Бүгін технологиялар тек ақпаратпен алмасу ғана емес, ол сонымен қатар ойын-сауық үшін, түрлі мәселелерді шешу мақсатында күнделікті өмірде қолданылып жүр. Жоғарыда аталған бюро статистикасы бойынша 6-15 жас аралығындағы балалар 2019 жылы ғаламторға күніне кем дегенде бір рет кірген екен. Шындығына келсек, әлеуметтік желілер пайда болғалы жастардың тілін табу сол технологиялар көпірі арқылы жүзеге асатын секілді. Біз мынандай қорытынды шығара аламыз: балалар ғаламтор, электронды құрылғыларды үздіксіз қолданады. Сондықтан жаңа технологиялардың жалпы оқу процесінде маңызы өте үлкен. Кең қолданысқа енген электронды құрылғылар тәрбие жұмысында, оқушыларға базалық этика мен қоғаммен қарым-қатынас орнатуды үйрету ісінде, сабақ үлгерімі мен күнделікті тәртіп жүйесінде, өзге де түрлі мақсаттарда пайдаланылуда. Осы электронды құрылғыларды тәрбие жұмысында қолдансақ, нәтижесі оң болады. Оқушыларға түсінікті әрі қызықты процесс жүреді. Бұл үшін қандай тәсілдер қолдану керек? Электронды құрылғыларды, жаңа технологияларды тәрбие жұмысында қалай қолдана аламыз? Цифрлық даму толқынын педагогикада қолданып, балаларға ақпаратты түсінікті қылып қалай жеткізе аламыз?
Бұл үшін, әрине, ең әуелі ақпаратпен бөлісудің ескі тәсілдерінен арылымуыз қажет. Мәселен, тақырыпты түсіндірген кезде жай баяндап беру емес, сол тақырыпта бейнематериал көрсеткен не оқушыларға интернеттен ақпарат жинақтауға тапсырма берген жөн. Содан соң сол ақпаратты қолдана отырып, бейнематериал жасақтауға болады.
Мысалы, жаратылыстану пәнінен өңірдегі жануарлар туралы өтіп жатсаныз, балаларға жергілікті хайуанаттар саябағына барып, репортаж түсіруге тапсырма берсеңіз болады. Немесе сабақ барысында технологиядарды қолданғыңыз келсе, хайуанаттар саябағының қызметкерімен әлеуметтік желі арқылы хабарласып, оқушылармен онлайн ашық сұхбат жүргізсеңіз, бұл оқушыларға жәй мәтін оқығаннан әлдеқайда қызығырақ болады.
Енді тәрбие мәселесіне келер болсақ, оқушылар үшін тартымсыз тәрбие сағаттарын да дәл осылай өте қызық, мотивация беретін, өмірлік лайфхактар алатын шараға айналдыруға болады. Оны қалай жүзеге асыра аламыз? Біріншіден, тәрбие сабақтарында қазіргі таңда оқушылар үлгі тұтатын тұлғалармен "Skype" желісімен онлайн кездесу ұйымдастыруға болады. Ықпал, әсері бар тұлғалар балаларға ақыл айтса, бұл мұғалімдер айтқаннан гөрі мың есе есте қалып, оқушылар соны орындауға тырысатын болады. Екіншіден, оқушылардың тәртібін түзету үшін қазіргі таңда жақсы әдеттерді қадағалайтын түрлі "habit trackers" , яғни "әдет бақылаушы" мобильді программаларды қолдануға болады. Әр оқушы оны өз телефонына жүктеп, мұғалімнің көмегімен күнделікті жақсы әдеттердің орындалуын қадағалап отыра алады. Үшіншіден, түрлі игі істерді жасауды "гэймификацияландыруға", яғни ойынға айналдыруға болады. Жалпы, қазіргі таңда балалар көп уақытын өткізетін виртуал әлемде үйренетін де, жиренетін де нәрсе жеткілікті. Сондықтан ол әлемді пайдаланудың да әдіс, әдебін білу, сақтану да қажет.
Google Forms сайты арқылы оқушылармен кері байланыс, тест арқылы бақылау жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Google Forms – әртүрлі шектеусіз сауалнамалар мен тестілеу түрлерін құруға арналған ең жақсы интернет ресурстардың бірі. Оның қорытынды фидбек жасауға көмегі мол. Мен күнделікті сабақта Google Forms арқылы оқушылардың білім деңгейін бақылап отырамын.
Quizizz платформасы арқылы танымдық викторина, сабақтан тыс іс-шаралар өткізуге, жеке тесттер құру немесе дайын тестілер таңдауға, соның ішінде оларды үй тапсырмасы түрінде сұрауға және балалардың жұмысын бақылауға болады. Өз тәжірибемде «Жаратылыстану» пәні бойынша материалдарды бекіту мақсатында викторина жасай отырып, әр оқушының денгейін бақылаймын.
Оқушылар интернетті қолдайтын кез келген құрылғы арқылы тест тапсыра алады. Мәселен, әр сыныптың "Instagram" парақшасы болса, оқушылар сынып тынысы туралы жайлы естеліктерімен бөлісіп, жұмыстанса, бұл материалдар желідегі ақпараттарға қарағанда, әлдеқайда пайдалырақ деген пікірдемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – әлемді түгел жаулаған цифрландыру педагогиканы да айналып өтпейді. Оны дұрыс түрде қолдана білсек, ұстаз ретінде борышымызды ақтауда көмекшіміз бола алады. Қазір жаңа ғасыр педагогикасын қолданатын уақыт келді, енді оның қаншалықты жемісті болары мына біздерге, мұғалімдерге байланысты болып отыр.