Олар қазақ халқын қорғаушылар еді

Қазақ халқының азаттық жолындағы күрес тарихы небір жан тебірентерлік тағдырға толы. Соның ішінде ХХ ғасырдың басында қаулап өсіп, қараңғы қазақ көгіне күн болуға ұмтылған Алаш арыстарының өмір жолы бүгінгі оқырман қауымға там-тұм танымал. Кеңес үкіметінің қанды қылышы турап түскен қазақ зиялыларының есімі КСРО-ның тұяқ серпер «қайта құру» жылдарында жаппай ақталып, газет бетінде жариялана бастады.

Ал 1940-1941 жылдары Батыс Қазақстан облысында астыртын жұмыс жасаған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» туралы көпшілік әлі толық біле бермейді. Өрімдей жасында өлімнен қаймықпаған сол бір жап-жас батырлар жайлы алғаш қаузап жазған – журналист Аманкелді Шахин ағамыз еді. 1941 жылдың қаһарлы желтоқсанында түгел тұтқындалып, алды атылып, көбінің өмірі түрмеде түгесілген, аман қалғаны 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейін «саяси сенімсіз тұлға» ретінде ерекше бақылауда болған сол өрендер туралы топтаманы қабыл алыңыздар. Төмендегі мақалаларды дайындауға үлес қосқаны үшін журналист Аманкелді Шахин ағамызға, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевке, өлкетанушы Төлеген Сейіткереевке, Ғұбайдолла Әнесовтің туған інісі, Жаңақала ауданының тұрғыны Нығметолла Көшеков ақсақалға, Сатқали Молдағалиевтің қызы Нұржиян Молдағалиеваға көп-көп алғыс айтамыз.

Батыс Қазақстан облысы көлемінде болған бұл оқиғаны республика жұртшылығы әлі толық біле бермейді. Ұлы Отан соғысы басталардан сәл ғана бұрын Батыс Қазақстан облысының Жалпақтал ауданында «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деген атпен антикеңестік мақсатта құрылған жасырын ұйым жеті ай өмір сүрген. Арасында Орал педагогикалық институтының 6 студенті болған бұл жастар ұйымының саны 14 еді. 17 мен 23 жас арасындағы балғын боздақ-тардың бәрі де кейін ұсталып, сотталды. Сол кезде ұйым басшысы Ғұбайдолла Әнесов небәрі 17 жаста еді. Ол 1943 жылы 19 жасында Орал қаласындағы НКВД түрмесінде атылған. Қылышынан қан тамған Қызыл империяға қарсы көзсіз ерлікке барған оғландардың есімін елі, ұрпағы ұмытпауы тиіс. Олар: Ғұбайдолла (Ғұбаш) Әнесов, Сейітқали Бажекенов, Сатқали Молдағалиев, Ғұмар Тұрымов, Сайдолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиев, Мәззап Әлиев, Мәннап Ахметов, Қамал Мақұлбаев, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов, Қайырғали Сапаралин, Иманғали Насыров.

Антикеңестік ұйым қалай құрылды?

1936 жылы Фурманов (қазіргі Жалпақтал) поселкесінде 14 жастағы Әнесов Ғұбайдолланың отбасымен бірге сол кездегі Фурманов аудандық атқару комитетінің іс жүргізушісі болып қызмет атқарған
25 жастағы Сатымов деген туысқаны тұрған. Жасөспірім Ғұбайдолланың саяси көзқарасының жетілуіне осы азаматтың әсері болғандығын айыпталушы Әнесовтің жауаптау хаттамаларынан аңғаруға болады. Алайда Сатымов құрт ауруына шалдығып, көп ұзамай сол 1936 жылы дүниеден өткен. Ауруы әбден асқынған ол бақи өмірге аттанар алдында Ғұбайдолланы өзіне шақырып алып, саналы ғұмырын қазақ халқын орыстың бұғауынан босату жолына арнағандығын айтып, мектеп оқушысы – Ғұбашты кеңестік билікке қарсы ұйымдасқан күреске бағыштап, Қазақстанды КСРО-дан бөлуге әрекет жасау керектігін өсиет еткен. Сатымовтың бұл өсиетін жаттап қалған зерек бала ержете келе, айтылған әңгіменің саяси астарын жете түсіне бастайды.

