«...Ақын болғаны кінәсі ме еді, Сезімталдығы – айыбы ма?»

Ғилымханов Марлен Мәлікұлы 1998 жылы 4 наурызда БҚО Қазталов ауданы Жас ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің студенті. Бірнеше республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы.

Жолбейне

«Құс ұшу үшін жаралған,
Адам бақыт үшін жаралған»
Иван БУНИН

Шырын қылғыттым Құсалылардан,
Бір ұрттап едім...
Таусылды!
Ең асқақ шыңды құшағыма алғам,
Тез ери қойды қар сынды.

Бағым уыстан сусып ағатын,
Жасырары жоқ мөлдір су.
Мендегі сынбай шу шығаратын,
Сезім алдында көлгірсу!

Желетектердің дегбірі қайда,
Берекет бермей ұқпаған!
Мен Күндіз тұрам телміріп Айға,
Түн болса, Күнге сұқтанам!

Күп-күрең Күзге Көктемді арнадым,
Жердегі нәзік соқсақ құр.
Өмір досыма өкпемді арнадым,
Уақыт дейсің бе?!
Тоқтап тұр!

Қай шақта өзімнен өзгеге ашылам,
Аймалай берді Қала арын,
Көкпеңбек тастың көзқарасынан,
Жабығып қалған жанарым.

Көшуге көнді-ау соры ұлып барып,
Бұлттардың ұстап біреуін,
Бақытқа бейқам жолығып қалып,
Торығып кеткен Жүрегім...

Құрбан

Сүюге бәрін хақы бар еді,
Ақтарылғаны кімге қашық?
Өзіне ғашық Ақын әуелі,
Әсемдігі үшін гүлге ғашық!

Тағдыры жас жоқ ішінде мүлде,
Өлі жанардан ауыр ма еді!
Ғажайыбы аңқып түсінде жүр ме,
Уақытқа сіңген дәуірлері?

Тұңғиық ойын сілкіп ішкені,
Төңкере төгіп жанашырға.
Тізбек жылдардың күрсіністері,
Талмай сөйлейді санасында.

Саптыаяқтарды көтере күлген,
Жоғалып жалын жастағы леп.
Өктем бір шақта өте ме өмірден,
Түсінер ме оны басқа жүрек?!

Шексіздіктерге ұласып өңі,
Құшақтап алған айы дұға.
«...Ақын болғаны кінәсі ме еді,
Сезімталдығы – айыбы ма?»

Қапаға қанып жүрсін дейсің бе,
Кей кеуделерде жыр қаңғыды.
Осыған қарап күлсін дейсің бе,
Болашағының құрбандығы?!

Бейнелер бұлдыр басын ұрған ғой,
Зілмауыр жүкті арқа таңса.
Ғұмырға сыры жасырылған ғой,
Шешімін пенде тарқата алса.

Жанын түңілген шағы жеп оңса,
Жүрегі жұмбақ жеке ғалам.
...Тәңір бұйыртқан бағы не болса,
Сонымен сорлап кете ме адам?!

* * *

Сен кетіп барасың...
Сұрағымды басыңа жүз бәле етіп,
Қимастықтан кеудең де сызға кетіп,
Қарға аунаған шақтардың ызғары өтіп,

Қайта оралмас сәттерді түстей құрап,
Қуанышың бойыңда піспей құлап,
Ешбіреуге тіс жармай, іштей жылап,

Өңіңменен жабырқау күйге кетпек,
Кескініңмен қабақты түйген ептеп,
Сағыныштың сұлбасын сүйрелектеп,

Боран ойың ұйытқып, таңда ысқырып,
Сезіміме амалсыз қар құштырып,
Жиі-жиі шаншытып жанды ішкі үміт,

Сұлу жүзден уайымды сорғалатып,
Соңыңдағы қалғандай жолда бақыт,
Жүрген сайын жүгіңді тонналатып,
Құштарлықтың қасына тағы аялдай,
Аңсап өтер күндерді санай алмай,
Артта қалған ауылға қарай алмай,

Уақытты ойлап екеуміз жолығыспақ,
Толқыныспен жаныңды соры қыспақ,
Бір ақынның жүрегін қолыңа ұстап,
Сен кетіп барасың...

Иллюзия

Ол отыр ма жарық көзін жұмғызбай,
Түн біреуді тәтті ұйқыдан тұрғызбай.
Ұстай қалсам сұлу Күннің белінен,
Ту сыртымнан қадалады күндізгі Ай.

Куәгерім – ауа да үнсіз қаңғымақ,
Жұлдыз біткен оянған ба қалғып ап?!
Шуақ барда елесін де еске алмай,
Тұрам сосын басым төмен салбырап.

Қанаттардың сусылында қалықтап,
Менен ұшып бара ма өзі жан ықтап?!
...Кең теңізді сүңгіп өтіп дем алмай,
Тамшы ұшында дірілдеймін талып қап.

Қалжырайды тінтіп інін тар ойдың,
Таныта алмай кеңістікке сана айбын.
Тілеуіне тілім иіп тәнімнің,
Жүрегіме сүмірейіп қараймын.

