Ноғайлының елінде

Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

Бестау биігінде
Тереклі Мектеб ауылынан біз бағыт алған Пятигорск қаласы 300 шақырымдай қашықта екен. Қараңғы түсе жолға шыққан біз межелі жерімізге түн орта-сында жеттік. Жолшыбай «Каясула» деген елді мекеннің жанынан өттік. Равиль досымыздың айтуынша, бұл – Қояслы (яғни Қояс руына жататын адамдардың мекені) деген сөз.

«Қояс» ноғай, татар, башқұрт тілде-рінде «күн» дегенді білдіреді. Батыс Қазақстандағы ноғай-қазақтардың үлкен тармағы да «Қояс» деп аталады. Жолбасшымыз Равиль Ишмухамбетов-тың айтуынша, бұлардың бәрі ноғай құрамындағы қояс тайпасының ата-уынан шыққан.
Бүгінгі Пятигорск – Ставрополь өл-кесіндегі курорт қала. Іргетасы 1830 жылы қаланыпты. Жер жаннаты дерлік өлкеге аяқ басып, игеруге кіріскен Ре-сей империясы жаңа қалаға ат қоярда жергілікті «Бестау» (Бештау деп те атайды) атауын аударып ала салған. Бестау, аты айтып тұрғандай, осы өңірдегі ең биік бес шоқылы тау екен, ең биігі 1400 метрге дейін жетеді.
– Бұл өлке Алтын Орда хандары-ның жазғы ставкасы тігілген, әуел-ден-ақ сайран-сауыққа, демалысқа қолайлы мекен болған, - дейді Равиль Ишмухамбетов.
– Бөкей ордасының соңғы билеу-шісі Жәңгір хан да Фатима тоташын ер-тіп, осы Пятигорск қаласында бірнеше мәрте демалған, - дейді Айболат Құрымбаев.
Бестаудың аты «Биш даг» болып алғаш рет 1334 жылы араб саяхатшысы Ибн Батутаның жазбаларына түсіпті. Атақты жиһанкез «Бестаудың ыстық сулы бұлақтары-ай!» деп таңдайын қаққан.
Пятигорск музейінде
Пятигорск өлкетану музейіне бас сұқтық. «Поскреби русского — най-дёшь татарина» (фр. Grattez le russe et vous verrez le Tatare) — «Орысты тырна-саң, татар шыға келеді» деген тәмсіл осы жерде анық байқалады. Кіреберіс-те-ақ түркі балбалдары көк тіреп қарсы алады. Сақ-сармат дәуірінің көне жәді-герлері де осында. Мына бір тас ыдыс-тың түбінде мифтік бейне – бөрі басы таңбаланып, айналдыра сына жазу жа-зылыпты. Музей қызметкері бұл жаз-баның сыры әлі ашылмағанын айтты.
Бұрынғы жазбаларға қарағанда, Бестау өлкесінде ортағасырлық кесене-лер көп болған. Олардың сынықтары, кірпіштері, ондағы араб әріптері қазір музей жәдігері болып тұр. Мұндағы ер қаруы – қылыш, қалқан, дулыға, сауыт – бәрі де көзімізге етене таныс. Көпшілі-гінде араб жазулы өрнек көзге түседі.
Біздің сапарласымыз – белгілі өлке-танушы, Бөкей ордасы тарихының біл-гірі Айболат Құрымбаев Жәңгір ханның Пятигорск курортында бірнеше мәрте болғанын музейдің ғылыми қызмет-керлеріне баяндап, әлдебір мекенжай-ларды сұрастырып жатты. Соңғы хабар-ларға қарағанда, ізденісі нәтижесіз емес сияқты. Бірақ оны оқырманға Айболат Шамұратұлының өзі жеткізер.

