Шәмбіл палуанды еске алғанда

Уақыт желтоқсан айының екінші жартысына ауып, қыс күшіне енді ене бастағанда жолға шықтық. Бағытымыз – Қаратөбе ауданына қарасты Ханкөл ауылы. Ханкөлдің ақсақалдары бас болып, ХІХ ғасырда өмір сүрген атақты палуан Шәмбіл Сарқытұлын еске алу шарасын қолға алған. Осынау қазақы сананы жаңғыртатын мәнді дүниеге көзайым болудың сәті түсіп, ұйтқыта соққан боранмен жағаласып келе жатқан бетіміз еді.

Күн кешкіре түсті. Қарсыдан соққан қарлы боран толастар емес. Бірақ жолға әжептәуір дайындықпен шыққандықтан, ауа райының жайсыздығына алаңдаушылығымыз шамалы. Тіпті боранмен бірге желпінгендей көңіліміз көтеріліп, ән салып келе жатырмыз. Жеңіл көліктегі бес жігіттің менен өзгесінің бәрі әнші. Ханкөлдің тумасы, бүгінде көпке танымал дәстүрлі әншілер Асхат Оразов және Фархат Оразов қатар жайғасқан. Алдыңғы орындықта бәрімізден жасы үлкен Жауынбаев Тілекқабыл ағай отыр. Бұл кісі де домбырасын ала шығыпты. Мұхиттың және қазіргі заман әндерін нақышына келтіре шырқайды екен. Ал рөлде белгілі әнші-термеші Қатимолла Бердіғалиевтің шәкірті Артур Сисенов. Әншілердің көлік ай-даушыдан өзгесі кезек-кезек өзіміздің батыс әндерін төгілдіріп сала берді. Фархат аға домбырамен сүйемелдеп отыр. Орал–Ақтөбе тас жолынан төте тартатын жайын жолдағы қардың қалыңдығынан қауіптеніп, Жусандыой ауылы арқылы өтетін айналма жолға түстік. Әңгімеміздің де ауаны өзгеріп, осы бетте аты аңызға айналған Құныскерейге, өзге де тарихи хикаяларға қарай ойысты.
Кешкі қараңғылықпен Ханкөлге жеткенде боран басылып, ауа тып-тымық боп тына қалды. Шәй ішілді. Домбырамен біраз ән айтылды. Ортамызға саумал келді. Соғымның еті былқылдап пісіп жатыр. Алдымызда қыстың ұзақ түні. Мен Шәмбіл палуанды еске алу шарасын ұйымдастыруға ұйытқы болып отырған екі ақсақалдан Шәмбіл палуан, Ханкөл ауылының арғы-бергі тарихы туралы сұрастыра бастадым. Бірі – Фархат ағаның әкесі Беркін Оразов, екіншісі – қонақ болып отырған үйіміздің иесі Бақытжан Жәлелов есімді шежірешіл қарт. Екеуінің де руы – Он екі ата Байұлы ішінде Қызылқұрт. Бұл кісілер ерте заманда Нарын құмының етегінен Ханкөл өңіріне көшіп келген мың үй Қызылқұрттың бүгінгі ұрпақтары. Жас жағынан азырақ үлкендігі бар Беркін ақсақал Бақытжан қартқа әңгімені өзің бастай бер дегендей ишарат қылды.
– Қызылқұрт руының адамдары Исатай-Махамбет көтерілісіне белсенді араласқан, - деп бастады Бақытжан аға әңгімесін. – Құрманғазы бабамыздың сол көтеріліске арнаған «Кішкентай» күйін ел біледі. Осы себепті де көтеріліс басылғаннан соң аталарымыз ханнан қысым көрген. Жерімізді тартып алған. Салықты сәл кешігіп төлесе, жазаға тартқан. Бас көтерген азаматтарды елге сыйғызбай қудалаған. Сол жақта Қызылқұрттың Құттымбет бөлімінен Исан дейтін қарт болған. Исан жасы ұлғайған шағында рулы еліне қоныс іздеп осы қазіргі Ханкөл өңіріне келіп, Көкөзектің бойы бос жатқанын көреді. Исанның Ермек деген баласы салқамсоқ, тентектеу болып өседі. Сондықтан Исан оған үміт артпай, Қызылқұрттың Байғұттысынан тарайтын Құлшық есімді жасаңдау жігітіне келіп былай депті: «Сен менімен бірге ханға барасың. Ханға барғанда малым жеріме сыймайды, халқым тығыздалып кетті. Көкөзек деген жер бос жатыр екен. Содан маған жер бер. Осы жерден бізге ілесіп мың үй көшеді де. Мен айт деген кезде сен осыны айт». Исан ханға барып, «Бәйгеге қосуға бір тай әкелдім» деген екен, астарлы сөздің мәнін аңғарған хан «Айтсын онда бұйымтайыңды» депті. Сонда Құлшық жаңағы сөзді айтып, мың үй Қызылқұртқа жететін жер сұрайды. Жерге рұқсат беріліп, ханнан хат келген кезде қарт Исанға да уақыт болыпты. Ол кездегі Қызылқұрт-тың негізгі шоғырланған жері қазіргі Жаңақала, Қазталовтың Қараөзені мен Сарыөзені екен. Содан Құлшық мың үй Қызылқұртты бастап, жол-жөнекей талай қиындықты бастан өткеріп, бүгінгі осы отырған жерімізге жеткен.
