Қадірлі ағайын!

Бүгін қолыңызға тиіп отырған «DANAkaz» журналының жаңа саны – тауық жылындағы тұңғыш нөміріміз болып тұр. Жыл басынан бері сабырын сарқа күтіп, қайта-қайта хабарласып, алаң көңілін білдірген, түсіністік танытқан барша оқырманымыздан басымызды иіп кешірім сұраймыз һәм рақмет айтамыз!

2017 жылдың басында еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» акционерлік қоғамының басшысы, үлкен ғалым Дархан Қыдырәлі мырза хабарласып, басылымның Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі болуға ұсыныс айтқан еді. Еліміздің ақпарат саласында басталған оң өзгерістерді көріп отырып, маман ретінде үлкен істен сырт қалуға ар-ұятымыз жібермеді. Қолымыздан келгенше кәсіби міндетімізді адал атқарайық деп шештік. Алайда жаңа басылымның талап-деңгейінен шығу оңай емес. Көп еңбек, көп уақыт талап етеді. Дәл осы уақыт тапшылығы журналымыздың жаңа сандарын мезгілінде жарыққа шығаруға кесел болды. Басқа еш кедергі жоқ. Сіздерге деген көңіліміз баяғыша ақжарқын,
осы істі бастаған кездегі сертімізге адалмыз.

2012 жылдың желтоқсан айында алғашқы саны шыққан журнал осы кезге дейін санаулы азаматтардың ғана қолдауымен жарық көріп тұрғанын, журнал штатында жалғыз адам – бас редактор ғана бар екенін, оның өзі ақысыз-пұлсыз қызмет етіп
келе жатқанын өздеріңіз жақсы білесіз ғой. Алайда оқырмандары-мыздың қолдауы, журналымызды жаппай сатып алып, жазылып, таратуы, қызықты мақала, деректі сурет, тарихи деректермен қамтамасыз етіп, әрқашан жылы сөзбен демеуі бізді қанат-тандырады. Осыған қарап бұл журналдың шын иесі – оның басы-қасында жүрген санаулы азамат емес, cіздер, қалың оқырман қауым деп түйдік.
Жақсылықта жүздесейік!

Құрметпен, Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Қаралым саны 993

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463