Жан азығы

Жаңа кітап жарық көрді. Бұл кітаптың мұқабасы Егіндікөл ауылының сұлу табиғатын көз алдыңызға əкелсе, іші тамыры терең туған еліміздің тарихына толы. Атауы бір ауылдың тарихына қатысты болғанымен, мазмұны тек өңірдің, не Қазақ елінің ғана емес, күллі түркі жұртының тарихымен өзара жымдасып, тамырланған тамырымыздан сыр шертеді.

Бұл туынды – санасына азаттықтың, халқына адал қызмет етудің дəнін сепкен əке еңбегінің жемісі. Ес білген сəттен шым-шымдап айтылған əңгімелерді естияр болғанда мəніне терең бойлай, тырнақтап жинаған еңбектің жиынтығы. Мемлекетіміздің тәуелсіздік турасындағы айқын ұстанымына азаматының ой-өрісінің ұласқаны. Ата-бабамыз мың жылдап мекен еткен ата қонысымызды танудың бастауы. Жерімізге бола осы бір ата қонысымызды тартып алу үшін отарлаушылардың мəңгүрт етуінен аман қалуымыздың айғағы. Шыңғыс Айтматовтың «Найман ана» əңгімесінде мəңгүртке айналған баланы анасы қанша жерден есіне кім екендігін түсіргісі кеп талпынса да, еш нəтиже болмай, ақырында ұлының басымдағы түйе қапты шешеді деген қауіппен анасын садақпен атып өлтіруі – қандай қайғылы қасірет. Дəл осындай айуандықтың қорлығын қазақ халқы басынан өткерді. Жерімізді тартып алуды көксегендер бір адамды емес, бүкіл қазақ халқын ана тілінен, кəрі тарихынан айырып, көнбегендерді қырып-жойып, қалғанын мəңгүрт етуге барын салғаны баршаға аян. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, дербестікке қол жеткізсек – те осы зорлықтың салқыны бойымыздан əлі арылған жоқ. Əр адамның, ең болмағанда, өзі туып-өскен ауылының тарихынан бейхабар болуы – осының дəлелі. Бұл еңбек бойдағы мəңгүрттіктің сарқыншықтарын шығарып, адамның ой-санасына жаңа шуақ түсірмек, үзілген тамырларды жалғамақ.
Бір ауылдың маңында бұлақ, көл, шағыл, өзен, өркеш-өркеш құм, орман, терең сайлар, қыраттар мен төбелердің тоғысуына қарап, Жаратушының шеберлігіне бас иесің. Тамыры терең, мыңжылдықтарды қамтыған тарихымыздың куəсі болған тамаша сұлу табиғатты тани бастасаң, қайғысы мен қуанышы мол бабаларымыздың ізі сайрап жатыр. Тек соны түсініп, тарқата білер түйсік қажет. Осы іске жас та болса, терең бойлаған бауырымызға ризашылықтан басқа айтар жоқ.

Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 1030

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463