Туған жердің тарихы да терең әрі бай. Осынау өлкеде жасаған белгілі адамдар, әулие-әнбие, ишан-қазірет-тер жайында көнекөз қарт, хабары бар жандардан сұрастырып, деректерін тиянақтап жүретін әке үлгісі біз үшін әдетке айналды. “Әкенің жақсылығы – жаман ұлға қырық жылдық азық” де-гендей, ауыз әдебиетінің асыл қазы-налары да, шынайы тарих та бастау-ларын өлке тарихына қатысты аңыз-дар, ел жадында сақталған әңгімелер-ден алатынын түйсіндік. Шежіре қарт-тардың әңгімелерін тарихшы ғалым-дардың еңбектері және белгілі жазу-шылардың тарихи шығармаларымен бір арнаға ұштастыра келгенде, аядай ауылдың арғы-бергі өткені арқылы бір ғана өлкенің емес, тұтас қазақ орда-сының тарихынан, тіпті адамзат та-рихының көне кезеңдерінен сыр шер-терлік деректерді кездестірдік. Оның жарқын мысалына осы мақалада қыс-қаша болса да, нақты тоқталамыз.
Зейнеп Қаждамбайқызы 1936 жы-лы дүниеге келген, тыл ардагері. Ол Егіндікөл ауылының тумасы. Қарапа-йым ауыл тұрғыны, зейнеткер Зейнеп апайдың жас күнінде қариялардан ес-тіген ескілікті әңгімелері, жоғарыда ай-тып өткеніміздей, көнеден бүгінге де-йінгі тарихымыздың талай кезеңдері-нен сөз қозғауға арқау болып отыр. Ендеше, Зейнеп апай ауыл үлкендерінен не туралы естіді екен?..
«Құныскерей үңгірі қазақ-қалмақ соғысынан қалған»
Осы күнде Құныскерей үңгірі ата-лып жүрген Мессай ішіндегі орынды ертеде қазақ пен қалмақ соғысқанда қазақтар жағы соғыс тәсілі үшін қаз-ғандығы айтылатын. Осы бағыттағы хикаяларды және руымыз Алашаның Қарабурасы туралы марқұм Мәмбет-ұлы Дінекеш ағам көп әңгімелейтін. Есенаман тауы мен Тұрлығұл тауы – Егіндікөлдің солтүстік-батыс бетіндегі әуелдегі телемұнараның арғы жағына қарай жалғас жатқан екі төмпе. Бұрын-ғылардан естуім бойынша, бергісі Есенаман тауы, оның арғы жағындағы төмпе Тұрлығұл тауы деп аталады. Есенаман, Тұрлығұл – батырлардың аты. Ертеректе Тұрлығұл тауын зерттеп қазды. Сонда техника сынып, қазба жұмыстары толық жүргізілмеген. Киелі жер ғой.
Тұрлығұл тауындағы зерттеу жұ-мыстары нақты 1977 жылы жүргізіл-ген. Ол кезде әкем Набиолла Егіндікөл ауылында инженер болып, экспеди-ция жұмысына техника жағынан үлкен көмек жасаған. Нәтижесінде сол жер-де орналасқан 150-ден астам обаның 51-і қазылып, ықылым замандардағы адамзат тарихына қатысты, яғни біздің дәуірімізге дейінгі және біздің дәуірі-міздің алғашқы ғасырларына жататын аса құнды тарихи жәдігерлер табыл-ған. Бұл жайында аталмыш экспеди-цияға қырық жылға таяу уақыт өткен-де тарихи-танымдық бағыттағы «DANAkaz» журналында сол кезде Ре-сей Ғылым Академиясының археоло-гия институтынан Тұрлығұл тауындағы зерттеу жұмыстарына басшылық етіп келген Марина Мошковамен Жантас Сафуллиннің сұхбаты жарияланды. Аталған қазба жұмыстарынан кейін жазушы Құрманғазы Қараманұлы «Ал-тын іздеушілер» атты көркем повесін жазды. Егіндікөлдік Тінәлиев Батырбай деген қарт «Тұрлығұл – киік сауған қо-жаның есімі. Қожаның о дүниеге атта-нар шағындағы өсиеті бойынша, сүйе-гін арбаға салып, тертені жоғары қайы-рып қоя бергенде арба өздігінен жү-ріп келіп, қазіргі Тұрлығұл төмпесіне тоқтаған. Қожа сүйегі сонда жерлен-ген» деуші еді. Ал әкем Набиолланың 1992 жылдың 12 шілде күні егіндікөл-дік Нығымет ақсақалдан жазып алған жазбасында «Тұрлығұл – киік сауған Қожа. Шегебай – оның інісі. Қызем-шектен қаңтарулы арба біздің теле-мұнараға келіп, осында қойылған» депті. Қыземшек – Шыңғырлау ауда-нында орналасқан жер атауы.
