Жәнібектің Жанғалиы

Біздің қазақта тас жарарлық таланты болса да, танылмай кеткен тұлғалар өте көп. Солардың бірі – жәнібектік ақын Жанғали Мырзалиев. Тірі болса, 65 жасын тойлап отыратын ағамыздың есімін бүгінде әдебиетсүйгіш қауымның өзі біле бермейді. Оған себеп – ақынның талайлы тағдыры ма, халқының ұмытшақтығы ма, белгісіз...

Жанғали Мырзалиев 1948 жылы 16 шілдеде Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Ақоба ауылында дүниеге келген. Жас кезінде алғыр болып, мектепті бірден үшінші сыныптан бастап оқыпты. Ақоба ауылында сегізінші сыныпқа дейін білім алып, орта мектепті аудан орталығынан, Жәнібектен бітірген. Оқушы кезінен жас тілшілер құрамында аудандық газетте жұмыс істеп, алғыр да талапты жан болған екен.

Жанғали әскери міндетін Түркіменстанда өтеп, 1968 жылы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түскен. Бірақ университетті бітірмеген сияқты. 1972 жылы Жәнібек аудандық баспаханасының меңгерушісі, аудандық «Октябрь туы» газетінің тілшісі қызметін атқарған. 1990 жылы редакция жанынан ашылған радио студиясында жұмыс істеді. 1992 жылы ауырып, қайтыс болды.

Жанғали Мырзалиевтің өлеңдері, мақалалары кезінде республикалық «Қазақ әдебиеті», облыстық «Орал өңірі» және аудандық газет беттерінде жиі жарияланатын. Зайыбы – Сара Мырзалиева. Артында екі ұлы – Жігер мен Алмас, бір қызы – Эльмира (Орал қаласында тұрады) қалған.

Тілек

Жастық өтті жалын жүзден әр тайып,
Күннен күнге келеміз ғой қартайып.
Біз қорықсақ, жаудан емес, бауырым,
Ойсыздықтан қорқайық!

Бұл өмірдің әр сағатын, әр сәтін
Шақтай келген қарсы алайық аңсатып.
Кейде бізді мадақтаса несі айып,
Бедел сатып жүрмегенге,
Ар сатып...

Сөзден гөрі сара шыққан ісімен
Жандарды мен жақынырақ түсінем.
Бақыт құсын керегі жоқ армандап,
Алақанның келеді ол күсімен!

Соғым

– Бізде жазық жоқ,
- Соғымға бұйырды...
Жығып жатыр жиналған жұрт сиырды.
Жалақтатып пышағын қарт қасапшы
Жануардың тамағына шүйілді.
Жатыр сиыр төрт аяғы буылып,
Қош, еркіндік! Қайдасың сен, қу үміт?
Жанарында жауып жатыр соңғы қар,
Ал әукесі қызыл қанға жуылып.

Ұзамай-ақ бүйірі бір табақта,
Үйітілген бас жатты тілі салақтап.
Мақтасады «еті бал» деп қауым жұрт,
Ала төбет қанға тамған алақтап.

Елемеді ешкім өткен бір айды,
Адам емес, азалап кім сұрайды.
Бұзау ғана, қорадағы жас бұзау
Айлы түнде мөңірейді,
Жылайды...

Жаңа жыл

Жаңа жыл – жаңа оянған жанарда күн,
Жаңа жыл – менің жаңа жағар бағым.
Тілеймін тағдырдан ақ ниетімдей
Жаңғырып мынау Дүние жаңарғанын!

Жаңа жыл – жайсаң мінез, жаңа уақыт,
Әкелші еліме – ырыс, далама – құт!
Қашанда көппен көрген ұлы думан,
Болады кімге сая дара бақыт?

Жаңа жыл жаңа шаттық арнасы ма?
(Жаңа жыр ма таусылмас жалғасы бар?)
Жаңа жыл, жаңа үміт боп қонақта сен
Еңсесі түспейтұғын ел басына!

Ақиқат – қиындыққа көнетінім,
Ол рас – ертеңіме сенетінім,
Жаңа жыл қаңтарда емес, қандай жақсы
Наурыз боп сағындырып келетінің!

