Ерлер мен пірлер

Нұрлан СӘДІР,
Орал қаласы

(«Төрт батырға» тағы бір үңілгенде)

Күні кешеге дейін кез келген дерлік қазақ азаматы баласының батыр болғанын қалап, тілеп келді. Тіпті Кеңестің тұсында да балам өскенде бай болсыншы деген ата-ана некен-саяқ болған шығар. 

Әрине, ешкім ұл-қызының мұқ-таждықпен күн кешкенін қаламайды, бірақ материалдық игіліктерге құн-дылықтар шкаласында құрметті орын тек соңғы кезде ғана тие бастады. «Байлық – бақыт кепілі» деген ұста-ным ұлтымыздың етіне енді-енді сіңе бастағанда жаһандық дағдарыс келіп, байлыққа қатысты біршама стерео-типті шайқалақтатып кетті. Ағыл-тегіл ақша басқасын-басқа қаржылық қа-уіпсіздікті, яғни қара басының қауіп-сіздігін қамтамасыз ете алмайтыны әшкере болып қалды. Бұл әуелі және, әсіресе, алпауыт Америкада білініп, «естиярымыздың» өзін есеңгіретіп тастағаннан кейін, ол түшкірсе «жәре-кімалла» деп, етегінен ұстап үйреніп қалған ішінде біз де бар, бүкіл ел, амал жоқ, өз бетінше тырбанып жол іздеуге кірісті.
Басқаны қайдам, бізде жол біреу. Ол жолға түскеніміздің күмәнсіз көрсеткіштерінің бірі мен бірегейі – «балам батыр болсыншы» деп тілеу. Бұл батырлық пен байлықты бір-бі-ріне қарама-қайшы қою емес. Мәсе-ле күн туа қалғанда қайсысы қайсы-сының садағасы екенінде ғана.

Сонымен, қалай батыр боламыз? Тәтті тамақ жегіміз келсе, «Аспаздық кітапқа» үңілетініміз сияқты, батыр боламыз десек, «Батырлар жырына» жүгінейік. «Ал кеттік» деп қойып кет-кенмен, көп ұзамай қаптаған қалың батырдың қайсысынан үлгі алары-мызды білмей, сілейіп тұрып қалуы-мыз мүмкін. Дегенмен, қиындықта қияннан жол табатын қазақтың бала-сы емеспіз бе? Жұмбақтың жауабын тапқандай болдық – хиссадағы хас батырлардың бәріне ортақ қасиет-терін анықтап, соны бойымызға сіңі-ре алсақ, батыр болмаған неміз қа-лады?!

Бүкіл батырлар жырына қатар құ-лаш ұруға шама-шарқымның жетпей-тінін біліп, аталған сараптамамды негізінен Алпамыс пен Қобыланды ба-тырдың ортақ тұстарын іздеу арқылы жүргізейін. Бір қарағанда ондай көп қиындығы жоқ сияқты: екеуі де ба-тыр, жау да – баяғы қалмақ, аттары – арғымақ, әйелдері де әйбат, тағысын-тағы.

...Бір нәрсе, бір болғанда да ірі нәрсе жетіспейтінін өзіңіз де байқап тұрсыз. Әңгімені сәл әріден бастайық: екі эпоста да ішінде «осы қалайы жоқ» қазақ пен қалмақтың батырла-ры өріп жүр. Бірақ жыр «қолындағы қылышы отыз батпан алмас, қаһарла-нып сілтесе, тау болса да қалмас» Таймас батырдың не «Айдынды Орақ, айлы Орақ, айбалтасы қанды Орақ-тың» есімімен аталмады. Неге? Себе-бі Алпамыс пен Қобыландының аруа-ғы ерекше басым, рухы биік. Оларды өзге батырларда жоқ (бұл оларды кем-сіткенім емес) «Ғайып ерен, қырық шілтен қанатын жайып қолдаған». Міне!