«Асан-қайғы көшкен жер,
Шыңғырлау, Торы-атбасы еді,
Қыземшекті Саршоқы
Осы судың қасы еді.
Асанқайғы туғанның
Бөлінген жері осы еді» деп келетін сүйекті, тарихи жырларға, қазақ ертегі-леріне арқау болған маң. Тұрлығұл қо-жаның інісі Шегебайға келсек, Егінді-көлдің көл жақ бетінде «Шегебай шұң-қыры» деген жер бар. Оған қатысты қызғылықты хикая сақталған. Ал Есен-аман – атақты табын Бөкенбай батыр-дың немересі, Тіленші тарханның ұлы. Тарихтағы әйгілі Жоламан батырмен бір туған. Егіндікөл ауылының күншы-ғыс бетіндегі орманның бір бөлігі Жәши талы деп аталады. Жәши – Жоламан батырдың ұлы. 1810 жыл шамасында дүниеге келген. Бөкенбай батыр Тәуке хан тұсындағы ел басына күн туған ал-мағайып заманда тұтас қазақ жасағы-на бас қолбасы болып, қауіпті жаудың бетін қайырды. Бөкенбай батыр бей-несі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үр-кер», «Елең-алаң» романдарында бас-ты кейіпкерлердің бірі ретінде сипат-талады. Оның ұлы Тіленші тархан Сы-рым батырмен тізе біріктіріп, патша үкіметінің озбыр саясатына қарсы тұр-ды. Жоламан, Есенаман сол Тіленші-нің ұлдары еді. Есенаман есімі оның бауыры Жоламан батырға қатысты мұ-рағат құжаттарында сақталған. Қара батырдың ұлы Бөкенбай, Тіленші, Жоламан, Есенаман – аталы-балалы батырлар әулеті жайында нақты де-ректерге негізделген кең көлемді ма-қала алдағы уақытта жарияланбақ. Мұның бәрі Егіндікөл ауылының ма-ңайы сонау дәуірлердегі сармат тайпа-ларының тұрмысынан ғана емес, сол көне заманнан бүгінге дейінгі тарих қатпарларының көптеген тұстарынан сыр шертетінін аңғартады (Нұртас Набиоллаұлы – Н. Н.).
Бала күнімізде осы күнгі Мәдениет үйі маңында ауылсовет кеңсесі болды. Содан әрі Есенаман тауына қарай шы-ғуға қорқатын едік. Ол жақтан қараңғы түсе от көрінетін. Біз «шайтанның оты» дегенімізде, үлкендер «Олай демең-дер, ол – аруақ» дейтін. Сол жерлерде ертеректе қазақ пен қалмақ арасында жойқын соғыс болған көрінеді. Қалмақ Аққұмға бекінген. «Аққұмның орта-сында кезкелгенге көрінбейтін Жұм-бақкөл деген көл бар, көлдің төңіре-гіне ағаш өскен» деп орманшы Сараш айтып отыратын. Сол көлден су іше ме екен, Аққұмның ішіне кірген мал кел-мей, түнеп қалатын. Сараш деген кісі үлкен Қараталда орманшы болған ке-зінде бір түйір шыбық кестірмеді. Сон-дықтан біз үлкен Қараталды «Сараш-тың талы» дейтін едік. Сараш – 1916 жыл-ғы кісі. Оның бергі жағы Кәбеннің талы болды. Кәбен талынан бері – Жәши та-лы. Жәши талы Қалдығайтының жаға-сында өскен. Ол жақта Табан тал дей-тін жер және бар. Уақытында бұл тал-дардың бәрін қолдан еккен көрінеді. Қараталдың ортасында үлкен көзді бұ-лақ бар. Қайраңөткел – соның көзінен шыққан су. 1957-1958 жылдары мал бағып отырған кезімізде Сараштың тұ-сынан әрі қарай Қараталдан кесіп, кө-пір салды. Сол өткелдің арғы бетінде бір қуыс бар. Оны Сараш қуысы дейтін-біз. Ол жер ұрлық малды қамап, бекі-тіп тастайтын арал болды. Ертеректе ысық руынан Қайырғали Андалиев дейтін жылқышы сонау Атыраудан жылқы айдап келіп, сонда қамағанын көзіміз көрді.