Бұл жерде азамат Сатымов сол жылдардағы кеңес үкіметіне қарсы ұйымның мүшесінің бірі болды ма екен деген де ой келеді. Бірақ мұрағат құжаттарымен толық танысқан біз Сатымов туралы басқа ешқандай мәлімет таба алмадық.

Осы жерде айта кетуіміз керек, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұрағатынан біздің назарымызды аударған қызықты тарихи деректер табылды. 1942 жылғы 2 наурыздағы тергеу кезінде Сайдолла Шорабаев: «Орал мұғалімдік институтының студенті болып жүріп, институт ішінде студенттерден құралған «Сұрпақбайлар» атты антикеңестік топтың бар екенін естігенмін. Бұл туралы маған Ғалиасқар Қосанов (С.Шорабаевпен пединститут жатақханасының №61 бөлмесінде бірге тұрған 4-курс студенті – автор) айтты. Осы әңгіме Советская-125 көшесіндегі мемлекеттік пединститут жатақханасының №61 бөлмесінде болды. Менен басқа бізбен тұратын студент Мағын Демжанов та сол кезде бөлмеде отырған еді. Бұл әңгіме неден пайда болғаны есімде жоқ» – деп жауап берген (Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұрағаты (бұдан кейін ҰҚК БҚОБМ) №П 3545, іс №3789, т.1, 143-парақ). Ал тергеушінің антикеңестік «Сұрпақбайлар» тобының құрамын және басшысы кім екенін білуге қызығушылық таныттыңыз ба? – деген сұрағына Сайдолла: «Жоқ», - деп қысқа қайырған. (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №1627, 144-парақ). Бұл тарихи деректен біздің байқағанымыз, сол кезде Орал педагогикалық институтында «Сұрпақбайлар» атты ұйымның болғандығы. Біз алғаш рет ғылыми айналысқа қосып отырған тарихи құжат – 1941 жылғы 18 желтоқсандағы Сатқали Молдағалиевтің жауаптау хаттамасында төмендегідей мәліметтер келтірілген: «1941 жылдың 2- жартысында Әнесов маған Оралда «ҚХҚО» деп аталатын, өзінің алдына Қазақстанды бөліп алуды мақсат еткен ұйым бар деп айтты. Сонымен қатар Әнесов осы ұйым басшылары атынан 1941 жылғы қарашаның басында маған «ҚХҚО» атты ұлтшыл контрреволюциялық ұйымға кіруге ресми ұсыныс тастады.» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 277-парақ). Бірақ 1941 жылы 29 желтоқсанда Ғ.Әнесов тергеушілерге берген жауабында: «ҚХҚО» (Қазақ халқын құтқарушылар одағы) деп аталатын кеңестік үкіметке қарсы ұйымға мені ешкім де тартқан жоқ. Өйткені бұл ұйымның ұйымдастырушысы да, басшысы да өзім – Әнесов Ғұбашпын» деген.

1942 жылғы 3 маусымда Әнесов пен Шорабаевты тергеушілер жүзбе-жүз жауаптағанда, Ғұбаш былай деген: «Шорабаев өзі 1936-37 жылдары Алматыда байланысшылар курсында болғанда курсанттардың бірінен (Мұхамбетжанов) Орал пединститутында контрреволюциялық ұлтшыл ұйымның барын естіген, бірақ НКВД органдары оны өз уақытында жойған болатын.» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 622--624 парақ). Әнесовтің берген жауабын Шорабаев толығымен қуаттаған. Жоғарыда келтірілген мұрағат құжаттарынан шығатын қорытынды біреу: ҚХҚО-ға дейін де Оралда студенттердің антикеңестік ұйымы өмір сүрген. Бәлкім, Ғұбайдолла 1942 жылы 30 қаңтарда НКВД жендеттері жауаптағанда басқа да алаш азаматтарына зиянын тигізбес үшін осыдан алты жыл бұрын көз жұмған туысқаны Сатымовқа барлық кінәні ысырып, оларды тасалады ма екен. Ол жағы бізге беймәлім.

