ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ – ҚАМШЫДА

Ел-жұртымыздың мәдени-тұрмысы мен рухани зердесінде кәдімгі қамшы ерекше орын алып келген. Қазақ өмірінде қамшы – өнер туындысы, қамшы – рухани күш-қуат, қамшы – сый-сияпат, қамшы – жігіт пен қыздың сәні мен салтанаты, қамшы – азамат айбыны, қамшы – шебер қолдың айғағы, қамшы – алса қару, қалса мұра. 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 27 қамшы сақтаулы тұр. Бұлардың әрқайсысының тарихы, өзіндік ерекшелігі бар. Солардың бірі – өздеріңіз суреттен көріп отырған тобылғы сапты, күміспен қапталған он өрімді дойыр. Қамшының күміс қаптамасына қара сиямен «Қайролла 1935» деп жазылған. Бұл қамшыны өткен ғасырда Гурьев (қазіргі Атырау) облысында өмір сүрген Нұртекеш ұста жасап, 1935 жылы ағасы Ниязов Қайроллаға сыйға берген екен. Қамшы сабының ұзындығы 45 см, өрімімен 73 см.
Қамшының қасиетін сипаттар болсақ, ең әуелі қамшы киелі зат орнында қолданылуынан көне түріктегі бақсы qam-šï – бақсы құралы атауы туындаған дейді. Адамға, отбасына, малға келген жын-шайтанды қуу, пәле, жала, ауруды аластау, айықтыруда бақсыға қамшы көмекке келеді. Киелі бақсылар «алты жылан ат етіп, екі жылан қамшы етіп» жауыз рухтарды соғатын болған. «Қара суды теріс ағызатын» Бағаналы Қойлыбай бақсы шақыру келгенде, өзі бара алмаған жерге қамшысын беріп жібереді дейтін аңыз кең таралған. Кеңес заманында БҚО Жаңақала ауданының тұрғыны Шарап бақсы да ауыл үстіне келген өртке қамшы ұрып, бетін қайтарған екен. Бақсының қамшысы киелi, ол сүйген мұрагерiне сыйға тартылады, солайша киелi бұйым ретiнде тұмарлық ретінде сақталады.

Қазақ даласында қамшыгерлік өнері де кең тараған. Қалмақтар қазақтың ұрған қамшысынан қиралаңдап құлай берген соң, мейлінше тәнті болып: «Қазақтың қызын алма, қамшысын ал» – деген екен. Ержүрек жаугер бабаларымыз ұрысқа «Сес пірі қолдай гөр!» деп, қамшыларына сыйынып шығады екен. ХVІІІ ғасырдың аяғында қазіргі БҚО Жаңақала ауданы Битілеу ауылының маңында, қазақ пен казак-орыс арасында жайылым жер үшін дау туындағанда, қамшыгер-лердің жекпе-жегімен шешеміз депті. Казак-орыстың атама-нына қарсы Битілеу атамыз шығып, қамшымен бір тартқанда, тілге келмей жантәсілім еткен екен, сөйтіп жер дауы қазақ-тардың пайдасына шешілген. Қамшыгерлік қазіргі уақытта ұмытылып қалған ұлттық өнердің бір түрі, қамшымен соғу-дың, ұрудың көптеген әдісі болған. Мәселен, олар: қамшы үйіру, қамшы білеу, қамшымен жасқау, сипай қамшылау, батыра қамшылау, орап тарту, шықпырту, оса тарту, тіле тарту, баса тарту, көсіп жіберу, серпе тарту, көсите тарту, салып қалу, сілтеп қалу.