Қайырғалидің Атыраудан жылқы айдап келуіне қатысты әңгімені Қара-төбе ауданы Ханкөл ауылының тұр-ғыны, шежірешіл ақсақал Бақытжан Жәлеловтен жазып алған дерекпен толықтыра кетейік.
Андалының Қайырғалиының жыл-қы айдап әкелгені жайлы әңгімені жақсы білемін. Бір жылы Қайырғали бағатын Егіндікөл совхозының жылқы-сынан екі үйір жоғалады. Оны Тайпақ-тың ар жағындағы, Миялының бер жа-ғындағы Атыраудың Қызылқоға деген жеріне қуып кеткен екен. Қайырғали көп жерді біледі, қайратты кісі. Қасына бір-екі жылқышысын ілестіріп, ізбен ті-ке барғанда қамаулы жылқыны тиеп жатыр екен. Соның басында сол ай-мақтың бірінші хатшысы да болыпты. Қайырғали жылқыларын танып, сақа-лын жұлып жылағанда: «Әй, мына шалдың көз жасына қалармыз, жыл-қысын беріңдер» деген сөзді ешкім елең қылмапты. Сонда Қайырғали «Осы қылғандарыңды алдарыңа келтірме-сем, Андалы қажыдан тумай кетейін» деген екен. Андалы – қажы, руы Сары ысық. Келесі жылы қар түседі. Ол қар еріп кетіп және түседі. Сол кезде Қайырғали «Ай, осы қар енді ери қой-мас» деп, қызылқұрт руының Елғұлы-сынан тарайтын Жаңаталап деген жас жігітке екі биені мінгіге беріп, бір бе-деу биені жетектетеді. Содан күн жүр-ген, түн жүрген, Миялының мидай да-ласына жетіп, Қайырғалидің өз ағайы-ны, бір Ақсары ысықтың үйіне түнде-летіп келеді де жатып алады. Жылқы-ларды сыртқа шығармайды. Өздері күннің райын бағып жата береді. Бір күні қар қалыңдап, төпелеп жауа түс-кенде «атты ертте» депті. Бедеуге ұзын арқанды байлап сүйретіп жібереді де, екі айғырдың үйірін қуады. Қайырғали Жаңаталапқа «Егер жазатайым жағдай бола қалса, тікелей ат, жауабын өзім берем» деп екі оқ ұстатады. Содан Миялының төңірегінен қуған жылқы-ны сонау Қараталдың, Аққұмның ар жағымен айналдырып әкеліп, қамаға-нын қамап кеткен болар, екі түн, бір күн дегенде Егіндікөлдегі контордың басына әкеліп жеткізеді. Қаратөбенің сот, прокурор, милиция бастығы, ис-полком, райком, совхоз директоры – бәріне болған жайды бастан-аяқ құ-лақтандырып, жылқыларды түп-түге-лімен аудан басшыларынан бастап малшыларға, ауыл кісілеріне соғымға таратқан (Н. Н.).
