Ноғайлының елінде

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Залимхан аға бізге – қазақ бауырларына құрметтің ең үлкенін ойластырғанға ұқсайды. Жан-жақтан жиналып жатқан көмекшілеріне түрлі тапсырма беріліп жатты. Көп кешікпей бірнеше көлікке бөлініп отырып, ауылдың сыртына бет алдық. Сөйтсек, әсем табиғат аясында әдемі оюлы киіз үйді арнайы тігіп қойған екен.

Термедегі йыр
Тереклі Мектеб ауылының табиға-ты керемет екен. Жаздың соңы болса да, жап-жасыл болып жайқалып тұр. Біз бірнеше көлікпен барар жерімізге әлдебір судың басын айналып жеттік.
Киіз үйді ноғайлар «терме» деп атайды екен. Қазақы үйден айырмашы-лық байқамадық. Киіздің сыртынан қошқар мүйізді қызыл-жасыл оюлы ақ матамен қапталған. Алыстан әдемі кө-рінгенімен, киіз үйдің сүйегі де, киізі де әбден тозғаны байқалды. Оның үстіне үй құрушылардың шалағайлығынан шығар, шаңырағы дәл ортаға түспей, бір жағына қисайып кетіпті. Дегенмен ноғай бауырлар бізге ерекше құрмет көрсетті. Арнайы қой сойыпты. Киіз үй-дің айналасында адам қарасы көп бол-са да, ішке, құрметті дастарқан басына тек йасикондар ғана келді.
Тереклі Мектебке келгеннен-ақ «Ноғайда жыр айту дәстүрі сақталған ба? Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз жы-раулардың шығармаларын домбыраға қосып айтатын адамдар бар ма?» деп сұрағанбыз. Залимхан аға: «Жыршы-мыз бар. Азырақ сырқаттанып, ауруха-наға түсіп қалыпты. Бірақ бұл жерге ең-бектесем де келемін деп уәде берді» – деп қуантқан. Сондықтан табиғат аясы-на тігілген ноғай термесінің сыйлы меймандары – қазақ бауырлар болса, біздің, қазақтардың күткеніміз – ноғай жыршысы еді.
Дегенмен жыршы Ахмат ағамызды күтіңкіреп қалдық. Сол кезде басшы-мыз, «Қазақстан-Орал» телерадио-корпорациясының төрағасы Асыланбек Ғұбашев арамыздағы Жігерге ым қақ-ты. Сөйтсек, «Қазақстан-Орал» телеар-насының аға режиссері Жігер Құмаров «ноғайларға барамыз» дегеннен-ақ Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» жырын жаттап, дайындалған екен. Шырқап қоя берді. «Сен салма-дың, мен салдым. Қайырлы болсын сендерге, Бізден қалған мынау Еділ жұрт!» Құлаққа бұрыннан етене таныс әуен жаңа жерде, Ноғайлы жұртының төрінде өзгеше естіледі екен. Йасикон-дар да қол соғып, қошемет білдіріп жа-тыр.
Осы кезде біз күткен жыршы Ахмат аға Құлниязов та келді. Шашын ақ шал-ған, ауыр мінезді адам екен. Басына ақ тақия киіпті. Астан ауыз тиіп, әрі-бері отырған соң тамағын кенеді. Домбы-расын қолына ұстап отырып, ел мен жер, ноғай тарихы туралы аз-кем сөз айтты. Сөзі орнықты, жасандылықтан ада адам екен.
– Біз бәрібіз Алтын орданың бала-ларыбыз. Бұ йердегі Ноғай шөліндегі-лер басқа йердегі ноғайлармен қаты-нас тұтып тұрабыз. Міне, бүгін бізің та-мырымыз, бізің өркеніміз, бізің ноғай-дың шашылған үлкен кесегі, Сізлер, қа-зақлар, келіпсізлер. Сізді осы йерде отырған адамлар бек әру де біледілер, бек әру де сезеділер. Мен ойлаймын, дайым да өзекте біз бірге болсақ, тілі бірдің күбі бір, күбі бірдің түбі бір деп айтады, бізің түбіміз бір. Қайтып айтсақ та, қайтып майыссақ та, не деп сөйле-сек те, бізің тіліміз де, дініміз де, түбіміз де бір болғандықтан, бізге біршелік болу керек болады. Бізің ендігі өміріміз бойынша, былай айтқанда, біразғана-қай бізге Ресейлердің арасында тұрған-нан соң, бұ йерді бізге бергеннен соң біз қысылып қалдық, қысылсақ та бүгін йайлақты йайлап отырмыз. Бұ йерде бізге қатерімізге тиіп, көңілімізге тиетін адамлар йоқ. Бірақ шөлге таласатұғын адамлар көп... Не айтайын Сізлерге?! Лайым да йақшылық болсын! Йә, Алла тағала, келген йолыңыз ашық болсын, әр заманда да мұрадыңыз толған күнді берсін! Бізің халқымыз, еліміз Сізің де еліңіз-йеріңіз оңып, байлығыңыз өскен күнді сүйеміз. Не йасасақ та, қайтіп қа-тынассақ та, қайтіп сөйлесек те біздің тіліміз, Аллаға шүкір, біршілікте. Ниеті-міз де бірлікте болмаға керек деп ой-лаймын, - деп, салиқалы, салмақты әң-гімесін айтты.
