Орал қаласының іргетасы – Жайық қалашығы

Мұрат ҚАЛМЕНОВ,
Батыс Қазақстан тарих және археология орталығының ғылыми қызметкері

Қала мәдениеті қазаққа жат болмаған. Алтын Орда секілді алып мемлекеттің тұсында 210 шаһар болғандығы анықталса, соның бірнешеуі Ақ Жайық өңірінде орналасқан екен. Бүгінде Батыс Қазақстан облысының орталығы аталып отырған Орал қаласының тарихы да өз бастауын тереңнен тартады. Төмендегі топтама сол туралы.

2001 жылы «Ақсай-Үлкен Шаған-Атырау» құбыр жолы бойын тексеру жұмыстары кезінде Орал қаласының жанынан ортағасырлық көне шаһар орны табылған болатын. 2005 жылы ескерткішке «Жайық қалашығы» атауы берілді. Көне шаһар орнында 2002-2005 жылдары Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының қызметкерлері мен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының мамандары бірлесіп зерттеу жұмыс-тарын жүргізді. 2012 жылдан бастап облыстық орта-лық мамандары зерттеу жұмыстарын қайта жалғас-тыра бастады.

Жайық қалашығының аумағын оңтүстік және оң-түстік-шығыстан Жайық өзенінің терраса баурайы шектесе, ал басқа жағын табиғи жыралар қоршап тұр. Аумақтан қандай да бір антропогендік қоршаулардың іздері табылмады. Археологиялық нысаналардың іздері байқалатын ауданның аумағының көлемі қазіргі таңда 7-8 гектарды құрайды. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде қалашық аймағында бірнеше тұрғынжай, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғандығы анықталды. Қазір бізге белгілілері – кірпіш және әктас күйдіретін пештер, қала моншасы, тұрғын үй-жайы және қалашық бейітіндегі кесенелер.
Кірпіш пештері

2012 жылы археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде кірпіш пен әктас күйдіретін пештердің қалдықтары табылып, зерттелді. Кірпіш күйдіретін пеш қалдығының орны көлемі 10х10 метрлік шұңқырда орналасқан. Қазба жұмыстары барысында тікбұрыш пішінді кірпіш күйдіріп жағу камера-сының қалдығы сақталғаны белгілі болды. Пештің сақталған көлемдері: ұзындығы – 476 см, ені – 360 см, биік-тігі – 120-150 см. Қабырғалары кірпіш-тен тұрғызылған. Кірпіштердің көлем-дері: 30х25х6; 30х30х6 см. Ғалымдар мұндай кірпіш күйдіретін қондырғы-лар Еділ маңы және Жайық өңіріне (Алтын Орда дәуірінде) Орта Азиядан келген деп тұжырымдайды. Бұндай нысандар кірпіштерді, жылтыр тақта-шаларды, үлкен ыдыстарды (хумдар) күйдіріп жасауға арналған. Жайық қалашығында мұндай пештің әзірге екеуі табылды. Мұның алғашқысы 2002 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылып, зерттелген болатын.

Осы кірпіш күйдіретін пештен батыс бағытқа қарай жүргенде 50 метрдей жерде әктас күйдіретін пештің қалдығы табылды. Орта ғасыр-ларда құрылыс жұмыстары кезінде негізгі құрылыс материалдарын бір-бірімен байланыстырушы – әк болып келді. Оларды күйдіріп алу үшін арнаулы пештер жасаған. Жайық қалашығынан табылған пеш цилиндр пішінді болып, 250 см-лік тереңдегі шұңқырға кірпіштерден тіктелген. Қазіргі таңда 13 қатар кірпіш сақтал-ған. Кірпіштердің көлемі – 30х30х6 см, ал қабырғасының қалыңдығы – 32 см. Пеш қабырғасының ішкі жағы жоғары температура ыстығынан қожданып кеткен екен. Пештің ішкі диаметрі – 220-230 см. Төменгі бөлімінде, оңтүс-тік жағында жоғарысы арка пішіндес кіру орны болып, ол жан-жағына 90 см кеңейген. Ал одан сәл төменде ауа шығатын кішкене тесікшесі орналас-қан. Тесікшенің көлемі – 20х15 см. Пештің түбі саз балшықпен сылақтал-ған және 5 см тереңге дейін күйген. Түбінен 70-80 см биіктікте кемер-кертпеш салынған, бұл элементтің сыртқы жағы әктастан ағарып кеткен. Сондай-ақ осы жерде күл және әктастың қалдықтары шоғырланған. Пеш сыртының оңтүстік бөлімінде тереңдігі 130 см терең шұңқыр таза-ланды. Шұңқырдың ішінде ірі-ірі әктастың сынықтары тасталған. Бұл шұңқыр өртеуге дайындалған әктас-тарды жинап қоюға арналған орын болса керек.

