Құныскерей үңгірі

Тақырыпқа кіріспе
Ғалымдардың айтуына қарағанда, Қазақстанда 140-тан астам үңгір бар көрінеді. Оның 80 шамалысы Қаратау жоталарының карбонат қат-қабаттарында екен. Бұдан басқа Талас Алатауы, Өгем жоталарында-20, Үстірт пен Маңғыстауда - 11, Каспий ойпаты, Солтүстік Аралда - 4, Сарыарқада - 12, Алтай, Қалба, Тарбағатайда - 5, Жетісу Алатауында - 2, Іле Алатауында 6 үңгір есепке алынған.

«Үңгір – жер асты суларының әрекеті нәтижесінде утас, доломит, тас тұзы, гипс сияқты тез еритін шөгінді жыныстар тараған ауданда, таулы-тасты жерде пайда болады» дейді ғылыми мәліметтер. Үңгірлерді зерттейтін арнайы ғылымның атауы – спелеология екен. Қазақстанда бұл ғылым қаншалық-ты қалыптасқанынан хабарсызбыз. Бірақ дүние-жүзінде спелеология әжептәуір дамыған. Тіпті жиһанкездер үшін спелеотуризм деген арнайы саяхат түрі де пайда болыпты. Ойлап қараңызшы, АҚШ-тың Кентукки штатындағы Мамонт үңгірінің сталактитті залдар мен дәліздерінің адам жүруге болатын бөлігінің ұзындығы 200 км-ге жетеді екен! Мұндай ғажапты өз көзіңмен көргенге не жетсін!
Ал біздің Батыс Қазақстан облысында үңгір бар ма?

– Әрине, бар! Таулы жердегідей тарам-тарам әрі терең болмағанымен, біздің аймақта да қызықты жер асты қуыстары кездеседі. Нақты зерттелмегенімен, мұндай үңгірлер біздің Ақжайық ауданының Атырау облысымен шекарасында кездесуі мүмкін. Өйткені сол маңдағы Дендер қыраты борлы-гипсті тау жыныстарынан тұрады. Бұдан бөлек, Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылдық округі аумағында жергілікті халық «Құныскерей үңгірі» деп атайтын шағын үңгір бар. Осы ауданның Аққозы ауылдық округінде кездесетін терең сайларда «атты кісі сиятын үлкен үңгір бар екен» деген әңгімені құлағымыз шалды, алайда арнайы барғанымызбен, ол жерді тап басып көрсететін жолбасшы таба алмадық. Айтпақшы, мұндай үңгірлер, қуыстар Шыңғырлау мен Бөрлі аудандарында да кездесуі мүмкін, – дейді бізге Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы директорының орынбасары, география ғылымдарының кандидаты Серік Рамазанов.

Құныскерей деген кім?
Байқап отырғанымыздай, дерегі анық жалғыз үңгір - Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылындағы «Құныскерей үңгірі» екен. «Құныскерей деген кім? Ол үңгір неге Құныскерейдің атымен аталған?» деген сауал, әрине, оқырманның ойына келгені анық.
Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде, 1920 жылдары «банды» атанған Құныскерей Қожахметовтің есімі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына жақсы таныс. 1885 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген Құныскерей совет үкіметі алғаш келіп жатқан жылдары ауылсовет төрағасы болып та жұмыс істеген көрінеді. Алайда 1923 жылы қонағын қорғап, ГПУ өкілін (сол кездегі милиция) атып өлтіргені үшін банды атанып, біраз жыл қуғында жүрген. Ақыры алыс Түркіменстан жеріне өтіп, аты-жөнін өзгертіп, Әбілқайыр Жаманов деген атпен 1968 жылы өмірден өткен.
Батысқазақстандық белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасанов Құныскерейдің тарихын көп зерттеді. 2000 жылы «Зерде» баспасынан шыққан «Қос батырдың хикаясы» атты кітапта «Тағдыры қызық адам немесе Құныскерей туралы сыр» атты әңгімені тарқатып жазса, 2008 жылы Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан «Құныскерей» деген атпен шыққан жеке кітап түгелімен осы бір тарихи тұлғаға арналыпты.
«Қаратөбе ауданы территориясында Жарлы өзені бойында аттылы кісі сиятындай Құныскерей үңгірі бар» деп жазады ағамыз аталмыш хикаятта.
Ел аузындағы аңыздарға қарағанда, қуғында жүр-ген Құныскерей сырткөзге түспей, сай ішімен келіп, үңгірге кіріп кетеді екен. Үңгірдің аузы атты кісі сиятындай үлкен болса да, білетін кісі болмаса, өзгеге жасырын, елеусіз болған. Сай іші қалың жыныс, бұта. Үңгірдің үстінен келген адам байқамайды, ал сайдың қарсы бетінен келген жан болса, үңгірде ол бағыт алақандағыдай көрінеді.
Жұрт көзіне түсіп, өзіне көмектескендердің басын қатерге байламайын десе керек, Құныскерей қыс кезінде көбіне үңгірде болған екен.
Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылында тұратын Әзербай Кенжеғалиев деген ағамыз «Құныскерей хикаялары» деген әңгімесінде жасырын үңгір туралы қызық деректерді келтірген.
«...Милиция органының бастықтары Құныскерей қолға түспесе, атып, жаралы күйінде ұстау керек деген тәртіп берген. Қыс түсе шетелге өтіп кетеді деген қауіп болған сыңайлы. Ақтөбеге қарай «Құлақшиден» әрі «Бөлектау», «Бармақ» деп аталатын үлкен үстірт, шағын таулар бар. Сол жерде бір таудың астын қазып, Құныскерей үңгірлі-бөлмелі үй жасаған деген сыбыс бойынша ұстаудың жоспары жасалыпты. Оралдан мерген (снайпер) татар жігітін алдырып, милиция жасағы Құныскерейді көп аңдиды. Бөлектауды кейде Үңгіртау деп те атайды екен. Үңгіртаудың үстіне шыққанда аяқ асты дүңгірлеп тұрады дейді, бірақ айналада есік те, тесік те жоқ.
Бір күні Үңгіртаудың үстінде тұрғанда көз ұшынан бір салт атты көрініпті. Дүрбі салып қараса, Құныскерей екен. Татар мерген атып жібереді. Бірақ Құныскерейге дарымайды. Құныскерей қайрыла беріп, атқан екен, оқ татар мергеннің башпайынан тиіп, атынан ұшып түсіріпті.
– Мен енді атпаймын. Құныскерей менің таудай денемді көрмей тұрған жоқ. Бұл ескерту болар, енді атсам өлтіреді. Оққағары бар екен, осы кезге дейін оғым далаға кетіп көрген жоқ еді, – деп, татар қайта атудан бас тартыпты».