Әрине, біздің күткеніміз ноғайдың жыры еді ғой.
– Бұрынғы билердің, ақындардың йырланған йырлары көп бізде. Ол йыр-лар бізге көбінесе ауыздама күйде кел-ді, йазған йерлері де бар. Бүгін біз олар-ды сақлап, йасикондар ата-аналары-мыздан алып, бүгінгі йастарымыз біз-ден алып отырғандары бар. Мен олар-ды айлап йырлап болам деп мақтанып болмайым, мен аузыма келген затты, білген затымды аз болса да көптей кө-ріп, тары болса да сөктей көргеніңізді тілейім. Менің йырым былай: он дөр-дінші өмірде (XIV ғасырда дегені) Досмәмбет Азаулыдың мынадай бір йыры бар, - деп Ахмат ағай домбыра-сын қақты.
«Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінмен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Той бастадым, өкінмен...»
Біздің Астраханнан қосылған жолбастаушымыз Рамиль ноғай жыр-лары туралы айтқанда: «Біздің жырлар қарапайым, сонысымен әсерлі. Жалпы, даналық, кемелдік қарапайым болып келеді ғой» деп мақтанған еді. Шынын-да да, Ахмат ағамыздың домбыра қа-ғысы да, жырды орындауы да өте қара-пайым, жыр сөздерін көп созып, әндет-пей, басты акцентті жырдың сөзіне, мә-тініне беретіні байқалды. Осы ретпен екі-үш жырды қайырған соң, жыршы-мыз:
– Мен атақты йырау емеспін. Мен неше рет Сізге барып, Қазақстанды кө-рермін деген ойым бар еді... Йасым да келді енді, иншАлла, Алла өмір берген шақты йашармын. Белкім, барып та бо-лармын, Алла йол ашса... - деп тоқта-ды. «Шынында да, ноғай бауырлардың бір топ өнерпазын Қазақстанға алды-рып, концертін тамашаласақ, жиірек алыс-беріс қарым-қатынас жасасақ» деген ой біздің де көңілімізге келіп тұр-ған еді...
– Өзіңіздің патшаңызға, басшыңыз-ға бізден салам айтарсыз! Біз теледи-дар бек қараймыз, радионы да тың-лаймыз, Сізге қарап әр заманда да сү-йінеміз. Қайда болса да, біздің тұқы-мымыз – Қазақстан йерінде йақшылық болсын деп тілейміз! - деді Ахматбек аға қоштасарда.

«Мәңгі ауылға» сапар
Киіз үйден шыққан соң біздің топ бірнеше бөлікке ыдырап кеттік. Теле-арнаның жігіттері сәтті сюжет, керекті кадрмен әуре. Осы жерде Асыланбек Зиннатұлының командасының ауыз-біршілігіне, бір кісідей қимылдайтыны-на тәнті болдық. Асекең болашақ де-ректі фильмінің сценарийіне сай әңгі-менің бағытын қажетті арнаға бұрып, бағыттап отырады. Жігіттері де қас-қа-бақтан түсінеді екен. Жігер жырды қоя салып, негізгі қызметіне кірісіп кеткен. Оператор Тарас Қажымов камерасын сайлап, әр сөзді, әр қимылды қалт жі-бермей жазуға дайын. Тіпті жүргізуші-лер де бесаспап: Азамат (Қожақов) мойнына фотоаппарат іліп алып, қажет-ті кадрларды сыртылдатып жатса, Бақ-тығали ағамыз (Айтмұхамбетов) опера-торға көмектесіп, ортақ шаруаның «пұшпағын илеп» жатыр.
Ал біз, өлкетанушы досымыз Айбо-лат Құрымбаев екеуміз, ежелгі қызығу-шылығымызға басып, ноғай жұртының эпиграфикалық ескерткіштерін, жерлеу дәстүрін көргіміз келді. Ноғайлардың да қайтыс болған адамға құлпытас қоя-тынын, ескерткіш белгіге ерекше мән беретінін естігенбіз. Бізді Залимхан аға-ның өзі бастап жүрді.