Фурманов орта мектебінде оқып жүрген ол, 1940 жылға дейін Кеңес үкіметіне қарсы пиғыл көрсетпеген, керісінше марксизм-ленинизм негіздерін ең дұрыс ілім – оны қазақ халқы білуі тиіс деген көзқарасты ұстанған. Бірақ 1940 жылдың орта шенінен бастап өз көзқарасын кілт өзгерткен Әнесов те біртіндеп Қазақстанның КСРО құрамынан бөлініп, оның Түркия, Иран, Ауғанстан т.б. елдер сияқты дербес мемлекетке айналуы үшін, Кеңес үкіметіне қарсы күрес жүргізу керек деген ойлар қалыптаса бастады. Өзінің көзқарасын ол алғаш рет 1923 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Жетібай ауылында туған Сейітқали Бажекенов деген азаматпен бөліскен. Осы кезде өзімен бір мектепте оқитын 8-сынып оқушысы Иманғали Насыров пен арадағы достығы оларды Кеңес үкіметіне қарсы бірыңғай пікірге әкелді. Олар партия мен үкіметтің ұлт саясаты ұлтты жоюға бағытталған деп шешті. Ғ.Әнесов былай дейді: «Біздің пікірімізше Қазақстанда дербес мемлекет болған жоқ, бәріне орыстар билік жүргізіп келеді. Осындай тұжырымға келген соң біз КСРО-дан бөлініп, қазақтың дербес мемлекетін құру үшін Кеңес үкіметіне қарсы қарулы күрес жүргізу керек деген шешімге келдік. Кешікпей оқу жылы аяқталып, Насыров «Талдықұдық» кеңшарындағы ата-аналарына жазғы демалысқа кетті» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 156- парақ).

1940 жылғы тамыз айының басында Насыров каникулдан келгеннен кейін үш дос бір мезгілде Оралдағы мұғалімдер институтына түсуге сөз байласады. Сөйтіп олар 1940 жылғы 19 тамызда Оралға келіп, Әнесов физика-математика, Насыров пен Бажекенов тарих факультетіне студент болып қабылданған. Осы кезде Ғұбаштың жақсы танысы Мақұлбаев Қамал да Фурмановтан келіп Оралдың гидротехникумына оқуға түскен.

Көп ұзамай үкіметтің ақылы оқуды енгізген жарлығына сәйкес Насыров пен Бажекенов 1940 жылы 6 қазанда үйлеріне қайтатын болып, оларды Әнесов пен Мақұлбаев вокзалдан ауылға шығарып салған. Жолдастарының көзқарасын мақұлдаған Қамал антикеңестік жұмысқа өзінің де белсенді атсалысатынын білдірген. Бірақ ол да сол жылғы қарашада гидротехникумдағы оқуын тастап, ауданға кетіп қалған. Желтоқсан айында Насыров пен Бажекенов Оралдағы Әнесовке жеке-жеке хат жазып, онда Кеңес үкіметіне қарсы жұмысты тоқтатуды сұраған. Бұл ұсынысқа келіспеген Әнесов Насыровқа жауап хат жазып, Кеңес үкіметіне қарсы жұмыстарын одан әрі жүргізе беретіндігін және оның да өз көзқарасын өзгертуін сұраған (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №1627, 546- парақ).

Өз мүдделестерінен оқшауланған Ғұбаш жаңа пікірлестер тауып, жұмысын одан әрі жалғастыруды көздейді. Осыған байланысты мұғалімдер институтының тарих факультетіндегі тарих пәнінің үздігі Сайдолла Шорабаев пен 1941 жылы сәуірдің бас кезінде тым жақын әңгімелесе бастайды.