Қызылқұрттың Олжашы бөлімінен тарайтын Жұманның Естай, Қарабай деген екі баласы болады. Қарабайдың бес баласы бар: Сабаз, Қыстақ, Шоңбас, Қылыш, Өтеміс. Жоғарыда айтылған Құлшық би дүние салғаннан кейін Қарабайдың Өтемісінен тарайтын Қайқының баласы Бейсенбі деген би болған. Бисенбі – Қызылқұрттың соңғы биі. Қайқының өзі Ханкөлдің Бұлдырты бетіне жерленген. Көзі тірісінде кейінгі ұрпақтарымыз жеріміздің шекарасын білсін деп сүйегін Алашаның Мәлкелерімен шектесетін тұсқа өсиеттеп қойғызыпты. Бисенбінің қонысы Бисенбінің діңқызылы деген жерде. Ол қазіргі Жаңабаз аталатын жерден үш шақырымдай күншығыс бетте, шағылдың ішінде.
Бірде Бисенбі қарт тарантас мініп жолаушылап келе жатса, атақты Ақшолақ пәуескемен қарсы кезігіп, сәлем берместен өте шығады. Бисенбінің Ақшолақтан мүшелдің үстінде үлкендігі болса керек. Бисенбі үйіне жеткесін Оңай деген атақты баукеспе ұрысын шақырып алып: “Ақшолақ жылқысының басы ақбоз айғырды маған алып кел”, - дейді. Оңай қар жауып, шана жүретіндей уа-қыт болғанда нар түйені жегіп, Соналы-ның жазығында жатқан Ақшолақтың жылқысына қарай барады. Жылқының жолына тұзақ тастап, ішіне жем төгеді. Сөйтіп ақбоз айғырды аяғынан тұзаққа түсіріп, түйешананың тертесіне байлап алып келеді. Әкелгесін Бисенбіге келіп, «Ақбоз айғырды алып келдім, үлкен кісі» демей ме. «Алып келсең, жық» депті Бисенбі. Жығып салып сойғанда жүген-құрық тимей бос жүрген жануар-дан қалыңдығы середен артық қазы шығады. Бисенбі бәйбішесіне «мынаның әр мүшесінен бір-бірден сақтап қой, мен ас деген күні асасың» дейді. Ақшолақтың жоқшылары Бисенбіге тікелей батып келе алмайды.
Қар кетіп, жер кепкесін Бисенбінің ауылына Ақшолақтың өзі келіп түседі. Бисенбі адамдарына «қарсылаңдар» деп бұйырады. Ақшолақ үйге енгенде, Бисенбі алтыатар маузерін қасына қойып, төрде жатыр екен. Шәй ішіліп, ас желінгесін «Ақшолақ, сен бұлай қарай көп ат ізін салмайтын едің, шаруаң бар ма, шаруаңды айт?» - дейді Бисенбі. «Балалар үйірден бір тай жоқ дейді. Сіздің балаларыңыздың көзіне түспеді ме екен деп соны біле келдім» - депті Ақшолақ. Сонда Бисенбі: «Әй, Ақшолақ, біздің балалар көрдік деп еді, «ит төлеуі – бір күшік», аларсың бір тайды. Жаңағы алдыңа келген соның бір мүшесі ғой» дейді. Онсыз да біліп отырған Ақшолақ әрі қарай ештеңе айтпастан аттанып кетеді.