Ноғайлар зиратты «өлік» дейді екен. Қабір үстіне құлпытас қана қояды екен, басқа құрылыс – мазар, там, ке-сене тұрғызбайды. Зират аумағы кеңі-нен қоршалып, мал, жан-жануар кіре алмайды. Мұндай жағдайды Астрахан-дағы Баба Туклас жатқан Машайық қо-рымынан да көргенбіз. Бірақ ол жерде қазақтар да көп жерленгендіктен, ақ және қызыл силикаттан тұрғызылған төртқұлақ зират көп еді. Біз ат басын тіреген «Молла Әжі өлігі» атты қорым-да бірде-бір қабірүсті құрылыс кездес-педі. Бірақ құлпытастар өте әдемі, ше-бер жасалынған екен. Арасында зама-науи граниттен жасалған ескерткіштер де кездескенімен, көпшілігі кәдімгі та-биғи тастан қашалған. Біз қоршаудың сыртынан дұға оқып, бет сипаған соң Залимхан аға есікті ашып, зират аума-ғына кірдік.
– Бізде бұрынғы дәстүрлі үлгімен құлпытас жасайтын шеберлер қазір де бар. Әрине, бағасы арзан емес. Бірақ марқұмға құрмет үшін, оның соңғы ті-легін орындау үшін қаржы аямаймыз, - деп, Залимхан аға өз басынан өткен оқиғаны баяндап берді.
Осыдан 3-4 жыл бұрын Залимхан ағаның әкесі Қуандық Ақманбетұлы 80-ге таяп барып дүниеден өтіпті. Дүние салар алдында ұлына:
– Балам, мен қайтқан соң басыма құлпытас қоясың ба? - депті.
– Әлбетте, әке, қоямын, - дейді ұлы.
– Сол құлпытасқа Сталиннің суретін салдыршы, - депті әкесі.
– Әке, оныңыз не? Ел-жұрт: «За-лимханның атасы Сталин екен» деп мазақтап, күледі ғой! Құлпытасқа он-дай сурет салдыра алмаймын! - дейді ұлы.
– Онда арғымақтың, жылқының су-ретін салуға бола ма? - депті ақсақал.
– Мақұл, әке, жылқының суретін салдырамын! - деп уәде бердім, - деп күледі Залимхан аға. Зиратты аралап жүріп, ол құлпытасты да көрдік.
Байқағаным, құлпытастың құбыла бетінде әлі күнге дейін марқұмның де-ректері араб әрпінде жазылады екен. Сосын артына қазіргі кириллицамен қайталанады. Бүгінде марқұмның руын құлпытасқа жазу ұмытылып бара жатыр екен, кейбір ескерткіште ғана ру дерек-тері ұшырасты. Сондай-ақ көнелеу құл-пытастардың кейбірінің жоғарғы бөлегі ерекшеленіп, сәлде орағандай қаша-лыпты. Бұл – марқұмның дін ұстанып, қажыға барғандығын білдіреді екен. Ол «сәлдеде» қанша сызық болса, сон-ша мәрте қажы болғаны.
– Өмірде неше түрлі жағдай бола-ды ғой. Мысалы, кей адамдар із-түзсіз жоғалып кетеді немесе жерлеу мүм-кіндігі болмайды. Сондай жағдайда марқұм мүлдем белгісіз қалмауы үшін оған арнап әулет қорымына құлпытас қойылады. Бірақ ол ескерткіштің беті өзге құлпытастардай құбылаға қара-майды, бөлек, бір қырымен тұрады. Мұндай құлпытас көрсеңіз, бұл жерде бұл адам жерленбеген, тек белгі қо-йылған деп түсіне беріңіз, - деп Залим-хан аға бізге мүлдем тосын жаңалықты жеткізді. Бұл дәстүр қазақта бар ма? Естімеппіз. Бірақ өзіміз талай аралаған қорымдарда кейде құбылаға емес, бас-қа жаққа қараған құлпытастар кездес-кен еді. Бұл бізге жаңа ой салды...
Әңгімеден әңгіме шығып, Залимхан аға өмірден ерте кеткен інісінің қабірін көрсетті. Бауырының жас қалған ұлы Залимхан ағаның тәрбиесінде болған екен. Өсе келе дінге бет бұрған. Кейін жоғалып кеткен... Хабары Сириядан шығыпты. «Сол жақта опат болды деп есіттік» дегенді күйіне, басын шайқап отырып айтқан Залимхан ағамыздан жалпы ноғай жастарының радикалды діни ағымдарға тартылуы туралы сұра-дым.