Қамшының құқықтық қатынасты реттеуге байланысты қызметінің бірі «қамшы қазылық» деп аталады. Ол дау-дамайды ұрыс-соғыссыз, биге жүгіну арқылы шешуге байланысты қолданылады. Биге жүгінуге келгенде дауласып, айтысып, кінәласар алдында жерге қамшы тастап кезек алуы «қамшы тастау (тастар)» деп аталынады. Жайшылықта үйге кірген адам қамшысын қолына алып төрге қарай озып, ортаға тастайтын болған. Ал екі бүктеп келiп, жамбасының астына басып отырса, дауласуға келгендігінің белгісі.
Қамшының құрылысын сипаттасақ, Доспамбет жырау-дың (XVІ ғ.) «Қарағайлы көдік бойында, Қамшым қалды ойында: Бүлдіргесі – бұлан терісі, Өрімі – құнан білдің қайы-сы, Шырмауығы – алтын, сабы - жез», - деген жолдарында негізгі бөліктері айтылады. Сабы бүлдіргіден – қайыстан тілін-ген баудан (оған қол сиятындай болуы шарт), тобылғыға был-ғарыдан қапталған (орта кезінде Ие шашағы болады) тұт-қадан – ұстаулықтан, бас жағындағы былғарыдан жасалған алақанынан – жылан басты әшекейленген қайыстан тұрады. Осы алақанға қайыс бау арқылы (темір шығыршық та орнатыла береді) ошақ басы – қайыстан өрілген өрім бекіті-леді де, ұш жағына мал айдар шашақ орнатылады. Алақан қамшының басы мен қайыс өрімді – ошақ басын біріктіріп, ошақ басының біткен жерін түйін дейді. Жылан басты қайыс алақанның ұшы періште шақырар шашақ деп аталынады. Беті күмістен, алтыннан, жезден ою-әшекейленіп, асыл тастар орнатылып, жиектері қайыспен әдіптеледі – көмкеріледі. Қамшының тұтқасына да күміс, алтын, жез қаңылтырға қазақтың ою-өрнегін әдістеп, бетіне асыл тас орнатылады. Сабының артқы жағына күмістен (алтыннан, жезден) сақина кигізіліп, тамғаның мөрін: ауылдың, рудың не болмаса шебердің тамғасын салады және бас жағына да әшекей-ленген жезден, не болмаса алтыннан, көбіне күмістен сақина салынады. Сақинаға да қазақша ою-өрнектен түртпі салы-нады. Ең алдымен оның тобылғыдан жасалған сабына бір тоқталып өтелік. Тобылғы қазақ жерінің нулы-сулы, тоғайлы жерлерінде (ашық далаларда да) кездесе береді. Осы топталып өсетін ағаш келе-келе қатайып, темірдей берік болады және ыстық-суыққа төзімді, судан қорықпайды, жарылмайды. Тобылғыны қамшыға сапқа дайындайтын мерзімі (мезеті – бір сәті, кезі, мезгілі) қазіргі желтоқсан, бұрынғыша қаңтар айы. Осы сабы тобылғыдан жасалынатын қамшылардың өзіндік атаулары болады, ол сол қамшының қандай мақсатқа қолданылатынына байланысты бірнеше түрге бөлінеді:

1. Сүндет қамшы. Атадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге, шөбереден неменеге келе жатқан ата дәстүрі бойынша баланы сүндетке отырғызғанда оған тума-туыстары тобылғы сабы төрт тұтам қамшыны сыйға тартады екен.
2. Бәйге қамшы. Бәйгеге шабатын тобылғы сапты қамшы-ның ұзындығы төрт тұтамды құраса, оның ұзындығын шын-тақтан шынашаққа дейінгі аралықпен де өлшей берген және сабының жуандығы шынашақтай болады.
3. Көкпар қамшы. Көкпар тартуға арналған қамшының тобылғы сабының ұзындығы үш-ақ тұтам және жуан болады. Көкпар қамшының сабына, жылан басты алақанына көкбар-шының қолын жыртып, зақым келтірмес үшін ешқандай әше-кей салынбайды, темір атаулы қолданбайды.
4. Дойыр қамшы. Дойыр қамшының тобылғы сабының ұзындығы бес тұтам, сабы мен өрімі өте жуан болады.

5. Неке қамшысы. Неке қамшысының сабы қыз балаға еліктің сирағынан жасалынған. Егер қыз баланың ата-ана-лары әлді болса оның қамын ерте ойлап, қырқынан шы-ғарысымен жасауын күні бұрын даярлап, атақты шеберлерге еліктің сирағын әшекейлетіп, өрімін тарамыстан өргізіп, шашақ салғызып, сабына күміс не алтын, не жез қаңылтырға бедер – ою жүргіздіріп үзбелеткен, ортасына асыл тастар орнатып көмкерткен.

6. Соп қамшы. Өгіз айдауға арналған қамшы. Тобылғы сабы төрт тұтам, өрімі ұзын жиырма бес тұтам, болады және ұшына қайыстан төрт қарыс жалқы бау тағылып, ол арбаның ұзындығына қарай жегулі атқа не өгізге жететін болуы керек. Сонда бар ұзындығы екі жарым құлаш болып шығады.
7. Үйір қамшы. Бұны жылқышылар ұстайды. Өрімінің араларын үш шығыршық біріктіргендіктен ұзын етіп жасалынады. Түйе айдайтын үйір қамшыны шыбыт қамшы деп атайды.
8. Ноғай қамшы. (Ногайка). Аралары жақын орналас-тырылған екі өрімнен тұрады және салмақты болу үшін өріміне үлкен шашақтар орналастырылады.

