Армысыз, ағайын!

Бүгін қолыңызға ұстап отырған журналымыздың жаңа санынан бір нәрсені анық байқайсыздар. Ол – журнал бағытының өзгеруі, жастар тақырыбы, қазіргі күннің өзекті мәселелеріне көбірек орын берілген. Бұл біздің редакциямызға келіп қосылған жаңа леп, тың күштің нәтижесі.

Иә, осы нөмірден бастап біздің журналымызға әріптесім Айдана Хамидуллина және оның командасындағы қыз-жігіттер көмектесіп тұруға уәде етіп отыр. Айдананың өзі журналистиканың әртүрлі саласында бағын сынап көрген журналист болса, көмекшілері – Орал қаласындағы түрлі оқу орындарында білім алып жатқан студенттер.
Тілшілікке бейімі, қаламының қуаты бар бір топ жас «журнал жұмысына көмектесеміз» деп кіріп келгенде менің ойыма 1911-1913 жылдары қазақ зиялылары шығарған тұңғыш кәсіби басылым «Қазақстан» газеті түсті. Қазақ қоғамында газет-журнал үрдісі жоқ сол қиын кезеңде ұлттық басылымның қолтығына сүйеу, қадамына демеу болған – Орал қаласында білім алып жатқан Ғұбайдолла Бердиев бастаған Алаш арыстары болатын. Ол азаматтардың әрқайсысы кейін ұлтымыздың маңдайалды тұлғасына айналды. Олар газет жұмысына көмектесті, газет жұмысы оларға үлкен тәжірибе болып, қайраткер ретінде қалыптасты. Міне, сондықтан да бүгін біздің «DANAkaz» журналының редакциясына келіп, қоғамдық іске араласып жүрген өрімдей жастардың болашақта биіктен көрінетініне күмәнім жоқ. Рақмет оларға!
Ал журналымыздың басты бағыты, темірқазығы өзгермейді. Ол темірқазық – ұлтқа қызмет ету, жоғымызды түгендеу, өшкенімізді жандыру. Бұл жолда бізге Тәңірім қуат берсін!
Қазыбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

Қаралым саны 1016

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463