Ұстазым

Едіңіз онда жастау, жігерлі де,
Сізді де уақыт мүжіп жіберді ме?
Тұрамыз алдыңызда бала болып,
Қырықтан жаңа асқандар түгел, міне!

Күн емес ғасырларды жалғастырған,
Ешкім де құтылмайды алмас жылдан.
Бүгінде менің анық білетінім
Өмір-ұстаз сізді тек алмастырған.
Кітаптан жүрген кезде сезім іздеп,
Айттыңыз «оқыңыз!» деп, «төзіңіз!» деп.
Өзіңіз бес қойсаңыз қуанып ек,
Өмірде үштік алған кезіміз көп.

Елгезек шәкіртіңіз елеңдеген,
Әуелден әуестенген өлеңменен,
«Инемен құдық қазып» жүрмін қазір,
Шыңырау қазған сайын тереңдеген.

Келмейді сондықтан да мақтануға,
Бәлкім, тура келер ме ақталуға?
Ұстазым, жоқ па менің қасіретім
Шұғыла-басыңыздың ақ талында?!

 

Ұлыммен әңгіме

Талайды құртқан кәрілік
Маған да құрық салды ма?
Көре алмай жүрген зарығып
Отырсың, ұлым, алдымда!

Бойың да қапты теңесіп,
(Жалғанда қанша жасадым?)
Шертесің сырды кеңесіп,
Бірінші орынбасарым!

Бетіне бетбақ тағдырдың
Жастықта талай түкірдім.
Өлкесін шарлап ән-жырдың,
Жүрмін ғой әлі, шүкірлік!

Именіп сенен сөйлеуге,
Әкелік атым жоғары.
Болмағанмен көрмеуге,
Тыңдауға мені болады.

Еске алсам естен кетпес,
Жіберген қателігім.
Қарғашым, білесің бе
Екенін әкеңнің кім?

Жан ұлым, жаннан тәтті,
Қылығың балдан тәтті!
Кім сені мен боп сүйіп,
Кім сені алдарқатты?

Қайтейін, бұл сезіммен
Емес ем қатал адам.
Айналдым бір өзіңнен
Шеккізген жапа маған!
Әкеңнің қайғылы әні
Осылай басталады.
Жанарың еске түссе,
Жастыққа жас тамады.

Жел көңіл өтер біреу,
Жер беті із қалмаған.
Қарғашым, қарамашы
Сұраулы жүзбен маған...

Өмірдің кейбір сәттері

Бұл өмірде қарап тұрсаң – көп қызық,
Көп қызықпен жүрміз күнді өткізіп.
Көз жасыңды алар бірде төккізіп,
Бақытыңды қояр кейде тепкізіп.

Жегіздірген жемістерін піспеген,
Албырт шақтың қылығы-ай істеген.
Жалындап мен жүрмес пе едім бүгінде
Жастығымда болсам егер ішпеген.

Енді өкініп керегі жоқ қан бұзып,
Өмір алда, таусылмаған бар қызық.
Сайқымазақ, сыр айналғыш достардан
Артығырақ көрінеді жалғыздық!

Өз ойымнан өзім кейде түңілем,
Ар сотының алдына кеп жүгінем.
Көп жыл бойы жоғалтқан бір нәрсемді
Ақ қағаздан табатындай үңілем...

Дала. Шаңқай түс

Ұлан дала. Иесіз қыстау. Обалар.
Анда-санда жалғыз ауыл, молалар.
Көкжиекке көз жіберсең көк өзен,
Жетіп келсең жерге сіңіп жоғалар.
Жолды кесіп, жөңкіп түздің киігі,
Бозторғайлар әндетеді бұйығы.
Қанаттарын марғау сілтеп қарақұс,
Шаншылады шаңдақ жолдың құйыны.

Еске алу

Бүгінде мен өзгердім. Жоқсың ғой сен,
шырайлым.
Сен боп маған күзгі аспан ауық-ауық
жылайды.
Шын сезімнің шамы өшпес көңілдегі
шынайы,
Куәсі, әне, сол күннің түнгі аспанның
тұр айы.
Көктем өтті. Жаз да өтті. Ақпан сыйлар
ақ қарын,
Ақ көйлекті періштем, алабұртқан
шақтарым.
Қызғалдағы жүректің саған деген
солмайды,
Сарғайыпты санадан өзің жазған
хаттарың...
Күз

Көрінбей күн көктегі,
Күз аспаны өкпелі.
Сұрғылт бұлттар сыздап тұр,
Жерге жасын төккелі.