9. Баптау қамшы. Асауды үйрету кезінде оны үркітіп, қорқытып алмау үшін бұл қамшының өрімі тобылғы сабының басынан аяғына дейін түгелдей шикі теріден өріліп, ішіне қайыстан қатты өзек салынады. Сол өзектің арқасында өрімнің тік тұратын қасиетін қылыш сияқты дейді екен де, орыстар содан оны «хлыст» деп атап кеткен көрінеді.
10. Аңшы қамшы. Сабының ұзындығы бес тұтам, ұшында қорғасын өрілген өрімі он екі тұтам. Дойыр, аңшы, барымта қамшыларды дырау қамшы деп те атай береді.
11. Барымта қамшы. Тобылғы сабының ұзындығы алты тұтам, жуан өрімі он тұтам, түйіні де жуан әрі ұзын болып істелінеді. Екі аттылы төбелескен кезде бір-бірінің бойынан асыра сілтегенде қамшының ұшы тіпті үшінші қарсыласының тізесіне не тобығына тиіп, жанын сақадай сақылдатып, аттан аударып түсіре білген.
Қамшы әбден иленген сиыр терісінен өріледі. Әр қазақ ауылында айтулы өрімшілер болған. Жай өріп қана қоймай, оны өнер көзімен, шебер қолымен, өте жоғары талғам-талап-пен қырлап, жұмырлап, бұрап, бедерлеп, үзбелеп, термелеп, еспелеп, бір сөзбен айтқанда, көркемдеп, таңдай қақтырар-лық ұқыптылықпен өнерлеп өрген. Өрімнің бірнеше түрлері бар . Ол таспамен, тарамыспен, қайыспен өріледі.

Өрімнің түрлері:
1. Үш не төрт бұрым өрімі қайыстан өріледі және бәйге қамшыға қолайлы. Өрімдерді өңдейтін әр түрлі құралдары болады. Өрімді көбіне екі тақтайдың арасына салып әрі-бері итермелеп, домалатады. Төрт өрім, сегіз өрім қамшылар төрт қырлы болып шығады, оларды жаңағыдай тәсілмен домалақтайды.
2. Алты өрім. «Әй, алты өрім бұзау тіс, көп былжырамай аттан түс!»
3. Сегіз өрім, төрт қырлы. Бұл мал айдауға қолайлы. Соп, үйір, ноғай қамшыларға қолданылады.

4. Он екі өрім қамшы. Лайық болар сәндікке. Сәндік қамшылардың өріміне қарай олар төрт, алты, сегіз, он екі қырлы болып жасалына береді. Оны қырлау үшін сүйектен, мүйізден қалақша жасап, ортасына әр түрлі қырлы тесіктер жасалынып, өрімнің түріне қарай әр тиісті тесіктен өткізіп, қамшы өрімінің қырын шығарады.
5. Қырық екі өрім, бұл тарамыстан өріледі.

Өрімді дайындау кезінде иленген теріні үш елі кесіп, ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізіп, жалпақтығын, енін, қалыңдығын реттейді. Ал сыдырғы үш тұтам тобылғыдан жасалынады. Ол үшін тобылғының үш жағына кертпе салынып, сол арқылы өткізілетін таспаның, терінің ені, қалыңдығы мөлшерленіп, әдейілеп қондырылған пышақтың жүзімен тілінеді. Ал шикі теріден жасалынған қайысты таспа дейді. Тарамысты қырық екі өрім қылып тарқатады да, содан өрім өреді, ол үш тұтам болып шығады. Өрім дайын болған соң оған алақан дайындайды, ол тобылғы сапты қамшыға бауырымен өріледі. Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшыны «Қазақтың ала қамшысы» деп атайды. Ол алақанның екі-үш түрі бар, түзу және жыланбас. Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандары­ның бірі болды. Қазақ аттан түсіп жаяу қалғасын, қолына қамшы ұстауды да қойды. Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінуші еді. Ат пен қамшыдан айырылған жай қазаққа айналды. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қамшыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғастығын табар еді. Атам қазақ қамшының қыр-сырына бесігінен қаныққан, кие-қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен. Себебі бала бесікте жатқанда шошымасын деп бас жағына қамшы тастаған, не болмаса жастығының астына жастаған. Тобылғы қамшының өрімі жастықтың астынан жерге салбырап тұрмай, сабымен бүктеліп жатса «балаға қамшы тиеді» делінген. Бұл ата-бабамыздан қалған ырым. Негізінде қамшы керегеге ашық ілінген. Бұл қамшы иесінің «мал басы аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен» деген тілеуі екен. Қамшы бұл қазақ халқына тән нәрсе. Оның бойында қасиеті де, құдіреті де, киесі мен иесі – Сесі бар. Қазағымның мәңгүрттеніп, судан тиыш, бетегеден аласа болып қалғаны да осы қамшысынан айырылғанының кесірінен. Қазақтан белінен семсері мен қанжары, шаңырағынан қылышы мен найзасы, астынан аты, қолынан қамшысы кетіп еді, Сесі де бірге жоғалды. Сонау Сақтар заманынан қазақ бабам мынау ұлан-ғайыр кең даланы білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғаған. Аты пырағы болса, тобылғы сапты қамшысы серігі, Сесі болған. Ат айдаса – құралы, аң ұстаса – қаруы, жабырқанса – сырласы, жауға шапса – рухы, дұшпанына – Сесі! Қамшы жүрген жерде оның өрімінде періштелер дұғасы ере жүреді. Сондықтан да ол мұра болып, бабалардан аталарға, аталардан әкелерге, әкелерден балаларға, одан да беріде мына бізге жеткен. Кейінгі ұрпаққа жеткізу – біз үшін парыз.

Қаралым саны 3240

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463