Елдос Набиоллаұлы Сафуллин 1981 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Егіндікөл ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Егіндікөл орта мектебін үздік бітірген. Мектеп қабырғасында үлгерімі жоғары болып, 10-11-сыныптарда математика пәнінен облыстық олимпиада жүлдегері (ІІ дәрежелі диплом) атанады. 1998 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына математика және информатика мамандығына оқуға түсіп, 2002 жылы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін үздік бітірген. Университетті бітіргеннен кейін сол оқу орнында, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агро-техникалық университетінде 2012 жылға дейін «математика», «информатика» кафедраларында оқытушы болды. Ғылыми зерттеу жұмыстары облыстық, республикалық конференция жинақтарында, білім және ғылым саласын бақылау комитетінің ұсынысымен ғылыми басылымдарда жарияланған. «Математика есептерін компьютер көмегімен шешу» (2006), «Оңтайландыру есептерінің кейбір түрлерін компьютерде модельдеу» (2006), «Информатикадан бейіндік курсты интеграциялау арқылы оқыту» (2007) тәрізді мақалалары, «Тригонометрия курсының әліппесі» (2011) оқу-әдістемелік көмекші құралының авторы.
Үлгерімі төмен мектеп оқушыларын үздік дәрежеге көтеруге негізделген әдістемесі арқылы Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарының талапкерлеріне дайындық курстарын жүргізді. Қазіргі күнде математиканы оқытуға арналған өзінің озық тәжірибелерін облыстың математика пәні мұғалімдеріне таратумен кеңінен айналысып келеді.
2012 жылдан Батыс Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары.
– Елдос Набиоллаұлы, бұл сапардың басты мақсаты қандай?
– Семинардың мақсаты – ҚР біліктілікті арттыру жүйесіндегі педагогтердің е-learning жүйесін елімізге ендіру жағдайында кә-сіптік құзыреттіліктерін дамыту.
«E-learning» – электронды оқыту деген ұғымды білдіреді. Электронды оқыту білім беру ұйымдарының барлық сатыларында: мектеп, колледж, институт, университеттерде қолданылады. Біздің елімізде бұл жүйе бойынша жұмыстану 2010 жылы басталды. Қазіргі күнде жақсы қарқынмен дамып келеді. Себебі әр елдегі түрлі бағдарла-маларды еліміздің кәсіби мамандары зерттеп, өзімізге енгізудің жолдарын қарастыруда. Біздің бұл сапарымыздың мақса-ты да осыған саяды.
– «Кибер» аталған оқу орнының ерекшелігі қандай екен?
– Әлем бойынша «Кибер университет» деп аталатын бірнеше жоғары оқу орны бар. Бұл оқу орындарының басты ерекшелігі, дәстүрлі білім жүйелеріндегідей ғимараттарын-да студенттер, оқытушылар көзге түспейді. Негізінен оқу аудиториялары бос тұрады. Себебі студенттері университет қабырғасынан тыс жерде қашықтан оқу тәсілімен ұнатқан пәндері бойынша қалаған уақыттарында білім алады. Корея республикасында немесе көпшілікке Оңтүстік Корея атауымен белгілі бұл мемлекетте 50 млн. шамасында халық бар. Ал Солтүстік Кореяда 25 млн. халық бар деп есептеледі. Бірін- бірі мойындамайтын осы екі елдің территорияларын қоса алғанда, мысалы, еліміздің бір ғана Ақтөбе облысы территориясына жете алмайды. Сеул қаласында 10-12 млн. тұрғын бар делінеді. Осындай тығыз орналасқан жерде көлікпен тиісті жеріне жету, адамдарды аудиториялармен немесе жұмыс кабинеттерімен қамту, уақытқа үлгеру тәрізді мәселелерді оңтайлы шешудің бір жолы ретінде осы кибер университеттер жұмыстарын сәтті атқаруда.
– Өзіңіз өткізген бейнедәріс туралы айтсаңыз.
– Оқуымыздың төрт күні өткен соң кореялық профессор, dr. Kwoon: «Біздің сабақ өткізу бағытымыз осындай. Сіздер бірнеше күн дәріс тыңдадыңыздар. Біздің университетте заманауи жабдықталған, сапалы видеостудия бар. Енді көп айтылған теориялық білімді қорыта келіп, сіздердің араларыңыздан нақты сабақ бере алатын үміткерлер болса, біз бейнедәріс жасап бере аламыз. Есесіне сіздердегі оқу процесі туралы да түсінік аламыз»,-деді. Біздің тарапымыздан бұл ұсыныс қабылданып, төрт педагог сабақ өткізетін болдық. Сөйтіп, Сеул Кибер университетінің видеостудиясында шеберлік класын көрсетіп, бейнедәріс жасадық. Менің тақырыбым – «Тригонометрия курсының әліппесі» болатын. Сабағыңыз сәтті шықты деп барша әріптестер, кореялық мамандар да жылы лебіздерін білдірді. Бұл шара бір жағынан жауапты, екінші жағынан абыройлы атқарылған іс ретінде есте қалды.