Құныскерей үңгірі кішкентайымыз-да көргенде екі бөлек болатын. Осы күні оның бір бөлігі бітеліп қалды деп жүр ғой. Үңгірдің ішінде 1939 жылдар-да соғысқа аттанған жігіттердің аттары жазылып тұратын еді. Өз қолдарымен жазып кеткен. Бала күнімізде оқитын-быз. Тұрақ дейтін Барамықтың бала-сының есімі ақ борға жазылып тұрды. Ол соғыстан оралған жоқ. «Сақыпке-рей» деген жазу болды. Сосын Алғали дегеннің баласының есімі жазулы тұр-ды. Атын ұмытып қалдым. Ондай жа-зулар көп болды. Оқушы кезімізде экс-курсия деп апарғанда көріп жүргеніміз ғой. Экскурсия деп Ақкенже, Хамит есімді мұғалімдеріміз Есенаман тауы-на да алып шықты. Сонда түрлі темір-лер – қару-жарақ бөліктерін тауып ала-тынбыз. Оқытушыларымыз «Ертерек-тегі батырлардан қалған дүниелер ғой, тимеңдер» деп алғызбайтын.
Құныскерейдің ешкімге зияны жоқ, уақытында совет болып тұрған адам екен. Кейіннен оны жазықсыз қудалау басталғанда осы ауылда өмір сүрген Елеместің әкесі Жандыбай Құныске-рейге қарсы шыққан. Мұны енемнің айтуынан білемін. Жандыбай Құныске-рейді Сулысайға дейін қуған. Сонда Құныскерей «Әй, Жандыбай, сен мені қума, ажалың менен болады. Қайт ке-йін!» дегенде Жандыбай жақындай алмай кейін қайтқан. Жандыбай мили-ция болған. Ол кезде менің енемдер Сулысайда тұрған.
Торғай моласы
Борөткелдің ескі көпірінен арғы жаққа өткенде оң жақ қолда Торғай моласы дейтін мола бар. Соның ар жа-ғында тағы бір карьер бар. Ол сайда емес, ашық жерде орналасқан. Соған бақша еккен кәрістер 3-4 мәшинені қа-тар тығып қойғанда көрінбей қалады екен. Ол үңгірді әуелде Дәуқарамен соғысатын Бармақ батыр қаздырыпты деп айтатын. Үңгір Бөлек таудың бергі жағында орналасқан. Сол үңгір әлі күнге бар шығар. Көрмегелі 30 жылдан асты. Шалым мәшине айдағанда бірге жүріп, талай жерді аралаған едім.
Торғай моласы демекші, «Орал өңірі» газетінде жарияланған Науқан атайдың жазушы Құрманғазы Қара-манұлына айтқан әңгімесінде мына-дай тұстар кездеседі:
«Мың сиыры болған Сақау Торғай дейтін ысық болған. Егіндікөл, біздің осы өңір, мынау Қалдығайты, анау Қаратөбеге қарай жеккен өгіз, сауған сиыры болулы. 5-6 жүз өгізі болулы ма деймін. Оның баласы Жарылғасын де-ген болған».
Ал марқұм Тінәлиев Батырбай қарт «Ысықта Сақау Торғай, Ұста Тор-ғай деген кісілер болған. Түйелі, жыл-қылы бай Жұмалы атам Сақау Торғай-мен старшындыққа таласқан. Атам старшындыққа өткен. Сақау Торғай әуелде Тұзтөбе жақта орыстың қара-уында жалданып жұмыс жасаған. Ке-йін еліме қайтамын дегенде қожайы-ны «Олай болса, үстіңе ағаштан үй ті-гем, алдыңа мал салам» деп бір үйір жылқы мен бір табын сиыр берген. Сақау Торғай Жарылғасын қыстауына келіп қыстаған. Жарылғасын қыстауы-ның орындары Қалдығайтының арғы бетінде, Қаракемердің етегінде» деп әңгімелегені бейнежазба түрінде сақ-таулы.