Өзін антикеңестік ұйымға Ғұбаштың қалай тартқаны жөнінде С.Шорабаев былай деген: «1940-1941жж. мен Орал пединститутында оқып жүргенде, көктемде Әнесов Ғұбашпен жақынырақ таныстым. Менімен достық қарым-қатынаста бола жүріп, оңаша қалғанда Әнесов өзінің антикеңестік көзқарастарын байқатып жүрді. Әнесов маған жақсы дос сияқты сенетінін айтты. Егер менің алдымда өз сырын ашса, оны ешкімге ашпайтынына сенімін білдірді және бұл туралы басқаларға айтпау туралы уәде беруімді сұрады. Мен өз тарапымнан маған сенуіне болатынын, оның ашқан құпиясын ешкімге айтпайтынымды айттым. Менің осы сөздерімнен кейін Әнесов колхоз қазақтарының ауыр тұрмысын айтып қынжылды. Мысал ретінде Фурманов ауданының колхоз адамдарының өмірін сипаттап берді. Осыған орай Әнесов мұндай жағдайдан шығу жолдарын қарастыруымыз қажет, қазақ еңбекшілерінің тұрмыс жағдайын жақсартуымыз керек деп алдымызға мәселе қойды (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 145-парақ). Мұрағат деректерінен біздің түйгеніміз, Ғ.Әнесов Қазақстан Кеңес одағынан бөлінсе қазақтардың тұрмыс жағдайы жақсарады деп ойлаған және ол жауаптау кезінде тергеушілерге дәл осындай мәлімет берген: «Шорабаевтың мінезін зерттегеннен кейін, «марксизм-ленинизм» пәні бойынша сынаққа дайындалып жүріп, егер ол менімен келіспесе де, мені ешкімнің қолына тапсырмайтынына, менің айтқанымды басқа кісіге айтпайтынына сеніп, тәуекелге бел буып, өзімнің ұлтшыл көзқарасымды ашық айтуға ұйғардым (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 622-парақ). Кеңестер Одағының ұлттар мәселесінде ұстанған саясатындағы кемсітушіліктерді анық аңғарған Әнесов Шорабаевқа: «Одақтық және автономиялық республикалардың орнына ұлттарға дербес мемлекет беру негізінде шешу керек. Бұл жағдайда әр халық өзінің мәдениеті мен материалдық жағдайын көтеруге тырысатын болады ( ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 623-парақ), - деп айтқан.

Сатқали Молдағалиевтің жауаптау хаттамаларынан да осыған ұқсас үзінділер оқимыз: «1941 жылдың тамызында не қыркүйегінде Фурманов поселкесіне Орал қаласынан менің танысым Әнесов Ғұбаш келді. Қазан айларында Әнесов менімен кездесетін болды. Әңгіме кезінде антикеңестік көзқарастарын білдіріп, мені антикеңестік бағыттарға бұрғысы келді. Маған айтатыны, қазақтардың тұрмысы нашар, көбі жұмыссыз, салықтарды көп төлейді, тіпті үйлері жоқ, жер үйлерде тышқандар сияқты өмір сүреді. КСРО Конституциясында барлық адамдардың құқықтары тең, іс жүзінде көп адамдардың құқықтары сақталмайды, соның ішінде – қазақтардың. Маған әсер ету үшін Әнесов: «Үкімет ешқандай кінәсі жоқ сенің атаңды – Молдағалиді қамауға алып, соттап жіберді. Мына үкіметтен не жақсылық көріп жатырсың, жұмысың жоқ, тұрмысың нашар» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 277-парақ). Әнесовтің әсерлі әңгімелерінен кейін Сатқали Молдағалиев өзінде антикеңестік көзқарастар күшейе түскенін айтады.

Иманғали Насыровтың да ұйымға қалай кіргені жайлы НКВД адамдарына берген жауаптары жоғарыдағы серіктеріне өте ұқсас.
Жоғарыда есімі аталғандардан басқа ұйымға тартылғандар жөнінде Ғ.Әнесов 1941 жылы 31 желтоқсандағы жауабында төмендегі адамдардың есімін атаған: Мұхамбетқалиев Иғали, Ахметов Мәннап, Қаражанов Сүндетқали, Аманов Өтеген, Сапаралин Қайырғали.
Келтірілген мұрағат деректерінен байқалатыны – «ҚХҚО»-ның негізін салушы, яғни ұйымдастырушысы ретінде айыпталушылардың бәрі бірауыздан Ғ.Әнесовтің есімін атаған. Осы деректерді саралай келе, 37-нің қан-қасап қуғын-сүргінінен кейін іле-шала азаттық идеясын ту етіп көтерген он жеті жасар ұлдың атан тартпас ауыр жүкті өз мойнына алған қайсарлығына тәнті боласың.

Он тоғызында оққа байланған оғлан

Өзіне пікірлестерді, жақтастарды көбейткен Ғ.Әнесов бастаған топ алда тұрған міндеттерді шешу жолында нақты іс-әрекетке кірісе бастады. Байқауымызша, әуелі кеңестік үкіметке қарсы ұйымға жаңа мүшелер табу әрі оларды тарту өте өзекті мәселе болған. Контрреволюциялық ұйымға қатысушылардың жасырын жиындарын өткізу күн тәртібіне қойылды. 1942 жылы 5 маусымда НКВД адамдарының «ҚХҚО» контрреволюциялық ұлтшыл ұйымының отырысы қашан болды?-деген сұрағына Ғ.Әнесов: «1941 жылдың қыркүйегінің алғашқы күндерінде аудандық емханада болды» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.2, 611-парақ),- деп жауап берген. Бұл мерзімді С.Бажекенов те өз сөзімен бекіткен. Бұл құпия жиналысқа Ғ.Әнесов, С.Бажекенов, Ғ.Тұрымов, М.Әлиев, И.Мұхамбетқалиев қатысқан. Бөлмедегі терезелерді әртүрлі киімдермен қымтағаннан кейін, жиналысты С.Бажекенов ашып, сөзді Әнесовке берген. Жиналыста қарулы көтерілісті қалай ұйымдастыру жайы сөз болған. Ұйым мүшелері, Мәннап Ахметов пен Қайырғали Сапаралин және т.б әскерге аттанатын күні, шақыру қағазына ие болған 150-дей жігітті қарулы көтеріліске жұмылдыру жоспарларын талқылаған. Әскери комиссариат әскерге шақырылғандарды Александров Гай станциясына дейін шығарып салатындығын білген олар, жалпы жағдайды талдай келе әскерге шақырылғандарды аудан орталығын басып алуға пайдаланбақшы болып ұйғарады. Жиынға қатысушы ұйым мүшелері әскерге аттанғандарды «Красный Партизан» кеңшары тұсында салт атпен қуып жетіп, жоспарларын қарулы жолмен жүзеге асырмақшы болып келіседі. Бір сағаттай уақытқа созылған жиналыста осындай мәселелер жоспарланады. Алайда әскерге аттанушылардың күні өзгергендіктен, көтеріліс жасау мәселесі аяқсыз қалған.

Мұрағат деректеріне сүйенсек, ұйым 1941 жылғы қыркүйек айының соңына таман Фурманов поселкесінде құрылған. Ұйымға «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» атауы да осы кезде берілген. Ғ.Әнесовтің айтқанына жүгінсек, «одақты» негіздеу үшін ұйымға қатысатындардың жалпы жиналысын өткізбей С.Молдағалиев екеуі ақылдасып, оған «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» деген ат беруді ұйғарған. Бұл шешімді олар С.Бажекеновке, Ғ.Тұрымовқа, М.Әлиевке айтқан, бұлар екеуін толық қолдаған.

