Сауықтырғыш салт-дәстүр

Нұрлан ҚУАНЫШҰЛЫ, дәрігер-гигиенист

Салт-дәстүр – адамзат үшін ілгерілеудің сарқылмас қайнар көзі. Ғылыми-техникалық прогресс қанша жерден дамығанымен, бұрын сынақтан өткен, қолда бар жетістіктердің іргетасын қалаған құндылықтардан ешқашан бас тартыла қоймас. Мен осы мақалам арқылы қазақтың кейбір салт-дәстүрлерінің сауықтырушы сипатын анықтауға талпынып, оны қазіргі заманда қалай жаңғыртып, пайдалануға болатыны жайлы ортаға ой тастамақпын.

Алжығыңыз келмесе...

Қазіргі қоғамға қатты сал-мақ салып жүрген жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісікпен қатар Альцгеймер ауруы жиі аталып жүр. Аты қазақшалағанда «алжу» болып шығатын бұл «басқа бермесін» дейтін дертпен ата-бабалары-мыз сирек ауырған сыңайлы.
Олай дейтінім – қазақтың аңыз-ертегісі, эпосы, көнеге қалам тартқан әдебиеттің бір де біреуінен ақылынан алжыған кейіпкерді естіп көрмеппін. Мұндай қанық персонаж бола қалса, қырағы қазақтың орақ ауыз, қыл қаламына ілінбей қалмас еді. Ешқандай статистикаға жүгінбей-ақ, алжудың атқа мінген кезі кеңестік кезеңге, онда да оның орта тұсына тап келетінінен байқауға болады.

Яғни, күні кешегі қазақтың кәдуілгі өмірінде алжудың алдын алатын алғышарттар болған. Қандай? Бұл туралы, сәл кейінірек. Кезекті келіп қалған жақсы жаңалыққа берейік: алжудан әбден қорлық көрген (!) Батыс елдері осы дерттің алдын алатын, дами қалған жағдайда оны әжептәуір тежейтін тәсілдің табылғанын алақайлап хабарлауда. Және кез келген ғылыми жаңалықтан ақша сауатын (әйтпесе, Батыс бола ма) алпауыт елдер бұл жаңалықты мынадай нұсқада ұсынады: «Екі тілде сөйлейтін адамдарда есі кемдік пен Альцгеймер ауруы баяу дамиды. Зерттеулер екінші тілді үйрену мен ақыл-естің кемуінің арасында анық байланыс бар екенін анықтады. Демек, тіл үйрену ақыли гимнастиканың ролін ойнап, егде жаста мидың белсенділігін сақтайды...».

Көзі қарақты оқырман бұл жаңалықты тіл үйрену бизнесінің қалтасын қалыңдатуға пайдаланатынын айтпай-ақ сезіп отырған шығар. Мақұл, капиталистер білгендерін істей берсін. Мен тек екі нәрсені айтқым келеді: Біріншіден, шет тілін үйрену – алжудың алдын алатыны рас. Яғни, бұл жерде әуелі ғылыми жаңалық ашылып, сосын барып қана оны тіл бизнесінің көрігін қыздыруға пайланылып отыр. Керісінше емес – атақ-абыройын қызғыштай қоритын Торонтодағы Йорк университеті, Вашингтондағы «Ғылымды алға жылжытудың Америкалық ассоциациясы» ондай тәуекелге бармас еді. Екіншіден, аталған жаңалықты ешқандай бизнеске шатыссыз баяндасақ, ол былай болып шығады: Альцгеймер ауруының алдын алуы үшін адам жаңа ақпаратты барынша көп жаттау керек!
Ал енді Қазақ еліне оралайық: оралып келе жатқанда-ақ Сіздер атам қазақ алжудың алдын қалай алғанын түсініп үлгердіңіздер. Әрине, қисса, жыр, эпостарды жаттау арқылы. Статистикаға сүйенсек, ақыл-ес кемуінің алғашқы белгілері 40-50-ден асқасын біліне бастайды. Қазіргі заманда бұл біздің немерелі болатын уақытымыз. Әрине, егер Сіз алжудың алдын аламын деп осы аталған жаста ағылшын тілімен алысамын десеңіз – құба-құп, сәттілік тілеймін. Ал балаңнан да тәтті дейтін немерелеріңізге «Алпамыс», «Қобыландыны» жатқа соғып, жолай Альцгеймердің жеті атасын пергілеп өтем десеңіз, мен Сіздің қос қолыңызды құлшы-на қысып құттықтаймын: Сіз бір оқпен қос қоян емес, топ қоянды атып алдыңыз! «Қоян-дардың» бірнешеуінің атын атап, түсін түстей кетейін:

а) қазақтың жұқарып бара жатқан қиссалық дәстүрін жаңғырту;

ә) ұрпақ сабақтастығын қалпына келтіру – ата мен немере арасында көзге көрінбейтін тым тәтті бір байланысты орнату;

б) өмірдің жаңа бір мәні пайда болуы, тағысын-тағы.

Мен атасына нәлет Альцгеймерді құрметті қояндардың тізіміне әдейі қоспай отырмын. Аяулы ата әлгі Альцгеймердің атын Алпамыс Байшұбарға мініп алған кезінен бастап ұмытады. Оны қайтеміз? Бізге алжудың ауылы алыс, алда қаншама жыр-дастан тұр!..

 

Жоғарыда «алжудан әбден қорлық көрген Батыс (!)» деуіме қоғамның қартаюы салдарынан Альцгеймер ауруы әкелетін орасан зор шығындар туралы ғаламтордағы ақпарат себеп болды. Бұл шығындарға қарттар үйін күтіп ұстау, ауру адамға жасалатын үйдегі күтім, науқастың және оны күтушінің өндірушілік қасиетінен айырылуы, т.с.с кіреді екен. Ғаламтордағы деректерге сүйенсек, әлемде деменцияға 160 млрд. доллар, бір АҚШ-тың өзіне жыл сайын 100 млрд. шығындалатын көрінеді.

 

Қаралым саны 1506

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463