«...Абайласақ, өнерлі уа білімді халықтардың басшылары журнал уа ғазита көрінеді. Мәштектерін терлетіп, қазақтың ауыл-аулын қыдырып жүріп, есіткен-білгенін жүзбе жүз айту ешкімнің қолынан келмейді. Сол себепті біз есіткен-білгенімізді «Айқап» пен «Қазақстанда» жазып тұрмақшы болдық. Енді жұртшылық етіп, бұ журналымызды һәм ғазитамызды қазақ азаматтары жазылып алып тұрса, өзінің ортасынан шыққан білімділерінің сөздерін оқып-біліп тұрса еді. Һәм надандық дариясынан уа қараңғылығынан тез құтылар еді...»
Әрине, Бақытжан Қаратаев мақала жазып отырған кезде күллі қазақ даласында «Айқап» журналы мен «Қазақстан» газетінен басқа басылым болмаған. Ал бүгін елімізде 2500-дей газет-журнал бар екен. Оның ішінде қазақша шығатыны 437 газет, 106 журнал болса керек.
Осындай қызыл-жасылы аралас қым-қуыт ақпарат базарында тұсауын жаңа кескен «DANA.kaz» журналының тағдыры нешік болмақ?! Журналда жарияланған тұлғалардың ғибратты ғұмыры, ерлік ісі, туған жердің тарихы мен тағдыры санасын сілкінтетін оқырман таба аламыз ба?
Бұл ой бізді, «DANA.kaz» журналының төңірегіне топтасқан ұлтжанды ағайынды алаңдатары сөзсіз. Бірақ алғашқы санымыз оқырманға жол тартқалы өткен бір ай ішінде біз көпшіліктен ыстық лебіз, оң пікір, қуанышты құттықтау көп естідік. Тіпті өзге өңірлерден хабарласып, ақ жол тілеген, журналымызға тың дерек, құнды сурет ұсынған авторлар да бар. Жоғары оқу орындарында өткен кездесулерде жас ұрпақ тарихи-танымдық бағытта шыққан жаңа журналды жатсынбай қабылдағанын көрдік. Өз тарапымыздан олардың да тілегін ескеріп, жастар шығармашылығына арналған «Қауырсын» атты айдар ашып отырмыз.
Айтпақшы, «DANA.kaz» журналы жақында өзінің сайтын ашты. Енді кез келген уақытта, әлемнің кез келген түкпірінен www.danakaz.kz сайтына кіріп, журнал мақалаларын, ол туралы пікірлерді, редакция ұйымдастырған кездесулер мен мәдени шаралардың бейнебаянын көруге, өз ойыңызбен бөлісуге де мүмкіндік табылды. Бұған қоса Facebook және Mail.ru әлеуметтік желілерінде де журналымыздың жеке парақшасы бар. Мұның бәрі Сіз бен біздің арамыздағы қашықтықты барынша жойып, қоян-қолтық араласу үшін жасалып отыр, құрметті оқырман!
Міне, журналымыздың жаңа 2013 жылдағы тұңғыш саны өздеріңізге сапар тартып барады. Бұл нөмірде де ұлтымыздың ұлы тұлғаларының абыройлы істері, асыл сөздері аз емес. Сондықтан оқырманға арнау сөзімізді сұлтан Бақытжан Бисәліұлының жоғарыда келтірілген мақаласындағы өтінішпен аяқтағымыз келеді:
«Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетеді, құйма құлаққа айтсаң, құйып алады» деген сөз бар. Йә, Алла, бұ сөздер құйма құлаққа айтылған болып табылғай еді».
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы