«DANAkaz» тарихи-танымдық журналын 2012 жылдан бері үзбей оқып келе жатқан оқырман қауым Елбасы көтерген елсүйгіш жұмыстарды біздің журнал алғашқы санынан бері мызғымас бағдар етіп алып келе жатқанына куә шығар. Сондықтан бүкіл ел бойынша рухани жаңғыру жүріп, халық санасы серпіліп, соңғы бірнеше ғасыр бойы еңсені басқан, есті шығарған бодандық қамыты мен отарлық езгі таңған жалған тарихтан құтылып, ата-бабамыздың жасампаз шынайы бейнесін танысақ, арманымыз жоқ! Ғасыр басындағы Алаш арыстарының да мақсат-мүддесі осы еді. Ендеше Ғұмар Қараш атамызды сөйлетейік:
«Ақ орда алаш көріп келер ме екен,
Жамырап келіп еніп кірер ме екен?
Сарғайып, сағындырып қолға түскен,
Асылдың қадір бұлын білер ме екен?
Ұғынып, бұлын біліп, қадір тұтып,
Қағбадай тауап етіп жүрер ме екен?
Ұлт намыс, жұрт намысы деген істер,
Имандай жүрегіне сіңер ме екен?
Ащы ауыз ашырқанып айтқан сөзді
Құрандай құлағына ілер ме екен?!
Құрметпен, бас редактор Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