Шығыс моншасы

Жалпы, ортағасырлық шаһар тұр-ғындарына қызмет көрсететін ерекше нысанның бірі сол заманда «хам-мам» деп аталатын шығыс моншасы болатын. Ол әдетте қаланың орта-сында орналасқан. Жайық қалашы-ғындағы монша қалдығы қазіргі таңда жер деңгейінен 150-170 см тереңдікте жайласқан. Орлардың жан-жағынан 10-15 см қалыңдықтағы қара күйе қабаты анықталды. Үстіңгі қабаттың жоғарынан күйдірілген кірпіштермен тіктелген құрылыс элементтері та-былды. Бұл құрылғылар моншаның сыртқы қабырғасы, сонымен бірге ішкі құрылысының бөлшектері екен.

Жайық қалашығындағы монша-ның бір ерекшелігі – бұл жерде ағынды суды бір жерге жинайтын арнайы жүйе болған. Ағын сулар қыш құбырлардың көмегімен орталық бір орға жиналған. Қазба жұмысы кезінде осындай құбырлар көптеп табылды. Моншаның жалпы көлемі 110-120 шаршы метр аумақты қамтиды. Орта-лық зал сегіз бұрышты, оған шығыс және батыс бағыттан шағын шомылу бөлмелері жапсарыла салынған. Монша жер асты жағу жүйесімен жылытылған. Қызу өткізетін жүйелер еден астынан барлық ішкі бөлмелерге таратылады. Құрылыстың төменгі бөлігі жер астына қарай 140 см те-реңдікте орналасқан. Шомылу бөл-мелеріне су қыш құбырлармен жет-кізілген. Қазба жұмыстары кезінде қыштан жасалған шылапшын-леген-дер де табылды. Шомылу бөлмелері-нің құбырларының шығу көзінде шағын қыш ыдыстар қойылған.

Монша ортағасырлық мұсылман қалаларында мешіттен кейінгі ең басты халық пайдаланатын орын болғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Сондықтан да бұл орындарды безен-діру барысында өз кезеңіндегі озық архитектуралық үлгілер қолданылған. Зерттеу кезінде ғимараттың сыртқы қабырғаларын безендірген жылтыр жапсырма сынықтары көптеп табыл-ды.

Тұрғынжай

Өзіміз шартты түрде «Кіші тұр-ғынжай» деп атаған нысан орнында жүргізілген қазба жұмыстарынан соң оның қызметі және тіктеу әдістері, сондай-ақ қандай құрылыс мате-риалдарды пайдаланғандығы туралы көптеген мәліметтер белгілі болды. Үй-жайдың тұрғындарға арналған бөлігі өз алдына бөлек құрылыс түрінде, жобасына қарай 2 бірдей бөлмеден тұрады. Бөлмелер бір-бірі-нен күрделі қабырғалармен бөлінген. Қабырға қалыңдығы 0,8 метрге жет-кен. Мекен-жайдың кіріп-шығу есігі солтүстік қабырғада орналасқан. Орталық қабырғаны бойлай орна-ласқан есіктер арқылы тұрғын бөл-мелерге өтуге болады. Бөлмелер ар-наулы жүйелермен жылытылған. Тұр-ғын бөлмелердің айналасында қо-сымша шағын бөлмелер орналасқан, олар заттар қоятын бөлмелер, қой-малар болғаны айқын. Мекен-жай-дың ауқымды ауласы және аула ішін-де шаруашылыққа арналған жайлар орналасқан.

Кесенеде көп сыр бар...