Тұнжырама, аспаным,
Болады әлі ашық күн!
Жылылық пен шуаққа
Мен де өзіңдей ғашықпын.

Ақын жанды адамға
Ауырын-ай жазаның!
Құстар қайтты, жарандар
Аяқтамай азанын.

Қарқылдайды қарғалар,
Оны қайдан ұқсын бақ.
Аяғыңа сорғалар
Балағыңды шық сулап.

Ай бозарып тоңған ба?
Жезге айналып атырап.
Жаңбыр жауып болғанда
Жауар тынбай жапырақ...

 

Күзгі дала

Кетті жаз қас қаққанша қара үзіп,
Көңілмен қарап тұрмын алағызып.
Тыныс алды Жәнібек даласы енді,
Төсінен ала жаздай дән ағызып.

Манаурап керіледі сайын дала,
Таныс қой бала кезден жайы маған.
Шопан жүр қыстың қамын ерте ойлаған,
Диқан жүр көктемеге дайындалған.

Сылқым жел сида талға жан береді,
Ауылға дүбірлі еңбек сән береді.
Аспаннан сусылдаған қанат үні
Тыраулап тырна салған ән келеді.

 

Сыр

Жер бетінде бар қайғы мен мұң әлі,
Өз сорыңа өзің, адам, кінәлі!
Қарабақта қан жұтқанда аналар,
Іргемізде – ракета сынығы.

Жарым тірлік, жақсы күннен жарты үміт,
Өзен, теңіз жатқан шақта сарқылып,
Уайым-иттен құтыламыз десеңіз
Ақ көңілмен аңқылдай бір ал күліп!

Қиындықтың біледі ғой ел емін,
Айтып оны жеткізе алмас өлеңім.
Үмітіңді үзіп-үзіп үйрендің
Рухыңның биік болу керегін!

* * *
Шуақты күндер азайып,
Көңілді қайғы торласа,
Ақсақал, нені жазайық?
Аңсаған сәтті болмаса.

Көкке ұшып, жерге батты ма
Ұстатпай кеткен нұр бақыт?
Салдақы саясатты да
Сабылып бірдей жырладық.

Титімдей ойдың бүршігі
Талпынып таңда көктеді.
Жаманнан жаным түршігіп,
Жақсыға қолым жетпеді.

Күлкі мен мазақ, өсегің
Маңайда қалқып жүргенде,
Оралмас шаққа көшемін
Бір күні бәрін білгендей.

Сүйеуін сезіп сезімнің,
Ертеңге тағы асықтым.
Әзірге сахна-өмірдің
Шымылдығы ашық тұр.

 

Талайды көрген өмір бұл

Бейнетінен тірліктің келген күні
қалжырап,
Аумаған деп өзімнен сүйді ата-анаң
алдына ап.
Суретші сияқты өртенеді өзегі,
Өскеннен соң әлпетің өзгерерін сезеді.

Адам ұқсап адамға,
Терек тартып терекке,
Өмір деген өмірден айнымауы керек пе?
Ұқсастық та, шынымен, қол жетпейтін
белес пе?
Тірлік заңы басқаға ұқсамауда емес пе?

* * *

Жармасып жүрдек жылдарға,
Дырдуы жастық таусылмай.
Не қалды енді бұлдарға
Ғарифолла даусындай?!

Жайлауы мынау өмірдің
Жайлы еді неткен мазасыз.
Айдыны жастық көңілдің
Алайда күнде мазасыз.

Арманмен қарап алысқа,
Аялап жүріп жақсы ойды,
Аңдамай түстің жарысқа,
Аты озып шықты қаскөйдің.

Ұйқысыз түнді елемей,
Баршаға бақыт аңсадың.
Тірлігің мынау телегей
Масайрап тосты мансабын.

Сонда сен мені күзетіп,
Сұраулы көзбен сұқтандың.
Сезімтал жүрек тыз етіп,
Суымай кетіп, сырт қалдың.

Тағылық десең білместік,
Тас қамал – сенің тағдырың.
Еншіміз – бірге жүрместік,
Өткінші көрген жаңбырым.