Күндердің күнінде Ақшолақ пен Бисенбі жол бойында тағы қарсы келіп қалады. Бұл жолы Ақшолақ пәуескесін анадайдан тоқтатып, Бисенбіге жаяу келіп амандасады. Сонда Бисенбі Ақшолаққа: «Әй, Ақшолақ, сәлем беруді үйренген екенсің» деп әзілдеген екен.
Ақтөбенің Шалқар бетінен бір атақты болыс Бисенбінің әділдігін, атақ-даңқын естіп, оны сынамақ болады. Сөйтіп, өз елінде өтетін үлкен асқа «Бір жүйрік ат және палуаныңмен кел» деп Бисенбіге шақыру қағазын жібереді. Бисенбі хатты алғасын үйден шықпай жатып алады. Оған батып кіре алатын тек қана Оңай екен. Халін сұрай барғанда Бисенбі былай депті:
– Атағым біраз жерге барған екен. Бірақ әлі күнге бәйгеге шабар атым, күреске түсер палуаным жоқ. Осыған бола жатып қалдым.
– Палуан табылар, ат болмаса, - деген екен Оңай сонда.
– Олай болса, сол атты табыңдар, - дейді Бисенбі.
Содан Атыраудың шекарасы, Ойылдың арғы беті, Шалқардың бергі жағымен айналып келгенде бәйгеге қосар бір ат табылмайды. Қоскөлдің Танасы мен Ханкөлдің Қызылқұрты – әуелден қыз алысып, қыз берісіп бір-бірімен сыйласып қалған құдандалы ел. Оңай Қоскөлдегі Есжан көлінің тұсынан өте бергенде Қалқаман Тананың бір саласы – бес үй Ботбай үй салмаққа тас соғып отыр екен. Оңайдың көзі бірден балшық бастыратын кер дөненге түседі. Талтүс мезгілі. Қыбыр етер жан жоқ. Оңай қасындағы серігіне «Міне, шабатын аттың түрі. Осыны жетегіңе ал» дейді. Бұларды бес үйдің көлеңкеде жаялық жуып отырған бір келіні байқап қалады. Кер дөненнің иесі тентектеу шал болса керек. Ыстық басыла сыртқа шығып, атын айнала іздеп таба алмайды. Сол кезде әлгі келіннен екі аттылы кер дөненді күнбатысқа қарай жетектеп кеткенін естіп, бұл істің Бисенбінің Оңайынан келгенін біле қояды. Шал ашуға мініп, қолына жүген мен терлігін алып, жаяу Ханкөлге қарай тартады. Шалдың аты есіме түспей қойды. Оның тікелей ұрпақтары, Түгелтаевтар осы күнде Қоскөл ауылында тұрады. Бисенбі шалдың тентектігінен хабардар болса керек, «Қысырдың тайын сойыңдар, жақсылап қонақ етуіміз керек» деп тәртіп береді. Ханкөлге жетпей, Діңқызылдың тұсында кер дөненге киіз үй тіктіріп баптауды бастап кеткен екен. Атақты Ақшолақ үйіне түскенде қарсыламаған Бисенбі жаман шалдың алдынан өзі шығады. Амандық-саулықтан соң шал болған жайды баяндап, Оңайды сырттай сыпырта балағаттап алып, «Бисенбінің ауылы жақын ба?» дейді. Бисенбі шалды ілестіріп барып, әзір құрметтің үстінен түсіреді. «Әлгі Бисенбі қайда?» дейді шал. Сонда Бисенбі:
– Бисенбі – мен. Ашуыңды бас, үлкен кісі. Атыңызды әншейін алдырғаным жоқ. Осы үшін үй басына бір-бірден бес үйіңе бес қара ала аяқ бие бергелі отырмын, - деп жаңа сойылған қысырдың тайынан жақсылап қонағасын беріп, оқсатып киіндіріп, бес қара ала аяқ биені жетектетіп, жуас атқа шалдың өзін мінгізіп, Оңайға апарып тастауды тапсырады. Әлқисса, осылай жүйрік табылады.
