Қарсы алдымда тағдырым күнде жылап,
Сірә, қандай тағады кінә маған?
Көз алдымда... жылаған түндер, бірақ...
Есімде жоқ кездерім жыламаған.
Жүрек шаншып жылатты, не істер тағы?
Қала кезіп қаңғырып жүрген де өзім.
Көз алдымда... көңілсіз кештер тағы,
Есімде жоқ шаттанып күлген кезім...
Сіз бе, күз бе? Осынша жылатқан кім?
Жыла! Басқа салғанға көнесің де.
Көз алдымда... сізді ессіз ұнатқанмын,
Ұмытқанмын мен қалай... жоқ есімде...
Болса-дағы сезімім сөнген, мейлі,
Есімді алды-ау есіркеп ессіз қала!
Көз алдымнан бәрі де көлбеңдейді,
Көз алдыма келмейсіз тек Сіз ғана!..