– Кореядан шыққан техника талай қазақтың үйінде тұр. Ал олардың өздері қолданып жүрген техникасы мен технологиясынан қандай ерекшелік байқадыңыз?
– Әрине, Оңтүстік Корея мемлекеті күшті дамыған. Өзге елде болған адамның ол елді өз елімен салыстыруы заңды құбылыс. Оңтүсік Корея әлем бойынша білімі, мәдениеті, өндірісі, компьютерлік технологиясы үздік дамыған елдердің қатарында. Көптеген параметрлері бойынша әлем бойынша кез келген елмен таласа алады. Барлық тұтынатын заттарын толығымен өздері жасайды. Оқу ғимаратында отырсаңыз, ғимараттың құрылыс заттары, әйнек терезесі, үстел, тақта, экран, компьютер, қаламсап, бәрі-бәрі «Made in Korean» деген атпен тұрғаны еріксіз таңғалдырады, сүйсіндіреді. Көшедегі автокөліктері де түгелдей Кореяда шыққан. Сәйкесінше киінетін киімдері де тек өз елі өнімі болып келеді. Бұрын корейлер аласа бойлы деген ұғымда едім. Қазір жағдай өзгерген екен. Көшедегі ұлдары, қыздары біздің орта бойлыларымыздан көп ұзын. Көпшілігі 180 см-ден еркін асып кетеді. «Қалайша осылай болды?» деген сұрағыма олар «соңғы 15 жылда біздің елде тағам көп. Балаларымыз мол тамақтанған соң бойлары да өсуде» деп жауап берді.
– Ал олардың күнделікті тұтыну заттары, азық-түлік, қызмет көрсету түрлерінің бағасына назар аудардыңыз ба?
– Иә, адам баласы қанша дамыса да, тірі ағза болғандықтан тағам мәселесінен алыстап кете алмас. Мәселен, нан бағасы Сеулде 500 теңге шамасында. Сапасымен салыстырса, біздердегі бір таба нан ол жерде 1000 теңге төңірегінде болар еді. Нанды біздердегідей бидай ұнынан емес, басқа өсімдіктер арқылы дайындайды екен. Ет бағасы біздерден 20-25 еседей қымбат. Осындай жағдайларды ескерсек, қазірдің өзінде біздің кез келгеніміз ен байлықтың үстінде отыр екенбіз деген ой келеді. Көшеде, музейде т.б. жерлерде кездескенде кімсіздер деген сұрақтарына «қазақпыз» деп жауап берсек, «о-о, білеміз, өте бай ел, тамақтары өте көп» деп пікір білдіріп жатады. Олардың барша дамуларына қозғаушы күш беріп отырған көз – осынау тіршілікте тек тағам табу мәселесі екені айқын аңғарылады. Жерлері өте кедей, табиғи ресурстары, қазба байлықтары аз. Бірден-бір табыс көзі – адам ресурсы, миы, ойлап тапқан технологиясы, соларды өзге елге енгізу арқылы сату.
Ал қызмет көрсету түрлері өте жақсы деңгейде ұйымдастырылады екен. Өзім көз жеткізгенім, мәселен қала бойынша таксидің қызметақысы бірдей. Біздің Орал қаласымен салыстырғанда арзан деуге болады. «Ана жерден мына жерге дейін қанша аласың?» деп біздегідей саудаласып уақыт жою деген онда кездеспейді. Мінген жеріңіз бен баратын жеріңізді қосатын тиімді жол маршруты экранда навигация құралдары көмегімен көрініп тұрады. 40 км төңірегіндегі жолға 7400 вон, біздің ақшамен 1000 теңге шамасында жолақы есептелді.
– Сандық технологияның бір отаны Корея деп есептеледі. Мамандығыңыз сол салаға жақын болғандықтан, сандық технологияға қызығушылық танытқан шығарсыз?
– Әлбетте, цифрлі техникалардың әлемдегі жаңа түрлерін ойлап табатын, өздері өндіретін ел болғандықтан, Қазақстаннан барған әріптестердің көпшілігіне бұл жерден бір-бір ұялы телефон немесе фотоаппарат, I phone, I pad сатып алу қажет деген ой келгені рас. Бірақ техникалары-ның бағалары біздің дүкендегі-лерден 15-20 мың теңгедей, кейде одан да қымбаттау болып келеді екен. Бұл халқының жалақысы жоғарылау болғандығымен түсіндірілді. Жанымызда жүрген аудармашыларымыз «Кореяда ең төменгі жалақы 1500 доллар» деген ақпар берді.
– Жалпы, елдің тыныс-тіршілі-гін көргеннен қандай әсер алдыңыз?