Қалашықтан 1,5 км ара қашықтық-та солтүстік-батыс бағытта «Свистун гора» биіктігінде қалашықтың орта-лық бейіті орналасқан. Бейітте ерте темір ғасырына тән обалар мен орта ғасырларға тиісті кесенелер орналас-қан. Олардың ішінде анағұрлым та-нымалы екі кесене болды. Біріншісі екі камералы немесе «кіші кесене» деп аталады. Бұл ескерткіш жоғарғы тап өкіліне тиісті болуы мүмкін. Құ-рылыс және қаптау материалдары жергілікті жерде өндіріліп, олар жо-ғарыда айтылған құрылыс материал-дарын күйдіретін пештерде жасалға-ны анықталды. Кесененің архитекту-ралық әдісі ХІІІ-ХІV ғасырлардағы барлық Алтын Орда дәуіріне тиісті осындай құрылыстарға тән деуге болады. Яғни төртбұрыш пішінде тіктеліп, 30х25х6; 24х24х5 см өлшемді кірпіштерден қаланған. Қазба жұмыс-тары кезінде өсімдік тектес оюлармен айшықталған қаптама тақтайлар көп табылды. Бұндай жәдігерлер Алтын Орда қалаларының құрылыс ғимарат-тарында кездеседі.

Құрылыс орындарының қабыр-ғалары мен едендері бір кездері тү-бегейлі бұзылып, талқандалған. Кесе-не жоспарда тікбұрышты пішіндес болып, көлемі 9х12 м, екі күмбезбен көмкерілген болуы мүмкін. Сыртқы қабырғаларының қалыңдығы 175 см-ге жетеді.
Бейіттегі зерттелген екінші ныса-на – «Үлкен кесене». Кесене екі ка-мералы болып келіп, ені 12,85 метрге, ұзындығы 19,5 метрге жеткен. Кесене үстінде көлемі әртүрлі пішінде бірнеше күмбез болғанға ұқсайды. Олар өзіндік табандар мен өтпелі қондырғыларға орнатылған болуы мүмкін. Күмбездердің сыртқы бөлігі көк жылтыр қаптамалармен көмкерілген.

Ескерткіштің алдыңғы беті (фаса-ды) орталық монументальды портал түрінде дайындалған. Кесененің ішкі бөлігі алтын жалатылған көк түсті қаптамамен, полихромды жазбамен безендірілген. Бірінші бөлменің кө-лемі – 4,4х4,4 м, квадрат пішінде. Бұл бөлмені зияратшылар Құран сүреле-рін оқуға немесе басқа да діни ша-ралар өткізу үшін пайдаланған болса керек. Ал негізгі бөлмеде 10 жерлеу орны анықталды. Кесененің төріндегі орталық қабір басқалардан ерекше болып келген. Бас қабірдің айналасы қызыл кірпіштермен биіктетіліп, сыр-ты жылтыратылған қыш жапсырма-лармен безендірілген.

Біздің болжауымызша, бұл кесе-неде әлдебір әулеттің ең сыйлы адамы немесе қандай да бір діни ғұлама жерленіп, кейін оның қасына ағайын-тумалары немесе мурид-оқу-шылары жерленген болуы мүмкін. Себебі кесенедегі бас қабір алдымен жерленгені, қалғандары соңынан қо-йылғаны зерттеу кезінде анықталды.

Көне деректер не дейді?

Енді осы археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатырған қала туралы тарихи жазба деректер бар ма? Бұл үшін алдымен XIV-XV ғасыр-ларға тиісті картографиялық мате-риалдарды қарағанымыз мақұл. Аға-йынды италияндық көпестер Франциско және Доменико Пициганилердің 1367 жылы Алтын Орда мемлекеті туралы жан-жақты мағлұмат беретін картасы біздің ескерткішімізге қатысты да өте бағалы ақпарат береді. Бұл деректе «Лаэти»-дің (Еділ мен Жайықтың ортасында, Каспийдің жағасында ор-наласқан қала) шығысында жазумен және бір қала көрсетілген. Ол жерден солтүстікке қарай екінші мекен орын-ның мұнарасында жалауы желбіреген бекініс-қамал белгіленген. Өкінішке орай, бұл мекен орынның аты жазыл-маған. Егер суретте берілген мұнара-ның көлемінің үлкендігіне және оның үстінде жалаудың желбіреуіне қара-ғанда, бұл орын ірі саяси-экономи-калық орталық болғандығына дәлел болады. Картадағы бірінші қала, сөз-сіз, Сарайшық болса, осы жерден солтүстікте орналасқан екінші атаусыз қаланы Жайық қалашығы деуге болады.

