Жаһанша мен Тұрар бажа болған

Дина АМАНЖОЛОВА, тарих ғылымдарының докторы

Тағдыр төңкеріс кезінде және азамат соғысы жылдарында бір-біріне қарама-қарсы көзқарас ұстанған қазақтың аса көрнекті екі азаматын – Жаһанша Досмұхамедов пен Тұрар Рысқұловты туыс, дәлірек айтсақ, бажа болуға жазыпты. Олар апалы-сіңлілі Ольга мен Надежда Константинқызы Пушкареваларға үйленген болатын...

Жаһанша мен Тұрар туыс-бажа ретінде 1922 жылдан араласа бастаған. Тұрар Рысқұлов 1923 жылы Түркістан АССР үкіметі төрағалығынан босатылып, Мәскеуге шақырылған кезде үй мүлкінің бір бөлігін Жаһанша-ға қалдырып кеткен. Ал Жаһанша 1923 жылдан 1927 жылдың қараша айына дейін Ташкенттегі Орта Азия ауыл шаруашылығы банкісінде заң кеңесшісі болып қызмет еткен... Кейінірек, 1930 жылдың наурыз айында Т.Рысқұловтың (РСФСР халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары) қолдауымен Мәскеуге ауысады. Сөйтіп, «Скотовод» қоғамына экономист болып қызметке орналасып, кейін екі бөлмелі пәтерге (Хавско-Шаболовский тұйығы., 11-үй, 7-корпус, 265-пәтер) ие болады. Оған дейін Жаһанша Тұрардың пәтерінде бірге тұрады. Осы кезеңде Халел Досмұхамедов Жаһаншаны іздеп келіп жолығып, «Егер ГПУ біздің контрреволюция-лық ұлттық ұйымға мүше бол-ғанымызды біліп қойса, өзімізді қалай ұстап, не деп жауап береміз?!» деп сұрағаны кейінгі тергеу хаттамаларында көрсетілген.

Жаһанша 1930 жылы «контр-революциялық іс-әрекеті үшін» тұтқындалып, 5 жылға Воронеж қаласына жер аудар-ылған. 1935 жылы Мәскеуге қайтып оралғанда да қатаң бақылауда болған. Ақыры 1938 жылы тұтқындап, екі жарым апта ішінде, 3 тамызда ату жазасына кесіп үлгерген.

Соңғы тұтқындалған кезінде Жаһанша Мәскеу қаласы, Хавско-Шаболовский тұйығы, 11-үй, 7-корпус, 265-пәтерде, әйелі Ольга Константинқызы-мен (42 жаста, КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комитетінде арбитраж стенографшысы), енесі Пушкарева Ольга Федорқызымен (70 жаста, үй шаруасында) және туысқаны Хадис Досмұхамедовпен (28 жаста, Коммуналдық шаруашылық инженері интитутының студенті) бірге тұрыпты.

1957 жылы 9 көкекте Ольга Константинқызы КСРО Бас прокуратурасына шағым жазып, «хат-хабар алмасуға рұқсат берілмей 10 жылға сотталған» күйеуінің тағдыры туралы сұрайды. 25 мамыр күні жазылған жауапта: «Сотталушы Ж.Досмұхамедов түрмеде жазасын өтеп жүріп, 1942 жылдың 13 қарашасы күні жүрек талмасынан қайтыс болды» деген жауап берген.

1957 жылдың 2 желтоқсаны күні Мәскеу қалалық сотының төралқасы: «Мәскеу облыстық НКВД басқармасы Үштігінің Жаһанша Досмұхамедовке қатысты 1938 жылғы 16 маусымдағы қаулысының күшін жойып, оның іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылсын» деген шешім шығарды. 1958 жылы 28 ақпанда Мұхамеджан Тынышпаев, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер және басқа бірқатар алашордашылар Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі арнайы комиссиясы шешімімен ақталды.

 

Түсініктеме: 

Рысқұлова Надежда Константиновна (қыз күнінде – Пушкарева) (1902-1976) – Т. Рысқұловтың екінші әйелі, Қызыл профессура институтында, КСРО ҒА тарих институтында және басқа мекемелерде машинистка болып қызмет еткен.

Досмұхамедова Ольга Константиновна (қыз күнінде – Пушкарева; ислам қабылдап, Мәскеуге келгенге дейін Заира деген есіммен жүрген) (1896-1986) – Рысқұлова Надежда Константинқызының әпкесі, революциядан бұрын Жаһаншаға тұрмысқа шыққан. Бес жыл (1930-1935) Воронежде болды, соның бір жарым жылында түрмедегі күйеуіне тамақ тасыды, соңынан үш жарым жыл күйеуімен бірге айдауда болды.

Пушкарева Ольга Федоровна (қыз күнінде – Костырко) (1868-1940) – Ольга мен Надежда Константинқыздарының анасы.

Досмұхамедов Хадис (1910-1971) – Жаһаншаның туысы, кейінірек Қазақ ССР-інің Мәскеудегі тұрақты өкілдігінде қызмет етті.

Дәл осы пәтерде бір кездері Тұрар Рысқұловтың тағы бір енесі – Варвара Валерьяновна Колосовская тұрған. Ол Тұрардың алғашқы әйелі Рысқұлова Татьяна Владимировнаның шешесі, Ташкенттің бұрынғы генерал-губернаторы Владимир Павлович Колосовскийдің әйелі болатын.

Қаралым саны 1604

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463