Қаралы құдық

Әйгерім САРСАНОВА,
БҚМУ-дың 2-курс студенті

Шырылдап маза бермеген телефон үні үй-ішімізді ұйқы-дан әдеттегіден ерте оятты. Сағат тілі таңғы 6:45-ті көрсе-тіп тұр екен. Бұл уақытта ха-барласқан кім екен? - деп ой-ладым. Аздан соң анамның:

– Алло! Аа-а, Асылханбы-сың, иә, иә... ім-м жақсы, – деп телефонмен сөйлескені естіліп жатты. Бақсам, сөйлескен анам-ның сыныптас құрбыларының бірі екен.

– Тұр, Айкон, казір үйге қо-нақ келеді, - деп «тұр-тұрлаған» үні құлағыма жетсе де тұруым қиын болды. Жылдам киініп, шығуға бет алған анамнан кім екенін сұрағанымда:

– Ауылда бірге оқыған сыныптасым ғой, аты – Асылхан, Ақтөбеге келіпті, қазір біздікіне келеді, тұрып үйіңді жинап, реттестіре бер, мен вокзалға барып қонақтарды күтіп алайын, ана екі сіңліңді де оят, тұрсын, тамағын бер! - деп тапсырып, кетіп қалды. Анам үйден шығысымен, жылы төсегімді қимасам да орнымнан созыла тұрып, газге шәйнекті қойып, бауырларым Арайлым мен Ақеркені оятып, төсек жинап жатқанымда, ас бөлмедегі шәйнек те қайнағанын ысқыра білдіріп жатты. Аздан соң есік қоңырауы соғылды. Келген анам екен, ізінде өзі шамалас әйел және екі ер бала бар. Ішке кірген орта жастағы қара торы келіншектің жүзінен ерекше мейірім шуағы төгіліп тұр. Ізіндегі бірі ересектеу, бірі кішілеу екі қара баланы Асылхан апаның ұлдары деп ұқтым, себебі кескін-келбеттерінде біраз ұқсастық байқадым. Қонақтар жайланып дастарқанға отырған соң ауыл әңгімесі қызу басталып кетті.

Өткен күн қайта келмейді, бірақ олардың тамаша естелігі қашан да жүректе, жас күндегі болған талай қызығы мен шыжығы мол сәттерді еске алып мамам мен құрбысы бір марқайып қалды. Бір-біріне деген сағынышын осылай шер тарқатып, сырға, мұңға, жырға, күлкіге толы әңгімелері арқылы шығарып жатты. Мен қалың ойға батып: «бір кездері мен де мектеп бітіріп, студент боламын, үлкен өмірге аяқ басамын...» - деп қиялға беріліп кетіппін. Асылхан апаның маған қарап күліп отырғанын байқап, аздап ұялыңқырап қалдым.

Солайша бүгінгі күн ертең тағы да ату үшін батты. Кешке қарай әкем де жұмыстан келді. Үйдегі үшеуміз үш жағынан жармасып, құшақтап жатырмыз. Осы сәт менің есіме балалық шағым түсті. Бұрын 5 жастар шамасында болуым керек, мен әкемнің алдынан жүгіріп шығатынмын, сондайда ол: «осылай күнде жұмыстан шаршап қайтқанда қызым алдымнан жүгіріп шықса, бар шаршағаным өзінен-өзі жоғалып кетеді» - дейтін. Асылхан апа да осы ойымды оқып қойғандай:

– Е-е-е, қыздар, әкелерің жұмаққа барады екен, үш қызы бар, - деп күлді.

– Ал өзіңіздің қанша балаңыз бар?- деп сұрадым. Асылхан апа балаларының басын сипап:

– Менде Алла өзі берген үш ер балам, Алла өзі қайтып алған бір қызым бар болатын, - деп үнсіз қалды. Асылхан апаның мейірімге толы көздері кенет жүрек түбінде жасырынған мұң шері барын байқатып қалды. Жараның аузын тырнап жібердім-ау, - деп ойланып қалдым. Жатуға жайланған кезде мен Асылхан апаның жанына барып отырдым. Сөзімді неден бастарымды білмей, орайы келмей дал болып отырғанымды сезіп қалғандай, ол ауыр күрсініп алып, екі көзін бір нүктеге қадаған күйі басынан өткен ауыр жағдай туралы баяндай бастады.