Енді Бисенбі Көкөзек бойында отырған өз ағайындары ішінен қайратты жігіттерді жинап, мал сойып, той қылып, күрес ұйымдастырады. Сөйтіп, палуандыққа үш жігітті таңдайды. Сондағы үш палуанның үлкені Шәмбіл екен. Қалған екеуі жасы кіші болғанмен, денеге келгенде Шәмбілден де ірі екен. Сонда Бейсенбі Шәмбілден “Сенің осыған дейін қылған қандай қайратың бар еді?” - деп сұрайды. “Ағеке, айта қалғандай қайратым жоқ. Бірде шілденің ыссы күнінде далада қалып, таңдайым кеуіп өлетін болғасын жас тобылғыны уысым толғанша ұстап, шеңгелдеп орып алып сығып, соның суын ішкенім бар еді”, - депті Шәмбіл. Бисенбі үндемейді. Екі жас палуанға да осы сұрақты қояды. Олардың бірі «Жеті-сегіз жасар бұқа құдыққа түсіп кеткенде жалғыз өзім мүйізі мен құйрығынан ұстап, басымнан асыра лақтырдым» десе, екіншісі де «Бір ағайымның түйесі құдыққа құлағанда қос өркешінен ұстап мен де лақтырдым» депті. Бұлардың үшеуі де Қызылқұрттың Олжашыдан тарайтын ұрпақтары.
– Күреске үшеуің де барасың. Бірақ бас палуандыққа Шәмбіл түссін, - дейді Бисенбі.
Сөйтіп Бисенбі Әлім еліндегі асқа үш палуаны мен бір жүйрігін алып барады. Бәйгеде Бисенбінің жүйрігі мәреге бірінші болып жетеді. Күресте Шәмбіл бас палуандыққа түседі. Қарсыласы да осал емес, тұлғасы Шәмбілден гөрі зор, сол өңірдің атақты түйе палуаны екен. Екеуі күресіп келіп кетеді. Әлім палуанының қайраты басымырақ екен, бірін-бірі ала алмай ұзақ күреседі. Шәмбіл «Әп!» деп дауыстаса, кімді болсын алып жығатын әдеті екен. Бисенбі өте қатулы адам, «Әй, атадан тумай кеткір, бұл не жү-ріс?! Өйтіп масқара болғанша өзім-ақ жарып өлтірейін сені» деп қынабынан қанжарын суырып алғанда Шәмбіл де «Әп!» деп қарсыласын алып ұрған екен. Әлім палуанының қабырғасы сынып, орнынан тұра алмай қалады. Сонда қарсыласы астында жатып сығып жіберді ме, әлде қатты күшке түсті ме, Шәмбілдің мұрнынан қан кетіпті. Бисенбі сол бойда шапанын шешіп, «Сені тапқан анаңнан айналайын!» деп Шәмбілді орап алыпты. Шәмбілдің жеңісінен кейін қасындағы екі палуанға «күресіп өлетін жай жоқ» деп қарсылас шықпайды. Содан үш палуанның бәйгесі, аттың бәйгесі түгелдей жиналғанда бір-біріне тіркестіре байланған қалы кілем, қара нары, жүйрік аты, алпыс-жетпіс ірі қарасы, оның сыртында бес жүздей қойы дегендей, қыруар мал-мүлік болады. Бисенбі жүлде байланған арқан-жіпті ұстатқанда «Бұл жақта Он екі ата Байұлынан жүрген жарлы-жақыбай бар ма?» деп жар салған екен. Сол кезде «Атеке-ай, баяғы бір жоқшылықта келіп қалған едім» деп бір шамалылау келген әйел адам дауыстайды. Сонда Бисенбі «Кел, қызым, мына мал-мүліктің билігі сенің қолыңда. Осы елде қанша жоқ-жітік, жарлы-жақыбай болса, осыларға бөліп бер» деген екен.
...Уақыт түн ортасына таман ауған. Мен киініп сыртқа шықтым. Ханкөлдің ертегі мекендей бұйратты даласы аппақ қарға оранып, үнсіз мүлгіп жатыр. Аспан бұлыңғыр болғанмен, жарық айдың тегіс төгілген өткір сәулесінен төңірек айқын аңғарылады.
Ертеңіне Шәмбіл палуанды еске алуға арналған шара Ханкөл ауылының солтүстік бетінде он шақырымдай қашықтықта орналасқан зират басына барып тәу етуден басталды. Ол жерде ауылдың бір топ кәрі-жасымен бірге қыстың көзі қырауда ат сабылтып арна-йы жеткен Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров және аудандық мешіт-тің бас имамы Әділжан Бекқазиев те болды. Қазіргі қызметіне дейін самбодан әлемнің үш дүркін чемпионы атанып, спортта үлкен жетістіктерді бағындырған аудан әкімі Асхат Шахаров Шәмбіл палуан зиратының басын қарайтып, белгі орнатуға қаржылай қолдау білдіріпті. Аудан әкімі Ханкөл аймағындағы көпшілік сыйынып, қастерлейтін орын – Қоске әулие мазарындағы және атақты Қази ақын зиратындағы осы бағытта атқарылған сауапты істерден де көмегін аяп қалмаған.