– Ондай оқиғалар болған, - дейді Залимхан аға. – Жалпы, жан-жақты қы-сым көрген, жойылуға жақындаған ұлт-тың бойында ішкі наразылық көп бола-ды. Біреулер мұны өз пайдасына жара-туға тырысады...
Бұдан бұрынғы әңгімемізде Шешен-стан Республикасы құрамында да ноғай ауылдары бар екендігін айтқанбыз. Ре-сей-Шешен соғысында «ноғай батальо-ны» деп аталған топтың ерекше қимы-лы, жанқиярлық мінезі туралы да аңызға бергісіз әңгіме көп. «Бірде-бір ноғай тұтқынға берілмеген екен» де-генді де естідік. Әрине, ормандай орыс-тың ортасында отырған бір шөкім но-ғай бауырларымызға мұндай «ерлік-тен» еш пайда болмасын біз де, Залим-хан аға да түсініп тұрғандай еді...
Ноғай қыздарының мәрттігі
Телеоператорымыз Тарас қоңырау шалды. Ауылдың әсем көріністерін тас-паға басып алмақ болып, көше аралап жүргенде милиция ұстап, ішкі істер бө-ліміне алып кетіпті. Тез көлікке отырып, Залимхан аға көмекке аттанды.
Мәселе былай болған екен: біздің жігіттер балабақшаның әдемі ғимара-тын көріп, камераға түсіре бастаған. Сол кезде әлдекім милицияға хабар бе-ріпті. Сөйтсек, стратегиялық нысандар-ды арнайы рұқсатсыз фотоға, бейнеге түсіруге болмайтын тәртіп бар екен. Экстремистік шабуыл, жарылыс қаупі шынайы төніп тұратын Кавказда, Да-ғыстанда жүргенімізді ескермеппіз. Біз-ді қалтарысқа қалдырып, ішкі істер бө-ліміне өзі кеткен Залимхан аға біраз-дан соң қазақтарды «құтқарып» алып шықты.
Жолбасшымыз Рамильден ноғай тілінде шыққан кітаптарды қайдан алу-ға болатынын сұрағанбыз. Тереклі Мек-тебті аралап жүріп, шағын дүкенге тап болдық. Негізінен, қағаз-қалам, мектеп-құрал жабдықтарын сататын кеңсе дү-кені екен. Дүкен иесі Шаарбике біздің алыстан келген қардаштар екенімізді, не іздеп жүргенімізді естісімен, сөреде тұрған атақты ақын Сүйін Қапаевтың жыр жинағын тарту етті. Бәрімізге қа-ламсап сыйлап, бірге фотоға түсіп, мә-ре-сәре болып қалдық. Шаарбикенің көптен көрмеген бауырларымен кез-дескендей ақжарқын көңілі бәрімізді риза етті. (Айтпақшы, Шаарбикемен whatsapp желісі арқылы әлі күнге ха-барласып тұрамыз)
Тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Дәл осы Тереклі Мектебтің көшесінде Айбо-лат екеуміз өзге жолдастарымызды кү-тіп, уақыт өткізу үшін шағындау бір шәй-ханаға кіргенбіз. Шәй мен шибөрекке («чебуреки» деп жүргеніміз дәл осы ноғайдың, қырым татарларының ұлт-тық тағамдарының бірі екен) тапсырыс бердік. Шәйхана ішінде баяу ойнап тұр-ған әсем әуендердің арасында қазақ әндері де құлағымызға жағып барады. Ып-ыстық, жаңа ғана табадан түскен шибөректің дәмі өз алдына, шәй құйыл-ған ыдыстың өзі ерекше көрінді. Биік фарфор стақанның қақпағы бар екен, оның астында жапырақ шәй салатын фарфор сүзгіші тағы бар. Әрі шәй дем-дейтін құман, әрі шәй ішетін ыдыс дер-сің. Шыны керек, қатты қызығып қал-дық. «Мұндай ыдысты қайдан сатып алуға болады, жақсы екен» - деген са-уалымызға, кафе иесі орта жастағы ке-ліншек: «Сіздер қазақсыз ба?» деп сұ-рап алды да:
– Біз мұны Мәскеуден алдырып едік. Бұл жерде жаңасы жоқ. Пайда-ланылған демесеңіз, осы ыдысты сый-ға берейін, - деп, біздің қарсылығы-мызға қарамастан, екі стаканды әдемі-леп орап, ыдысқа салып, кетерде қолы-мызға ұстатты. Бір көрген қонағының бұйымтайын сөзге келмей орындап жі-беретін мәрттік тек қазақта ғана емес, ноғайда да бар екен-ау деген ойға бе-кідік...