«ҚХҚО» ұйымының контрреволюциялық жұмысын жандандыруға серпін берген мәселе мынадай еді. 1941 жылғы қыркүйек айының екінші жартысында Ғұбаш ұйым мүшелері Молдағалиевке, Бажекеновке және Тұрымовқа қазақ халқына үндеу жасайтын контрреволюциялық үнпарақ жасап шығарудың қажеттілігін айтады. Ортақ пікірге келген олар үнпарақты жазып, оны ауыл сыртындағы иесіз жер үйде талқылайды. Оған Молдағалиев, Бажекенов, Әлиев және Әнесов қатысқан. Біраз күнге созылған үнпарақ жобасын талқылау оны даярлауға ұласады. Тергеу кезінде Ғ.Әнесов үнпарақ мазмұнының есінде қалғанын айтып берген.
Ұйымның екінші жиналысы 1941 жылғы қараша айында Молдағалиев Сатқалидың сарайында болған. Бұл жиналысқа Әнесов, Бажекенов, Молдағалиев, Құлбасов және Әлиев қатысқан. Ғұбаш Оралдан келген Құлбасовқа Бажекеновты, Молдағалиевті және Әлиевті таныстырып, ұйым мүшелерінің рухын көтеру үшін Құлбасовты жақсы қызметкер ретінде мадақтаған. Сол күнгі жиналыста тәртіп, мүшелік билеттерді басу, ұйымның мүшелік жарнасы және Молдағалиевті казначей етіп сайлау мәселелері қаралды. Бір сағатқа созылған жиналыста аталған шаралар жүзеге асып, әуелі Әнесов, сосын басқалары сөз сөйлеген.
1941 жылы ұйым мүшелері Қазақстан үкіметінің басшыларына антикеңестік мазмұнда хат жазу туралы бір шешімге келеді. Осыдан кейін хатты көбейту үшін аппарат мәселесі ойластырыла бастайды. Алғашында кейбір ұйым мүшелерінің (С.Бажекенов, М.Әлиев) қызмет бабын пайдалану арқылы құжатты басу мүмкіндігі қарастырылады. Алайда бұл ойларының жүзеге аспайтынына көздері жеткеннен кейін олар жасырын баспахана туралы: «Біздің антикеңестік ұйымның заңсыз баспаханасы бар. Ол баспаханалық шрифтілер мен кішкене бояудан тұрды. Қазіргі уақытта (1941 жылы 18 желтоқсан - автор) баспахана Әнесовтің сарайындағы тезек жәшіктің ішінде жасырулы тұр. Бір кездері баспахана қазақ зиратында сақталды. Кейін зираттан менің үйіме әкелінді. Соңынан Әнесовтің сарайына көшірілді (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 277-парақ) - делінген.

Жасырын баспаханада «ҚХҚО» ұйымының мүшелік билеттері де басылып шыққан. Мүшелік билеттің мәтінін Әнесов пен Құлбасов құрастырған. Шрифтілерді Әнесов пен Молдағалиев терген. С.Молдағалиев «60 билетті басып шығару үшін қағаз дайындалды. Бірақ бұл жоспарымыз жүзеге аспады, себебі 13 билет бүлініп қалды. Бар болғаны 10 билетті басып шығардық» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 278 - парақ) - десе, Әнесов: «Билеттің бірінші бетін тергенде билеттің ұзын-ырғасы 100 данадай болды. Бірақ ішкі бетін басқан кезде оның бірнеше данасы бүлініп қалды. 20 билеттен 11-і шамаға келерліктей болып шығып, мен оларды толтырып ұйым мүшелеріне таратып бердім. Билеттерді басуға Молдағалиев пен менен басқа ешкім қатысқан жоқ», - дейді. Баспаханаға қажетті жабдықтарды, мәселен, керосинді (бояулар мен шрифтілердің кірін жуу үшін) Тұрымов пен Бажекенов беріп отырса, баспахана бояуларын Әлиев аудандық баспаханадан алып отырған.

Алғашқы үнпарақты теру аяқталғаннан кейін Әнесов партия мен Кеңес үкіметінің жекелеген басшыларына хат жазу жолдарын ойлай бастайды. Бұл жөнінде әуелі Молдағалиевпен, сосын Бажекенов және Тұрымовтармен ақылдасады. Шамамен 1941 жылдың 9-10 қарашасында Молдағалиев Сатқали екеуі Ғұбаштың үйінде хат жазуға кіріседі. Үш хат жазылады. Біріншісі – КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасына. Екінші хат – КСРО Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасына. Үшінші хат – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының атына жазылады. Алғашқы екі хатты Молдағалиев жазса, соңғы хатты Әнесов қазақ тілінде жазған. Хаттың жазылған дұрыс уақыты 9-10 қараша болса да, олар саяси жағынан тиімді болады деген есеппен 7 қараша, яғни Қазан төңкерісінің 24 жылдығы күні жазылды деп белгілеп, Қазақстанды бөлу жөніндегі талаптарын осы күнге тұстас келтіргісі келген. Бұл хаттар оларды көп ұзамай тұтқындауға себепші болатынын сол сәтте жалпақталдық жастар білмеген еді. Аталған хаттың ғылыми құндылығын жоғары бағалап, сол күйінде оқырманға ұсынуды жөн көрдік. Осыған дейін бұл хатты А.Шахин жұртшылыққа ұсынған еді. Бұл хат қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Батыс Қазақстан облыстық басқармасының мұрағатында сақтаулы.

