«Қырсыққанда қымыран іриді»

Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,
журналист

Журналдың бұл айдарында бүгінде қолданыста жүрген, ауыз әдебиеті үлгілерінде жиі ұшырасатын, бірақ шығу төркіні көмескілене бастаған сөздер туралы әңгіме болады. Айдарды белгілі журналист, жергілікті өлкетанушы, күйші, ақын, Батыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Дәулеткерей Құсайынов жүргізеді.

Бір қарағанда мұны білмейтін адам жоқ, істің орайы келмей жатса, оп-оңай осы түрінде қолдана саламыз. Істің қисыны кетсе қымыран іриді не қырсыққанда қымыран іриді, қысқасы бұл мақалға айналып кеткен.
Солай десек те, 1982 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» ашыған айранға піскен сүт қосып сұйылтқан сусын деген мағынасы барын айтады да, арыға баспайды. Дәйексөзге келтірп отырған Қ.Ысқақовқа құлақ түрсек, «...көңілі құрғыр қымыз орнына қымыран ішкендей көншімей отыр». Яки, қымыран айыз қандыратындай сусын емес деп қана топшылайсың. Одан әрі диалект түрінде кездесетініне тоқталып, түйе сүтінен ашытылған сусын, шұбат деп кетеді.
2009 жылғы «Қазақ тілінің әдеби тілінің сөздігі» мағы-насын: «Түйенің сүтінен ашытылған қымыз оңтүстікте – қы-мыран, бие қымызынан әлдеқайда артық сапалы және ем екенін түйенің қадірін білетін, жөнін білетін жұрттан сұрау керек», - деген Мұқтар Әуезовтің сөзімен толықтырады.
Жазушы Мархабат Байғұтовтың «Қызылқұмның қымыраны» деген мақаласы бар. Тілдің дәмін үйіріп тұрып майын тамызып жазған жерін түгел келтіруге тырысайық: «Айналайын ағарғанның – қымыз бен қымыранның қайталанбас дәмі мен нәрі сақ дәуірінің арғы жағынан да аңғарылар. Бергі жағынан да білінер. Қымыз бен қымыран. Екеуі егіз-қатар аталар. Бірін-бірі толықтырар. Қымыз бен қымыраннан айықпас ауру жоқ деп есептелер. Сақтан бермен қарата қазаққа дейін. Солай саналған. Кей-кейде қымыз жақпас сырқатқа қымыран жағады. Жазады. Шын ықыласпен, шынайы пейілмен әзірленсе. Сондай ықылас-пейілмен ұсынылса.
Қымыранды бірқатар өңірде шұбат дейді. Кітаптарда, арнайы сөздіктерде де кейде шұбат, кейде қымыран деп жазады. Қай-қайсысын айтса-дағы таңдайыңызға тәп-тәтті әрі сәл-пәл ғана қышқылтым, жұмсақ-жұмбақ, мамық-мақпал, дәмді-нәрлі дүние білінер».
Шынында солай, әр жерде әрқилы атаған. «Қазақ тілі-нің аймақтық сөздігі» тарыдан, ұннан, жүгеріден ашытқан көже, ашыған көже деген мағынасын қосады. Қарап отырсақ, айранға қосылған су, шалап болып та жүр. Тіпті жылы суға сиыр сүтін қосып, қымызға араластыратын түрі де бар екен. Осы әркелкілігі әсер еткен болуы мүмкін, 10 мыңнан аса фразаны қамтыған үлкен ғылыми еңбек «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» мұны мүлдем айналып өтеді. Түйенің сүті: қымыран, шұбат екенін ескертіп өтеді.
Тува халқында, хымыраан – өте қою емес, болмашы ғана сүтпен ағартылған сұйық шай. Қалмақтар қайнатылған сүтке су қосып kimrãn дейді екен. Бұған оңай көне салайын десең, көне моңғол тіліндегі қимрдың, ежелгі түріктердің қымыз дегенімен үндес екендігін қайда жібересің. Соңғы «з» моңғол тілінде «р»-ға айналып, семантикалық өзгеріске ұшырады.
Осы моңғолдық дыбысталуы түрінде түрік тіліне қайта оралып, айран-ды туғызғанын да жоққа шығаруға болмайды. Міне, білеміз деген бір сөздің төркіні тарих қойнауына еріксіз жетелеп әкетеді.

Қаралым саны 1670

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463