Зейнеп апай өзі әңгімелеген Тор-ғай моласының киелі жер екендігін, оған Торғай ұрпақтары тәу етіп, түнеп келгендігін айтты. Торғай ұрпағы – Жонас Өлиярқызы аталмыш мола Ұста Торғай деген үшінші атасының жерлен-ген жері екенін айтты. Оның айтуын-ша, мола әуелде алты құлақты, көлем-ді болыпты. Ұста Торғайдың азан ша-қырып қойылған есімі Қадірберлі екен. Қадірберлі шағын келген, қас-қабас сары кісі болғандықтан Торғай атанып кеткен. Көрік үй ұстап Ұста атанған. Жонас апайдың айтуынша, Жігерленнің Егіндікөл бетіндегі Калинин деген жер – Ұста Торғайдың негізгі тұрағы, ал Тұщықара жақтағы Соркөл жайлауы екен. Ұста Торғайдың моласында сынып жатқан бір ғана құлпытас бар. Ондағы жазу жақсы сақталған. Бірақ не жазылғанын бүгінгіден әлі күнге ешкім оқи алмай келеді екен. Жонас апай Ұста Торғай мен Сақау Торғайдың жақын ағайын-шылығы жоқ, екі бөлек адамдар екенін айтады. «Сақау Торғайдың мо-ласы Жігерленнің Қаратөбе совхозы жағында, Қалдығайтының арғы бетін-де жалғыз тал өсіп тұрған жерде де-генді бала күнімде үлкендерден ести-тінмін», - дейді ол (Н. Н.).
Салаң әулие
Алтыбаздан әрі қарай жүргенде Аққұдық дейтін жерде қой бағып 2-3 жылдай отырдық. Сол жақта ертеректе Салаң дейтін әулие жерленіпті. Дәл қай уақытта өмір сүргенін және руын білмеймін. Әйтеуір, Салаңға қарай шыққан қойға қасқыр да, адам да ти-мейді. Өз жайымен жайылып қайтады. Бар болғаны енеміздің айтуымен «Салаң әулиеге тие берсін» дейміз. Енем қойға топалаң тиіп, қырылғанда Салаң әулиеге апарып, түнетсе жақсы болады деп айтатын.
1927 жылы дүниеге келген Батыр-бай қарт «Салаң – әулие, сонымен қа-тар күмістен сырға, білезік соққан зер-гер. Салаң әулиені біз көрмедік, ерте-ректе өмір сүріпті. Руын да білмеймін» деген еді. Ол көзінің тірісінде Салаң әулиенің жерленген жерін де көрсетті. Егіндікөлдің оңтүстік-батыс бетінде 3-4 шақырымдай жерде екен. Қорымның ескі екені аңғарылды. Кезіндегі саз бал-шықтан соғылған тастары жай үйіндіге айналып, оның өзі жермен-жексен бо-ла бастаған. Бір ғана құлпытастың жа-зусыз сынығын тауып, суретке түсірдік. Батырбай ақсақалдың айтуынша, өт-кен ғасырдың елуінші жылдары кол-хоздың малын баққан Рысқали дейтін кісі қойға топалаң тигенде отарды Салаң әулиенің басына түнетіпті. Со-дан қойдағы ауру сап тыйылады. «Ба-сына мал сойып, оқуымды бағыштап, садақа қылдым. Таңға жақын белгі берді. Қой дүр етіп үрікті. Мен отарды айдап жүре бердім» деген екен Рысқали шопан (Н. Н.).
Аралдағы Сүлеймен атайдың да осындай қасиеті бар (Егіндікөл ауылы-ның көл жақ шетінде Арал деп атала-тын жер бар). Қойды сол жаққа бағыт-тап айдап, «Сүлеймен атаға тие бер-сін» десе, ешқайда жоғалмай, домала-нып жайылады да жатады. Күлемін-ау, Аралда отырған кезде Сүлеймен ата-ның қасынан өтіп бара жатып, тие бер-сін айтпасам, қандай да бір себеппен дүкеннен алатын затымды да ала ал-май келетінмін. Аруақтың күштілігі ғой. Сүлейменнің әкесі Мұхамбетжан әулие Тұщықарадағы Айт моласының қасы-на жерленген. Ертеректе Нұрсұлтанов Қуанның әжесі Маржан деген кемпір сал ауруына ұшырағанда Айтқа түне-тіп, ауруының беті бері қараған. Әуел-де Айт мазарының есігі болды. Қой төлдету кезінде ішіне кіретінбіз.
Осы ауылдағы Қайыррахман қарт-тың атасы Едіге ишан атақты аруақты кісі болған. Оның зиратына жақын отырған малшылардың айтуынша, бір қойын сойып, Едіге атаның рухына ба-ғыштап садақа берсе, сол жерде шұбы-рып жүрген қасқырлар малға тимейді екен.