«ГАКСИМ» деген қол Ғұбаш Әнесұлы Көшеков, Сатқали Иманғалиұлы Молдағалиев деген ұғымдарды беретін еді. Қалған екі хатта олар есімдерін әдейі түсініксіз етіп жазған.

Қазақстанның КСРО-дан бейбіт жолмен бөлінуі туралы сөз болуы мүмкін еместігін жақсы білсе де, хаттарды тиісті мекен-жайға салып жіберген. Бұл жердегі олардың ұстанған мақсаты – қазақ халқын қарулы көтеріліске шақыруға себеп тауып, әуелі Қазақстанды бейбіт жолмен бөлінуін қалағандықтарын, сол үшін хат жазғандықтарын, бірақ Кеңес үкіметі оған ешқандай жауап бермегендіктен, қарулы күрес әдісіне баруға мәжбүр болғандығын дәлелдеу болатын. Жауаптау кезінде Ғұбаш НКВД тергеушілеріне дәл осылай жауап берген. С.Молдағалиевтің айтуынша, Әнесов екеуі Сталин, Калинин, Қазақбаевтың аттарына хат жазуды басқа ұйым мүшелерімен ақылдаспастан, өзара шешкен. Оған дәлел С.Молдағалиевтің тергеудегі жауабында мынадай үзінділер бар: «Сол хаттарды жібергеннен кейін ғана мен бұл туралы Бажекенов пен Тұрымовқа айттым. Тұрымов бұлай істемеу керектігін айтты, себебі хатпен бұларды ұстап алу қиын емес» (ҰҚК БҚОБМ, №П 3545, іс №3789, т.1, 279-парақ). Шынында да, Тұрымовтың айтқаны келді, осы хаттан кейін-ақ тіміскілеу басталған еді.

«ҚХҚО» өз жұмыстарын нығайта беру үшін ұйым мүшелерін жекелеген аудандарға бөлу жұмыстарын жүргізді. Әнесов Фурманов ауданына, Бажекенов Жәнібек ауданына, Құлбасов Жымпиты, Нұралин Жаңақала ауданына баруға тиіс болды. Казталовка ауданына бару Мақұлбаев Қамалға жүктелді. Адамдарды аудандарға бөлу шамамен 1941 жылғы қараша айының соңына таман жүргізілген. Мақсат - 1942 жылы сәуірдің бірінші жұлдызына таман Батыс Қазақстан облысының бірқатар аудандарында әскери көтеріліс ұйымдастыру. Осыған қажетті Батыс Қазақстан облысының жағырапиялық картасын Әбілхайыров Байтұрған есімді азаматтан алған. Барлық аудандарда көтерілісті бір мезгілде бастау үшін шартты түрде хабар беруге келіскен. Мысалы, Ғ.Әнесов көтерілісті 5. IV-42 жылы бастайтын болса, «Менің үйлену тойым 5. IV-42 жылы болады» деген жедел хат жолдайтын болған. Ғ.Әнесов Фурманов, Жәнібек және Жымпиты аудандарында көтерілісті бір мезгілде бастауға тырысқан. Көтеріліс уақытын 1-сәуір деп белгіледі. Жердің өте лайсаң кезі болғандықтан, машинамен қозғалушыларға қиын, керісінше өздері салт атты әскерді пайдаланғысы келген. Ұйымды қаржыландырудың төте жолы ретінде банкті тонау да ойластырылған еді.
Бірақ балғын боздақтар әзірлеген барлық жоспар сәтсіз аяқталды. Олар сол сәтте әлемдегі ең алып держава саналатын КСРО империясы құрамынан дәл осындай қимылдармен бөлініп шығу еш мүмкін емес екеніне көз жеткізе алған жоқ. Бұл кезде өлкенің ұлан-байтақ даласы Кеңес өкіметінің толық өктемдігінде еді. НКВД желтоқсан айында ұйым мүшелерінің бәрін тұтқындады. Ең бірінші С.Молдағалиев тұтқынға алынады. Ұйымның іс-әрекеттерін жасырын аңдыған НКВД облыстық әскери комиссариатпен келісіп, жалпақталдық жастарды соғысқа алуға әдейі асықпайды. Әбден іздерін аңдып, қолға түсіреді. Сөйтіп, 1941 жылдың 21 желтоқсанында ұстап алып кетеді. Олардың арасында Құлбасов деген жалған атпен жүрген НКВД-ның өз адамы болған. Батыр аңғал, албырт келеді демей ме, Оралда таныс болған Құлбасовқа Ғұбайдолла сеніп қалған. Біз ҰҚК облыстық басқармасының мұрағат қорларынан жансыз Ғабиден Құлбасов туралы жаңа деректер таптық. Ұйым мүшелерінің мәлімдеуінше, ол білімі төмен, тәртібі нашар студент болған.