Туған жерің, мейлі көкмайса болсын, мейлі кезерген шөлейт болсын, бәрібір ыстық қой қашан да! Менің туған жерім шағын, бірлігі мен ынтымағы жарасқан Қарақұм ауылы. Ауылымыз жаздың барлық күні аптап ыстық, аңызақ желі есіп, арасында адуынды, көз аштырмайтын топырағы бұрқырап тұратын әдеті бар. Ауыл адамдарына бұл үйреншікті, ал ауыл қонақтары көбіне таңырқап жатады. Тіршілігі құж-құж қайнаған мекенде, таңы сонау күн ұясынан енді шығып келе жатқан мезетте қорадағы әтештің салған әнімен басталып, сиыры бұзауымен, ешкісі лағымен бірге өрістен қайтатын шаққа дейін, күн қызарып ұясына батар уақыт болғанша тыным таппайтын ауыл өмірі осындай болатын. Сол ауылда тұлымшағы желбіреген ерке тотай бойжеткеннен, бұрымын шашбауымен сәндеген қазақтың ибалы келініне айналдым. Келіндік міндетке төселіп алған соң, жасымнан қызығушылығым артып, көңілім қалайтын тігу ісімен айналысып жүрдім. Ауылдың барша қыз-келіншегі, ақ жаулықты аналар маған көңілі қалаған киімге тапсырыс беріп кететін. Мен де шабыттана, қызу жұмысқа кірісіп, екі үш күнде түрлі киім тігіп беретінмін.

Өмір өз ағымымен жалғасын тауып, өтіп жатты. Дүниеге Жазира атты қыз бала әкелдім. Қызым дүниеге келгенде үй-іші той жасап, қатты қуанған. Ана болу теңдессіз бақыт екенін сол кезде ұғындым. Жазөк (еркелетіп атайтынбыз) тәй-тәй басып жүре бастаған шағында, былдырлап тілі шыққанда одан әрі тәтті болып кеткендей. Жазөктің жасы екіге қарағанда күйеуім қайтыс болды. Оның дүниеден өткені баршамызға ауыр тиді. Мен қызымды алып төркініме қайтып келдім.

Мән-жайды толық баяндағысы келмегендей ол ойын қысқа жеткізді. Осы сәтте Асылхан апаның көзінен моншақтап бірнеше тамшы жас үзіліп түсті. Көзін орамалымен сүртіп, өз әңгімесін одан әрі өрбітті.

Күн тас төбеге шығып, қазір денеңді қуырып жіберетінге ұқсайды. Ауа тымырсық күйде. Осындай күнде сыртқа бірер минутқа да шыққың келмейді. Таңнан бергі күйбең тіршіліктен діңкем құрып, үйге келдім. Төрдегі қоңыр салқын бөлмеге кірдім. Құрақ көрпенің жиегінде ғана жатқан Жазөк тәтті ұйқыда жатыр. Жанына келіп, жантая кеттім. Қызымды иіскеп ем, ащы айранның иісі аңқиды. Шашы қара, катты. Өскенде қайратты қыз боларсың, ботам! - деп ойладым. Терезедегі жапқышқа көзім түсті, өзінің әбден тозығы жеткен екен. Сөйтіп, әрнені бір ойлап жатып көзім ілініп кетіпті. Түсімде: Есік алдында жүр екенмін, қолымда Жазөк бар. Анадай жақтан жаныма күйеуім келді. Өзі еш тіл қатпайды, тек Жазөкті нұсқап, бер деген ишарат жасады. Мен бергім келмей, оған теріс бұрылып кетіп бара жатқанымда оянып кеттім. Қас пен көздің арасындай уақытта өңім мен түсімді шатастырып алғандаймын. Ойланып кетіппін. Сырттағы күбірден ойым бөлініп сыртқа шықтым. Әлгі түстен соң бір апта өтісімен, тағы да түс көрдім. Бұл жолы қара аспанды жарып шыққандай болған қара бүркіт төбемнен төніп келеді екен. Қаша жөнелдім. Бір уақытта әлгі бүркіт жақындап келіп, қарсыласқаныма қарамай, қолымдағы Жазөкті тырнағымен іліп әкетті. Артынан қуып бара жатқанымда аяғым тасқа шалынып, құлап кеттім. Айқайлайын десем, даусым шықпайды. Сөйткенше болған жоқ, қатты айқайлап жіберіп өз даусымнан шошып ояндым. Қара терге түсіп жатыр екенмін. Көпке дейін өз-өзіме келе алмадым. Жүрегім кеудемнен шығып кетердей, мазасыз қатты соғады. Санамды үрей биледі. Түсім туралы ешкімге тіс жармадым. Таңертең ертемен тұрып, жеті шелпек пісіріп, көрші-көлемге тараттым. Бірнеше күннен кейін барып аздап ұмыта бастадым.