Лермонтовқа дұға
Пятигорск қаласы орыстың әйгілі ақыны Михаил Юрьевич Лермонтов-тың есімімен қатар аталады. 26 жасын-да дуэльде қаза тапқан ақынның өмірі Солтүстік Кавказбен тығыз байланыс-ты: 10 жасында осы жерге емделуге ке-ліпті, 23 жасында жер аударылған, 26 жасында осы жерде, Машук тауының етегінде кеудеден тиген оқтан қаза тап-қан.
Біз қаладағы Лермонтовтың мемо-риалдық музейін тамашалай алмадық: жабық екен. Бірақ Машук тауына барып, ақынның қаза тапқан жерін көрдік. Де-малып, емделіп жатқан адамдар алаң-қайларда топ-топ болып, түрлі жаттығу жасап жүр. Тып-тыныш. Ғажайып таби-ғат. 1841 жылдың 15 шілде күні кешкі-сін жекпе-жекте Н. Мартыновтың оғы-нан қаза тапқан ақынға арнап стелла тұрғызылған. Ойыма «Дұға» келді:
«Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,
Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің.
Сонда сенің отыңды басатұғын,
Осы өлең – оқитұғын дұғам менің.
Ішінде бір қуаты барға ұқсайды,
Тірі сөздің жаны – сол, айрылмайды.
Қасиетті нәфәсі¹ желдей есіп,
Қайнап тұрған ыстық қан
салқындайды.
Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,
Көңілден кернеген кек кемігендей –
Болады жылауға да, сенуге де,
Жүректің басынан у төгілгендей.»
(Абай жарықтықтың аудармасы)

Қаңлы ауылында
Біз Ставрополь өлкесіне дәл осы Қаңлы селосына бару үшін келген едік. 1866 жылы патша жарлығымен ноғай-ларға қонысқа берілген осы село бір-неше ауыл қараған Қаңлы болысының орталығы болыпты. Қазір Ставрополь өлкесі Минералды су ауданына қарай-тын елді мекен ғана. 3000-ның сәл үс-тінде тұрғыны бар ауылда, негізінен ноғайлар тұрады екен. Бас тіреп келген Марика Джамбулатованың үйін сұрас-тырып жүріп тауып алдық.
Марика апайдың түр-пошымы тау халқының өкіліне келеді. Кәдімгі әй-некке өзіндік технологиямен сурет са-латын өнері бар екен. Өзі зейнет жа-сында болса да, дағдысын тастамаған. Біз келеді дегеннен дастарқанын жа-йып, бөрегін пісіріп, күтіп отыр екен. Өте қуанышпен қарсы алды. «Қазақ қардашлар жайлы әрбір хабарға қуана-мын. Өкініштісі, әдебиеттер өте аз, қол-ға түспейді. «Абай жолы» кітабын бір-неше мәрте оқып шықтым. Абайдың екі портретін жасадым» деп, бізге өз көрмесін қуанышпен көрсетті.
Кетерімізде Марика апай біздің топ-басшымыз Асыланбек Зиннатұлы-на Абай атамыздың портретін сыйға тартты. Бізге Доспамбет жыраудың папах киіп тұрған өр бейнесі бұйырды. Әйнектен жасалған бұл бұйымдарды елге, Қазақстанға бүлдірмей жеткізгені-міздің өзі бір хикая. Бүгінде жыраудың суреті әдемі қоршауға салынып, қыз-мет бөлмемде тұр...

Жалғыз адам салған мешіт
Қаңлы ауылын бір аралап өтіп, Қарашай-Шеркеш Республикасына қа-рай бет бұрмақпыз. Ауыл ортасынан әлдебір мешіттің көк тіреген мұнарасы көзге түскен. Көре кетейік деп арнайы бұрылдық. Марика апайдың үйінде болғанда құрылысын жалғыз адам са-лып жатқан мешіт туралы естіген едік. Осы екен. Іргетасы 1992 жылы бастал-ған. Ауыл тұрғыны Шамгерей Шалтумаев жалғыз өзі салып бітіруге қалыпты. Біз келгенде күмбезін профлистпен жа-уып жатыр екен. Расында да, жанында ешкім жоқ. Неге басқа адамдар көмек-теспейді? Мұның бір сыры бар шығар? Ойыма Халел Досмұхамедұлы жазатын «Бұхарадағы Көкілташ медресесінің са-лынуы туралы әпсана» деген еңбегі түсті. Аңызда қазақ батыры Көге Бұха-рада мешіт салу үшін «Жаныма бірде-бір намазын қаза қылмаған адам кө-мекке келсін» деп талап қойып, ондай жан табылмай, жалғыз өзі тұрғызатыны айтылатын.
Қаңлыдағы мешіт өте әдемі екен. Шамгерей ағамыз бізбен әңгімелесуге аса құлық танытпай, жұмысын жасай берді. Білгеніміз – азан мұнараның биіктігі 33 метр екен. Сыртқы құрылы-сы биылдың өзінде бітіп қалатындай.
Біз айналып жолға түстік. Бағыты-мыз – Қарашай-Шеркеш Республикасы.

Қаралым саны 1207

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463