Бұл тақылеттес әңгімелерді көп ес-туімнің себебі бар. Аралда отырғаны-мызда жеті үй көрші тұрдық. Әрбір үй-де бір-бір шалдан, жеті шал тауық сой-са да бірін-бірі қалдырмай шақыра-тын. Олар Сәлмен, Тасболат, Сұлтан, Сақым сынды ақсақалдар еді. Мен оларға шаншылып отырып шай құя-мын. Өйткені Аралдың әйелдері «Сен шай құй, біз суыңды, шоғыңды әкеліп берейік» дейтін. Әйтеуір, бір айда бір шал қонақ қылады. Соның бәрінде мен шай құюшы едім. Тасболат қажыға ба-рып келген кісі еді. Руы – ысық. Қажы-ға барғанда үлкен кілем алып келді. Кі-лемді бірінші рет сонда көрдік. Сақым ақсақал да Құран оқып, дін ұстаған жан. Оның руы – тана. Менің естігендерім-нің көбі – сол кісілердің айтқандары.
Ғабдісәлім молда
Ұштап – жоғарыда айтылған Тасбо-латтың келіні. Ұштаптың өз әкесі Ғаб-дысәлім де молда болып, Кеңес үкіме-ті кезінде Қиылда мешіт ұстаған. Оның мешіті әлі күнге дейін бар. Ғабдысәлім-нің қасиетін айтайын. Ілкіде, кілемнің қат кезінде Ғабдысәлім мешітінде жаю-лы жатқан төрт кілем болыпты. Содан төрт жас жігіт өзара келісіп, түнде есігі ашық тұратын мешіттен кілемдер-ді ұрлап, сатып жібермек болады. Төрт жігіт түнде келсе, есік-терезелері түгел-дей ақ тас болып ашылмайды. Жігіттер қараңғыда сипалап, «Мынаның бәрі тас болып кеткені несі, түнде бекітіп тастайтын болғаны ғой» деп кері кете-ді. Ертеңіне Ғабдысәлім молда кілем ұрламақшы болғандарға «Қарақта-рым-ау, бір кілемді сұрасаңдар да бе-ретін едім ғой. Неге түнімен мешітті айналдыңдар, оны аруақ алдыра ма сендерге?» деген екен. Ертеректе Ғаб-дысәлім молданы шала-шарпы көрге-нім бар. Ол Қиылда дүкен де ұстады. Ойылға қарай жүргенде бір сайда Ну-дия дейтін жер бар. Сонда алма ағашы өсті. Ғабдысәлім сол жерде мал баққан кезінде алма ағаштарын қоршап күтіпті.
Сол Ғабдысәлім осы ауылдың тұр-ғыны Сағынғалиды соғыста тұтқыннан алып шыққан. Ғабдысәлім мен Сағын-ғали құрдас екен. Екеуі «пленге» түс-кенде Сағынғали «Енді бәрі де бітті. Артта бала-шаға қалды-ау» дейді. Мол-да «Ай, құрдас, мен сені алып шыға-йын. Сен бірақ ешкімге де тіс жарма» депті. «Қалай алып шығасың?» деген-де «Түн ортасында қолымнан ұстап, көзіңді тас қылып жұм да, өзім белгі бергенше ашпа» дейді. Сағынғали айт-қандай жасап, бір мезгілде көзін ашса, совет армиясының ішінде тұр екен. Бұл әңгімені кейінгі уақытта көпшілік алдында Сағынғалидың өз аузымен айтқанына куә болдық.
Биске қауымы
Көлдің ар жағындағы қауым атын иеленген Биске деген кісі ысықтың Сейтек руынан екен. Аруақты адам бо-лыпты. Ысықтың Болат бөлімінің әйел-дері Бискенің атын атамайды. Олар бе-сік деп те айтпайды. Бесікті «жылдыр-ға» дейді. Қазіргі Биске қауымынан Жі-герленге қарай жүргенде бұрын Бәйге оба аталған жер бар. Биске сонда жер-ленген. Біздің кәрі шешелеріміз де сол Бәйге обаның бауырында қалды. Ол кезде зияратты қазіргідей ақ тастан кө-термеген. Кіндік тұсынан жоғары аса қоймайтын, езіліп кететін шым тастан салған. Осы күнгі Биске қауымының та-баны әуелгіден гөрі көлге таман жыл-жыған.
