Ай өткен соң осы қызметің үшін жалақыңды алып, мәз-мейрам боп керек-жарағыңды алып, келесі айдың айналымына кете барасың. Ал бұл кім үшін? Әрине, өзің және отбасыңның тамағы, киімі, оқуы, тағы басқа қажет материалдық дүниелерді алып, жайбарақат өмір сүруің үшін. Біреулер «бәрі де бала-шаға, жанұя асырау үшін, сананы тұрмыс билеген заман ғой» дейді. Сонда көпшілігіміз жалақы үшін жалданып тек өзіміз, қара бастың қамы үшін күнелтіп жүргеніміз ғой. Бірі бұған «біз мемлекеттік қызметті атқарып жүріп-ақ елге қызмет етіп жүрміз» дейді. Сонда ел үшін ақы төлесе ғана қызмет етеміз бе?
Менің ойымша, әр адам ақы үшін атқарып жүрген қызмет уақытынан тыс ақысыз еліміз үшін қажет іспен мүмкіндігінше айналысуы керек. Әр адам өз қолынан келетінін қарапайым істен бастағаны жөн. Мысалы, айналадағы күл-қоқысты тазала, қиыншылыққа тап болған адамды көрсең, көмектес, қолыңнан жазу келсе, дұрыстықты жаз, ақын болсаң, ел үшін мазмұнды өлең шығар, жыршы болсаң, жастарға жыр үйрет, баспагер болсаң, құнды дүниелерді жинақтап кітап шығар, программист болсаң, жаңа технологияны қазақша сөйлетіп, қажет бағдарламалар жасақта, ақсақал болсаң, жөнді сөзіңді айт, әнші болсаң, шынайы, салмақты ән шырқа, күйші болсаң, түрлі ортада мазмұнды күй тарт, ақшаң болса оңды-солды шаша бермей, түрлі игі бастамаларға жұмса. Осылайша тізбектей берсек, елге пайдалы қыруар іс атқаруға болады. Мүмкіндігінше істеп жатқандар да бар. Бірақ өте аз. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші, қайырлы іспен шынайы айналы-сатын адам көбейсе, елдігіміздің артқаны.
Құрметті оқырман, мәңгілік ел болу мұратына жетеміз десек, болашақ бүгінгі осы шақтан бастау алады ғой, сондықтан бүгіннен аянбай қызмет етейік. Жанымыз мекен еткен тәніміз үшін материалдық құндылықтар керек-ақ, бірақ тәннің өмірі өлшеулі қысқа, ал жан ғұмырлы ғой, сондықтан ғұмырлыға қажет азықты жинаудан жалықпайық.
Ақбай БАРЖЫҰЛЫ