Өлкетану музейінде
Тереклі Мектеб ауылымен қоштаса-тын уақыт та таяп келеді. Алдымызда әлі ұзақ жол жатыр. Залимхан аға ал-дын ала келісіп, бізді күтіп отырған Но-ғай өлкетану музейіне бағыттады. Му-зей директоры Қайырбек Балғишиев Қазақстанда, Қарағанды өңірінде туып-өсіпті. Өлкетану музейі 1968 жылы ашыл-ған, 1993 жылдан бері Дағыстан гео-графиялық қоғамының иелігіне өтіпті. Бөлек ғимаратта орналасқан, 1500-дей құнды жәдігер сақталған музейде но-ғай тарихына қатысты талай нәрсе жи-нақталған.
Осы жерде жалпы Тереклі Мектеб ауылының тарихы мен қазіргі жай-күйі-нен кейбір деректерді келтіре кетейік.
Ауылдың іргетасы XVIII ғасырдың аяғында, 1793 жылы Қараноғай болы-сы құрылған кезде қаланыпты. Бір қы-зығы, Ұлы Отан соғысы кезінде, яғни 1942 жылдың желтоқсан айында бұл ауылды немістер басып алған. Бірақ Қызыл армия бірнеше күннен кейін қайта азат еткен көрінеді. Сөйтіп, Те-реклі Мектеб тарихта неміс әскері жеткен ең шығыс нүкте болып қалып-ты.
2002 жылғы санақ бойынша ауыл-да 7285 адам тұрған, олардың 85,7 па-йызы ноғайлар екен. Мұнда көбіне ноғайдың қалемерден, чижуыт, қып-шақ, чаужейли, тоғыншы, найман, шур-ша, ас, қостамғалы, мойнапа, түрікмен, қобаншы, йетісан, үйсін рулары мекен-дейді. Ал жалпы Дағыстан Республика-сының Ноғай ауданында 2010 жылғы дерек бойынша 22,6 мың халық тұра-ды. Солтүстігінде Қалмақиямен, баты-сында Ставрополь өлкесімен, оңтүсті-гінде Шешенстанмен, шығысында Да-ғыстанның Тарум ауданымен шектесе-тін Ноғай ауданының жер көлемі 9 мың шаршы шақырымды алып жатыр екен.
Ауданның құрамында 10 ауылдық кеңес кіреді, олардың атаулары да қа-зақтың құлағына жылы тиеді: Арсылан-бек, Қарағас, Қарасу, Көктөбе, Құмлы, Күнбатар, Ортатөбе, Тереклі Мектеб, Эдіге...
Музей директоры Қайырбек Сей-дахметұлы аудан көлемінде жасалы-нып жатқан тарихи бағыттағы жұмыс-тар туралы да айтып өтті. Мысалы, рес-публикалық және мәскеулік ғалымдар-дың көмегімен аудандағы ноғай эпи-графикалық ескерткіштері зерттелініп, мемлекет қорғауына алыныпты. Арна-йы жинақ та әзірленіп жатыр екен.
Музейде жау жарағын асынған но-ғай батырының сұсты бейнесі көзге ал-дымен түседі. Сондай-ақ ноғай ұлты-нан шыққан тұлғалар, соғыс және ең-бек ардагерлеріне көп орын берілген. Әйгілі асыл тұқымды биязы жүнді «гроз-ный» қойының да түп-төркіні ноғайға тірелетінін осы жерден көрдік. Ноғай-дың көне домбырасы, тас диірмен, киіз үй жабдықтары, бәрі, бәрі біздің – қа-зақтың, көзіне де соншалық жылы, соншалық жақын көріністер...
...Күн кешкіре бастады. Алдымызда жол ұзақ. Пятигорск, ноғайша айтқан-да, Бесқалаға жетіп қонуымыз керек. Залимхан аға «тағы қонып кетіңдер» деп жалынды. «Сіздерді күтіп отырған, қонаққа шақырып отырған қанша ауыл бар. Неге асығасыздар?!» - дейді. Бірақ оған уақыт қайда?! Қимай қоштасып, көлігімізге отырдық.
Қош бол, қонақжай Тереклі Мектеб!
Кездескенше, Залимхан Қуандық-ұлы, ақжүрек аға!
Аман болыңыздар, ноғай бауырлар!
(жалғасы бар.)

Орал–Астрахань–Терекли Мектеб–Қаңлы–Эркен шаһар–Орал

Қаралым саны 1055

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463