Жан азығы

Өткен 2013 жыл тарихты зерттеп-зерделеуге тың серпін беріп, ұлттық тарихтың маңызы насихатталғанымен ұраны басым, тыңғылықты іс мардымсыз болғандай. Әйткенмен елдің болашағын шынайы ойлайтындар еш уақытта ешкіммен санаспай-ақ түбі бір, тамыры терең тарихымызды зерттеулерін жалғастырары анық.
Өткен жылы «DANA.kaz» журналының ұжымы көптеген тың жобаларға бастаушы болып еді, биыл да жалғасын табатынына сенімдіміз.

Осы бағыттағы істердің бірі еліміздегі мұражай мен мұрағаттардағы шаң басқан құжаттарды зерттеу нысанына айналдыру. Бүгін біз көп сөйлейміз, аяғымыздың астындағы құнды дүниелерді байқамаймыз. Мысалы, жақында Батыс Қазақстан облыстық мұражайынан баспасөз саласын зерттеушілердің көптен іздеп таба алмай жүрген «Ұран» газетінің көшірмелері табылды. Бұл Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің ұйымдастыруымен 1917-1918 жылдар аралығында жарық көрген баспасөз тарихында маңызы зор басылым. Осы құнды дүниені зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов жинақтаған екен. Бұл бір-ақ мысал. Осы іспеттес Орал қаласының өзінде қаншама тарихи құжат зерттеушісін күтіп сарғаюда.

Ал Ресейдің біздің облыстармен шектесетін губернияларындағы мұрағаттарында біздің тарихымызға қатысты құнды дүниелер тіптен көп. Оларды біртіндеп елге әкелудің жолдарын бүгіннен бастап қарастырмасақ, ертең кеш болады. Ол құжаттар шынайы тарихымызды жазуға орасан сеп болар еді. Мысалы, Орынбордағы мұрағаттан Есенгелді Жанмырзаұлына қатысты құнды құжаттардың көшірмелері әкелінді. Осы Есенгелді туралы жергілікті халық не біледі? Қысқаша айтсақ, көпшіліктің білетіні мынау: «Есенгелді өз малының санын білмейтін аса бай болыпты, қартайған шағында Бекей есімді баласын өлтірткен, ашуланған келіні малының құты болған байдың тонының үстінен әдейі аттаған. Содан байдың құты қашып, қу кедей болған» дейді. Құжаттармен танысып, одан аңғарғанымыз, Есенгелді – өз заманында соңынан ерген жұртына сөзі өтімді, ықпалды тұлға. Бекей – осы ықпалды адамның орнын басу мүмкін тұлға. Есенгелді бір жылдары тіпті он екі ата Байұлының бас старшыны атанған. Орынборда құрылған бір комиссияда Байұлының атынан Есенгелді өкіл (әдетте, бұл деңгейдегі лауазымды тек төре тұқымы иеленген) болыпты. Ал Бекей – тана руы, Асан бөлімінің старшыны. Әрине, Ресей үшін қазақ арасында өте беделді адамдар керек емес еді, тіпті қауіпті болатын. Ел аузында айтылатын оқиғалар шын болғанның өзінде, оның астарына үңілген жөн болар. Бұл тұлғалар зерттеліп, тарихымыздан лайықты орнын алар. Бірақ қол қусырып отыра берсек, бізге қажетті дүние аспаннан салбырап түспейді, бөтен біреу тауып әкелмейді. Сондықтан бұл кімге қажет, сол бастап бас біріктіріп, іске кірісу қажет.

Құрметті тарихшылар, өлкетанушылар, жоғарыда айтылған мәселелерді шешуге қолдау білдіруге ниетті, еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын кез-келген көмектесуге ықыласы бар жерлестер, баршаңызды ортақ іске жұмыла кірісуге шақырамын. Бұл бағыттағы жұмыстарға «DANA.kaz» журналының ұжымы үйлестірушілік қызметін атқаруға лайық.

Теңіз тамшыдан құралады демекші, тәнде жан барда аянбай қызмет етейік.

Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 1154

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463