Кенет көңіл жанарына жас алды,
Ғайыпқа ертті өлеңі де масаңды.
Кеуде ішінен ес жаңыла кеуде аңсап,
Аспан әні айтылады қашанғы?!

Ту сыртымда Ай тұрады қашанғы?!.

* * *

Қолдағы барын Күн қия қалған,
Қандырған ұзақ нұры құмарын.
Самайда шашы бірдей ағарған,
Қос ағаш күлер бұрымы қалың.

Біреуін жатыр аймалап аспан,
Жел алақаны мойнын қытықтап.
Жапырақ үндер сайрап адасқан,
Кеудеге тәтті ой қылғынып қап.

...Шынтақ лақтырып белдің беліне,
Өз білегіне құсты қондырып.
Бірі тұншығып жердің деміне,
Шашар xош иіс ұсқыны өндіріп!

Жүзіне гүлдей өлең төселіп,
Көзқарасының сыры күшінде!
Жанындағыға көлеңке сорып,
Маңдай көрсетіп тұруы үшін бе?!

Аласа болды ол неліктен?..

* * *

Сәл өктем сәтке өкпелеп қалды,
Булығуына оны бауратқан бір дем!
Кенет төкпелеп қалды,
...Жаурап қалдым мен.

Күлімкөз Көгім күркілдеп қалды,
Өкпе ме?!
Анық мәнісі кімге?
Жауынның жағы біртіндеп талды,
Дәрісі Күн бе?!

Реніш-көңілдер басылып қалды,
Сезген ненің де еркін қосарын!
...Кешіріміндей мойнына асылып қалды,
кемпірқосағым!

Эмуляция. Ауа.

Кескінсіз дене құшып Қара жер,
Куәгер екен күллі қыбырға.
Ішірткі қылып ішіп барады ол,
Құлшыныс сыйлап түрлі ғұмырға.

Аңқаны керер будақ мақұлық,
Жұмбағы молдың нақұрысы қай?!
Тым таза тәнде тулап та тұрып
пәк иіс кейде қаңқа кезеді,
...пақыр ісін-ай!
Мөлдір құшақта
бар демнің қаңғыр түсі көп,
Аңсар – кеудеге сезіммен
енетін сыңар.
Мүмкін,
оның шөлін қандырғысы кеп,
Адамдар шылым шегетін шығар...

Тазалық қалар!
Пәктікті аңсайды!
Қалауын ұқтық оңып қайдан біз?
Ғасырларды іштік,
Жылдарды жедік!
Шақтық қанша айды?
Аңсарын ағат жорып қойғанбыз!
...Жүрегіңді берші Адамға?!

Сапар

Жылып кетпей жатқан шақта таң дерті,
Адамзаттың делсал күйде қалды еркі.
Жанарларда мөлдірейді жан сөйлеп,
Сөздерінде көңілінің бар көркі.

Жылдықтарды қамауынан шығармай,
Күн тұнжырап...
түн тамылжып тұрардай.
Ақ қар, айтшы!
Сенделдің бе, сен де, әлде,
Жерге неге жауарыңды ұға алмай?

Ойым ұшқан әуені әлді тілді леп,
Кең үнсіздік.
Жымиды Жер. Күлді Көк.
Ал, мен жүрмін жүрегімнің айтарын
Самсап жатқан саналарға ілгілеп.

Желмен бірге құстың даусы естіліп,
Сертлісіне ғасырлардың лесті үміт.
Жұмбақ ізі жарқ еткенде сапардың,
Кеңістіктің есігінен кеш кіріп,
Ай аспанға асылады...Батар күн ,
Шамы қашан сөнер екен шаһардың?!
Көне сәттер елесіндей бұлдырап...

Семсер

Жалын шайыр деп аталмадым мен,
Жанып-піссем де жырға жүз.
...Жарқылдап бір кез жапанда жүрген,
Жұлқына сөйлеп түрлі абыз.

Марғасқалар-ау, жайың үстем бе,
Мінін жасырар кім кімнен?
Майқы билерім майын ішкенде,
Мың жүрек мұңы сілкінген.

Қадірлілердің жігі жұмсақтан,
Қақырап қалса, мұң қылмақ.
Қазтуған баба жілігін шаққан,
Қазақтың тілі тым қымбат.

Арға орамды ойды матасып алған,
Алдаспан ғой деп ел сенді.
Асан қайғының қапасы болған,
Асыл сөзім-ай, сен шерлі.

Демеймін мұңнан бұғатын ұлмын,
Долданып өпті арқамды ой.
Даналарымнан мұра тілімнің,
Даладай орны дархан ғой.

Жарқыл жанармен жұлқындың, Абай,
Жанынан жұрттың шер сордың.
Жүр сенің, тілім, құлқың құламай,
Жүзінде лыпып Семсердің.

Сананы маза қиын қармап ап,
Сергелдеңде тұр сезімім.
Семсер боп шайыр – құйылған болат,
Салымы жүзі сөзінің.

Өмірден өткен Ұлы көпке игі,
Өзегім – өксік, еңсең – мұң.
Өткірлігінің құны кетпейді,
Өйткені, мен де Семсермін!

Қаралым саны 1128

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463