Жетікөлдегі «Шошақ мола» жөніндегі ақын әрі тележурналист Мұнайдар Балмолда ағамыз бұдан бірнеше жыл бұрын жазған болатын. Жетікөл ауылындағы Сырым атындағы жалпы білім беретін орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі және мектеп мұражайының жетекшісі Зина Ерғалиеваның айтуынша, осы өңірде малы мыңғырған бір бай өмір сүріпті. Әлгі бай олай-бұлай болып кетсем, мені осы молаға жерлеңдер деп төбе басына биік қылып мола соқтырыпты. Моланың кірпішін дайындау үшін сазды осы маңнан 3-4 шақырымдағы Ақоба жерінен тасытыпты. Байдың жалшылары қаз-қатар тізіліп тұрып, саз кірпішті қолдан-қолға беріп жеткізген деседі. Бірақ байдың дегені болмайды. Айдай сұлу қызы кенеттен дүние салып, бай салғызған шошақ мола сол қызына бұйырады. Ал байдың қайда қалғанын ешкім білмейді екен...
2013 жылдың 17 сәуірі күні аудандық «Сырым елі» газетінің бас редакторы, ақын Махмет Қажиахметов ағамыздың бастауымен елді мекеннен шалғай жатқан көне қорымға арнайы бардық. Қазіргі биіктігі шамамен 4,5-5 метрдей, алыстан менмұндалап көрінетін кесене саз балшықтан иленген шикі кірпіштен қаланған құрылыс екен. Төменгі бөлігі 4х4 метр болып келеді, 2 метрдей биіктікке дейін төрт қырлы болып қаланып келіп, әрі қарай тік күмбез (конус) пішінге ауысқан. Жоғарыда, батыс беті мен шығысында ауа кіретін терезе, құбыла бетінде есік қалдырылған. Қабырғасының қалыңдығы 1 метрден артығырақ. Ең биік төбесі құлаған.
Енді кесене алдындағы құлпытасқа келейік. Жер бетіндегі биіктігі – 1,5 метрдей. Ескі араб әрпімен жазылған мәтін құлпытастың үш қырына орналастырылған. Алдыңғы жағынан қарағанда жоғарғы бөлігіне «1858 санада» деп жазылған, ең төменде ру таңбасы белгіленген.
Алдыңғы (батыс) беті:
1858 санада
Алаша руы
Сары тайпасы
Байбарақ (?!) бөлімі
Тақай (Тақас?!) халалы (әйелі деген сөз – Қ.Қ.)
(ру таңбасы)
Жоғарыда:
Жаздырды баласы
молла Тілез (Тілзер)
Шығыс бетінде:
Ерсит (?!) бәйбіше
опат 42 жасында
Әл-мул-Қадша
ләкун ба да
рал-фанадан
дарал-бақаи
(мағынасы: уақытша фәни дүниеден мәңгі бақиға – Қ.Қ.)