Енді бізге бар болғаны пірлердің қолдауына қалай ие болуды анықтау ғана қалды. Басқаша айтқанда, кім және не арқылы аруақты батыр, мы-салы, Алпамыс пірлердің қанатының астында бола алды?!
Жырды мұқият оқып, зерделеп қарағанда жоғарыдай дәрежеге же-тудің орасан көп, қиын да күрделі шарттары бар екенін байқауға бола-ды. Оның іргетасын болашақ батыр-дың ата-анасы қалайды. Байбөрі мен Тоқтарбай Аналықтарымен қосақта-сып, «әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып» «бір ұл бер деп сұ-рады», «бір жаратқан Құданың тура өзіне жылады. Жаратушы Жалғыз-Хақ дәргейіне ұнады. Ұнағанын содан біл – бір қыз қосып сыйлады. Сексен сегіз серулер, тоқсан тоғыз машайық бәрінің көңілін қимады». Демек, Жаратушы Жалғыз-Хақтың басқаға емес, Байекеңдерге ықыласы түскен себебі – олар сұрады, және қалай сұ-рады?! Сексен жасына дейін сабыр қылды, бала асырап адам қылмаққа талпынды, ол оқсамағасын әулиелер басына зиярат қылардан бұрын ал-тын-күмістен жарлы-жақыбайға сада-қа таратты... Осындай өлі-тіріні риза-ламақ болып тырбаңдаған, сол үшін міндетсімей «Әзіреті Сұлтанға екеу-міз де баралық, әулие қылса керемет болар ма екен жаңалық. Болмаса Құдай не шара далада өліп қалалық» деп сынықтық танытқан, өлі-тіріні ра-зылауға тырысқан пендесіне Алла Тағала неге бермесін!
Батырлар жырын оқығанда тағы бір ұққаным – пірлердің қолдауы еш-кімнің маңдайына мәңгі-бақи жазыл-майды екен. Кім болсаң да! Бұрын-соңғы еңбек-ерліктер де ойнамай қалуы мүмкін. Осындай бір жағдай Қобыланды батыр жырында жақсы суреттеледі. Көбікті батыр қолға түс-кен Қобыланды мен Қараманды «Абақтыға апарып қама!» деп қызы Қарлығаға тапсырады.
Қарлыға мінген кер еді,
Маң-маң басып келеді,
Байлауда жатқан батырды
Қарлыға сұлу көреді.
Аты әйел демесең,
Бұл шаһардың бегі еді.
Жерде жатқан екеуін
Боғажамалдай қолтықтап,
Қарлыға алып жөнелді.
Ондай алып бара жатқан көрініс емес, қандай қайратты қыз дейсің де қоясың. Сөйткен Қарлыға айналдыр-ған аз уақытта Қобыландыны қолты-ғына қысып дедектетпек түгілі Қараманмен қосылып батырды ор-нынан қозғай алмайды. Не боп қал-ды?! Мен үшін Қараман жауап берсін.
Қараман тұрып сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:
«Пірі тайған мезгілде
Қөтеріп келдің сен, - дейді, -
Қазіргі жатқан кезінде,
Көтере алмас ел», - дейді.
Сонымен, неге батырдың пірі та-йып кетті және қалай қайтып келді? Жырдан хабары барлар біледі.
Қараманның қолқасымен Қобыланды Көбіктіге ел үшін, дін үшін емес, Алласын ауызына алмай, пірге сыйынбай олжа үшін аттанады. Ол екеуінің қара басқан жері де осы. Жырдан үзінді келтірелік.
«Жақын жерде бір шаһар
Көбікті хан бар дейді.
Айдап соған барайық,
Жылқысын айдап алайық...
Найзам тимей дұшпанға
Арманда барам мен», - дейді:
Қобыландыдай батырың
Мақұл көріп бұл сөзін,
Асып-тасып екеуі
Алланы алмай ауызына,
«Барайық десең, жүр», - дейді.
Ер салды атқа батырлар
Алтынды тұрман тағынып,
Екі батыр жөнелген,
Сыйынбай пірге жаңылып...
Болды! Ниетің бұзылып, пірлердің қолдауынан айрылдың ба, бітті – қу-райдай салмағың қалмайды. Және бұл жерде ең әуелі әңгіме мысқал-қадақпен өлшенетін салмақ жайында емес, рухани таразыға тартылатын абырой-беделде болып тұр. «Үлкен түйенің жүгі ауыр» дегендей, батырларға қойылатын талап та орасан. Қайрат, қайсарлық сияқты таза жігіти қасиеттерден басқа көркем мінез де сұралады. Және біздің жайсаңдар бұл үдірістен де абыроймен өте алған. Алда-жалда жаңылысып, жаза басып жатса, «мен батырмын» деп шалқаймай, қатесін мойындап, жуып-шаюға тырысу – нағыз хас батырларға ғана тән болмыс.
Қобыланды сонда сөйледі:
«Көлден ұшқан қаз деймін,
Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін,
