Жан азығы

2012 жылдың желтоқсан айы, ұлы мейрам тәуелсіздік күні қарсаңында өңірімізде қуанышты жәйт орын алды. Көптің көкейінде жүрген тарихи-танымдық, жастарға тәрбиелік мәні зор, білім мен ғылымды терең игеруге насихаттайтын «Dana.kaz» журналымыздың алғашқы нөмірі жарық көрді.

Журналдың таралымының дені тез өтіп кеткендігін білгенде марқайып қалдық. Түрлі білім ордаларында басылымның тұсаукесері ұйымдастырылды. Жастар шын жүрекпен қолдау білдіріп, жақсы ықылас танытқанда риза болып, еліміздің болашағы жарқын екендігіне сүйсіндік.

Тәуелсіздік текті бабаларымыздың маңдай терімен, ерен еңбегімен келгені анық. Заманның тар кезінде де қазақта ел болашағы үшін қолынан келген көмегін аямаған азаматтар болды. Бірі бойында бар білімімен, бірі қолындағы қаржысымен игі бастамаға қолдау білдірді. Міне, бүгінгі азаттыққа бір тілек, бір ниеттегі азаматтардың күш біріктіруі арқасында жеттік.

Бұған дәлел – осыдан 100 жыл бұрын бабалардың бастан өткерген мына жағдайы. Бодандық езгісіне езіліп, болашақ бұлыңғыр боп, құлдық сана бойды алғанда барша қазақты қалың ұйқыдан ояту мақсатында қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен 1911 жылы тұңғыш «Қазақстан» газеті жарық көрді. Кез келген басылым қаржылай қолдау болмаса жарық көрмейтіні айқын. Мақсаты асыл, жолы ауыр бастамаға алғашқы болып ақын, оқу-ағарту ісімен айналысқан, кәсіпкер Шәңгерей Бөкеев 500 сом көлемінде қаржылай қолдау білдірсе (ол кезеңде бұл аса ірі қаражат), тарихшы, қоғам қайраткері, заңгер Ғабдолғазиз Мұсағалиев Жетісуда «Мамания» мектебінде сабақ бере жүріп, сол өлкеде газетке жазылу жұмысын ұйымдастырады. Осылайша газет таралымын арттырумен қатар қаржылай да көмек ұйымдастырған. XX ғасырдың басы қазақ халқының ең бір қиын-қыстауды бастан кешкен кезеңі, жер тарылып, кәсіп құлдырап, түрлі саяси толқудың басталар шағы еді. Халықтың бәрі бірдей хат та танымайтын. Бұндай жағдайда газетті сату арқылы жыртығын жабу мүмкін емес еді. Осындай қиын сәтте газет шығарушылар қаржыдан қатты қиналғандықтан әзербайжан ұлтының өкілі, Бакудегі мұнай алпауыты, генерал Зейнел-Ғабиден Тағиевтен көмек сұраған. Қарапайым етікшіден қажырлы еңбегінің арқасында аса ірі кәсіпкер болған Тағиев исі мұсылманға қолынан келген көмегін аямаған. Бас тіреп, көмек сұрап барған Ғұмар Қараш пен Елеусін Бұйринға 1000 сом көлемінде қаржылай көмек берген. Міне, «көп түкірсе – көл» дегендей, елге жанашыр азаматтар ақшалай көмек етсе, Бақытжан Қаратаев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин т.б. алаш арыстары бойындағы білімін, күш-жігерін ортақ іске жұмсады. Осының арқасында аты затына сай «Қазақстан» газеті тұрақты шығарылып, қараңғы түнектегі ай сәулесіндей жарық түсіріп, тәуелсіздігіміздің арайлы таңын жақындата түсті.

«Dana.kaz» журналының алғашқы нөмірі қолына тиген көптеген оқырман жылы пікір білдірсе, облысымыздағы жоғары оқу орындарының, кітапханалардың басшылары ерекше қолдап, басылымның жастар арасында кеңінен таралуына барынша атсалысуда. Көптеген аудан басшылары журналдың ауыл тұрғындарына уақтылы жеткізілуіне қол-ұшын беріп, жанашырлық танытса, кейбір кәсіпкер азаматтар қаржылай қолдау білдіруге ықыласты екендігін жеткізді. Міне, ұрпақтар сабақтастығы деген осы! Бір ғасыр бұрын бабаларымыз жан азығы үшін күш біріктірсе, бүгінгі буын да сол үрдісті жалғастырып, ел болашағы, дұрыстық жолы үшін, тәуелсіздігіміздің тұғырын берік етуге жұмыла қызмет етуде.

Бұл журналды оқыған әр адам ондағы тақырыптардың маңыздылығын ұғынып, айналасындағыларға түсіндірсе, ел болашағына деген жанашырлығы, ұрпағының болашағы жарқын болуына жол салуы деп ұғамыз.

Әр адам мүмкіндігінше қолдау білдіргеніне ризашылығымызды білдіреміз. Жақсылықтарыңыз Алладан қайтып, болашақ ұрпақтарыңыз білімді, білікті, ұлағатты, өнегелі болып, ата-аналарынан алған тәрбиесін ұрпақтарға жалғастырсын.

Журналдың мақсаты – ұрпақтар сабақтас-тығының арасында сапалы көпір болу. Ата-бабамыз ғасырлар бойы жинаған халық даналығын келер буынға аманатпен жеткізу, білім мен ғылымды игеруге насихаттау.

Қарап қалмаңыз, келіңіз, ортақ іске жұмылыңыз.

Ақбай БАРЖЫҰЛЫ

Қаралым саны 920

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463