Жуырда университет баспаханасынан «Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеген «Бабалар тарихына тағзым» экспедициясы материалдарының алғашқы жинағы жарық көрді. Алғашқы экспедиция нәтижелерінің І кітабы 2014 жылы мамырдың 5-інде өткен «VІ Махамбет оқулары» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жұртшылық назарына ұсынылып, тұсауы кесілді. Жинаққа Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарының елді мекендеріне қатысты аңыздар желісі, Кеңес Одағының Батыры Е.Орақбаевтың кейінгі жастарға қалдырған өсиеті, аталған қос ауданға қарасты елді мекен атауларына қатысты мәліметтер, Отан үшін от кешкен ел ерлерінің майданнан жолдаған хаттары, өңірлік музыкалық мәдениет, ұстаз ұлағатын ұлықтап, ұрпақ баулу жолында аянбай еңбек етіп, ағарту жолында теңдессіз тер төгіп келе жатқан қалың елдің бел ортасындағы бір-бір академия іспеттес мектептердің тарихына қатысты мәліметтер қамтылған. «Бабалар тарихына тағзым» жинағының алғашқы парағы университет ректоры, академик Асхат Иманғалиевтің «Ұлттық тарихи жадыны жаңғырту жолындағы қадам» тақырыбындағы алғысөзімен ашылған. Қысқасы, ұсынылып отырған жинақта алғашқы экспедиция барысында тірнектеп жинақталған материалдардың бір бөлігі ұсынылған. Осы бағыттағы дүниелеріміз мәңгілік еліміздің интеллектуалды сом ұрпағын баулу ісінде кәдеге жарап жатса - мақсат биігінде болғанымыз.
Сөз соңында айтарымыз, «Бабалар тарихына тағзым» етер экспедиция жұмысы ілгеріде де өз жалғасын жоспарлы түрде таппақ. «Жер шежіресі – ел шежіресі» дегендей, өлке тарихынан таратылған жинақ материалдарын көпшілікке ұсына отырып, осы келелі іске бірлесе үлес қосуға шақырамыз. Ортақ істе табысқа жетуде баршамызды Махамбет баба аруағы қолдағай!
Абат ҚЫДЫРШАЕВ,
«Махамбет» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, п.ғ.д., профессор