Ақылы жоқ мен ақымақ,
Бүйтіп жүрген Құртқамды
Шауып тастай жаздаймын.
...Осы барған сапардан
Есен барып, сау қайтсам
Әйел де болсаң, Құртқажан,
Хан қылармын халыққа!»
Хақ жолындағы қаһармандық пен қыз мінезділікті бір бойына сыйғыза алған батырлардың қатарына Қамбар да кіреді.
Батыр туған Қамбардың
Тимеді жоққа зияны,
Шекесінде Қамбардың
Бар екен алтын тұлымы
Сұрап алған Құдайдан
Әлімбай ханның құлыны.
Ешкімге аза бермеді,
Қыздан зият қылығы...
Әңгіме негізінен Алпамыс пен Қобыланды жайлы өрбігендіктен, қалған қаһармандардың бәрі қасиет-тен жұрдай екен деген пікір туындап қалмасын. Қай хиссаны ашып қалса-ңыз да әуелі Алла, сосын пірін ауызы-на алмайтын батырды (егер ол шын мәнінде батыр болса) шаңқай түсте шырақ жағып таба алмайсың. Мыса-лы, «Қамбар батырдың» «ассалау-мағалейкумы» былай басталады.
Жақсылар, дастан айтайын,
Әуелі Алла сыйынып,
Екінші кәміл піріме.
Құлақ салып тыңдағын
Жамандық көрме тіріде.
Батырлар қылған қайратың
Қартаймай тұрып әрі де.
Ертедегі ерлерден
Нұсқа болып соңғыға,
Қалған өлмей бірі де,
Алла тағала өзін пірге қосып айт-қан құлына риза болмаса, ренжімей-ді, керісінше, досын құрметтегені үшін қауіп-қатердің бәрінен сақтай-ды. Дәлелге «Ер Тарғын» жырынан да үзінді келтірейік:
Атаңа нәлет Домбауыл,
Қорамсаққа қол салды,
Суырып алған қу жебе
Көп оғына жол салды.
...Тарғынға таман жетеді.
Тоғыз қабат торғауыт,
Сегізінен өтеді.
Жыртыла жазды сауыттың
Қатарланған жағасы,
Қабыл еді Тарғынның
Ежелден берген тобасы.
Өтер еді мұнан да,
Жібермеді бұл оқты
Сыйынып жүрген Тарғынның
Бітуәжә бабасы.
Батырдың Бітуәжә бабасына сыйынғаны қазір біреулердің айтып жүргеніндей ширк болса, жаңағы жебе жанды алмай тынар ма еді? Яғни, пір-әулиеге деген құрмет қаһарға ұшырататын қимыл-қылық-тың қара тізіміне кірмейді. Ол тізімге не кіретінін Қамбар бізден артық болмаса, кем білмейді. Сондықтан да ол Назым қыздың ажар-айласына алданбайды, алаңдамайды. Қиын сәтте қызық қуу тура жолдан тайдырады деп шешеді.
Қамбар айтты өзіне:
«Осыған көңілім бөлініп
Ұмытып кетсем жұртымды
Құдайдың, - деді, – ұрғаны.
Пір дегеніміз – ниеті дұрыс, ақы-лы сау, амалы бар адамға бітетін көз-ге көрінбейтін қалқан. Ол қалқанның қалыңдығы халқының дұғасына тіке-лей тәуелді. Қамбар батыр қалмаққа қарсы жорыққа қара күшіне емес, елінің дұғасын көңіліне демеу көріп аттанады.
Хош айтысып Қамбарға
Тоқсан үйлі тобыр мен
Алпыс үйлі Арғыны
Амандасып жылады.
Арыстан аман келгей деп
Бәрі де дұға қылады.
Қызыға қарайсың батырға! Қай-сымыз қайда аттанғанда артымыз-дан қалың ел тілегімізді тілеп, жылап қалып еді? «Жаңбырменен жер кө-гереді, батаменен ел көгереді» деген еліміздің тыныштығы дұға-батаға байланып тұр. Осы тыныштықты баянды қылуға тырысқан кез келген жанды баяғының батырындай аруақ-тардың қолдайтыны анық.
Қадірменді «Қамбар батыр» жы-рының:
Дүниеге келіп-кетті не асыл зат,
Жаманнан дат, жақсыдан қалады ат,
Бір дұға оқыңыздар аруағына,
Қамбардың болып жатсын көңілі шат, - деп аяқталуы да тегін емес. Шын көңілмен істелген дұға – тек тірі-нің ғана емес, о дүниенің де рухани азығы. Бұл жерде «өлінің де» деп жа-зуға қолым бармады. Батыр өлетін бе еді?! Егер үзілді-кесілді «жоқ» деп айта алсақ, Қобыландыларды қолда-ған пір-шілтендер бізге де қырын қа-рамас деп үміттенуімізге болады. Үмітіміз үзілмесін, батырлардың жатқан жері жарық, жаны жәннатта болсын. Әумин.

Қаралым саны 1556

 

Құрметті оқырман!
Айтар ой, қосар пікір болса, жазып жіберіңіз. 
Мүмкіндігіне қарай ескеріп, болашақ жоспарымызға енгіземіз.

     Қосар ой      

 

Мекен-жайымыз:

Орал қаласы, Жеңіс 33/1

Телефон:

+7 708 434 2463