– Ауасы өте таза. Әсіресе, қаланы қақ жарып ағып жатқан Хангань өзені жағалауында ауасынан жұпар лебі сезіледі. Сондықтан болар, бұл елдің екінші атауы «страна утренней свежести» деп тегін аталмаған. Өзенінде жабайы үйрек, қаздар көптеп мекендейді екен. Жағалауда орналасқан жиырма қабатты зәулім тұрғын үйлердің балкондарына үйректер ұя басып, балапандары шыққан соң өзенге түсіп кетеді екен. Тұрғындар да жабайы құс үйінің бір қуысына паналаса, ризашылықпен қарап, тиіспейді дейді. Youtube-те орналасқан бейнебаян осыған байланысты екен. Мазмұны, балконнан әуелі үйрек ұшып жағалауға түседі, артынан кішкентай, сүйкімді балапандары да биік балконнан төменге секіреді, мамық тәрізді жеңіл болғандықтан олар да қалқып барып жерге аман түседі. Біздегі үйрек көрсе жалп еткізіп атып алатын аңшыларымызға бұл жағдайдың тосын көрінетіндігі анық.
Тәртіптері күшті. Ұрлық жоқ. Ұмыт қалдырған ұялы телефоныңыз, әмияныңыз сол күйінде сақталады. Тек кері іздеп табу шеттен келген кісіге қиындау екендігі болмаса. Дүкендерінің алдында түнде жеткізушілер әкелген тауарлар тұрады. Ешкім тиіспейді. Таңертең дүкен қызметкерлері тауарларын ішке тасып алады.
– Корей халқының өз ана тілі мен тарихына деген құрметі қандай деңгейде екен?
– Корей халқының өз тіліне деген құрметі ерекше. Түгелдей тек ана тілінде сөйлеседі. Кейбір шетелдерде оқыған профессорлары ғана аудармаға оңай болуы үшін ағылшын тілінде сөйлейді. Сауда, қонақүй қызметкерлері де аздап ағылшынша білеміз дейді. Сыпайы түрде, жоғары ілтипат көрсете отырып 2-3 күн ішінде кез келген шетелдіктерді корей тілінде кем дегенде 4-5 сөзді айтуға үйретеді, тіпті байқатпай мәжбүр етеді деуге де болады. Олар өз тарихын жақсы біледі. Ертеде корольдері орналасқан сарайларды, олардың отырған тағын, үлкен-үлкен ғимараттарды сол күйінде сақтап, музейге айналдырған. Түгелдей аралап көруге бірнеше күн уақыт қажет болады. Ересектер үшін билет құны 450 теңге шамасы, балалар мен студенттерге, мұғалімдерге кіру тегін. Мектепте оқытылатын пәндер ішінде математика пәніне ерекше көңіл бөледі. Осы жағдайларды байқағанда, біздің елімізде де ҰБТ пәндеріне қазақ тілі, тарих, математика пәндерін дәл осындай ретпен міндеттеп қоюын ұлт жанашырлары сәтті ойлап, сәтті енгізген деп өз басым қатты риза болдым.
– Біздің Қазақстанды осындай дамыған елдермен салыстыру-ға бола ма?
– Әрине, бүгінде тұрмысымызды салыстыруға болады. Ел аман болса, осы қалыппен дами берсе, даму дәрежесі бұл елдерден асып шыға келуі айқын. Компьютер технологиясы, интернет желісі қоғам өміріне тығыз араласып, маңызды бөлшегімізге айналды. Интернет жылдамдығы біздің қаламызда көп жағдайда Сеулдегі нүктелерден артық болып шықты. Өзім арнайы тексердім (Сеул Кибер университеті, Прима қонақүйі, Инчхон аэропорты, т.б. жерлерде сымсыз интернет).
Көптілділік туралы саясат та алғашқыда құлағымызға түрпідей тигені рас. Қазір қарасам, өзге елде ұғысып, қатынас жасауға орыс тілі көп жағдайда дәрменсіз болып, ағылшын тілі қажеттілікке айналады екен. Сонда ана тіліміз – қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі – бәрі де керек екен. Қазір біздің мемлекеттік саясат өзге әлем елдерінде бар игіліктерді Қазақстанға жеткізуге, білім сапасының жоғары деңгейде болуына қатты көңіл бөліп, мол қаражат құйып отыр. Менің ойымша, мұндағы мақсат: «Ертең өзге елден сатып алып теңесетіндей мүмкіндік беріп отырған табиғи байлықтарымыз, ресурсымыз сарқылады. Сол кезде халқымыз заманының озық, жоғары кәсіби деңгейдегі білімділер қатарына көтерілсе, күнкөрістері жаман болмас» деген бағытта болар деп түсінемін.
Еліміз дамып келе жатыр, әлемдегі рейтингісі мынадай орында т.б сөздер қарапайым біздерге бұрын онша әсер етпейтін еді. Жағдайды көзбен көргенде көп нәрсеге қанығуға болады екен. Расында да, біздің ел жақсы қарқында дамып келе ді. Айырмашылығы, олар бәрін өндіріп отырса, біздің мемлекет сатып алу арқылы сол игіліктердің бәрін өз тұрғындарына жеткізіп отыр. Бірақ еліміз дәл қазіргі бағытындай өндірісті де қолға ала берсе, озық елдермен еркін теңесуімізге сенім мол. Себебі бұған еліміздің экономикалық қуаты да, интелектуалдық әлеуеті де жетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлыбек РАХМАНОВ