Үзіліп шынжыр үмітің,
Семсері сынар сенімнің,
Сендейдің сендей, жігітім,
Талайын көрген өмір бұл!

* * *

Емханада айлап жұтып дәрі исін,
Аңдаусызда ауырғанда налисың.
Әншейінде танымайтын дәрігерді
Осындайда жақынырақ танисың.

Терезенің ар жағында күн шығып,
Жыбыр қағып жапырағы тұр шыбық.
Алтын сәуле ұяласа жүзіне,
Ауыр науқас дөңбекшиді күрсініп.

Емханада жатқанымда емделіп,
Көңілімді жұбатпадың сен келіп...
Менің қайғым – адамшылық сағыну,
Ал сенікі – бітпейтұғын пенделік...

Тілек

Өмір деген, достарым, керемет қой!
Мықты болсаң жүріп көр елең етпей.
Жапырақтан үзілсе жалғыз тамшы,
Менің жаным соны да өлең еткен!

Түнді айтсаңшы жұлдызы жымыңдаған,
Бұлбұл да әуре, ұқтырмақ сырын маған.
Бір әуенге ілесіп кеттім, ой-хой,
Құс жолындай жап-жарық бұрылмаған!

Кеттім, кеттім бас ауған жаққа қарай,
Төбемде тұр күмістен қақтаған ай.
Уа, дариға-ай,
Көрсең ғой мені бәрің
Осындай бір еліткен шақта ғана-ай!

* * *

Жайлаудың жуа-жусанын
Жайраңдап терген күндерім,
Жеткізбей алдан қу сағым,
Сайрандап келген күндерім.

Мейірбан ұстаз алдында
Ақталып тұрған күндерім,
Құрбы қызға сырымды
Ақтарып тұрған күндерім.

Шиедей ерінін сүюге
Шақ қалып тұрған күндерім,
Өткінші жаңбыр сияқты
Өтеріңді білмедім...
Сыбызғы саз, ей, менің тіршілігім!

Сыбызғы саз, ей, менің тіршілігім,
Күнім бол да, көгімнен күлші бүгін!
Сәуірлерде мен – сенің қаз даусыңмын,
Көктемдерде мен – сенің бүршігіңмін!

Назды ойлармын тыңы әлі жыртылмаған,
Айнабұлақ арманмын сыңқылдаған!
Көкірегімде бір күйді күмбірлетсем,
Ғасыр құрып малдасын сыр тыңдаған!

Шұғыламын қаралық қашықтаған,
Ақ қайыңдай арулар ғашық маған!
Көтерем деп жердегі жапырақты,
Күй тіліңді байқамай басып қалам!

Дәрігер, айтам саған алғысымды!

Қайран, өмір!
Тағы да тірі қалдым!
Мыстан ажал жеңілді, құрымадым!
Құлағыма құйылды шулы тірлік,
Шуағыңа қайтадан жылынамын!

Таусылмаған екен ғой татар дәмім,
Тілекші болды ағалар, қатарларым.
Ертеңіме асығып, елең қағып,
Емханада сарғайып жата алмадым...

Еске алмай қорқыныш пен құсаны да,
Түсіп шықтым хирург пышағына.
Адамсүйгіш, ақкөңіл жүрегіммен,
Нұрлы дүние, сүңгиін құшағыңа!

Бойымда сөнбепті ғой бұла күшім,
Сауыққан шаттық кернеп тұрады ішім.
Дәрігерім, сізге қалай жеткіземін
Анамның айдын-шалқар қуанышын?!

Жұтайын кеуде керіп таң самалын,
Жыр жазып, қуанғаннан ән саламын!
Көкжиектен қылтиған күннің көзін
Ерекше көңілменен қарсы аламын!

Аурудан азап шектім, жан қысылды,
Бүркеді дерттің бұлты тал түсімді.
Ақ желеңді, абзал жан! Сіздерге мен
Мың мәрте келеді айтқым алғысымды!

Ақынның өмірбаяны мен
өлеңдерін жинақтаған Ахмедияр ҚҰСАЙЫНОВ,
Жәнібек ауылы, Батыс Қазақстан облысы

Қаралым саны 1510

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463