Зират басына орнатылған темір қоршаудың ішіндегі мәрмәр белгіде «Руы – қызылқұрт, тайпасы – Олжашы, бөлімі – Елбай, Сарқыт ұлы Шәмбіл 1844-1890. Белгі қойған: шөбересі Айтмұханбет. 2015 жылы белгі қойылды» деген жазу бар.
– Шәмбіл палуанның аталары бай болыпты. Сонау көзкөрім жерде бес татыр (сортаңдау жер – DK) бар. Ол татырлар сол байлардың жылқыларының үйездеген орны екен. Шәмбіл Орта жүз жеріне барып күреседі. Күресте жеңіп, бас палуан болып, үйге келіп, сары ала шапанмен түсе қалғанда жылқыға су жетпей құдық басында тұр екен. Шәмбіл палуан құдықты аршимын деп ішіне түскенде судың көзі ашылып кетіп, атқылаған судың күшінен құмдағы құдық опырылып құлайды. Палуанның ғұмыры осылайша үзілген. Осы күнде сол құдықтың орнына бұл маңайда кездеспейтін қызыл түсті гүлі бар өзгеше өсімдік өседі. Жарықтық, тегін кісі емес қой, - дейді Беркін ағай.
Біз Бақытжан ағайдың ұлы Төрежанның бастауымен зираттың батыс бетінде жарты шақырымдай қашықтықта орналасқан аталмыш құдықтың орнын арнайы барып көрдік. Бір қызығы, құдықтың ойпаңдау біткен орнына жіңішке шыбықтары майысқақ болып келетін боз түсті құба тал өскен. Тал түбінде борсық іні бар. Бірақ ол індегі борсыққа есі бар аңшы тиіспейді. Төрежанның айтуынша, жаз мезгілінде апан ішіндегі өсімдіктер тұтасымен қан қызыл түске боялып тұрады. Құдық қасында Шәмбіл палуан қыстауының да орны сақталған екен.
Түскілікте палуанның ұрпағы Айтмұханбет қарттың шаңырағында жиылған жұртшылыққа арнайы қонақасы берілді. Ал түстен кейін ауыл халқы мәдениет үйіне ағылды. Мұнда палуандар күресіп, облыс орталығынан келген әнші-жыршылар өнер көрсетті.
Шәмбіл палуанның ұрпағы Айтмұханбет қария бас палуанға баспақ, екінші орынға қой, үшінші орын алғанға он мың теңге ақшалай сыйлық тіккен. Күресуге Қаратөбе, Жусандыой ауылының палуандары арнайы келіпті. Палуандар ұстасқанда Ханкөл орта мектебіндегі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Рүстем Ербөлековтің мерейі үстем шығып, жеңімпаз атанды. Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Роман Сыдықов екінші, Қаратөбе мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бауыржан Шүрмен үшінші орын алып, Айтмұханбет қария тіккен жүлделерге ие болды.
Күн батуға таяғанда Беркін ағай-дың үйінен қалаға қарай қозғалдық.
– Кіндік әкемнің туған немересін Құдай айдап әкелді мұнда. Сенің атаң Сафолла мен дүниеге келгенде кінді-гімді кесіпті. Ақыры келген екенсің, менің үйімнен дәм татпай кетпейсің, - деген болатын ол маған. Беркін аға дастарқан басында қазақтың дәстүрі-мен иығыма шапан жапты. «Айнала-йын, мұны Сафолла атаңның, қала берді әкеңнің аруағына деген құрмет деп білгейсің» деді ол. Сөйтіп, атамның осыдан жетпіс жылдан аса уақыт бұрынғы бір әрекеті үшін иығыма шапан жабылды. Шапанды тірісінде көзін көрмеген атамның өз қолынан кигендей толқынысты әсерде болдым. Ғұмырларыңыз ұзақ болғай, айналайын Ханкөлімнің қазыналы қарттары!

Нұртас САФУЛЛИН,
Орал–Ханкөл–Орал

Қаралым саны 1306

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463