Біздің мұндай тұжырым жасауы-мызға бірнеше дәлел бар. Бірінші-ден, қазіргі Орал мен Атырау қала-ларының арасында Сарайшықтан басқа ірі ескерткіш әлі табылған жоқ, ал біздің Жайық қалашығы дәл осы орталықта жайласқан. Екіншіден, жоғарыда атап кеткеніміздей, Жайық қалашығы аумағынан құрылыс мате-риалдарын өндіретін бірнеше нысан (кірпіш зауыттары) табылды. Егер қала құрылысына құрылыс материалдары қажет болмаса, бұндай нысандар да салынбайтын еді. Бұл – экономиканың заңы.
Сондай-ақ тағы бір дәлел ретінде мынадай тарихи деректі айтып өтсек болады: 1562 жылы ағылшын капи-таны Антони Дженкинсон сауда мақ-сатында Мәскеуден Үргеніш қаласына дейін сапарлап барған. Бұл сапарынан соң ол жүріп өткен жерлерін картаға түсірген. Оның жасаған картасында да Сарайшықтан жоғарыда кішкене бел-гімен Жайық өзенінің оң жағында Шакафни (Shakafni) атымен қала ор-ны белгіленген. Осы деректе жазыл-ған қаланың аты да біздің ескерткі-шімізге тиісті деген болжам жасауға болады. Дженкинсон өзі жүріп өткен жерлердің аттарын жергілікті адам-дардан жазып алған. Бұл жерде аудар-машының қателігі немесе жазып алған кезде ағылшын транскрипциясында қала атауы бұрмаланып берілген болуы ықтимал, мұндай құбылыс та-рихта өте көп кездеседі. Бұл мәселені болашақта тарихшылар мен лингвис-тер шешеді деген сенімдеміз. Мүмкін Шакафни жергілікті халық арасында сол кезде Шаған деп аталуы мүмкін. Бір қызығы, Жайық өзенінің бір тар-мағы осы күнге дейін Шаған (Чаган) деп аталады.
Қорытындап айтқанда, Жайық қа-лашығы Алтын Орда дәуірінде жо-ғарғы өркениетті, өзінің өндірісі мен қолөнері дамыған орталық болғанын археологиялық зерттеу нәтижелері нақты дәлелдермен көрсетіп отыр. Жайық – осы бүгінгі Орал қаласының іргетасы. Кейінгі кездері «Орал қала-сының негізін 1613 жылы казактар салды» деген көзқарас кең таралуда. Соңғы зерттеу жұмыстары көрсеткен-дей, казактар келместен бұрын да осы жерде үлкен қала болғаны анық. Ал ка-зактардың бұл жерге қандай себептер-мен және қандай мақсатта келгенін тарихи деректерден жақсы білеміз.

Археологиялық зерттеулер нәти-жесі біздің өңірімізде ХІІІ ғасырда-ақ қалалық мәдениет қалыптасқанды-ғын дәлелдеп отыр. Бұл жаңалық 2012 жылы қыркүйек айында Батыс Қазақстан облысы тарих және архео-логия орталығы ұйымдастырған ха-лықаралық ғылыми конференция-сында ғалымдар тарапынан мақұл-данды.

Сондықтан да бұл тарих және мәдениет ескерткішін жоғарғы ғылы-ми тұрғыда терең зерттеп, оның нә-тижелерін насихаттау өзекті ғылыми және мәдени маңызға ие. Бұл тарих ғылымында анағұрлым дұрыс зерт-телмеген орта ғасырлардағы тарихы-мыз туралы білімімізді кеңейтуге, қазақ халқы мен Жайық өңірінің бас-қа да халықтарының этногенездік процестерін тереңірек түсінуге және бұрмаланған тарихи фактілер мен шешімдерден ашық түрде бас тартуға мүмкіндік береді.

Қаралым саны 2804

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463