Қамзол – шапанға қарағанда ықшам, қысқа, көбінесе жеңсіз немесе қысқа жеңді болып келетін әйелдің сырт киімі. Салтанаттарға киілетін қамзолдар аса қымбат матадан белі қыналып, өңірі мен етегі түрлі оюмен кестеленіп өрнектеледі. Қамзолдың астары үшін көбінесе атлас, шағи, торғын пайдаланылады. Оның екі өңірі біріне-бірі сәл жетпей тұратындай етіп тігеді. Сондықтан түйме орнына қамзолдың алдына зергерлер әшекейлеп жасаған, алтын, күміс жалатып, асыл тастан көз орнатқан қаусырма қадалады. Қамзолдың желкесінен бастап екі өңіріне және етегіне айналдыра алтын оқа басады не зер тігеді. Кейде құндыз бен түлкінің қара пұшпағымен әдіптейді.
Дина әжеміздің қамзолы шамамен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қолдан тігілген. Ол күрең барқыт матадан тігіліп, жиектерінің айналасына зер салын-ған. Қамзолды 1980 жылдары Жаңақала ауданы Жаңаталап елді мекенінде тұрған Дина әженің жиені Ниетқали Өтегенов тапсырған еді.
Ниетқали Өтегенов Динаның қызы Бақтылыдан туған. Анасы көзі тірісінде өзінің көзіндей болып жүрсін деп талай рет жұрт алдына шыққан кезде киген қамзолын сыйға тартқан екен. Динаның бірнеше рет ана атанып, он шақты бала сүйгені анық. Оның қызы Бақтылы кердері руының Өтеген деген азаматымен отау құрып, бірнеше бала сүйген. Ниетқали Өтегенов – Бақтылының кіші баласы, ол соғыс және еңбек ардагері. Ол кезінде әжесінің жанында болып, Қазақ КСР-ының халық әртісі Қали Жантілеуовпен бірге Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрде өнер көрсеткен екен. Динаның жиенінен туған ұрпағының айтуынша, шешеміз өте талапшыл, қатал адам болған, күй үйреткенде шәкірттерінің бірден ұғып алуын талап еткендігін айтады.
Іңкәр ОРАЗОВА,
БҚО тарихи-өлкетану музейінің Экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің кіші ғылыми қызметкері