«Салы суға кетті»

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде баспасөз қызметінің бас маманы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

Қазақта «Елдің ішін ала тайдай бүлдірген» деген сөз бар. Бірақ «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» де, соңынан толықтырылып жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» де бұл туралы жұмған аузын ашпай кетеді. Жалғыз-ақ «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» ғана: «Лаң, бүлік салды, атыстырып-шабыстырды; астан-кестені шықты», - деген мағынасын ашып көрсетіп, мысал келтіреді. Болды. Басқа ақпар-мәлімет жоқ.
Ш.Уәлихановтың көп томдық шығармалар жинағының 2-ші томындағы «Қырғыз (қазақ) шежіресі» туралы мақаласынан мынадай қызық дерек таптық:
«Ала тайдай бүлдірген» деген мәтел қалмақ аңыз-дарымен түсіндіріледі.
Мен Құлжада ойраттың өткен тарихын жақсы білетін бір қарт адаммен (туульчи) сөйлестім. Ол маған Хо-Урлуктың ноғай мен қазақты жеңгені жайлы көптеген жырларды жырлап берді. Осы жырдан мен жоғарыда айтылған мәтелдің мағынасының кілтін тапқандай болдым.
Ноғайлар қалмақтардың шабуылынан әрбір күн сайын үрейлері ұшып күтсе, қалмақтар ноғайлардың күшінен қорқып, оларға шабуылдай алмайды. Бір күні түнде ала тай желісінен босанып кетіп, бүкіл жылқыны дүрліктіреді».
«Өзі қашқалы тұрған қоянға “тәйт” дегесін не жорық» деген, содан кейінгі жағдай белгілі ғой.
Сол сияқты “салы суға кетті” деген сөздің де әуел бастағы мағынасы аяқ артқалы тұрған көлігінен айырылып, шарасыз күйге түсті деген болуы керек.
Ит жегіп, алыс сапар шекпеген адам «ит арқасы қиян» деп айта ма, сол сияқты ойлағаны ойран болып, бар үміті – салын ағызып алған адамның көңіл күйін су жағалап өмір сүрген халық қана жақсы түсінеді. Сөйтсек, сөздік қордан бір ғана тілдің байлығын ғана емес, халықтың бір кездегі нақты тұрмысынан да көрініс, ең құрыса, сілемін табуға болады екен.
Жоғарыда біз мысалға келтірген фразеологиялық сөздікті құрастырушы академик І. Кеңесбаевтың жазуын-ша, салы суға кетті – бұл ең көп айтылатын типке жататын көрінеді.
“Жерден жеті қоян тауып алғандай қуанды” деген екінші – жанама, туынды мағына берсе, сол сықылды “салы суға кетіп отыр” деген де басқа мағынада қолданылып отыр. Егер де бұл сөздерді «салының суға кетуі» мағына-сында тікелей түсінсек, фразеологизм бола алмайды.
Қ.Жұмағалиев айтқандай, қазақ – баласының атын да ұйқастырып қоюға шебер, өлеңдетіп сөйлегенді ұнататын халық.
Фразеологиялық тізбектерді тұрақтандыра түсетін белгілердің бірі – олардың ұйқасқа құрылуы болса, әсіресе, аллитерация тәсілімен жасалған, «с» дыбысынан баста-латын компонент: “салы суға кетіп отыр” әдеби жағынан қолдануға ыңғайлы, ауызекі тілде сөйлеушіге де ағып тұрғандай шешендік сипат береді.

Қаралым саны 6606

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463