Мақаш әкімнің «Жақсы үгіті»

Өзінің саналы ғұмырын халқының өнері мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне арнаған халқының арда азаматтарының бірі – Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамбетов. Ол 1830 жылы дүниеге келген. Сауатын Ордадағы Жәңгір мектебінен ашқан Мақаш кейін Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға түсіп, оны 1852 жылы кіші унтер-офицер шенімен бітіріп шығады. Алғашында Бөкей ордасын басқаратын Уақытша Кеңесте аудармашылық қызмет атқарған ол кейін Орданың 1 және 2 Теңіз жағалауы округінің  правителі  болып  ұзақ  жыл  қызмет  атқарады. 

Мақаш әкім болып ел билеп, патша үкіметіне қызмет еткен кезінде халқының тағдырын жадынан шығарып, жаңылыс басқан емес. Сонымен қатар ол халқының өнері мен мәдениетін, фольклоры мен тарихын зерттеуде, оны жарыққа шығаруда үлкен еңбек атқарды. Ел ішінен нақыл сөздерді, мақал-мәтелдерді, әдет-ғұрыптарға байланысты сықақ өлеңдерді жинастырып, баспа бетінде жариялап отырған. Осы еңбегі ескеріліп, Астрахандағы географиялық зерттеу қоғамы Мақашты өз ұйымына мүшелікке қабылдаған. Оқырман назарына Мақаштың 1908 жылы Қазан қаласындағы ағайынды Каримовтар баспаханасынан жарық көрген «Жақсы үгіт» атты өлеңдер жинағынан «Шандоз қыз» өлеңін араб қарпінен аударып ұсынып отырмыз.

Күйеу таңдаған Шандоз қыз

Шандоз қыз бойын түзеп сыланады,
Көркіне көңілі толып, қуанады.
Қыз бала көкірек еді тумысынан
Күйеуді қол жетпейтін ойланады.
Өзі бай, дәрежелі күйеу болсын,
Жас болсын, көркіне де көңілім толсын.
Өзі де жақсы көріп ардақтасын,
Жоқ болсын ешбір міні, көңілім толсын.
Мейіліне ойнап-күліп жүрейін мен,
Тарылып, қызғануды тіпті қойсын,

Екі арсын бір-біріне болар сыбау,
Шандозға табылар ма мұндай күйеу?
Сонда да көп жиналды айттырушы
Бағыңа бәрі бірдей жақсы келді-ау.
Көкірек қыз келгендерді менсінбеді,
Бәрінің мінін айтып, теңсінбеді.
Тең бе еді мұндай күйеу басқа қызға,
Қуалап келгендерді, «кетсін» деді.

Кемітті біреулерін «аз малың» деп,
Кейбірін «мұрының – тік, қасың – қалың» деп.
«Атағың кіші» деді біразына
Мін тағып, түрлі-түрлі қасын көріп.

Тоқталды айттырушы екі жылдай,
Екі жылдай өткеннен соң тағы келді-ау
Күйеулер ана жылғы жоқ еді,
Болмады бұл келгендер бұрынғыдай.

Тағып жүр өңкей сылтың мені алам деп,
«Қайғым жоқ ерге бармай қаламын деп,
Саудаға еш салмаймын сау басымды,
Кетсін!» деп қуалады, шабалаңдап.

Сөйледі шандозымыз асыл, асыл.
Екпіндеп, барған сайын судай тасып.
Қайтардым оларды да көңілін басып,
Енді көңілім жай, ұйқым тыныш,
Кетпеймін бір жаманға басым қосып.

Айттырушы енді бұған еш келмеді,
Шандозға беттеп ешкім жүрмеді.
Біраз жыл мұңын мынан ұтып кетті
Жас толды, Шандоз қыз оны білмеді.

Ай, күн-ай, заман қайда кешегі өткен,
Шандоз қыз білді енді күні кеткен.
Не пайда, өткен күннің белгісі жоқ,
Басына Шандоз қыздың биыл жеткен.

Шандоздың көңілі енді бүлінеді,
Көркі де барған сайын кетіледі.
Жайнаған көзі оттай қызыл еді,
Ауырлап аяқ басуға ерінеді.
Бұрынғы көркі де жоқ, ажар да жоқ,
Сұлу қыз өз-өзінен жерінеді.
Ойласа есіне алып құрбыларын,
Бірі жоқ, жалғыздығы білінеді.
Айнаға анда-санда қарағанда,
Самай шаш ағарыңқы көрінеді.

Көзілдінің көні кетті сылаңдаған,
Бір өзі көзге түсіп сылаңдаған.
Көп асық жиылса да жолын тосып,
Ақ жүзін бір көруге құмарланған.
Қысқасы, ер ортаны кісі менен,
Жастықтан не қалды енді суалмаған.

Шандоз қыз ой ойлады қайғы етіп,
Айқара айтпаса да екі етіп.
Көз келсе кім де болса кетер едім,
Барады көңілім солып, күнім өтіп,

Біреу келді өзеріңде шойнаңдаған
Шандозды аламын деп тулайланған.
Бір ауыз сөзге келмей тиді бұған,
Құбылыс Шандоз қызға бұлай болған.
Жолығар таңдағанға таз деген-ау,
Түбінде шойнақ алды қираңдаған.

Араб әліпбиінен аударған
Талғат ШӘРІПҚАЛИ,
Бөкей ордасы ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

 

Талғат ағамыз осы мақаласын журнал редакциясына ұсынған кезде ауыр науқас болатын. Көп кешікпей қайтпас сапарға аттанды. Біз марқұмның отбасына көңіл айта отырып, өмірін өлке шежіресін түгендеуге арнап өткен ағамыздың жаны жаннатта болсын деп дұға қыламыз. 

Қаралым саны 1569

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463