Көктем мерекесі қарсаңында жабдықталған «Қазақ ханымдары» атты көрмеге музей қорында сақталып жатқан құнды жәдігерлердің бірі көрермен назарына ұсынылды. Музей көрермендерін ерекше қызықтырған бұл кескіндемелік суретте тарихта аты қалған, қазақтың ең көне мұраларының бірі, лиро-эпостық дастан кейіпкерлері бейнеленген болатын. «Төлеген мен Қыз Жібектің кездесуі» («Встреча Тулегена с Кыз-Жибек») деп аталатын бұл туындының авторы – Қазақстанның алғашқы суретшісі, Ш.Уәлиханов атындағы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Әбілхан Қастеев еді. Кескіндеме 40х28см көлемді қағазға тушпен салынған.
«Қыз Жібек» жыры – аңыз емес, тарихи оқиға, кейіпкерлері өмірде шамамен ХVІІ ғасырдың соңы-VІІІ ғасырдың басында болған адамдар. Жырдың негізгі оқиғасы бойынша Ақ Жайықтың ерке қызы Жібекке ғашық болған Төлеген Қаршыға деген адамға кез болады. Қаршыға Төлегенді көшінің соңынан ертіп, қарындасын көрсетпекші болады. Көш бойынан талай сұлуды көреді. Жібек қыздардың ішінде болмайды, ол көштің алдында, ақ күйменің ішінде, ешкімге көрінбей жеке кетіп барады екен. Қуып жеткен Төлегенге Жібек жүзін көрсетеді. Әбілхан атамыздың туындысында жырдың дәл осы сәті бейнеленген. Ақ Жайықтың сұлу қызының көркі, күйме салтанаты ерекше берілген.
Бұл туынды Орал музейіне қалай тап болды? Сурет Т.Г Шевченко атындағы Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясынан Орал облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына 1961 жылдың қаңтар айында тапсырылған екен. Автордың өзі Қыз Жібектің айдай бейнесі оның туған жерінде тұрғаны жөн десе керек.
Айтпақшы, қазақтың танымал суретшісінің тағы да екі туындысы бүгінде музей қорында сақтаулы. Оларда еліміздің әсем табиғат көріністері суреттелген. «Әуелі, табиғат суретші. Біз оған жан бітіріп, сөйлетеміз», - деген суретші табиғаттың таң-тамашасын ақ қағазға түсірген. Ә.Қастеевтің табиғатқа арналған аквареліндегі нәзік лиризмі басым «Алғашқы қар» («Первый снег») шығармасы 1945 жылғы 26 қазанда көлемі 36х45,5см қағазға акварельмен жазылыпты. Ал «Тау етегінде» («У подножия гор») туындысы 1951 жылы 33х53см көлемді қағазға акварельмен салынған екен. Осынау суреттерінен суретшінің еліне, жеріне деген махаббатын сезгендей боласың. Соңғы екі сурет суретшінің сүйікті техникасы – акварельмен орындалған. Суреттеріне өз қолымен атауын жазып, қолтаңбасын қалдырған.
Қазақ халқының бейнелеу өнерінің алтын қазынасына айналған Ә.Қастеев туындылары алғаш рет оқырман назарына ұсына отырып, ғасырлар тезінен өткен әрбір мұра бағалануда.
Гүлмира ҚАУЛАНОВА,
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор бөлімінің меңгерушісі