Жаз да бітті. Қоңыр салқын желімен күз де келді. Аспан күңіреніп, жаңбыр жауатындай қылық танытады. Жазөк суық тиіп ауырып қалды. Күні бойы мазасызданып, ұйықтап қалған. Әкем көршінің үйіндегі жиынға кеткен болатын. Үйде жеті оқитын сіңлім Гүлфайруз бар. Маған киім тіктіруге ауылдың таныс келіншектері келіп, мен Гүлфайрузға Жазөкті қарап қоярсың - деп тапсырып, өзім келген адамдарды ертіп тігін бөлмеге кеттім. Кесіп-пішіп болам дегенше де біраз уақыт өтті. Жазөк бөлмеде жоқ екен. Бұлар қайда кеткен деп ойладым. Сыртқа шықсам, қас қарайып қалыпты. Айнала тым-тырыс. Осы тыныштық маған бір түрлі ұнамады. Жазөк қайда екен, аулада көрінбейді. Бір уақытта анадай жақтан бір топ қыздың даусы шықты. Арасында Гүлфайруздың көк көйлегінің етегі желбірейді.

– Гүлфай, бері кел!- деп шақырып алып, Жазөк қайда? -дедім. Сіңлім маған таңырқай қарап:
– Ол үйде емес пе? - деді
– Жоқ, үйде жоқ, саған қарап қой дегенім қайда? Сіңлім үнсіз, екі көзімен жер сүзіп тұр. Жайшылық емес, бір пәленің болғанын сезіп, айналаны қарай бастадым. Қол-аяғым қалтырап барады. Енді не істеймін? Жазөк қайда? Аллам, өзің жар бола гөр! - деп тілеймін.
– Әй, қызым, тыныштық па? - деген әкемнің даусынан шошып кеттім.
– Жоқ, әке, Жазөгім жоқ…
– Ойбай-ау, жоғы қалай? Қаршадай бала қайда кетеді?
– Білмеймін, әке...

Бәріміз үй-ішімізбен Жазөкті іздеп кеттік. Ойым сан салаға кетті. Қораларды, сарайларды қарадым. Тағы қайда болуы мүмкін? Айналадағының барлығы маған қараңғы көрінді. Жүрегімнің түбіне ине шаншығандай ауырып кетті. Бір уақытта көзім бақша ішіндегі егін суаратын шағын құдыққа түсті. Бетіндегі жабулы тұрған ағашы қиялап ашық тұрғандай көрінді. Құдыққа қарай жүгірдім. Жетем дегенше ентігіп қалдым. Бір түрлі жеткізбейді. Аяғым зілдей болып, аттаған қадамым ілгері тартудың орнына кейін тартатындай. Барсам, ағашы расында да қисайып кеткен екен. Сұмдық-ай, бұл не болғаны?! Жоқ, тек олай болмасыншы... Құдық бетіндегі ағашты ысырып тастап, ішіне үңілдім... Ж-о-оқ! Мүмкін емес, құдық ішінде кезінде өз қолыммен тіккен кестелі көйлектің етегі ғана қалқып тұр. Ішіне қалай секіріп кеткенімді білмеймін. Су тастай, қызымның денесі ауырлап кеткен, суық құдықтан Жазөкті емес, құдды бір ауыр тасты суырып алғандай болдым. Оның өлгеніне сенгім келмей жұлмалаудамын. Тұршы, қызым! Ояншы! Саған не болған? Анаңды тастамашы, Ботам! - деп егіліп жылап жатырмын. Әттең, бірақ тым кеш еді, мен үлгермеппін! Солайша мен Жазөгімнен айырылып қалдым ғой, қызым, -деп Асылхан апа жылап жіберді. Кеудесінде тынбай соққан жүрегі әлі де сол қайғылы күнді ұмытпаған. Өмірдің асау толқындары Асылхан апаны сол кезде аяулы жарынан, бауыр еті баласынан айырған еді. Сол күннен кейін ол мүлде тігуді тастап кеткен.

Қазіргі таңда Асылхан апаның үш баласы, жанына тіреу болған жары бар. Ол ағысқа қарсы жүзді. Қиындыққа төтеп берді. Жүзінде өмір салған әжімі бар орта жастағы ана қазір тек үш баласының амандығын тілеп өмір сүруде екен. Қонағымыз ертеңіне таңертең жол жүріп кетті. Мен бұл әңгімені жазуды ұйғардым. Бұл әңгіме сіздердің жүректеріңізден қаралы құдық оқиғасы емес, кішкентай сәбиді еске алу болып сақталсын. Тағдырдың жазуы солай шығар, менің айтарым – өмір деген жақсысы мен жаманын қатар алып жүретін өзен. Қиындықтарға төтеп беріп, төзіммен шыдай білсек, бақыт бір күні болмаса, бір күні жүректерімізден орын алары анық.

Қаралым саны 1494

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463