Булла ательесі. Санкт-Петербург, ақпан-маусым, 1907 жыл.
Ғасырдан артық уақыт Петербург мұрағаттарында шаң басып жатқан бұл суретті іздеп тапқан – алматылық алаштанушы Болат Мүрсәлім болатын. Сурет 2012 жылы жарыққа шыққан “Алашорда” фотоальбомында тұңғыш рет жарияланды.
Бақытжан Бейсәліұлы Қаратаев (1860-1934) – алғашқы қазақ заңгері, мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, демократ.
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Ақбақай ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың шөбересі. Орынбор гимназиясын, Санкт-Петербор университетінің заң факультетін үздік бітірген.
1907 жылы екінші Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген жалғыз қазақ. 1907-1916 жылдары ағартушылық жұмыстарымен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. Ақпан революциясынан кейін Мәскеу қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне қатысқан. Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің мүшелігіне енді. Орал облыстық революциалық комитетінің құрамында болып, ұлттар коллегиясының төрағасы, Қазақ АКСР-інің заң істері комиссары қызметтерін атқарған. Қазақстан Кеңестерінің 1-2 Бүкілқазақстандық съездеріне делегат болып қатысқан. Орал губерниялық адвокаттар алқасын басқарған.
Халықтың құқын қорғауда көп еңбек сіңірген заңгер Бақытжан Қаратаев большевиктердің қазақ халқына қарсы ұйымдастырған нәубетіне, аштан қырылуына қарсы батыл үн көтеріп, Ақтөбеде халық алдында Бүкілодақтық комитетінің (большевиктер) партиясы Қазақ өлкелік комитетінің 1-хатшысы Ф.Голощекинге қарсы шығып, халықты қырған аштыққа ұрындырған қылмысын бетіне басқан.
1927 жылы діни көзқарастары үшін большевиктер партиясының қатарынан шығарылған.
Ақтөбеде 1934 жылы 28 тамызда дүниеден өткен.
Суретте Б.Қаратаевтың қасындағы екінші қазақ – Темірғали Нұрекенов – ІІ Думаға Семей облысы қазақтары атынан сайланған депутат. Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін Әлихан Бөкейханов ІІ Думаға депутат болу құқынан айырылған еді. Сол себепті Әлихан Семей облысы қазақтарынан депутаттыққа 5 адамның атын атайды. Біреуі Шәкәрім, біреуі Темірғали, енді бірі Кәкітай. Осылардың ішінен Темірғалиға депутат болу бұйырған екен.
P.S. ІІ Думаның да ғұмыры ұзақ болмай, 1907 жылдың маусым айында таратылған. ІІІ Мемлекеттік Думаға Ресейдің бұратана халықтары депутат сайлау құқығынан айырылды.