Біздің спелеосаяхат
«Жүз естігеннен бір көрген артық» демей ме қазақ. Баһадүр Құныскерейге баспана болған үңгірді өз көзімізбен көру үшін Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына арнайы бардық.
Орал қаласынан Егіндікөл ауылына дейін 250 шақырым екен. Соның 230 километрі – тақтайдай Самара-Шымкент күре жолы. ... шақырымдық белгіден кейін Қоскөл мен Егіндікөл ауылдарына грейдер жол шығады.
Бұл өзі табиғаты да әсем, тарихы да терең тамаша өлке екен. Әйгілі Қара қыпшақ Қобыланды шабатын Алшағыр ханның қаласы бар дейтін Аққұм іргеде жатыр. Тайбурыл қарғып өтетін сегіз сай жатыр қатар-қатар жосылып. Егіндікөлдің іргесінде, Мессай аталатын терең сайда біз іздеген Құныскерейдің үңгірі бар екен. Қалың қар басса, еш техника жете алмайтын жықпылға ауыл азаматы Жасталап Шамғонов ат-шанамен алып барды.
Құныскерей үңгірі ауылдан 4-5 шақырымдай екен. Үңгірдің қарсы бетінен келіп, терең сайдың жиегіне тоқтадық. Тереңдігі 13-15 метрдей болатын сай жарқабағының орта тұсында, аппақ қардың арасынан қарауытып үңгірдің аузы көрінеді. Ат-шананы қалдырып, омбылап сай табанына түстік. Тырмысып, үңгірге дейін қайта көтерілдік.
Байқағанымыз, үңгірдің аузы құлап, кішірейіп қалыпты. Қар мен жаңбыр суы құйылып, аузы опырылып, ішке, үңгір түбіне қарай құлай берген екен. Бір кездері адам еңкеймей кіретін болса, қазір әбден аласарған. Еңбектеп ішке кірдік. Топырақ жынысы ұсақ-ұсақ әк тастан екен. Үңгірдің түбі небәрі 10 метрдей ғана. Түбіне су жиналғаны, сыз ұялап, көгеріп, қабырғасы құлағаны байқалып тұр. Үңгірдің ауыз тұсында жоғары тұста бірнеше терең жарық көрінеді. Тағы да құлағалы тұр-ау. Енді бірнеше жылда Құныскерей үңгірінен ештеңе қалмайтын шығар деп уайымдадық.

Әбішкелген
– Біздің бала күнімізде, бұл 1956-1958 жылдар болатын, осы үңгірге Құрманғазы Қараманұлы екеуміз келіп ойнайтынбыз. Ол кезде үңгір терең еді. Үңгір түбі қараңғы әрі жағымсыз иіс шығып жататындықтан, бойлап еніп көрген жоқпыз. Қорқатынбыз, – деп еске алады балалық шағы осы Егіндікөл мен Жігерлен елді мекендерінде өткен Қайыржан Хасанов ағамыз.
Осы Егіндікөл ауылының тұрғындары үңгірдің ішінде екі бағытқа кеткен жол болғанын аңыз етіп әңгімелейді. Бірақ мұның рас-өтірігі белгісіз. Жоғарыдағы Үңгіртау туралы хикая рас болса, ол үңгірдің аузы дәл осы сайдан басталатын шығар?! Оның үстіне, мұны милициядан қашып, ат үстінде жүрген Құныскерей қазып жасады деу де ақылға сыйымсыз секілді. Шамасы, бұл үңгірдің тарихы әріректе болса керек. Осы өңірде сақ заманынан қалған обалардың көптігі, археологиялық қазбалардан табылып жатқан құнды жәдігерлер осыған куә болғандай.
Ел аузында «Құныскерей үңгірі» атанып жүрген осы мекеннің атақ-даңқына қаныққан әйгілі жазушы Әбіш Кекілбай да 1998 жылы мұнда ат басын арнайы тіреп келіпті. Насихаттай білсек, сақтай білсек, өткеннен қалған табиғат ескерткіштері, тарихи мұралар қаншама?!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
Суреттер автордікі

Қаралым саны 3139

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463