«Ас – адамның арқауы» деп жүрміз, ата-бабамыздың негізгі асы деп жатқан ет пен сүт өнімдерін биологиялық құндылығын талдайтын болсақ, аталған тағамдар адамның бүкіл физиологиялық сұраныстарын толыққанды өтейді деп айта алмас едік. Бірақ қолда бар құралдардың бәрімен сүзіп-шайсақ та бұрынғы бүкіл ортастатисти-калық қазақтың дастарқанына ортақ өзге мәзірді, сірә, таба алмаспыз. Мәселе, үйден мал сойылғанда біз тек таза ет ғана емес, малдың өзге де жеуге жарарлық бүкіл мүшесін тұтынатындығымызда болып отыр. Өзіміздің мүйізі қарағайдай ғалымдарымыздың айтуына қарағанда, базардан келілеп ет алған мен үйіңде ақ адал бауыздап жегеннің айырмашылығы үлкен. Үйде сойғанның арзан, таза, адалдығын былай қойғанда, бұның денсаулыққа тұп-тура қатысы бар. Себебі мал үйден сойылған кезде, оның барлық мүшесі қазанға түседі. Сөйтіп, біз таза ет-майда жоқ не аз, алайда құйқада, ішек-қарында, бауырда... бар биологиялық құнды заттарға қарық боламыз. Даланың көк майсасында еркін жайылып қоректенген малдың етін жеген атам қазақ шөп-шаламға алаңдамағаны да сондықтан. Әйтпесе, бабаларымыз қараша үйді қара домалақтарға толтырып қоймақ түгілі, авитаминоздан сілесі құрып, аузынан тісі сатырлап түсіп, жер бауырлап жатуы керек еді!
Қазір кейбір кещелер мазақ-қа айналдырып жүрген әдемі де дана дәстүр – «асатуды» анықтап көрелік. Жан-жағы-нан қоршап алып қаужаңдаған немере-шөберелерінің әр қимылын (қандай әдемі көрініс!) қыран құстай жіті шолып отырған ата не әже осы қарақ-шырақтардың қайсысы қандай мүшеден қашқақтап отырғанын бірден байқап, тап сол мысалы құйқадан, тап сол мысалы өкпе-бауырдан (қазіргідей қолына ілінгенді емес) асатады. Сөйтіп, күнде қайталанатын осы асату арқылы ұрпағының ағзасына барлық витамин, минералдар-дың жеті атасының үйір-үйірмен жөңкілуін қамтамасыз етеді!
«Ет іріталшықты тағамға («грубоволокнистая пищаны» өзімше қазақша-лағаным) жатпайды, сондықтан ағза жеген астың қалдығынан арылу үшін бәрібір шөп-шаламсыз іс бітпейді», - дейсіз ғой. Қазір соны айтайын деп отырмын: қазекемде талшықты тамақтың рөлін құйқа құтырта отырып орындаған. Бұл жөнінен сайысқа түсе қалса, кәдімгі құйқа қазіргі талшықтылардың талайын шаң қаптырады. Ағзаларының тазару механизмі әлі жетіліп, қалыптаспаған балаларға құлақ, ал керісінше болдырып қалған қарттарға бас тартылуы да сондықтан.
Қазір кейбір адамдар «осы соғым сойып неғыламыз, керегінде келілеп алып отырмаймыз ба?» деп жатады. Бұл дұрыс емес. Біріншіден, жаңа ғана айтқандай, үйде сойғанда, малдың өзге мүшелерін тұтыну мүмкіндігіне ие боламыз. Екіншіден, дұрыстап тұздап кептірілген ет сақтала келе, жаңа сойылған, немесе сойылған соң тоңазытқышта сақталған етте жоқ қасиеттерге ие болады. Бұндай етті қазақта «сүр ет» деп атап, оған құрметпен қарайды. Құрметтемей көр: иісі мұрныңды жарып, тәбетті тыпыршытып жіберетін бұл ет сүрлену барысында жүретін күрделі процестер арқасында, басқасын айтпағанда, тамаша кулинарлық қасиеттерге ие болады.
Аты аталғанда ауыздың суын құртып, анау-мынау кірбіңді жуып-шайып ұмыттырып жіберетін жылқы мәзірлерін өз басым «халал наркотикке» (үйлесімсіз сөз тіркесі, әрине, қайтейін енді) теңер едім. Қытымыр қысты сағындыратын сүр ет жеймін десеңіз, соғым союды әдетке айналдырыңыз. Теңдессіз дәм мен буынан басқа да бонустар болатынына, осының бәрін өзі ойлап тапқандай сайрап отырған мен емес, саф алтын салт-дәстүр кепілдік береді.