Әскери аристократия өкілі

XVІІ ғасыр әдебиетінен қалған нұсқалар өткен дәуірлермен салыстырғанда біршама аз. Бұл кезде жасаған қазақ ақын-жырауларының біздің заманымызға шығармалары жеткені – Жиембет, Марғасқа жыраулар. Бұл екеуінің де аты XVІІ ғасырдың алғашқы жартысында билік құрған Еңсегей бойлы ер Есіммен байланыстырылады.

...Бортоғашұлы Жиембет жырау көшпенділердің әскери аристократиясынан шыққан. Халық аңыздарының және көне шежірелердің айтуынша, Жиембеттің арғы атасы – ноғайлының қорғаны Алау батыр. Алау – XVІ ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам.

Жиембет – Есім ханның әскербасы батырларының бірі, әрі жорықшы жырауы. Сонымен бірге Жиембет – ел аузынан алынған тарихи әңгімелерге және өз шығармаларындағы кейбір сөздерге қарағанда, заманының ірі феодалы, мемлекет істерінде үлкен рөл атқарған қабырғалы биі.

Жиембеттен қалған ең елеулі мұра – оның Есім ханға толғауы.

Есім қазақ тарихындағы ең жауынгер, ең әулетті хандардың бірі еді. Ол жөнінде аңыз әңгімелер тіпті көршілес халықтардың да жадында сақталған. Сондықтан Есімге мұндай сөздер айту әмірші алдында үлкен еңбегі, беделі бар адамның ғана қолынан келер іс екені өзінен өзі түсінікті.

Жиембеттің бата сөйлеп отырғанының тағы бір себебі – оның жалғыз еместігінде, артында күшті руы, белді батырлары тұрғандығында. «Мен өлсем, құнсыз кетер деме сен», - дейді ол Есімге. Інісі Жолымбет батырға арнаған жырында: «Хан жалғыз да, біз үшеу» деп, өздерінің көптігін, білектілігін айбар етеді. Сүйеніш тұтары – немере інісі Байбақты батыр. Байбақты – атақты Сырым батырдың алтыншы атасы, торғауыттарға қарсы соғыстың қаһарманы. Ел жадында сақталған әңгімелерге қарағанда, Байбақты батыр Жем, Жайық бойын қалмақтардан босатқан. Бұл тарихи шындыққа сәйкес келеді.

Қаралым саны 1026

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463