Жыл құтты болсын, ағайын!

«Хамал (наурыз) басында қазақ ғұрпынша жаңа жыл кіріп, ескі жыл шығады: Ескі өліп, жаңа тірілгенде, өлгенді еске түсіріп, жақсы жағын, қылған жұмыстарын айтып отыру әдет» деп жазыпты сонау 1919 жылы Ғұмар Қараш атамыз. Біз де, міне, қойды жөнелтіп, мешінді қарсылағалы отырмыз.
Өткен жылдар бізге не берді? Қандай нәтижеге жеттік?

Журналымыз шыға бастағалы 3 жылдан асты, 26 мәрте жүздесіппіз, оның 5-еуі қосарланған қалың сан екен. Жылдан-жылға жүйеге түсіп, оқырман қатары да қоюланып келеді. Тұрақты демеушісі, қалталы құрылтайшысы жоқ, жарнаманы көздемейтін, пайдасынан шығыны көп басылым үшін осының өзі үлкен жетістік.
Кейде бізге телефон шалып, «Бір тілшіңізді жіберсеңіз» деп өтініш айтып жататындар бар. «Бізде штатта тілші жоқ қой» десек, «Қалайша?!» деп аң-таң болады. Рас, ағайын, «DANAkaz» журналының редакциясында бірде-бір тұрақты қызметкер жоқ. «Бас редактор» деп баттитып қол қойып отырған осы жолдардың авторының да тұрақты қызметі басқа. Журналды шығарғаны үшін ешкім көк тиын төлемейді. Бұл журнал алғашқы санынан бастап бүгінгі күнге дейін тек қана оқырманның, елім деген ерлердің, ақжүрек азаматтардың қолдауымен шығып келе жатыр. Журналға көз майын тауысып, ізденіп жазған еңбегін ақысыз-пұлсыз ұсынып, «қаламақысына» 1 дана журнал ғана алатын авторларымыз бар. Өтініш айтқанда өз шаруасын ысырып тастап, жүгіріп кететін әріптес іні-қарындастарымыз бар. Журнал жүрісінен жаңылып, уақытында көрінбей қалса, телефон шалып, арнайы келіп іздейтін оқырман, Сіздер барсыздар. Мұндай басылымның ел үшін, ұрпақ тәрбиесі үшін қажеттілігін түсініп, мүмкіндігінше көмектесіп отыратын ел ағалары, сала басшылары бар. Ендеше, «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы да жүрісінен жаңылмайды, жалғасын табады дейміз.

Әз Наурыз құтты болсын, ағайын! Жыл жақсылығын ала келсін!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
журналдың бас редакторы

Қаралым саны 1241

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463