Бұлақ басындағы мешіт
Ауылдағы бұлақ көзінің жоғарғы жағында Мешіт болған. Біз ол мешіттің орнын көрдік. Сол жерде көрік үй бол-ды. Бізге Мәмбетқали, Төлеген деген ауыл үлкендері «мешіт орнын баспаң-дар, аяқтарың ауырады» деп ескерте-тін. Мәмбетқалидың руы – алаша Барамық. Сынықшы, молда болды. Кейін мешіт орнына мал соятын «бойня» (қасапхана) салды. Бірақ ол пәлендей жұмыс жасаған жоқ.
«Қабақ шытпаңдар, сүйекке ауыр болмасын»
Сақым атай 1975 жылдың қоянын-да 2 желтоқсан күні жерге түсті. Қайт-пастан бұрын: «Әй, келін, ғұмырыңа берекет берсін, менің күнім жақсы бо-лады. Көйлекшең жүріп, сыртта ас пісі-ресіңдер, ренжіп, қабақ шытпаңдар» деп айтып отырушы еді. Және «Мен бұл жерге жатпаймын, Қоскөлдегі ме-шітке барып жатамын. Менің тұқымда-рымның бәрі мешітте» деді. Айтқанындай, ол қайтқанда күн жылынып, жарқырап, шуақ болып тұрды. Желтоқ-санда көйлекшең жүріп ас пісірдік. Қоскөл мешітіндегі қауымға жерленді. Осы күндері Сақым атайдың өсиеті есі-ме түсіп, садақаларға барғанда қызмет атқарысқан жастарға «Қабақ шытпаң-дар, сүйекке ауыр болмасын» деп ай-тып отырамын.
Қалиолла мен Қайырғали
Осы ауылда Қалиолла, Қайырғали дейтін екі палуан болды. 1954 жылда тың игеруге келген орыстармен жер-гілікті қазақтар күнде төбелесті. Орыс-тар «Қалиолла, Қайырғали келе жатыр» дегеннен-ақ жым болатын. Қалиолла, Қайырғали – тың игеру кезінде Қаратө-бе жағынан Калининдегі МТС-қа кел-ген жас жігіттер.
Тұзтөбе мен Тұздыоба
Тұздыобаның бер жағында, Жігер-леннің ар жағында Таянның моласы дей-тін қасиетті жер бар. Бір жолы трактор-мен келе жатқанымызда жүргізуші бір-неше мәрте адасып, Таян моласына қа-рай келіп тіреле бердік. Білетін оқуы-мызды айтып, бет сипағаннан кейін ғана ауылға адаспай жеттік.
Зейнеп апайдың айтуынша, Тұзтө-бе – Соль Илецк, ал Жігерленнің Қара-төбе бетіндегі тұзды жер Тұздыоба деп аталады (Н. Н.).
Тұзтөбенің тұзына кісіні 15 минут-тан артық түсірмейді. Өйткені тұз өтіп кетеді. Керемет қара тұз. Ондай қара тұз Дендерде де бар. Ал Қызылорда-дағы Аралдың тұзы ұнтақ, сорлы тұз. Онымен ет тұздағанда еттің дәмі сор татып тұрады. Ертеректе Тұзтөбенің тұ-зын асқа пайдаланып, Тұздыобаның тұзын малға үйіп әкеліп қоюшы ек. Бір жылы ас тұзы таусылып қалды. Біреу-ден байлайтын ақтығын беріп жіберіп, малға деп бір қапшық етіп алдырған Тұздыобаның тұзы бар еді. Сонымен соғымның ішек-қарнын тұздадым. Сол ішек-қарын ерекше тәтті болды. Қара-төбе совхозының халқы асқа Тұзды-обаның тұзын пайдаланатын. Ондағы тұз Алла Тағаланың әмірімен қыркү-йек-қазан айларында бірігіп, байлана-ды. Сол кезде ақтығын байлап, алуға болады. Ал қараша айында қайтадан еріп, суға айналады.
Жазып алған
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