Ғ. Әнесов пен оның серіктері тергеп-тексерулер кезінде өздерінің жасырын ұйымға қатысты істерін ашық айтудан тайсалмаған. Мұны мұрағат құжаттары да растайды.

Ғ. Әнесов КСРО НКВД-сы жанындағы айрықша кеңестің шешімі бойынша ату жазасына кесілді. РСФСР қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша ұйым мүшелері С.Бажекенов, С.Молдағалиев, Ғ.Тұрымовтар он жылға, С.Шорабаев, М.Нұрәлин, И.Мұхамбетқалиев сегіз жылға, қалғандары бес жылға бас бостандығынан айырылды. Қ.Сапаралин 1942 жылдың 7 желтоқсанында НКВД қызметкерлерінің соққысынан қаза тауып, ісі тоқтатылады. Соған қарамастан оны да бес жылға соттап жіберген.

Бұл азаматтардың кейбіреулері айдауда жүріп қаза тапты. Олар Сібірде Карлаг пен Колымада азап шекті. Жазаларын өтеген-нен кейін де ұйым мүшелерін қайтадан Қиыр Шығысқа жер аударып жіберді. Кеңес үкіметі оларды ғұмыр бойы саяси тұтқында ұстады. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін ғана саяси әрекеттері үшін жазалан-ған 14 боздақтың азаматтық құқығы қалпына келтірілді. Қазақстан Республикасының бас прокуратурасы 1993 жылдың 26 ақпанында аталған қылмыстық іс бойынша арнайы қорытынды жасады. Бұл шешім бойынша «Қазақ халқын қор-ғаушылар одағының» барлық мүшелері толық ақталды.

Тобықтай түйін

Ел басына күн туғанда ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоятын дарабоз саңлақтар ғана – алғышепке суырылып шыға-тыны мың мәрте дәлелденген аксиома. Ал ерлік һәм батыр-лық дәстүр – халық мерейі, ұлт мақтанышы ретінде жас ұр-паққа қызмет жасайды. Қазағын қапысыз сүйіп, сол жолда ұмытылмас өнегелі өмір сүрген һәм қаршадайынан азаттық үшін «атойлаған» алаштың алтын асықтай айбоз ұлының аруағы алдында біз не істей алдық? Білуімізше, боздақтар-ды еске түсіретін Жалпақтал ауылындағы Ғ.Әнесов атында-ғы көше мен сондағы бақта «Жалпақтал жастарына» орнатылған тақтадан басқа әзірше, ештеңе жоқ.
Ғ.Әнесовтің тағдырынан тағылым алу, оны бүгінгі және келешек ұрпаққа насихаттау үшін мынадай ұсыныстар айтқымыз келеді:
- Ғ.Әнесовке Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында немесе туған топырағы Жалпақтал ауылында ескерткіш орнату қажет;
- Ғ.Әнесовтің тарихи мұрасын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізу үшін, қайраткер туралы Орал, Алматы қалаларындағы мұрағат деректерін жинақтап, кітап етіп шығару керек;
- Батыр тұлғасын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Жалпақтал өңіріндегі немесе облыс көлеміндегі мектептердің біріне Ғ.Әнесовтің есімі берілуі керек;
- Ғ.Әнесовтің құрметіне арнап қала көшелерінің біріне оның есімін беруіміз керек;
- Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігі өз өмірін кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, ұлт жолында жиырмасына жетпей қыршын кеткен жас боздақ Ғ.Әнесовтің есімін ұлықтау мақсатында республиканың мемлекеттік деңгейдегі ең жоғарғы наградаларының біріне ұсыну керек.

Қаралым саны 2725

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463