге келгенде жандарында болмадым. Бірақ жанұям түсіністікпен қарап, барынша қолдау беруде.
Жалпы, баланың тағдырына ата-ана тікелей әсер етеді. Мәселен, студент кезімде ата-анам қаржыларын жинап жүріп білім алуға ынталандырып, компьютер алып берді. Ағылшын тіліне қызығушылығымды оятып, бастап үйренуіме себепші болған да өздері. Кейін «Болашаққа» тапсырарда Астанаға бірнеше рет баруымды да мойындарына алды. Ойлап отырсам, олар осылайша менің жетілуіме жағдай жасамаса, бәрі басқаша болар ма еді?!. Сондықтан ата-анама алғысым шексіз. Айтарым, ата-аналар баласының білім алуы мен спортпен айналысуына барынша жағдай жасау керек. Олай жасамаса, кейін баласы азамат болғанда баласына кінә артудың қажеті жоқ. Баланың азамат болып жетілуі, өмірден өз орнын табуы ата-аналары-мыздың қолында. Барынша бағыттап отырса, бала ешқайда кете алмайды.
– Ал америкалықтардың отбасылық дәстүрлері қалай екен?
– Олар баласының білім алуы мен спортпен шұғылдануына қатты мән береді. Жастар он сегізге толысымен ата-анасы-нан бөлек кетуге тырысады. Бұл маған біртүрлі көрінгесін, қасымда бірге жүрген америкалықтардан мәнісін сұрай бастадым. Сөйтсем, оларды туған үйлерінен ешкім қумайды, өздері ата-ана мойнына масыл болғысы келмейді екен. Тезірек аяқтан тұрып кетуге талпынады. Студенттердің барлығы дерлік жұмыс жасайды.
– Бос уақытыңыз бола ма? Хоббиіңіз қандай?
– Бос уақытымыз аз. Көп уақытымыз монитор мен кітапқа үңілуге кетеді. Оқу тоқсаны (семестр) екіге бөлінген. Сынақтан кейін он күн демалыс беріледі. Сол бос уақытымызда АҚШ-тың өзге штаттарын, ірі қалаларын тамашалауға шығып жүрдік. Канадаға да барып келдік. Қайда барсақ та, бұқаралық спорт жақсы дамығанын байқадық. Алатаңмен көше жүгірген жанға толады. Спортзалдар өте көп және жақсы жабдықталған. Иллинойс университеті студенттік қалашығындағы спорттық кешенді өз басым миллиард долларға бағаланатын шығар деп топшылаймын. Студенттерге кіру тегін. Мұндай мүмкіндікті бос уақытыңда қалай пайдаланбайсың.
– Бұқараның барлығы салауатты өмір салтын ұстануы неліктен деп ойлайсың?
– Мүмкін халқы саналы түрде айналысатын шығар, бірақ байқағаным – оларда медициналық қызмет өте қымбат. “Жедел” жәрдем үш минут ішінде жеткенмен, ол қызметтің өзі мың доллар тұрады. Ары қарайғы ем-домның құнын білмеймін. Сондықтан оларға аурудың өзі оңай емес (күліп).
– Қазақ жастары кездесіп тұрасыздар ма?
– АҚШ-тың көп университе-тінде қазақ ассоциациялары бар. Еліміздің мемлекеттік, ұлттық мейрамдарында, туған күндерімізде кездесіп тұрамыз. Көрмелер ұйымдастырамыз. Өзге елдің азаматтары қызығушылық танытып, салт-дәстүріміз, ел-жұртымыз туралы сұрап, ұлттық тағамдарымыздан дәм татып жатады. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек Ұлыстың ұлы күнінде арнайы келіп, аталған ұйымдардың басын біріктірді. Барлық оқу орындардың ассоциация төрағалары ортақ құжатқа қол қойды. Енді өзара байланыс арта түсіп, шаралар көбірек ұйымдастырылатын шығар.
– Шетелде тек байдың балалары оқиды деген пікір қалыптасқан. Осыған не дейсіз?
– Мен танитын «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқитындардың барлығы – қарапайым жанұяның балалары. «Болашақтың» сынағы өте әділ өтеді. Білімі жеткілікті болмаса, шетел асқандардың шыдамай қайтып келуі ғажап емес.
– Бағдарлама «Болашақ» деп тегін аталмады ғой. Ел болашағы жарқын болу үшін не қажет? Бұл жолда “болашақтықтардың” үлесі қандай болмақ?
– Әр қазақстандыққа патриот-тық сезім керек. Еліміздің болашағы жарқын екеніне сенемін. Осы үлкен сеніммен шетте жүрген қаракөздер елге көшіп келдік. Біздегі жасалып жатқан бағдарламалардың көбі өзге елдерде жоқ, мұндай олардың жұртының түсіне де кірмейтін шығар. Осыны халқымыз түсінсе... Үкіметтің әлеуметтік көмек-шарапатын пайдалана отырып, өзіндік үлесіңді қоспау жараспайды. Елдің дамуына әркім үлесін қосса, сөз жоқ, дами түсеміз. “Болашақтықтардан” ел үлкен үмітті. Түрлі салалар бойынша оқып жүрген олар ел дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз. Үмітті ақтауға тырысамыз. Осы орайда Елбасымызға алғысымыз шексіз екенін айтқым келеді.
– Заман ағымына сай қазіргі қазақ жастары қандай болу керек деп есептейсіз? Жетістіктің кілті неде?
– Жастар жаңашылдыққа ұмтылу керек деп ойлаймын. Мемлекетіміз барлық жағдайды жасауда. Сол мүмкіндікті пайдаланбай, бос солтаңбай жүріске салынғандарды түсінбеймін. Жастарымызға патриоттық жетпей жататыны қынжылтады. Кез келген іс елжандылықпен жасалса ғана елге пайдалы болмақ. Жас буын тек байланыс ретінде «майл агент», «одноклассникиде» отыра бермей, басқа пайдалы сайттарды қараса құп болар еді. Талмай еңбектеніп, тынбай ізденсе, қол жетпейтін асу жоқ шығар. Таңдау әрқашан әркімнің өзінде. Бастысы, мақсат қойып, өзіңді қай салаға арнайтыныңды шешу. Әр нәрсенің басын бір шалып жүрген жан жолда қалады. Жаңа істе құлдырау да, тосқауыл да кездесер – бәрінен де шығар жол болатыны анық.
Әңгімелескен
Нұрлыбек РАХМАНОВ